• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
28 Мамыр, 2011

«Мен үшін, отбасым үшін ең қымбат сыйлық»

821 рет
көрсетілді

Газет редакциясы қызметкерлерінің қызметтік телефонында тыным болмайды. Оқырмандар, хат-хабар иелері, өзге де адамдар жиі қоңырау шалып жатады. Түс мезгілі жақындап қалған болатын. Телефон тағы қоңыраулатты. Тұтқаны көтердім, хабарласып тұрған Алматы облысы, Талғар ауданы, Туғанбай ауылындағы «Цегун» шаруа қожалығының төрағасы Байжұман Смайыл аға екен. – Мемлекет басшысының өзі қолтаң­ба жазып әрі қолын қойып, жіберген «Еуразия жүрегінде» атты кітабын алып, ерек­ше қуанып отырмын, – деді Бай­жұ­ман аға аман-саулық сұрасқан соң. – Сол қуанышымды ел газеті «Егемен Қазақ­станға» жеткізейін деген ниетпен хабар­ласып жатқан жайым бар. Ауылдағы қарапайым шаруа адамының лебізі мен өтінішін газеттеріңе шығардыңдар ғой... Көз алдыма Тәуелсіздік сарайы, 8 сәуір күнгі Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың пре­зиденттік қызметке кірісуінің ұлық­тау салтанаты, ұлықтау салтанатына делегат ретінде қатысқан Байжұман Смайылмен екеуара әңгіме, сондай-ақ ол кісінің қолындағы Елбасы Н.­Ә.Назар­баевтың осыдан он үш жылдай бұрын жарық көрген «Қазақстан ХХІ ғасыр табалдырығында» атты кітабы оралды. – Аға, шынында да, бұл үлкен сый­лық екен, қуанышыңызға ортақпыз. Президент өзінің кітабын екінің біріне сыйлай бермейді. Бұл өте сирек болатын жағдай, – деп Байжұман ағадан Елбасы­ның қолы қойылған сөздер мәтінін электронды поштамен газет редакция­сына жіберуін өтіндім. Аңқылдаған ақ жүрек шаруа адамы­ның қарапайымдылығын қараңыз­шы, көнбеді, бірден бас тартты. Қолқалап қоймаған соң: – Жарайды, жіберейін, – деді Байжұ­ман аға. – Бұл мен үшін, менің отбасым үшін ең қымбат сыйлық. Өтінішімді аяқ­сыз қалдырмағаны үшін Елбасына жүрек­тен шыққан шынайы алғысымды білдіремін. Телефон тұтқасын орнына қойдым да, газет тігіндісін тездетіп парақтай бас­та­дым. Мемлекет басшысын ұлық­тау салта­на­тына ар­нал­ған «Егемен­нің» 9 сә­уірдегі нө­мі­рі түр­лі-түсті бояумен ерекше безендіріліп шыққан бола­тын. Онда ұлықтау сал­та­на­тына қа­тыс­қан бір топ қазақ­стандықтардың пікір-лебіздері де суреттерімен жа­­рияланған еді. Міне, га­зет­­тің бесінші бетінде Бай­жұман Смайылдың пікір-лебізі өз аты-жөнімен жа­рия­­ланыпты. Оқып шық­тым. Ол мақаласында Президентті ұлықтау салтанаты­на қатысып, соған куә болғанына өзін ерекше бақытты санайтынына тоқтала келіп, орта тұста былай деген екен: «Егер қазақтың тарихына жүгінер болсақ, хан көтеру Тәуке ханнан, Хақназардан баста­лып, бері қарай Абылай ханнан жалғасады. Осы бабаларымыздың барлығы қаншама рет құлшыныс танытса да, жасай алмаған Қазақстанның тәуелсіз іргелі ел болуын Нұрсұлтан Назарбаев жасап, қалыптас­тырып берді. Менің ойымша, Нұрсұлтан Әбішұлы бүкіл қазақ халқының бағына берген ұлы да дара тұлға!». Өткен жылы еліміз ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, оншақты жылдан бері өтпеген Ұйым­ның Саммитін Астанада табысты өткізгені белгілі. Осыған байланысты Байжұман Смайыл: «Әрбір ел­дің ЕҚЫҰ-ға төраға­лық еткісі, жоғары дең­гей­дегі саммит өт­кіз­­гісі келеді. Шы­нын айтайын, кейбір ел­дер­дің бұған қара­жа­ты жетпеді, ың­ғайы келмеді... Қазір­гі кезде Қазақстанда қара­жат та жеткілікті, сырт­қы саясаттағы ұстанымы да орнық­ты», – деп пікір білдіріпті. Тәуелсіздік сарайының ішінде әңгіме­лес­кенімізде Байжұман ағаның қолындағы кітапқа көзіміз түсіп, оның жайын сұраған болатынбыз. Осыған байланысты біз өз тарапымыздан автордың пікірінің соңына былай деп қосқан едік: «РS. Байжұман ағаның қолында Президент Н.Назар­баевтың «Қазақстан ХХІ ғасыр табалды­рығында» деген кітабы бар екен. Пікірлесу барысында соның себебін сұрадық. «Бұл кітапты қолыма ұстап жүргеніме 13 жылдан асты, – деді Байжұман аға. – Ел­басыға жолығып қалсам, осы кітапқа Нұр­сұлтан Әбішұлы Назарбаевтан қолтаңба қойдырып алсам деп жүрмін. Өкінішке қарай, мүмкіндік болмады. Дегенмен, Елбасын ұлықтау салтанатына қатысқан біраз өнер қайраткерлеріне қолтаңба қойдырып алдым». Арада екі күн өткенде, Мемлекет басшысының Байжұман Смайылға сый­лаған «Еуразия жүрегінде» кітабы сырт­қы мұқабасының, осыған байланысты Елбасының қолы қойылған мәтіннің және Президент Кеңсесінің Басшысы Махмұд Қасымбековтің Байжұман ағаға жолдаған хаты мәтінінің электронды нұсқасы қолымызға тиді. Елбасының қолтаң­басында былай деп жазылған: «Құрметті Байжұман Смайылға. Алғыс сезіммен ұсынамын. Сіздің де өз шаруашылы­ғыңызды Астананың қарқы­ны­мен дамы­туыңызға шын жүректен тілектеспін. Астана, Ақорда, 2011 жылғы мамыр». Ал Президент Кеңсесінің Басшысы Махмұд Қасымбековтің хатында: «Құр­метті Байжұман Смайыл! Жіберген хатыңыз бен «Егемен Қазақстан» газе­тінің 2011 жылғы 9 сәуір күнгі санында жарық көрген мақалаңыз Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевқа көрсетілді. Нұрсұлтан Әбішұлы нақты іспен айналысып, өнім өндіріп жүрген қарапайым еңбек адамы­ның тарапынан осындай жылы лебізге толы хат алғанына зор ризашылығын білдірді. Сайлау науқанына белсене қа­ты­сып, қайта Президент болып сай­лануына қосқан үлесіңіз үшін Сізге шынайы алғысын және деніңізге саулық, отбасыңызға амандық пен береке-бақыт, өзіңіз жетекшілік ететін шаруа қожалы­ғының жұмысына мол табыстар тілеген ізгі сәлемін жеткізуді тапсырды. Сондай-ақ тілегіңіз бойынша Сізге өз қолтаңбасы қойылған «Еуразия жүре­гінде» кітабын жібергенді жөн көрді. Өзіңіз сүйсіне аралаған жаңа елордамыз туралы жазылған Президентіміздің бұл кітабы Сіз үшін қадірлі сый болады деп үміттенеміз. Қабыл алыңыз. Қосымша: 1 кітап», – деп көрсетілген. Міне, бұл Мемлекет басшысының уақыты өте тығыз болса да, қарапайым еңбек адамының өтініш-тілегін аяқсыз қалдырмайтындығын, сондай-ақ мерзімді басылымдарды үнемі оқып, ондағы мәселелерді ұдайы назарда ұстайтын­дығын көрсетеді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.