Қазақстандық парламентшілердің Израиль Кнессетіне таяудағы сапары аясында «Тәуелсіздікке – 20 жыл, Бейбітшілік, жасампаздық және ынтымақтастыққа – 20 жыл» тақырыбы бойынша болған дөңгелек үстел отырысында Қазақстан мен Израильдің екіжақты, оның ішінде парламентаралық үнқатысу деңгейіндегі қатынастарды одан әрі дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.
Сенатор Ғ.Қасымов пікірсайысқа қатысушыларды Қазақстанның халықаралық бастамалары, Астанада болған ЕҚЫҰ саммитінің қорытындылары туралы хабардар етті. Израиль жағынан ынтымақтастық тобына қатысушы Ф.Киршинбаумның пікірінше, ЕҚЫҰ-ның табысты өткен саммиті Қазақстанның халықаралық беделін тағы да биіктетіп, оған деген сенімді күшейте түсті. «Бұл сіздің елдеріңізге жаңа жаһандық бастамалар көтеруге мүмкіндік береді», деді депутат. Талқылауда сөз алған сенатор Е.Жұмабаев заң шығару үдерістері, мемлекет құрылысындағы маңызды міндеттерді іске асырудағы Парламенттің рөлі туралы айтты.
Парламент Мәжілісінің Экономикалық реформалар және өңірлік даму комитетінің төрағасы С.Әйімбетов бастап барған қазақстандық парламентшілер Кнессет төрағасы Р.Ривлинмен, «Қазақстан-Израиль» парламентаралық ассоциациясының мүшелерімен, иммигранттарды бейімдеу министрі С.Ландвермен, министрдің орынбасары Д.Аялонмен және салалық департамент басшыларымен кездесті.
Қазақстан парламентшілері шақырылған Израиль Парламентінің жалпы отырысында Кнессет төрағасы Р.Ривлин біздің еліміз парламентінің депутаттарына үндеуді жария етті. Үндеуде дипломатиялық байланыстар орныққан 1992 жылдан бастап Қазақстан Израильдің маңызды әріптесі болып табылатыны атап көрсетіледі. Онда, сондай-ақ, «Қазақстан мұсылман елі бола тұрып, батыс елдерімен берік байланыстар орнықтырды, араб және мұсылман елдерінде беделі өте жоғары. Президент Назарбаевтың басшылығымен Сіздердің еліңізде жүргізіліп келе жатқан салмақты және тұрақты үдерістерді Израиль жоғары бағалайды», делінген.
Сапар барысында қазақстандық депутаттар дүние жүзіне белгілі «Вулкани» аграрлық зерттеу орталығында болып, Израильдегі қазіргі заманғы жетекші құралдармен жабдықталған жеке «Ассута» емханасының жұмысымен танысты.