Кеше Парламент Мәжілісінің депутаты Жарасбай Сүлейменов «Нұр Отан» партиясының Орталық аппаратының кеңсесінде азаматтарды өз өтініштері бойынша қабылдады, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Депутат қабылдауында Шығыс Қазақстан, Жамбыл, Ақтөбе облыстарының, сондай-ақ Астана, Алматы және Тараз қалаларының тұрғындары болды.
Бұл азаматтар әлеуметтік мәселелерді қозғады. Атап айтқанда, тұрғын үймен қамту, жұмысқа орналасу, еңбекақы төлеу, сот шешіміне қатысты мәселелер қамтылды. Сонымен қатар, шағым білдірушілер материалдық және моральдық шығындардың дер кезінде өтелмеуі, балабақшадан жеңілдік бойынша орын алу, санаторийлік-курорттық емделуге ықпал ету жайын көтерді.
Депутат барлық өтініш білдірген азаматтарға түсінік берді және оларды әрі қарай шешуге ықпал жасау үшін жазбаша шағымдарын қабылдады.