Жомарттық – бір адамның екінші адамға немесе айналасына қарымтасыз, міндетсіз қызмет қылып, жақсылық жасауға шын пейілділігі, нақты ісі арқылы көрінетін өте жақсы қасиеті. Оңтүстік Қазақстан облысының тумасы, «САУТС-ОЙЛ» компаниясының президенті Серікжан Сейітжановты осындай Атымтай жомарт деуге толық негіз бар.
Бұған дейін ол отандық білім жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін «Білім меценаты» медалімен, сондай-ақ «Алтын жүрек» алтын медалімен марапатталған еді. Осы азамат жақында рухани астанамыз Түркістан қаласындағы Қ.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің 1-4 курс аралығында білім алатын 128 студентіне грант тағайындады. Яғни, олардың білім ошағын бітіріп шыққанға дейінгі төлемақысын төлеп, қамсыз білім алуына жағдай жасады. Ол қаржы 62 миллион 772 мың теңгені құрайды. Білімге құштар, еліміздің тұтқасы болар келешек ұрпақтың қамсыз білім алуына жағдай жасаған азаматқа университет оқытушы-профессорларының да алғысы шексіз. «Елім дейтін ер болмаса, ерім дейтін ел қайдан болсын» деген нақыл сөз осындайда айтылған-ау шамасы деп тұспалдайсың. Жастардың білім алуына жасаған жақсылығы үшін университет басшылығы техника ғылымдарының докторы, «САУТС-ОЙЛ» компаниясының президенті Серікжан Сейітжановқа университет сенатының шешімімен университеттің «Құрметті профессоры» атағын беруге лайық деп шешім қабылдап отыр.
Әлия БІЛДЕБЕКОВА, Қ.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің баспасөз хатшысы.