Жұма күні Алматыда «Ғылымның дамуы – еліміздің болашағы» атты форум өз жұмысын бастады. Бұл басқосу Елбасының ғылым саласы бойынша берген тапсырмаларын орындау жөніндегі еліміздегі ғылыми ұйымдар мен жоғары білім беретін мекемелердің міндеттеріне арналды.
Елбасы оңтүстік астанаға сапары кезінде Алатау «Ақпараттық технологиялар паркі» ашық экономикалық аймағында (АЭА) өткен «Инновациялық Қазақстан-2020» атты форумға қатысып, ғылым саласындағы қордаланған мәселелерге тоқтала келе: «Ақпараттық технология бойынша Қазақстан ТМД елдерінде көшбасшы. Бұл саладағы жұмыс әлі де жүйелендіруді және қолдауды қажет етеді. Бізде инновацияға бөлінген қаражат жоғары технологиялық дамыған елдермен салыстырғанда 10 есе төмен. Қазақстанда ғылым осы уақытқа дейін өзіне өзі жұмыс істеп келді. Мұны тоқтату қажет. Таяу жылдары әлем инновация бойынша 3 топқа бөлінеді. Әрине, біз де бірінші топқа кіруді қалаймыз. Бұл істе аутсайдерлер аз болмайды. Егер біз қазірден бастап жақсы жұмыс істесек, Қазақстанның бірінші топқа кіруге мүмкіндігі бар», – дегені есімізде.
Елбасының осы ескертпесінен кейін ғылым саласында қандай қозғалыстар жүріп жатыр, ғылыми қауымдастық осыдан нендей қорытынды шығарды, деген сауал туындары белгілі.
Сонымен, 200-ден астам ғылым өкілдері қатысқан форумда алдымен Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов сөз сөйледі. Министр Мемлекет басшысының білім мен ғылым саласына қатысты тапсырмалары бойынша өзі осы қызметке келген 8 айдың ішінде атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
– Біріншіден, Нұрсұлтан Әбішұлы ұсынған ғылымды басқарудың мүлде жаңа моделін іске асыратын «Ғылым туралы» Заң қабылданды. Екінші – мұғалімдерді даярлау мен біліктілігін арттырудың көп деңгейлі жүйесі қолға алынды, – деді ол. Оның айтуынша, осы мақсат жолында министрлік мемлекетке 2012 жылдан бастап 5 жылға 340 миллирад теңге бөлуге ұсыныс жасапты.
Үшіншіден, орта білім беру сапасын мемлекеттік бақылаудың орталықтандырылған вертикалын енгізу. Бүгінде білім беру қызметтерін көрсету, білім сапасына бақылау жасау жергілікті атқарушы органдарға жүктелген. Ендігі жерде бұл жағдай түбірімен өзгеретін болады. Төртіншіден, техникалық және кәсіптік білім берудің жаңа моделі іске асуда. Салынып жатқан өңіраралық орталықтар мен әлемдік деңгейдегі колледждердің базасында «Кәсіпқор» холдингі» АҚ құрылмақ, – деді ол.
Бесінші – жоғары білім беру жүйесінде жоғары оқу орындарының жаңа жіктеуіші енгізілетін болса, алтыншыдан, мемлекеттің қаржылай қолдауымен жоо-ларда білім алушыларды академиялық қамтамасыз ету басталған көрінеді.
– Бұл – Болон процесінің басты қағидаттарының бірі. Студенттерді, магистранттар мен PhD докторанттарын даярлау сапасын арттыру мақсатында шетелдік оқытушыларды тарту жұмыстарын күшейтудеміз. Біз бұрын, жыл сайын тек 40 шетелдік профессорды тартсақ, осы жылы олардың саны 300-ге жетті. Олардың әрқайсысы 10 айдан жұмыс істейтін болады. Қаражат 2005 жылы 265 миллион теңге болса, ол биыл 2,5 миллиард теңгеге, яғни 10 есеге өсті, – деді сала жетекшісі.
Министрдің мәлімдеуінше, «Болашақ» бағдарламасының да ережесі өзгертілген. Бағдарлама бірінші кезекте магистранттар мен PhD докторанттарын, білікті педагогтар даярлауға көңіл бөлмек. Ал биылдан бастап шетелде мемлекеттік грант есебінен бакалаврлар даярланбайтын болыпты.
Сегізінші кезекте, жоо оқулықтарын әзірлеуге және басып шығаруға мемлекеттік қолдау көрсету жүйесі басталатыны белгілі болды. Тоғызыншы, 20 жыл ішінде алғаш рет «Студенттік баспана» бағдарламасы әзірленген.
– Бұл бағдарлама таяу жылдары жоо студенттерін жатақханамен қамтамасыз етуді 80 пайызға жеткізеді, – деген министр осыдан кейін тікелей ғылым мәселесіне ойысты.
«Ғылым туралы» жаңа заңның ережелерін еске салған министр ғылымды басқару жүйесіндегі функцияларды нақтылау жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді. Яғни, ұлттық ғылыми кеңестер құрылған. Олар ендігі жерде жобалар мен бағдарламалардың орындалуы туралы нақты шешімдер қабылдамақ.
– Оған қоса Мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама ұлттық орталығы құрылады. Шешім қабылдаудың барлық деңгейінде біздің және шетелдік жетекші ғалымдар қатысатын болады, – деді сала басшысы.
Және маңызды мәселелердің бірі – ғылымды қаржыландыру екендігі айтылды. Өткен жылы ғылымға 24,2 миллиард теңге бөлінсе, биыл бұл салаға бөлінген қаражат 29,3 миллиард теңгеге жеткен.
Әңгіме алда тұрған міндеттерге барып тірелгенде министр бірінші кезекте зерттеулерді ұйымдастыру мен өткізуге жаңа тәсілмен келу қажеттігін атады. Ең бастысы, зерттеу деңгейін, сапасы мен нәтижелілігін барынша көтеруіміз қажет деген ол осының жай-жапсарына тоқталды.
– Келесі маңызды фактор – ғылым мен білімді біріктіру. Біз бұл туралы көп айтқанымызбен, нақты нәтиже болмаған. Енді сөзден іске көштік деп сеніммен айтуға болады, – деді Бақытжан Жұмағұлов.
Форум барысында зерттеу университеті санатын енгізу маңызды кезең екені айтылып, сонымен қатар конкурстық негізде 10 инновациялық бағдарланған жоғары оқу орны іріктелетіні мәлім болды. Сондай-ақ, ғылыми кадрларды даярлау мәселесін де айта кеткен министр ғылыми жетістіктерді сұранысқа ие экономикалық және әлеуметтік тауарға айналдыруға қатысты жұмыстарға да тоқталды.
Айнаш ЕСАЛИ.
Алматы.