Кеше Парламент Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен палата бюросының кезекті отырысы өтті. Онда алдағы аптада Мәжілістің жалпы отырысына шығарылатын мәселелер сарапқа салынды.
Палатаның Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті бірнеше заң жобасы депутаттардың талқысына шығарылатынын хабарлады. Атап айтқанда, олардың арасында «Қаржы нарықтарында капиталдың еркін қозғалысын қамтамасыз ету үшін жағдай жасау туралы келісімді ратификациялау туралы» және Қазақстан мен Түркия арасындағы Стратегиялық әріптестік туралы шартты бекітуді қарастыратын заң жобалары бар.
Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеті кейбір заңнамалық актілерге тұрғын үй қатынастарына қатысты түзетулер енгізуді көздейтін заң жобасы екінші оқылымға дайын екенін мәлімдеді. Ал Әлеуметтік-мәдени даму комитеті «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» заң жобасын үшінші оқылымда күн тәртібіне енгізуге дайын екенін хабарлады.
Сонымен қатар Үкіметтен келіп түскен «Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердегі қызметтер саудасы және инвестициялар туралы келісімді ратификациялау туралы», «Өнеркәсіптік субсидияларды берудің бірыңғай қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобалары бойынша қорытынды әзірлеу жөніндегі мәселе қаралды. Бірқатар заң жобалары бойынша жұмысты жалғастыру жөнінде ұсыныстар жасалды.
Бюро отырысында Мәжілістің заң шығармашылық ісіне қатысты басқа да мәселелер қаралды.
«Егемен-ақпарат».