• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
01 Маусым, 2011

Тарихи бетбұрыс деп білеміз

591 рет
көрсетілді

Мұғалім біліктілігі – еліміздің барлық білім беру жүйесін алға бастырып, оны заман талабына сай етіп құрудың негізгі алғы­шарты, басты кепілі болып табылады. Білімді ұрпақты, бәсекеге қабілетті мамандарды білікті мұғалімдер, жан-жақты дамыған ұстаздар ғана тәрбиелеп шыға алады. Үстіміздегі жылдың мамыр айының соңында Үкімет басшысы К.Мәсімовтің алдында Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың «Педагогикалық кадрлар­дың сапасын арттыру» мәселесі тақырыбында және Алматы қаласында өткен «Ғылым­ның дамуы – еліміздің болашағы» атты форумда жасаған баян­дамасы бүкіл педагогикалық қауымды елең еткізді. Себебі, аталған баяндамаларда қазіргі қоғамдағы мұғалімнің рөліне және педаго­гикалық мамандарды даярлау ісіне айрықша назар аударылған. Онда педагог кадрларды даярлаудағы кемшіліктерге нақты талдау жасап, оның себептерін анықтады. Білім және ғылым саласының келешекте қарқынды дамуына бағыт-бағдар берген бағдарламаның болашағы жайлы Семей мемлекеттік педагогикалық институтының профессор-оқытушылар құрамы өз ойларымен бөліседі. Әлемдік экономикада білім бас­ты фактор болып саналады. Білім бұрыннан қымбат және ба­ға­лы тауар болып есептеледі, ал ел­дің тұ­рақты дамуы оның ресурс­та­рының шамасымен емес, ұлт­тық жалпы білім деңгейімен анықта­лады. Еліміздің егемендігінің 20 жыл­дық та­рихында биылғы жы­лы алғаш рет мұғалім мәртебесін көтеру мәселесі қолға алынды. Оның дәлелі ретінде Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұма­ғұ­ловтың «Білім беруді дамыту­дың 2011-2020 жылдарға арнал­ған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру ая­сын­дағы іс-шараларын, 11-12 мамыр аралы­ғын­да математика пәні мұғалімдерінің І съе­зінің ұйым­дас­тырылып, жоғары дең­гей­де өткізілуін, 24 мамыр күні Үкімет бас­шысы­ның алдында «Педагогикалық кадрлардың сапасын артты­ру» мәселесі бойынша сөйле­ген сөзіндегі құн­ды пікірлер мен ұсыныстар дәлел болады. Ел келешегі жастардың қоғам талабына сай азамат болып қалыптасуы үшін тер төгіп жүрген мұғалімнің жалақысы оның еңбегіне сәйкес келмейтіндігі педагогикалық оқу ор­ны­на білім деңгейі төмен талапкерлердің ке­луі­нің бір себебі екенін министр орынды айтқан. Білім және ғылым министрінің педаго­ги­калық мамандықтар даярлайтын 85 жоғары оқу орнының санын 40-50-ге дейін азайтуы өте дұрыс және тың шешім. Мұғалім адам жанының маманы болған­дықтан, бұл мамандар да дәрігерлер сияқты тек қана мемлекеттік оқу орындарында даярлануы тиіс. Терең білім алу үшін студенттің мате­ри­ал­дық жағдайы шешуші рөл атқарады. Осы баяндамадағы мемлекеттік оқу грантының құ­нын 30-50 %, ал шәкіртақысын 2 есе арт­тыру ұсынысы студенттер арасында қолдау табуда. Сонымен қатар «мұғалімнің жалақысы оның біліктілігіне байланыссыз. Жоғары және екінші санаттағы мұғалімнің жалақы­сы­ның айырмашылығы тек қана 7000 теңге, яғни біліктілігін көтеруге ынталандыруға негіз бола алмайды» деген ойлар мұғалім қауымының келешегін кемелдендіреді. Қажи Нұрсұлтанов,  Семей мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, Семей қаласының құрметті азаматы. *   *   * Білім және ғылым министрі Б.Жұ­ма­ғұловтың 24 мамырда сөйлеген сөзінде педагог кадрлардың сапалық деңгейін арттыру күн тәртібіндегі көтерілген өзекті мәселені қоз­ғады. Педагог кадрларды даярлаудағы кем­­ші­лік­терге нақты талдау жасап, оның себептерін анықтап, мұғалім абыройының тө­мен­де­уі­не нендей себептердің барын ашып, келең­сіз жағдай­лардан арылудың перспек­ти­валық бағыттары мен жолдарын белгілеп берді. Тәжірибе көрсеткендей, педагогикалық жо­ғары оқу орындарында білім деңгейі тө­мен, олардың арасында кездейсоқ адамдар­дың да болатыны «амалсыздық принципі» бойынша түсетіндерін де әділ айтып өтті. Бұл жағдай ондай студенттермен мектепте алған білімдеріндегі олқылықтарды жоюға көп көңіл бөлуге, жоғары оқу орны бағ­дар­ламасын толыққанды меңгертуге мәжбүр етеді. Нәтижесінде мектепке орташа дайын­дықтағы, оқу-тәрбие жұмыс­тарын өз дәре­жесінде ұйымдастыра алмайтын, қабілеті төмен, педагогикалық мамандыққа немқұ­рай­лы қарайтын мамандар жіберіледі. Осындай жең ұшынан жалғасқан шыр­ғалаңды (нашар оқушы-нашар студент-орташа, немкетті студент) Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұлов дамыған елдердің пе­даго­гикалық кадрларды даярлау бағдарла­ма­ла­рымен салыс­тыру негізінде орын алған жағ­дай­ларды тү­зетудің тиімді жолдарын ұсынған. Сонымен, түсу емтихандарын енгізу аби­туриенттің кәсіби жарамдылығын, педагоги­калық кепілділігін анықтауға, алғашқы ке­зеңде-ақ кездейсоқтықтан құтылуға мүмкін­дік береді. Мектеп бітірушілердің сапалы дайын­дық­пен педагогикалық жоғары оқу орнына тартудың тағы бір іс-шарасы студент шә­кірт­ақысы мөлшерін ұлғайту да өзекті мә­селенің бірі болып табылады. Болашақ мұғалімдерді тәрбиелеудің са­па­сын арттыруда педагогикалық тәжірибе­ле­нудің «педагогикалық жоғары оқу орны – инновациялық мектеп» кешенін қалыптас­ты­ру және интернатураны енгізу өте ма­ңызды. Интернатураны енгізу, біріншіден, бітірушіге қажетті іс-тәжірибе жинақтауына және кәсіби шыңдалуына әкелері сөзсіз. Екіншіден, ауыл мектептеріндегі кадр мә­селесін шешуге мүм­кіндік береді. Қазіргі заманғы көп деңгейлі және көп­компонентті жүйеге мұғалімдердің біліктілігін арттыруды жаңа тұрпатты етіп қайта құру ұсынысы да педагогикалық шеберлікті артты­ру­ға әкеледі және мұғалімдерге ма­ңызды мате­риалдық ынталандыру болады деген ұсынысы қолдауға әбден лайық. Гүльфия Бадамбаева, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының профессоры, еңбек ардагері. *   *   * Қазіргі кезеңде Қазақстанның дамуында білім берудің рөлі оның демократиялық, құқық­тық және зайырлы мемлекетке өтуі­мен, сонымен қатар, әлемдік білім беру кеңістігіне қарқынды енудің қажеттілігімен айқындалары сөзсіз. Бұл баяндаманың педагогикалық қауым­дас­тық үшін құндылығы онда мұғалім м­а­ман­дығының даярлығына ерекше ден қо­йы­лып, бірқатар аса маңызды іс-шаралардың ай­қын көрсетілуінде болмақ. Баяндама маз­мұ­нында педагогикалық мамандарға деген жаңаша көз­қарас, ықылас ерекше байқалады. 27 мамырда еліміздің оңтүстік астанасы Алматы қаласында өткен форумда Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов көп­шілік қауым алдында жасаған баянда­ма­сында ғылымның орта біліммен өзара бай­ланы­сын тілге тиек етті. Ол ғалымдардың алдына орта білім сапасын түбегейлі өзгерту турасында аса ірі міндет қойды. Бір қуан­тарлық жайт, біздің институтымыз бұл мәселеде айтарлықтай жұмыстар атқаруда. Мәселен, «Үздіксіз білім беру жүйесіндегі жоғары оқу орны мен мек­тептің өзара бай­ланысы» жобасының айшықты істермен жүзеге асырылуы болмақ. Бұл жоба «Да­рын­ды оқушы – перспективалы студент – бә­се­ке­ге қабілетті мұғалім» деп аталатын ерекше стратегиямен қарқынды іске асырылуда. Жобаның көздегені – білім беру ордаларын­дағы білім беру кеңістігін жетілдіру арқылы дарынды оқушыға қол жеткізіп, оның перс­пективалы студентке айналуы үшін барлық мүмкіндікті жасап, қазіргі күн талабына сай бәсекеге қабілетті мұғалім етіп даярлау. Осы жоба аясында институты­мыз­дың ғалымдары нәтижелі істер көрсетуде. «Білім туралы» Қазақстан Республика­сы­ның Заңында көрсетілгендей, еліміздегі білім беру жүйесі үзіліссіз және сабақтастық қағида­лар негізінде жүзеге асырылады. Яғни, ол мектепке дейінгі оқыту мен тәрбие­ден басталып, жоғары оқу орнынан кейінгі біліммен жалғас­тығын табады. Осыдан-ақ педа­го­гикалық ма­мандарға деген қажеттілік өз-өзінен туындап отыр. Демек, мақсаты­мыздың бір екені айқын. Жұмыла көтерген жүк жеңіл дегендей, Үкі­метімізден бастап соңында педагоги­калық мамандар даярлай­тын оқу орындары біте қайнасып жұмыс істеген жағдайда минис­трдің баяндамасында атал­ған аса маңызды міндеттер шешімін та­бары сөзсіз. Тек ойымыз бір арнаға тоғысқан сәтте ғана біз нәтижелі істерге қол жеткіземіз. Алма ЕДІГЕНОВА, Семей мемлекеттік педагогикалық  институты педагогика кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының кандидаты. *   *   * Семей мемлекеттік педагогикалық инс­ти­тутының профессор-оқытушылар құрамы Білім және ғылым министрі Б. Жұмағұловтың  Премьер-Министр қатысқан жиналыста сөй­леген сөзін үлкен зейін қойып, ықыласпен оқып та­ныс­ты. Біз педагогика саласында мол тәжірибесі бар министрдің сөзіне толықтай қосыламыз. Қамтылған сұрақтар біздің де көзқара­сы­мызға сәйкес. Егер зияткер ұлт болмаса, эко­но­ми­каны заман талабына сәйкес дамы­тудың мүм­кін еместігі анық. Біз ұлт бола­шағының білім берудегі тәжірибе мен білімді ұрпаққа қойы­латын талаптардың әлемдік білім бәсекесіне сай болғанына мақтаныш­пен қа­рай­мыз. Сингапур, Оңтүстік Корея, Финляндия тәрізді көп­теген елдердің эконо­микадағы жеткен жетістіктері табиғи ресурстар байлығында емес, керісінше эконо­ми­каны қарқынды да­мы­ту жо­лында адамдар­дың қабілеттілігі мен шы­ғар­ма­шылық әрекетін дамытатын білімді жа­ңартуды алға қойғанымен тығыз байланысты. Бірақ осы аталғанның барлығы, қоғам қажеттілігін өтейтін азаматтарды тәрбиелей­тін мұғалім еңбегінің айрықша болуымен айқын­далады. Сондықтан да білім сапасын нығай­туда мұғалімнің алатын рөлінің ерекше екендігіне министрдің білдірген пікірі өте дұрыс екендігін айтуымыз керек. Бү­гін­дері педагогикалық жоғары оқу орындары­ның бас­ты міндеті тек мұғалімдерді дай­ын­дау ға­на емес, әлемдік білім бәсекесіне сай маман­дар­ды тәрбиелеу деген пікірдің негізі жоқ емес. Осыдан біз болашақ педагогикалық жо­ға­ры оқу орны студенттерін мектеп партасы­нан бастап іріктеп алудың қаншалықты сенімді екендігіне де көз жеткіздік. Анығырақ айтсақ, өздерінің бүкіл өмірін ұстаз болуға арнайтын­дар үшін кәсіптік мектептер мен сыныптарды және т.б. құру қажет. Педагогикалық жоғары оқу орындарына түсетіндерді іріктеудің қалдық қағидатынан батыл бас тартып, оларды материалдық және моральдық тұрғыдан ынталандыруға көшу талабы бірінші орынға қойылады. Кәсіби біліктілікті бес жылда бір рет көтеру қазіргі заман талабын қанағаттан­дыр­майды. Сондықтан да министрдің шет­ел­дердің тәжірибесіне сүйене отырып, оқы­тушылардың біліктілігін көтеруді жиі өткізу керектігін айтуы өте дұрыс. Бірінші кезекте педаго­ги­ка­лық жоғары оқу орындары оқы­ту­шы­ларының кәсіби шеберліктерін толық­тыру қажет. Біз институт оқытушыларының біліктілігін «Назарбаев университеті» АҚ-да кө­теруді тәжірибе түрінде бастауға дайынбыз. ҰБТ енгізілген жылдардан бері бізді пе­да­гогикалық жоғары оқу орындарында бай­қал­ған талапкерлердің психологиялық дайын­дық­тарының төмендігі және педагоги­ка­лық алғы­шарттарының болмауы қынжыл­тып жүретін, ал енді педагогикалық маман­дық­тарға түсе­тіндерге арнайы емтиханның енгізілуі орайын тауып, діттеген жерімізден шықты. Осының арқасында біз енді болашақ пе­дагогты «өз көзімізбен көре» аламыз. Оқу ісін ұйымдастыруда бір жылдық интерна­тура­ның енгізілуінің перспективалары ай­қын кө­рі­ніс береді, ол сөз жоқ педаго­ги­ка­лық жоға­ры оқу орындары түлектерінің са­па­лы дай­ын­дығының деңгейіне және педаго­ги­ка­лық қызметке беріліп істеуіне сөзсіз әсер етеді. Біздер, тәжірибелі ғалым-ұстаздар ретінде Білім және ғылым министрінің «педагоги­калық жоғары оқу орны инновациялық мектептер» кешенін қалыптас­тыру ұсынысын қол­даймыз. Білім министрінің бұл бастамасы пе­дагогикалық жоғары оқу орындары про­фессор-оқытушы­лар құрамы мен студенттеріне және мектеп мұғалімдеріне білім беру аясында тәжі­ри­бе­лік, сол сияқты ғылыми-зерт­теу жұмыс­та­рын жүргізуде кең мүм­кін­діктер ашады. Ерғали Есенжолов, Семей мемлекеттік педагогикалық институтының проректоры, профессор.