• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
01 Маусым, 2011

Талап күшейтілмесе болмайды

372 рет
көрсетілді

Құрылтайда көптеген мәселелер айтылды, бәрі де орынды болды деп санаймын. Мен өз тарапымнан айтайын дегенім, 2006 жылғы Қазақстанның Ресейдегі елшісінің қолдауымен Мәскеуде «Ресейдегі Абай жылы» атты шараның шеңберінде Абай институты ашылған еді. Өкінішке орай, кейінгі елшілердің кезінде сол институт жабылып қалды. Абайдың атымен қазақ мәдениетін, өнерін таныстыруда бұл институт айтарлықтай жұмыс істей бастаған болатын. Біз оны өзіміздің газетке мәселе етіп жаздық та, бірақ тым-тырыс. Сондықтан, Мәскеуде Абайдың аты аталмай қалғаны бізді қынжылтып отыр. Ал басқа халықтардың сондай институттары, мәселен, Гете институты, Сервантес институты, тіпті Мақтымқұлы институты да әлі күнге жап-жақсы қызмет етіп тұр. Олар тіпті біреуден қаражат тілемей, өз алдына қаржы да табатын халге жеткен. Абай институты да осындай дәрежеге жетіп жатса, ол қазақ мәдениетінің әлемге тарала беруіне қызмет етер еді ғой. Менің айтпақ екінші мәселем, тіл үйренуге қойылатын талапты қатайту керек. Қазіргі кезде Қазақстанда қазақ тілін білмеген адамның емін-еркін өмір сүре алатынын білген кейбір шетелдік жастар, өз жерінде сұраныста жоқ тілді үйреніп қайтеміз дейтін болған. Егер мен Қазақстанға барсам, орыс тілімен-ақ барлық қызметке тұрып, барлық есікке кіре алады екенмін деп, олар қазақ тілін үйренуді артық жұмыс санайды. Осыған қынжыласың. Ал, егер мұндағы талап күшейтілсе, Мәскеуде жүргендер де ойланып, ана тілді үйренуге амалсыз ұмтылар еді. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болғаннан кейін оны білу қажеттілігі қатаң талап түрінде болуы керек қой. Барлық елдерде солай. Көптеген елдер мемлекеттік тілді білмеген адамдарға азамат­тық та бермейді. Мәселен, Балтық бойындағы елдер сол елдердің мемлекеттік тілін білмеген адамға азаматтық бермейді. Соған орай мемлекет тарапынан болатын барлық жеңілдіктер мен төлемақылардан жұрдай болады. Заңы солай, сондықтан ешкім қыңқ ете алмайды. Талап осылай болғаннан кейін онда тұратын өзге халықтар қазір тегіс сол елдердің мемлекеттік тілін үйреніп алды. Біз де осындай талапты қолданбай, неге бұға береміз?! Ойлана келе осы қазақ тілін білмейтін баласы бар шенеуніктердің ісі-ау деген қорытындыға келдім. Өзі осы мемлекеттегі биліктің бір құлағын ұстаған шенеунігі бола отырып, баласының мемлекеттік тіл – ана тілін үйренуіне жағдай жасамаған шенеунік елдің жағдайын ойламасы белгілі ғой. Ондайлардың Қазақстанды көркейтетініне сенім жоқ. Тілді білуге қойылатын ең қарапайым талап – ҰБТ негізгі пәндер қатарына оқушының қазақ тілінен алған балы барлық мамандыққа міндетті түрде енгізілуі керек дер едім. Сонда мектеп оқушылары қазақ тіліне мән беретін болар еді. Орынбасар БОЛАТҰЛЫ, Мәскеуде шығатын «Қазақ тілі» газетінің редакторы.