Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрғалығымен кеше Үкіметте өткен селекторлық кеңесте қысқы жылыту маусымына дайындық мәселесі қаралды.
Осы мәселе бойынша баяндама жасаған Индустрия және жаңа технологиялар министрінің орынбасары Альберт Раудың айтуы бойынша, әзірліктің алты түрлі шарасы белгіленіп отыр. Олар – электр қуатын өндіруші және тасымалдаушы компаниялардағы жөндеу жұмыстары; жаңа қуат өндіруші және тасымалдаушы құрал-жабдықтарды дер кезінде іске қосу; отын қорларын жасақтау және олардың есебіне мониторинг жүргізіп отыру; энергетикалық компаниялар қызметкерлерін қысқы маусым жағдайында жұмыс істеуге әзірлеу және олардың апат пен күрес жөніндегі жаттығу жұмыстарын жүргізу; электр қуатымен қамтамасыз етудегі әлсіз өңірлерді алдын-ала анықтау және басқа да шаралар.
Қазіргі күні 2010-2014 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында еліміздің электр энергетикасы саласында жалпы құны 5 миллиард доллар тұратын 13 жаңа жоба жүзеге асырылуда. Жаңа жобаларды жүзеге асырудағы осындай қарқын 2017 жылға таман елімізді электрмен қамту ісін толық жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Алдын-ала болжамдар бойынша 2015 жылға дейін осы істі одан әрі дамыту үшін 7 миллиард доллар инвестиция салынатын болады.
Дегенмен ірі ауқымдағы осындай жүйелі шараларға қарамастан бұл салада қыс маусымында әлі де қауіп-қатерлердің барлығын өткен қыс тәжірибесі дәлелдеп берді. Мәселен, Семей, Приозер, Курчатов қалаларында жылумен қамтуда қиындықтар пайда болса, Теміртау және Жезқазған қалаларында электрмен қамтуда технологиялық кемшіліктер орын алды. Міне, осының барлығы алдағы қысқы маусымға электр, жылу қуат көздері мен жүйелерін әзірлеу ісіне кешенді әдіс-тәсілдер арқылы келу қажеттігін көрсетіп отыр.
Осыған байланысты үстіміздегі жылдың сәуір айының өзінде облыс әкімдерінің, мәселеге мүдделі орталық органдар және ведомстволардың жауапты қызметкерлерінің қатысуымен Үкіметте бірқатар мәжілістер болып өткен болатын.
Осында қабылданған шешімдерге сәйкес Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі еліміздің қуат өндіруші және тасымалдаушы компаниялардың қысқы әзірлік жұмыстарын жүйелі бақылауға алған болатын. Соның нәтижесінде қазіргі күні тиісті қуат көздерімен қамту ісінде әлсіз өңірлер айқындалды. Олардың қатарында Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Ақмола облыстары бар.
Алдын-ала әзірленген жоспар бойынша алдымыздағы қысқы жылыту маусымы үшін 11 энергоблок, 60 энергетикалық қазандық, 52 турбина жөндеуден өтуге тиіс. Қазіргі күні 4 энергоблок, 3 қазандық және 8 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. 4 энергоблок, 19 қазандық және 11 турбинада жөндеу жүріп жатыр. Жоспарланған көрсеткіштен Жезқазған жылу энергия орталығы, Өскемендегі Согра жылу энергия орталығы мен Өскемен су электр стансасы артта қалып келеді. Сонымен қатар, Риддер жылу энергия орталығы мен Шүлбі су электр стансасында жөндеу жұмыстарының тәртібін бұзушылық орын алып отыр.
Ал электр желілерінің жөндеу жұмыстары белгіленген кестеге сәйкес жүргізілуде. Бірақ соған қарамастан, «Солтүстік Қазақстан ӨЕК» АҚ, Ақтөбедегі «Энерго жүйе» ЖШС, «Батыс Қазақстан ӨЕК» АҚ, «Жезқазған ӨЕК» АҚ-та аталған жұмыстың әлі де болса баяу екендігін атаған айып емес. Сондай-ақ Қапшағай, Риддер, Степногор қалаларында жылу желілерін күрделі жөндеу жұмыстары қарқынсыз.
Қысқы жылыту маусымына әзірлік жұмыстарына қажетті отын қорларын жасақтау ісіне ерекше көңіл бөлінуде. Осыған орай қазіргі күні электр стансаларының отын қоймаларына 2,88 миллион тонна көмір, 109,1 мың тонна мазут жеткізіліп отыр. Бұл – өткен жылдың осы мерзіміндегіден артық көрсеткіш.
Альберт Рау өз баяндамасында қазіргі күні республика аумағында әлі күнге дейін жұмыс істеп келе жатқанына қарамастан иелері толық анықталмаған қуат тасымалдау желілерінің бар екендігін айтты. Бұл желілердің иелерін жеделдетіп анықтау және оларды тиісті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етудің шараларын белгілеу жергілікті атқару органдарының міндеті болып табылады.
Сондай-ақ, көрсетілген қызмет үшін халықтан тиісті төлемдердің уақытында жиналмауы да дайындық жұмыстарына көп кедергі келтіріп отыр. Мәселен, «ҚызылордаЭнергоОрталық» МКК-нің әлі ала алмай келе жатқан 170 миллион теңге дебиторлық алашағы бар. Батыс Қазақстан облысындағы өңірлік электр желілері компаниясы да Ресейден алып, халыққа таратқан электр қуатының төлемдерін дер кезінде ала алмағандықтан, ресейлік әріптестерінің алдында 25,7 миллион доллар қарыз болып қалып отыр. Сондықтан мұндай жәйттер жергілікті атқару органдарының ерекше бақылауына алынып, мәселенің жедел шешім табуы қарастырылуы қажет.
Аталған мәселе бойынша барлық облыс әкімдерінің есептері тыңдалды. Олардың басым көпшілігі қысқы жылыту маусымына әзірлікті күшейте түсетіндіктерін, маусымға ойдағыдай дайындық жасайтындықтарын айтып, уәделерін берді. Ал енді оларды қинап отырған бірқатар күрделі мәселелерге Үкімет араласып, алдағы уақытта шешім табуына қолайлы жағдай қалыптастырмақ.
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов қысқы жылыту маусымына дайындық жұмыстарының талапқа сәйкес жүргізілуі әрбір әкімнің жеке жауапкершілігіне жүктелетіндігін қадап тұрып айтты. Премьер-Министр былай қарағанда, бұл мәселе жылма-жыл қайталанып отыратын ағымдағы жұмыс секілді көрінгенімен, қыс кезінде оның қиындығы ерекше болатындығын, мұндай мәселе ең алдымен тұтынушы халықтың қабырғасына бататындығын жеткізді. Осыған орай өткен жылдың мысалын тағы бір еске салды. Өткен жылы да дайындық ойдағыдай көрінгенімен, ескерілмеген мәселелерді қатал қыстың өзі айқындап бергендігін айта келе, биылғы жылы бұл мәселенің әкімдердің дербес жауапкершілігіне тапсырылатындығын қатаң ескертті.
Сұңғат ӘЛІПБАЙ.