• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2011

Дүбірге толы дүние

290 рет
көрсетілді

Оппозицияның әзірге  әлі жетпей тұр Өткен аптада грузиндер ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтті. Дәл осы күні біраз жұрт тек мереке ғана емес, ел өмірінде үлкен өзгеріс болады деп те күткен. Бірақ оппозицияның дегені болмады. Олардың әрекеттері билікке күші жетпейтінін айқын көрсетті. Тәуелсіздік – қай елдің болсын басты құндылығы. Оны қадірлей білген жөн. Ал Грузия оппозициясы оны қастерлеу орнына өз­дерінің билікке қар­сы әрекеттеріне пайда­лан­ғы­сы келді. Ал мұндай қасиет­сіз­дікті қалың бұқара халық қолдамайды. Ел басшылығы, яғни билік 26 мамырда тәуелсіздіктің 20 жыл­дық айтулы кезеңін өзін құр­меттейтін елдердегідей атап өту­ді жоспарлады. Ең бастысы – салтанатты әскери шеру өткізбек болған, басқадай да мәдени-мерекелік шаралар белгіленген. Ал оппозиция өздерінің билікке қарсы әрекеттерін сол мерекелік салтанат қарсаңында, оның ой­дағыдай өтуіне нұқсан келтіретіндей етіп ұйымдастырды. Радикалды оппозиция үкі­мет­ке қарсы әрекеттерін 21 ма­мырда бас­тады. Оны кезінде қазіргі президент Михаил Саакашвилидің ең жақын серігі болған, бұрынғы парламент спикері Нино Бурджанадзе мен Гия Кобахидзе жетекшілік ететін Халық жиналысы ұйымдас­тыр­ды. Олар елдің бас­ты қалаларында митингілер өт­кізіп, қазіргі прези­дент­тің биліктен кетуін талап етті. Ал 25 ма­мыр күні Ыза-кек күнін өткізуді жоспарлады. Сыртта қа­шып жүр­ген бұрынғы қорғаныс ми­нистрі Ираклий Окруашвили әскери төң­керіс ұйым­дас­ты­ра­ты­нын, «25 мамыр үкімет үшін соңғы күн болатынын» мәлімдеді. Рас, кейін оппозиция Ыза-кек күнін өткіз­беуді ұйғарды. Бірақ бұл күні билікке қарсы әрекеттер барынша белсенді жүргізілді. Осы жерде биліктің оппози­ция­ға қатысты қадамдарына да тоқталған жөн. Оппозицияның заң­­ға сыйымды әрекеттеріне то­лық мүмкіндік берілді. Олар қала­ған жерлерінде митингілерін, жиын­дарын өткізіп жатты. Тіпті тәуел­сіздік сал­танаты, парад болатын жер­де де оппозицияға мереке кү­ніне дейін өз акцияларын өт­кі­зу­ге рұқсат етілді. Ал оппозицияның ке­лісімді бұзып, салтанат өтетін күн басталғанда да, ескертулерге қара­май, алаңнан кет­пей қоюын құп­тау қиын. Оған биліктің көн­бей, қатаң ша­ра­ға баруын айып­тау­дың жөні жоқ. Са­наулы сағаттан кейін ел мерейін көтеретін шаралар өте­тін жерді босату үшін биліктің ар­наулы күштері 400-500-дей оппозиция белсенділерін күш­пен қуғанын жазғыра алмайсың. Әң­гіме тәуел­сіз­дік мерекесін сал­танатпен өт­кізуде, оның  халыққа қа­жеттігі жа­йында болып отыр. Оған кедергі келтіруді ойлаған оппозицияның әрекеті айыптауға лайық. Грузия президенті Михаил Саакашвили сол күнгі парад ал­дында сөйлеген сөзінде оппо­зи­цияның сырттағылардың  сценарийі бойын­ша әрекет етіп, қалай да парадты өткізбеуді ойлағанын айтты. Бұры­нырақ оппозиция басшылары да бұл шараларды өткізуге мүмкіндік бермейміз деген болатын. Тбилисиде шеру өтті, грузиндер өздерінің тәуелсіздік мерекесін тойлады. Оған қарсылық жа­саған оппозиция қай жағынан алып қара­ғанда да ұтылды, же­ңі­ліс тапты, біраз беделінен айы­рылды деген жөн болар. Ең ал­ды­мен, тәуелсіздік – ха­лық игілігі, оны президент Саака­ш­вилидің жеке басымен байланыс­тырудың жөні жоқ. Осы кезеңдегі әрекет­тері оппозицияның ауызбір­лігі жоқ­тығын да аңғартты, олар өз­дерінің жеке мүдделерінің шегінен аспайтынын көрсетті. Оппозиция атына сын айт­қан­да, әсте де президент Михаил Саакашвилидің кейбір көңілге қо­ныңқырамайтын әрекеттерін ақта­йық деп отырғанымыз жоқ, сөйтсе де соңғы кезде бұл елде қалып­та­сып отырған тұрақтылықты, оң өзгерістерді елемеу орынсыз болар еді. Саакашвилидің президенттікке екінші рет сайлануы да, өткен жылғы парламент сайлауында биліктегі партияның жеңісі де халық арасында оны қолдаушылардың баршылығын аңғартады. Билік пен оппозиция арасын­дағы күрестің өлшемі – халық­тың қолдауы. Грузия оппози­ция­сы әзірге оған жете алмай отыр. Жауыз генерал жазадан құтылмайды Бұған дейін де Сербия Республикасы қарулы күштері бас штабының бұрынғы бастығы генерал Ратко Младичті халықаралық сотқа беруге қарсылық әрекеттері болып жатқанын жазғанбыз. Енді міне, талай жазықсыз жанның қанын мойнына жүктеген жауыз генералдың Гаагаға жеткізілгені жөнінде хабар келіп отыр. Демек, жауыз жазаланады. Әрине, қа­йы­рым­ды болған жөн, қатты жазалан­ған­ға ара түскен де жақ­сы. Ал жауыз­дың жазалан­ба­ға­ны жөн бе? Генерал Мла­дич – жәй қыл­мыс­кер ғана емес, аты әлем­дік жауыздардың қара тізіміне жазы­латын, жеке адам­дар­ға ғана емес, ұлыстарды аяусыз қырған жендет. Сол үшін оны Гаагадағы бұрынғы Югосла­вия­ға байла­ныс­ты халық­ара­лық трибунал айыптап отыр. Оны ұстап, соттау жөнінде шешім шығарған. Бірақ бұл қанішер  он алты жыл бойы ұстатпай жүрді. Бұл уа­қытта Сербияның президенті бол­ған Слободан Милошевич сол трибунал түрмесінде үкімді күтіп жа­тып қайтыс болса, тағы бір әскери қылмыскер Радован Карадич был­тыр ғана қолға түсті. Ал Младич ұзақ уақыт ұстатпады. Оның басты себебі – бұл елде мұндай жауыз­дар­ды қолдаушы­лар көп. Сөйтсе де ол өткен аптада Сербияның сол­түс­тігінде тұт­қындалды. Бұл елде оны қолдаушылар, тіпті ұлттық батыр санаушылар көп болса да, Сербия басшы­лы­ғы ха­лықаралық сот үкіміне байла­ныс­ты оны ұстап беруге міндетті. Кезінде бұрынғы президенттері Милошевичті де ұс­тап беруге мәж­бүр болған. Әйт­песе, Еуропа Ода­­ғына мүше бола алмайды, қыл­­­мыскерді қор­ға­лау демокра­тия­лық, адамзаттық талаптарды орын­дама­ғандық бо­­лып табылады. Сол 90-шы жыл­дардағы серб шовинистерінің фашистік әрекет­те­рі XX ғасырдың со­ңын­дағы ең бір жауыздық құбы­лыс ретінде та­рих­тың қара шежіресіне жазы­лары анық. Сонда 200 мыңдай бос­ния­лық, косоволық мұсыл­ман­дар, сон­дай-ақ басқа да этнос өкіл­дері құрбан болды. Сол геноцидтік зұлым­дықтың басында генерал Ратко Младич жүрді. Оның жауыздығын дә­лелдеу қиын­дық­қа соқпайды, оның қолынан Сараево қаласын қоршаған кезде он мыңдай адам қаза тапса, Сребреница қа­ласында сегіз мың адамды малша қырған. Югославияның күйреуі, оның мұрагері саналған Сербиядағы фашистік тәртіп, олардың басқа этнос өкілдеріне қарсы жүргіз­ген геноцидтік саясаты әртүрлі пікір­лердің өзегіне айналып келеді. Жақтай­тын­дар да бар, айып­тайтындар да бар. Қалай десек те, ең бастысы, қылмыс­кер­­лерді ха­лықаралық трибунал соттап жа­тыр.  Мәселен Р.Младич өмір ба­қиға түрмеге жа­бы­луы мүмкін. Сол фашизм­нің құр­­бандарының аруағы риза бо­луы үшін де жауыздар жа­за­л­ануға тиіс. Шын мәнінде 69 жастағы жауыз генерал өз еркімен қолға түскен жоқ, жаны үшін жария­лануға мәжбүр болған. Емделмесе болмайды, жасырын дәрі­герге бара алмайсың. Көрден гөрі түр­мені дұрыс санаған. Мамадияр ЖАҚЫП.