Газеттің өткен нөмірлерінде жазғанымыздай, 31 мамырда Минскіде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше мемлекеттер Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырысы өтті. Оған Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов бастаған қазақстандық делегация қатысты.
Отырыс барысында қатысушылар ҰҚШҰ-ға қатысты өзекті мәселелерді, оны дамытудың перспективаларын, Ұйымның басқа да халықаралық және өңірлік ұйымдармен ынтымақтастығын, сондай-ақ ҰҚШҰ қызметін үйлестірудің механизмдерін талқылады. Сонымен қатар, отырыста өткен жылдың желтоқсанындағы сессияда Ұйымға мүше Мемлекеттер басшыларының қабылдаған шешімдерінің жүзеге асырылу барысы жөнінде баяндамалар тыңдалды.
Кеңес отырысында баяндама жасаған делегация басшылары ҰҚШҰ үшін өткен жыл айтарлықтай табысты болғанын атап өткен еді. Оның мәнісі мынада жатыр: 2010 жылдың 10 желтоқсанында Мәскеуде Мемлекеттер басшыларының қатысуымен өткен ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің сессиясында құрылымды дамытудың негізгі басымдықтары айқындалған болатын. Дәлірек айтқанда, жаңа сынақтар мен қауіп-қатерлердің алдын алуға қатысты стратегиялық және тұжырымдамалық құжаттарды дайындау шаралары туралы шешім қабылданған-ды. Бұл мәселелердің жүзеге асырылу барысы жөнінде ҰҚШҰ Бас хатшысы Николай Бордюжа өз баяндамасында арнайы тоқталды. Оның хабардар етуінше, қабылданған шешімдерді іске асыру жайында уағдаластыққа қол жеткізілді.
Еліміздің Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов та журналистерге берген сұхбатында ҰҚШҰ үшін өткен жыл жемісті болғанын атап өтті. «2010 жылы Ұйымға мүше Мемлекеттер басшылары қауіпсіздік туралы шарт құжаттарына өзгерістер енгізді, – деді министр осы туралы. – Бұл өзгерістер дағдарыстық жағдайлар кезінде Ұйымның әрекет етудегі тиімділігін арттыруға бағытталған». Сонымен қатар, ұжымдық қауіпсіздік күштері мен құралдары жүйесінің қызметін реттейтін құжаттар топтамасы да қабылданды. Олар Ұйым аясында әскери-экономикалық және әскери-техникалық ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін береді.
Отырыс соңынан белгілі болғанындай, Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде ҰҚШҰ аймағында болып жатқан жағдайларға байланысты Ұйымның жауапкершілігі де назардан тыс қалмаған. Әсіресе, Таяу Шығыстағы, Солтүстік Африка мен Ауғанстандағы жағдайларға ерекше назар аударылған. Бұлардан бөлек біз бірқатар шешімдерді де бекіттік, деді Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы БАҚ өкілдерімен сұхбаттасу барысында. Оның ішінде біз ресейлік тараптың 2009-2010 жылдары Ұйымға төрағалық етуі кезінде әскери-саяси ынтымақтастықты тереңдетудегі және дамытудағы белсенді жұмыстары үшін Ресейдің жоғары басшылығы мен өкілетті өкілдерін наградтау туралы Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі шешімінің жобасын мақұлдадық.
Осы жерде жоғарыда аталған Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі жөнінде қысқаша мағлұмат бере кетейік. Ұжымдық қауіпсіздік кеңесі Ұйымның жоғары органы болып табылады. Ол ҰҚШҰ қызметінің қағидатты мәселелерін қарастырады және оның мақсаты мен міндеттерін жүзеге асыруға қатысты шешімдер қабылдайды. Сонымен бірге, осы мақсат-міндеттерді іске асыру үшін мүше мемлекеттердің қызметін үйлестіруін және бірлескен әрекеттерін қамтамасыз етеді. Ал Кеңес құрамына Ұйымға қатысушы елдердің Мемлекет басшылары кіреді.
Отырыс барысында кеңірек талқыланған және ерекше назар аударылған мәселелердің тағы бірі ҰҚШҰ – БҰҰ пішініндегі бітімгершілік қызметтің перспективалары болды. Бірқатар жылдардан бері кейбір халықаралық ұйымдардың бітімгершілік күштері (құрылымдары десе де болады) «ыстық нүктелер» аталған жерлерде бітімгершілік қызметін атқарып жүр. Олардың тұтанған жанжалдарды бәсеңдетіп, бейбіт тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі қызметі тәжірибе жүзінде дәлелденген. Ал ҰҚШҰ-ның әскери ынтымақтастыққа бағытталған алғашқы құрылымы – Ұжымдық шұғыл жұмылдыру күштері 2001 жылы құрылған еді. Кейін, яғни 2009 жылы ол 20 мың адамнан тұратын Ұжымдық жедел әрекет ету күштері болып қайта ұйымдастырылды. Бұл құрылымның басты ерекшелігі, оның көп бейінділігінде жатыр. Өйткені, оның құрамына әскери бөлімдермен қатар, арнайы қызмет, ішкі істер, төтенше жағдайлар органдарының да қызметшілері кіреді. Олар бірлескен түрде жаттығулар жасап келеді.
Қазіргі кезде бейбітшілікті қолдау бойынша операциялар өткізуге дайындық шаралары қолға алынуда. Бұл ҰҚШҰ мен БҰҰ хатшылықтарының арасындағы өзара іс-қимылдың ойдағыдай екенін көрсетеді. Беларусь Сыртқы істер министрі Сергей Мартыновтың айтуынша, ҰҚШҰ-ның бітімгершілік күштері БҰҰ-мен бірлесе отырып, жаһандық деңгейдегі бітімгершілік операцияларға қатысуы мүмкін. Бітімгершілік күштер, сондай-ақ қажет болған жағдайда ҰҚШҰ кеңістігіндегі операцияларға да жұмылдырылады. Бұл халықаралық және өңірлік қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін қажет. Бүгінде біз бітімгершілік күштердің БҰҰ-мен өзара әрекет етуді айқындау кезеңінде тұрмыз, деді С.Мартынов осы мәселе жөнінде. Бұған байланысты жұмыстар әлі де баршылық.
Ержан Қазыхановтың атап өткеніндей, кез келген мемлекет өзінің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге байланысты мәселелерді жеке өзі шешуі мүмкін емес. Ал Қазақстан осы мәселеде ұжымдық әрекеттестікке басымдық береді. Сондықтан ҰҚШҰ аталған бағыт бойынша жұмыстарды үйлестіретін және өзара іс-қимыл жасайтын ерекше маңызды өңірлік орталықтың бірі болып табылады. Қазақстан Ұйымның тек әскери-саяси мәселелерді шешуден бөлек, – деді Е.Қазыханов осы туралы, көп функциялы бағыттағы кең көлемді мәселелерді шешетін Ұйымға айналғанын қалайды. Оның ерекше маңызды болатын себебі, бұл өңірдің қауіп-қатерлер тудырып отырған Ауғанстанға жақын орналасқандығында жатыр.
Осыған байланысты Қазақстан сыртқы саясат ведомствосының басшысы Ұйымның үйлестіруші кеңесі аясында заңсыз есірткі айналымымен, заңсыз көші-қонмен күрестегі, сондай-ақ төтенше жағдайлар салдарын жоюдағы ынтымақтастықты атап өтті. Бұл құрылымдар ҰҚШҰ-ға мүше Мемлекеттер басшыларының келісімдерін тәжірибе жүзінде іске асырып келеді, деді Ержан Қазыханов. Ұйымның Бас хатшысы жыл сайын бірлесе жүргізілген «Канал» және «Нелегал» жедел профилактикалық шаралардың нәтижесі туралы деректерді ұсынып отырады. Аталған шараларға қазақстандық ішкі істер, ұлттық қауіпсіздік, шекара және кеден органдарының қызметкерлері де белсене қатысып жүр.
Кеңес отырысында ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің қазіргі төрағасы, Беларусь Президенті Александр Лукашенконың Ұйымның әріптестік институтын құру туралы ұсынысы да қаралды. Бұл институт ШЫҰ, НАТО аясында қызмет етпек. Институт аясында өткізілетін іс-шараларға өзге де халықаралық ұйымдардың, ҰҚШҰ-ға мүше емес тараптардың барлығының қатысуларына болады.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.