Сенаттың жалпы отырысында халықаралық төрт келісімді ратификациялау туралы заң жобалары депутаттардың назарына ұсынылды. Бірінші кезекте қаралған «Тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, темір жол көлігінің қызметтеріне қол жеткізуді реттеу туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы болды. Ол Бірыңғай экономикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің инфрақұрылымы қызметтеріне қол жеткізу қағидаларын айқындайтын құжаттарды әзірлеу мен қабылдауға мүмкіндік береді. 2013 жылғы 1 қаңтардан бастап Ресей, Беларусь және Қазақстан аумақтарында жүктерді транзитті тасымалдауға арналып, бірыңғай, біріздендірілген тарифті қолдану Қазақстаннан жүк жіберушілердің көліктік шығындарын төмендетуге жағдай жасайды. Сенаторлар бұл заң жобасын қабылдап, келісімді ратификациялады.
Келесі кезекте қаралған «Беларусь Республикасындағы, Қазақстан Республикасындағы және Ресей Федерациясындағы техникалық реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да қабылданды. Бұл жобаға негіз болған келісімге 2010 жылы қарашада Санкт-Петербургте қол қойылған болатын. Ол Бірыңғай экономикалық кеңістік аумағында Кеден одағының техникалық регламенттеріне сәйкес, өнімдердің еркін айналымы үшін техникалық реттеудің бірыңғай құқықтық негіздерін жасауды мақсат етеді. Келісімде сондай-ақ Бірыңғай экономикалық кеңістіктің кеден аумағына үшінші елдерден өнім келіп түскен жағдайларға бірдей тәртіп белгілеудің негіздері де жасалған.
Елімізге заңсыз келіп жұмыс істейтін шетелдік жұмысшылар және олардың отбасы туралы мәселелер де заңмен реттелетін болды. Сенат отырысында талқыға салынған «Үшінші мемлекеттерден келген заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» жоба дәл осы тақырыпқа арналды.
Кеден одағы Үкіметтерінің басшылары Санкт-Петербургте 2010 жылы қарашада қол қойған құжатта үшінші мемлекеттерден келген заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимыл жөніндегі ынтымақтастықтың негізгі бағыттары мен түрлері белгіленген болатын. Сонымен қатар, заңсыз еңбек көші-қонына қарсы іс-қимылдың негізгі мақсаты ішкі еңбек рыногын қорғау болып табылады. Осыған байланысты, келісімде еңбек ету үшін заңсыз көшіп-қонушыларды анықтау және есебін алу, сондай-ақ Кеден одағы елдеріне олардың заңсыз келуін шектеу шараларын жүргізу көзделген.
Жалпы отырыста, сонымен бірге, «Көшіп-қонушы еңбекшілер мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесі туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да талқыланған болатын. Бұл жоба көшіп-қонушы еңбекшілер мен олардың отбасы мүшелерінің құқықтық мәртебесін айқындайды, олардың еңбек қызметін жүзеге асыру тәртібін және оларды әлеуметтік қорғауға байланысты мәселелерді қамтиды. БЭК-ті құру мақсаттарына да сай келеді. Бірқатар талқылаудан кейін еңбек рыногына қатысты екі заң жобасы да қабылданды. Заң жобалары бойынша сенаторлар Ғ.Қасымов, С.Жалмағамбетова, Ғ.Есім, Б.Досмамбетов, Е.Мұқаев, Ю.Кубайчук, Ж.Төрегелдинов, С.Еңсегенов, Б.Мұхаметжанов сауалдар қойып, келісім баптары мен кейбір ережелерді нақтылау тұрғысында түсініктеме берілді.
Жалпы отырыста қолданыстағы заңнамаға электронды ақша мәселелері жөніндегі өзгерістер енгізу туралы заң жобасы екінші оқылымда қаралды. Талқылау барысында сенаторлар «электронды ақшаны пайдалану» ұғымының электронды ақшаны пайдалану тәсілдерін кеңейту бөлігіне бірқатар өзгеріс енгізуді ұсынды. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электронды ақша мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына енгізілген өзгерістер Парламент Мәжілісіне жіберілді.
Отырыс соңында сенаторлар С.Ақылбай, Қ.Ищанов, Ю.Кубайчук, Х.Валиев, Ж.Төрегелдинов, С.Плотников, Ғ.Қасымов өздерін толғандырған мәселелер бойынша депутаттық сауалдарын жария етті.
Серік ҚАРАЖАН, журналист.