Мемлекетіміз ел тәуелсіздігінің жиырма жылдық тәжірибесінде білім мен білікті әлемдік талаптарға сай өрістетуді кезең-кезеңмен атқарып келеді. Сонау 90-шы жылдары Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың: «Ең бастысы – адам факторы: оның еркі, күш-жігері, табандылығы мен білімі. Өркендеп даму мен тәуелсіздікке аттар табалдырықтың алтын кілтін осы шамадан іздеген жөн» деген сөзі елдік істердің темірқазығына айналды.
Сонымен, заман жаңарып жатты. Күрделі уақыт кеңестен кейінгі кеңістіктен саяси, ғылыми-мәдени серпілісті талап етті. Осы ретте 1994 жылы Мәскеу университеті мінберінен Елбасы көтерген Еуразиялық Одақ идеясының өміршеңдігін уақыт дәлелдеді. Мемлекет басшысы 1996 жылы 23 мамырда арнайы бұйрығымен негізін қалаған Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті де – соның бірегей жемісі. Мұны Нұрсұлтан Әбішұлы «Еуразия жүрегінде» атты кітабында: «Астананың жоғары білім жүйесінде тағы бір маңызды қадам жасалды. Қазіргі дүниеде қажетті білімді меңгеріп қана қоймай, сол біліммен жеңіп шығуға болатынын біз түсінбегенде кім түсінбек. Білім ғана дүниенің қозғаушы күші бола алмақ» деп сипаттаған болатын.
Л.Н.Гумилев есімін алған университеттің қайта құрылып, жаңа ынтымақтастық бағдарын ұстағанына 15 жыл толды.
Тарихты қысқаша шолсақ, соңғы 17 жылдағы еуразиялық кеңістіктегі ықпалдастықтың бастамалары Қазақстаннан, дәлірек айтқанда Қазақстан Президентінен өрбіп отырғанын айқындайды. Бұл сондай-ақ, көптеген зерттеушілер посткеңестік кеңістіктегі ықпалдастық жөніндегі негізгі күш Қазақстан Президенті екенін бірауыздан дәлелдейді.
Әрине, осы бағытта ЕҰУ-нің халықаралық және өңірлік миссиясы да айрықша. Ол – Қазақстанның еуразияшылдығын ғылыми тұрғыдан салаландыру. Бұл – толерантты, демократиялы, жасампаз еуразияшылдық.
2009 жылы 10 наурызда Еуразия ұлттық университетінде Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың қатысуымен Университеттердің Еуразиялық ассоциациясының ХІ съезі өтті. Жоғары деңгейдегі осы жиынға әлемнің 100-ден астам университетінің басшылары, танымал ғалымдар қатысты. Елбасы осында білім мен ғылымды инновациялық бағдарда жаңғырту мен жастардың жігерін жаңашыл ізденістерге бұру туралы қадау-қадау маңызды ойлар айтып, халықаралық ғылыми-мәдени ықпалдастықтың басым бағыттарын айқындап берді. Осы орайда ЕҰУ әлемнің ғылыми орталықтары мен университеттері арасындағы маман әзірлеу мен ғылыми жоба даярлау бойынша келісім-шарттарды қайта пысықтап, Елбасының жаңа тапсырмасын орындаудың жоспарын қабылдады.
Еуразия ұлттық университеті елдің біліми-ғылыми әлеуетін көтеру бағытында Елбасы сеніп тапсырған PhD бағдарламасын жүзеге асыру жобасына сәйкес, әлемдік университеттердің таңдаулы ғалымдарын ортақ іске жұмылдыра алды. Шетелдік профессорлардың Қазақстанға бағдарланған ізденістері мен жас ғалымдарымыздың дүниежүзіне белгілі зертханаларда ғылыми тәжірибеден өтуін отандық білім үшін жаңа арна деп есептейміз. Сонымен бірге, соңғы жылдары Ресей халықтар достығы, Мәскеу мемлекеттік құрылыс, «Дубна» халықаралық табиғат, қоғам және адам университеттерімен, М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетімен (математика-механика, ақпараттық технологиялар факультеттері), Ресей мемлекеттік гуманитарлық университетімен (журналистика және саясаттану факультеті), Айова мемлекеттік ғылым және технология университетімен, Нью-Мексико университетімен (АҚШ) бірлесіп, қос дипломды мамандар даярлай бастауы – инновация аясында қарастырылатын жұмыстар. Бірлесе дайындайтын мамандықтардың ішінде ғарыштық технологиялар да бар. Жақында ғана Беларусь президенті А.Лукашенконың Қазақстанға жасаған ресми іссапарына орай ЕҰУ мен Беларусь техникалық университетінің негізінде ғылым-білім консорциумының құрылуы – отандық жоғары мектеп дамуының жаңа белесі болып есептеледі.
ЕҰУ-дың халықаралық ынтымақтастықты тиімді қолдануға бағытталған тағы бір бағдары – ШЫҰ (ШОС) университеті және ТМД Желілік университеті сияқты беделді білім беру жобаларына қатысуы дей аламыз. Осы арқылы университеттің магистрлік бағдарламасы жаңа арнаға бұрылды.
Биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Қазақстан халқына Жолдауында Нұрсұлтан Әбішұлы: «Білім беруді жаңартуды жалғастыру қажет. Жоғары оқу орындарының инновациялық қызметке өту тетіктерін әзірлеу керек. Кем дегенде 2 жоғары оқу орны үздік әлемдік университеттер рейтингісінде атап өтілетін болады» деп тапсырма беріп, сеніммен отандық жоо-ға үміт артқанын көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті сенім үдесінен шығып, Ұлыбританиядағы халықаралық тәуелсіз рейтинг агенттігі «QS - World University Rankings» бойынша әлемдік 17 мың университеттің ішінен 2009 жылы – 600-дікке, 2010 жылы – 500-дікке кірді. Бұл рейтинг – ЕҰУ-дың Орталық Азия аймағындағы ең үздік университет екенін, ал ТМД-дағы осы деңгейдегі 5 университеттің бірі екенін айқындайтын көрсеткіш. Біздің алдымызда жүз жылдан астам тарихы бар Мәскеу, Санкт-Петербург, Томск университеттері мен елу жылдан астам тарихы бар Новосібір мемлекеттік университеті тұр.
Енді осы нәтижеге қалай қол жеткізілгеніне келейік. Ең алдымен, оқу үдерісі сапаландырылды. Екінші, ғалымдарды ынталандырудың көзін таба отырып, импакт-факторы аса жоғары журналдарда жаратылыстану мен техника саласы мамандарының мақаласын жариялады. Үшінші, университет ғалымдары мен студенттері кез келген ғылыми конференцияға емес, үлкен ғылыми жетістікке құрылған баяндамасын талқылату үшін халықаралық форумдарға ғана жіберілді. Баяндама сапасы мұқият қаралды. Төртінші, РһD бағдарламасы бойынша жас ғалымдарға шетелдік қосымша жетекшілердің сапасына да, бағдарламаны орындаушының өзіне де қатаң талап қойды. Бесінші, мәдениет пен жастарға қатысты жұмыстарды бір кезеңдік коньюнктурадан гөрі ұзаққа арналған құндылықтарға сай құрды. Беделді әлемдік білім-ғылым рейтингі де осыны талап етті.
Осының бәрі Білім және ғылым министрі Б.Жұмағұловтың жаңа қабылданған «Ғылым туралы» Заңды іске асыру шараларына және зерттеу университеті жобасына қатысты айтқан тұжырымдамалы ойларымен сабақтасып жатыр. ЕҰУ ректоры Б.Әбдірайым – Елбасы мен ел сенім артқан елорданың жетекші университетін жаңарған заман адымына сай дамытуды үйлестіріп отырған білікті басшы дер едік.
Адамзатқа ортақ ойшыл Сократ: «Білім мен ғылым ізгілікке қызмет етуі керек» деген еді. Біз жаңарған Қазақстан білім-ғылымы осы бағытта деп сенеміз.
2009 жылы Еуразия университеті ғылыми кеңесі PhD диссертанттары үшін халықаралық беделді журналдарда мақала жариялау туралы шешім шығарып, оны жүзеге асырғанда, республика ғылыми қауымы бұл бастаманы жақсы қабылдады.
Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижесі бойынша, 2010 жылы ЕҰУ-ды 610 «Алтын белгі» иегері таңдаған. Бұл – еліміздегі мектеп бітірушілердің үштен бірі. Университет екі жыл қатарынан осы көрсеткіштен түскен жоқ. Еуразия ұлттық университетіндегі әрбір бесінші студент – «Алтын белгі» иегері немесе халықаралық, республикалық олимпиадалардың жеңімпазы. Кейбір мамандықтар бойынша ақылы бөлімге түсу үшін қосымша талаптар бекітілген. Мұнда оқуға түсу балы республика көлемінде алғанда ең жоғары. Ол 70-тен төмен емес. Тең жартысы «Алтын белгі» иегерлері болып келетін топқа түскен жастар үлкен бәсекелестік ортаға түсіп, талпынушылығы жоғарылайды. Педагогтің мұндай ортаға дайындалмай келуі тіпті де мүмкін емес. Оқытушы-профессор қауымы мұны жақсы түсінеді және осы деңгейге сәйкес болуға тырысады. Сондықтан 2010 жылы «Болашақ» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 42 оқытушы ғылыми тағылымдамадан өтуге барды. Бұл индикатор бойынша да ЕҰУ республика бойынша алда келе жатыр. Университет оқытушылары Америка, Еуропа, Ресейдің үздік университеттерінде тағылымдамадан өтеді. Бұл оқытушылардың кәсіби білігін көтеруге жақсы көмегін тигізіп жатыр.
Еуразия ұлттық университеті – 2011 жылы 4 Нобель сыйлығы лауреатының (Р.Корнберг, Р.Ауманн, Д.Миррлис, Д. Нэш) шеберлік сыныбын өткізген оқу орны. Сонымен қатар, мұнда республикамызда алғаш рет шетелдердің Қазақстан Республикасындағы тұрақты және өкілетті елшілерінің ашық дәрісін өткізу дәстүрге айналды. Осы күнге дейін Еуродақтың бас өкілі, Латвия, Словакия, Греция, Испания, Германия, Финляндия, Чехия, Швеция, Венгрия, Ұлыбритания, Румыния, Литва, Франция, Италия, Нидерланды мемлекеттерінің елшілері тартымды дәрістер оқыды. Бұл шаралар халықаралық ғылыми ықпалдастық үшін аса маңызды болып отыр.
2010 жылы көктемде М.Ломоносов атындағы ММУ-де өткен арнайы ғылыми мәжілісте білім ордасының ректоры Виктор Садовничий мінберден: «Осы залда қазіргі заманның ұлы математигі отыр, әлемнің үздік университеттері оны жұмысқа тартуды мақтан тұтады. Ол – Еуразия университетінің профессоры, академик Мұхтарбай Өтелбаев» деп айтқанын республикалық БАҚ жазды. Бұл – жоғары мектепті ұйымдастырушылардың көрнекті өкілінің, аса танымал ғалымның бағасы. Жалпы, ЕҰУ математика мектебі Қазақстаннан шеткері жерлерге кеңінен таныс. Мұның ішінде әлемдік алгебра элитасы қатарына енетін Америка математика қоғамының Е.Х.Мур атындағы сыйлығының лауреаты Уәлібай Өмірбаев та бар. Аталған екі ғалым да ҚР Мемлекеттік сыйлығын алды. Көптеген Еуропа университеттерінде дәріс оқып, жуырда ғана Жапонияның Осака университетінің құрметті профессоры атағын алған академик Р.Берсімбайдың молекулярлық генетика саласындағы зерттеулері – отандық ғылымның жетістігі. Университеттің гуманитарлық саладағы табыстары да елге белгілі. Мырзатай Жолдасбеков ұйытқы болған түркологиялық зерттеулер, марқұмдар академик Рымғали Нұрғали мен профессор Ақселеу Сейдімбектің, Қ.Салғараұлы мен Қ.Сартқожаұлының ұлт тарихы мен руханияты, мәдени мұра туралы іргелі еңбектері, академик Ж.Әбділдиннің – философия саласындағы, академик М.Серғалиевтің – филология саласындағы монографиялары – елдің баға жетпес байлығы. Профессорлардан Е.Нұрғалиеваның – заң ғылымы, С.Батыршаұлының – халықаралық қатынастар, Н.Омашевтің – қоғамдық коммуникация мен журналистика тарихы, С.Негимовтің – әдебиеттану саласындағы жетістіктері мен зерттеулері республикаға кеңінен таныс.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғалымдары – «Ел бірлігі» доктринасының авторы. Мұнда үш базалық қағидат біріктірілген: бірінші, бір ел – бір тағдыр; екінші, тегі бөлек – тең мүмкіндіктер; үшінші, ұлттық рухты дамыту. Бұл құжатты Президент бекітті және оның ең басты жетістігі - әр азаматтың елді ардақтауға деген мақтанышын арттырып, Отанының өткені мен бүгініне жауапты әрі қатысты сезімін ояту. Қазақстан үшін ел бірлігі мен ұлт тұтастығы не екенін, оның маңызын түсіндіріп жату артық. 2009 жылдың күзінде осы доктринаның алғашқы жобасы баспасөзде шыққанда, қоғамдық пікірде үлкен саяси текетірестер болғанын жасырмаймыз. Сондықтан енді мемлекет алдында әлемдік тәжірибе мен тарих тағылымын ескерген доктринаның мүлдем жаңа жобасын жасау міндеті тұрды. Осыны ЕҰУ-дың заңгер, тарихшы, саясаттанушы, филолог ғалымдары абыроймен атқарып шықты. Мұны қазір шетелдік сарапшылар да лайықты бағалап отыр.
Қазақстан мәдениеті мен тарихын әлемге танытуда – Елбасы айқындаған ЕҰУ-дың басым бағыты. Бұл орайда осы университеттің ынта-жігерімен атқарылып жатқан шетелдік белгілі университеттерде «Абай орталығын» ашу шарасы – елдіктің маңызды ісі деуге лайықты. Мұндай орталық 2010 жылы 19 тамызда Ереван мемлекеттік университетінде, 2011 жылы 13 мамырда Баку мемлекеттік университетінде ашылды. Енді осындай қазақтың тілін, мәдениетін және тарихын насихаттайтын орталықтар Қытай, Ресей, Беларусь, Украина, Иордания, Үндістан, Польша, Румыния университеттерінде бой көтермек. Мұнда ЕҰУ-дың оқытушы-ғалымдары іссапармен барып, тұрақты дәрістер жүргізіп тұратын болады.
Университетте ғылыми-зерттеулерді ынталандырудың жаңашыл әдістері қолданылады. жоо-ның әлемдік рейтингі ғылыми басылымдардағы жарияланымының саны мен сапасына байланысты екенін ескеріп, әр бағыт бойынша жоғары импакт-факторлы ғылыми журналдар белгіленген. Сондықтан ЕҰУ-да халықаралық деңгейдегі басылымдардағы зерттеулерін ынталандыру үшін ғалымдар мен зерттеушілерге сыйлықтар қарастырылған. Ғылыми кеңес шешімі бойынша осындай жарияланымы үшін әр профессор бір мың доллар көлемінде сыйақы алады. Аталған бастама өз нәтижесін беріп келеді. Университетте рейтингтік журналдарға жыл сайын тұрақты мақала жариялап тұратын М.Өтелбаев, Р.Берсімбай, Н.Темірғалиев, И.Іргебаева, Р.Мырзақұлов, Р.Ойнаров, С.Сауытбеков, Е.Нұрсұлтанов, Қ.Күтербеков, Т.Нұрахметов, А.Дәулетбекова, Р.Омаров, Ә.Ақылбеков, Н.Тілеуханова, Е.Сүлеймен, т.б. профессорлар бар. Бұл уәждеме нәтиже бергенін көріп, университет PһD докторанттарына да талап қоя бастады. 2010 жылы 5 докторант халықаралық рейтингтік журналдарға мақала жариялады. Ал, биыл жаратылыстану ғылымдарының барлық бағыты бойынша докторанттардың еңбектері жарық көре бастады.
ЕҰУ-да барша кафедра жұмысының нәтижесі 3 көрсеткіш бойынша бағаланады: бірінші – жыл бойы шығарған кітаптары мен монографияларының саны; екінші – рейтингтік журналдарға жарияланымдарының саны; үшінші – әр алуан гранттар мен білім беру бағдарламалары бойынша ұтып алған қаржысы. Бұған кафедра қызметкерлерінің біліктілігін жоғарылату да кіреді.
Университеттің тағы да бір елеулі жұмысы – физика-техникалық (мұнда ғарыштық мамандықтар бар) және журналистика және саясаттану факультеттерін ашты. Математиктердің әлеуетін ескеріп, оларды ақпараттық технологиялардан бөлек факультет етіп қайта құрды. Сөйтіп, ЕҰУ-да 13 факультет, 20-дан астам ғылыми орталық жұмыс істей бастады.
Әрине, факультеттер мен ғылыми зертханалардың елеулі деңгейі конференциялармен өлшенеді. ЕҰУ-да жыл сайын өте маңызды ғылым салалары бойынша ғылыми жиындар өтеді. Мысалы, 2009 жылы өткен А.Холландер атындағы 15 халықаралық курс, 2010 жылы өткен Гумбольдт-Коллег ІІІ халықаралық конференция мен «Еуразия өңірінде қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету контексіндегі Қазақстанның ЕЫҚҰ-ға төрағалық етуі» атты конференция, сондай-ақ түркітану, тарих, тіл, саясаттану, журналистика мәселелеріне арналған халықаралық конференциялар тек Еуразия университетінің ғана емес, Қазақстанның ғылыми беделін әлемге танытты.
ЕҰУ-да еуропалық жоғары оқу орындарымен тығыз ынтымақтасу «Эрасмус Мундус» және «Темпус» сияқты Еуропалық Одақтың білім беру бағдарламалары шеңберінде жүзеге асады. Бүгінгі таңда Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ отандық жоо арасында «Эрасмус Мундус» бағдарламасына қатысу көрсеткіші жөнінен алдыңғы орынды иеленеді.
Елбасының тапсырмасына сәйкес, әлемнің белгілі ғылыми орталықтарынан жоғары ғылыми дәрежесі мен табысы бар ғалымдарды тарту шарасы да ЕҰУ-да жүйелі жүргізіліп отыр. Осы мақсатта Германияның беделді университеттерінде тағылымдамадан өткен – физик В.Жүнүшәлиев, математик А.Нұрақунов, Ұлыбританиядан – математик В.Буренков, Америкадан – биотехнолог Р.Омаров шақырылды. Олар қазір отандық ғылымды дамытуға бел шеше кірісіп кетті. Соңғы жылдары ЕҰУ-да оқуға шектес өңірлерден бөлек АҚШ, Қытай, Корея, Ресей азаматтары тілек білдіре бастады. Солардың ішінде қазір тілдік курстан өтіп жүргендері де бар.
Еуразия университеті ірі халықаралық конференцияларға қатысатын студенттер мен магистранттарға ғылыми ортада жаңа идеялар мен тәжірибе алмасуы үшін қаржылай көмек көрсетеді. Әр бағыт бойынша әлеуметтік қолдау көрсету қарастырылған. Үздік студенттер жыл бойына 50 доллар көлеміндегі қосымша атаулы шәкіртақымен ынталандырылады. Көп балалы отбасынан шыққан немесе жетім 500-дей студент университет асханасынан тегін түскі ас ішеді. Ғылыми үйірмелерге, көркемөнерпаздар бірлестігіне белсенді қатысатын студенттерге тегін жол жүру билеті беріледі. ЕҰУ-да талантты жастарға арналған Өнер ордасы бар екенін, онда вокал, хореография, поэзия, КТК, театр өнері үйлестірілгенін айта кеткен орынды. Бұл ретте студенттердің оқу үдерісі мен ұжымдағы «Нұр Отан» ХДП бастауыш ұйымының жұмысын үйлестіріп жүрген проректор Ж.Нұрманбетова, студенттердің мәдени-әлеуметтік жұмысын дамытып жүрген проректор Л.Есмұхан еңбегін атап өткен ләзім.
Әлемдік тәжірибеден белгілі жайт: мемлекет үшін жоғары оқу орны – ғылым, білім және мәдениеттің тоғысқан жері, зерде биігі. Қазақстанда ұлттық университеттерге, соның ішінде астаналық жетекші университетке қоятын Мемлекет басшысының талабы да жоғары. 2009 жылдан бері әрбір жаңа оқу жылы басталған сайын ЕҰУ-да «Ауқымды елдік дәрістер» айлығы жүргізіледі. Бұл дәрістер ел жүрегі – Астананың жетекші оқу орнында Университеттердің Еуразиялық ассоциациясы ХІ съезіндегі Елбасымыздың тапсырмасына және университет ғылыми кеңесінің шешіміне сәйкес айқындалған еді. Дәрісті оқитындар – өз елімізге және шетелдерге танымал білікті профессорлар, қайраткерлер. Бұл шарада Мемлекет басшысының Еуразиялық идеясы мен миссиясы, отаншылдықпен біте қайнасқан қазақ тарихы мен мәдениетінің елеулі кезеңдері, гумилевтану, білім мен ғылым ықпалдастығы туралы кеңінен сөз қозғалады.
Осы шара барысында мыңға жуық таңдаулы студент жиналған аудиторияға А.Сейдімбек, М.Өтелбаев, Р.Берсімбай, Ә.Ахметов, С.Батыршаұлы, Қ.Салғараұлы, А.Тасболатов, Н.Омашев, Ғ.Шалахметов, Н.Темірғалиев, С.Негимов, В.Буренков (Кардифф университетінің профессоры), Д.Қамзабекұлы, З.Қабылдинов, Р.Омаров (Техас университетінің профессоры), С.Төлеубаева, т.б. өз саласын жетік білетін ғалымдар мен қайраткерлер дәріс оқыпты.
Сөз ретіне қарай айтар болсам, былтыр ЕҰУ-дағы Елбасының аудиториясында мен де дәріс оқыдым. Жастармен ғылыми дидарласудан алған әсерім ерекше. Жас азамат қашанда еліктегіш келеді, олар үлгі-өнеге іздейді десем, дәріс оқыған тұлғалар студенттерге үлкен ой тастап, серпілтеді. Қазіргідей жауапты шақта мұндай дәрістер аса қажет. Абай хакім: «Жүректе қайрат болмаса, ұйықтаған ойды кім түртпек» демеп пе еді?! Білуімше, ЕҰУ мұны түрлі форматта жалғастыра бермек. Мысалы, әрбір факультетте ғылыми кеңес залы, сондай-ақ ұжымға ортақ М.Қашқари, Абай, Пушкин, Ататүрік, А.Байтұрсынұлы, Н.Төреқұлұлы, Ә.Марғұлан, Г.Әлиев, С.Зиманов, К.Ақышев, С.Қирабаев, Ж.Әбділдин, Р.Нұрғали, А.Сейдімбек атындағы атаулы аудиториялар, залдар, мемориалдық кабинеттер жұмыс істейді. Мұның бәрі ортақ елдік істі салаландыру үшін қажет екені түсінікті. Мысалы, оқу үдерісін, ғылым мен елдік талапты ұштастырған ЕҰУ-дың профессор-оқытушылары 2009-2011 жылдары мемлекеттік тілде 30-дан аса оқулық даярлап, жариялаған.
Бұл мәселеде университет жастардың мәдени деңгейін көтеру шараларына да бөлек қарамайды. Республика бойынша резонанс туғызған «Қыз Жібек», «Ер жігіт», «Ардақты ана» байқаулары, жастар театрының жаңашыл ізденістері – ЕҰУ-дың осы бағыттағы табыстары.
Осы тұста біз Еуразия ұлттық университетінің танымалдығын Қазақстанның танымалдығынан бөліп қарамайтынымызды айтқымыз келеді. Мысалы, қазір ЕҰУ web-сайты – ең көп тұтынушысы бар сайт. Бұрын ол дәстүрлі қазақ-орыс-ағылшын тілдерінде ақпарат берсе, бүгінде аясын қытай, түрік және араб тілінде кеңейтті. Ал жақын болашақта ақпарат беру тілінің қатарына француз, испан, неміс тілдері қосылмақ.
Университеттің алда атқаратын жұмыстарына келсек, негізгі мақсатының қатарына бар мүмкіндікті пайдаланып, оқытушы-профессорлар құрамының жұмысы мен студенттердің оқуына қолайлы жағдай туғызу; халықаралық біліми-ғылыми қатынастарды жаңа деңгейге көтеру; жаңашыл, әлеуетті ғалымдарды қызметке шақыру; университеттің ғылым бағытын, соның ішінде іргелі зерттеулерді, магистратура мен РһD бағдарламасын жаңа сапаға көтеру; университеттің ішкі құрылымын әлемдік озық тәжірибелерге сай етіп жүйелеу; мәдени жұмыстарды студенттердің шығармашылығын айқындайтындай етіп құру кіреді.
Таңдаулы профессор-оқытушылар, таңдаулы студенттер, жоғары технологиялық зертханалар, сапалы білім беру үдерісі – жаңашыл университеттің іргетасы. Елбасының айқындап берген жолымен Еуразия университеті осы меженің үдесінен шығып отыр.
Ғарифолла ЕСІМ, Парламент Сенатының депутаты, академик.