• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
07 Маусым, 2011

Ислам форумы – инвестиция тартудың үлкен мүмкіндігі

335 рет
көрсетілді

Бүгінде Қазақстан экономи­ка­­­сы­на инвестиция салуға Таяу Шы­ғыс пен Оңтүстік-Шығыс Азия­ның іскер топтары да ынта танытуда. Бүгін Қазақстан аста­на­сында басталатын Бүкіл­әлем­дік Ислам экономикалық фо­румы­на барша мұсылман әлемі­нің іскер топтарының келуі со­ның бір айғағы. Осы келелі жиынның маңызы мен еліміздің инвестициялық саясаты туралы Премьер-Министрдің орынбасары, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет ИСЕКЕШЕВТІ әңгімеге тартқан едік.   – Әсет Өрентайұлы, 7-9 мау­сым күндері Астанада «Ислам Да­восы» атанып кеткен Бүкіл­әлемдік Ислам эко­номикалық форумы өтеді. Бұл оқиғаның ерекшелігі қандай? Оның саяси салмағы басым ба, әлде, эконо­ми­калық маңыз­ды­лығы зор ма? – БИЭФ – үлкен эконо­ми­калық алаң. Оны форумның аты-ақ айтып тұр. Осы алаңда 50-ден астам елдің өкілдері сауда-саттықты дамытудың келешегі, инвестиция тарту, ға­лам­дық азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерін талқылап, бизнес-үрдістерді басқару тұрғысында тәжірибе алмасады. Бір сөзбен айтқанда, онда әлемдік эконо­мика үшін өзекті барлық мәселе қозғалатын болады. – Қазақстан Үкіметі фо­рум­ды өткізуден қандай нә­ти­же күтіп отыр? – Мұндай маңызды іс-шара мемлекеттің халықаралық беделін көтеріп қана қоймай, елдің ішкі әлеуетіне де өзге жұрттың назарын аударта алады. Сон­дық­тан бұл форум біз үшін Қа­зақстан экономикасының әлеуе­ті мен инвестициялық ахуалын көрсете білудің, жаңа байла­ныс­тар қалыптастырып, елімізге қосымша шет ел инвес­ти­ция­сын тартудың үлкен мүмкіндігі. Бұл – әлемнің бүкіл қаржы жүйесі дағдарыстан кейін қайта қалпына келе бастаған қазіргі кезеңде өте қажетті шара. Шет ел капита­лы­ның ағыны да бұ­рынғы қалпына келе бастады. Содан барып, барлық елдерде, әсіресе, қиын жағдайға ұшы­ра­ған аймақтарда шет ел инвес­тициясына деген бәсекелестік басталды. Оның үстіне БИЭФ біз үшін – Таяу Шығыс, Африка және Оң­түс­тік-Шығыс Азия елдерімен сау­да-экономикалық серіктестікті дамы­тудың тың мүм­кіндігі. Осы баста­маның, әсіресе, жаңа азық-түлік рыноктарын ашуда келешегі зор. БИЭФ мәжілісінің аясында инвестициялық жобалар көрмесі ашы­лады. Оған түрлі саладан сом­асы 10 миллиард АҚШ дол­лары болатын 120 жоба қойы­ла­ды. Біз келешегі бар инвес­тор­ларға туризм, ауыл шаруа­шы­лы­ғы, металлургия, химия өнер­кәсібі және ағаш өңдеу сала­ларынан жо­балар ұсынуға дай­ын­быз. Тоқ етерін айтқанда ин­весторларға көрсете алатын, қы­зықтыра ала­тын дүниелер бізде баршылық. Сондықтан бұл форум Қазақ­станға шет ел инвес­тициясы­ның ағынын күшейтеді деп сенемін. Форумға қатысу үшін Астана­ға 2000-нан астам шет ел биз­не­сінің өкілдері келді. Олардың ара­сында әлемдік деңгейдегі эко­но­мистер, қаржыгерлер бар. Демек, БИЭФ-тің бұл жолғы оты­рысы кейбір елдердің экономи­ка­лық да­му­дағы озық тәжірибе­сімен таны­суымызға жол ашады деген сенім де бар. Мәселен, бізді Түркия мен БАӘ-нің туризмді да­мытудағы тәжірибесі, Малай­зия­ның еркін экономикалық аймақ құру арқылы ақпараттық техно­ло­гияларды да­мыту тәжірибесі қызықтырады. – Қазақстан экономикасы­ның қай қыры 7-ші Бүкіл­әлем­дік Ислам экономикалық фо­румы­на қатысушыларды қы­зық­тырады деп ойлайсыз? – Сөз жоқ, ескі заманда қа­лыптасқан экономикалық бағыт­ты өзгерту жолындағы Қазақ­стан­ның жетістігі мен саяси тұрақтылығы форум мейман­да­рын қызықтырады. Өздеріңіз білесіздер, инвесторлармен жұмыс істеу – Елбасы тапсырмасымен әзір­леніп, өткен жылы бастау алған индустриялық-иннова­ция­лық даму бағдарламасындағы бас­ты міндеттердің бірі. Бағ­дарлама бойынша экспортқа ба­ғыт­талған құнды өнім шыға­ра­тын өндіріс орындарын құру үшін экономиканың нақты сек­торына тікелей инвестиция тар­туға басымдық беріледі. Үкімет те бұл шаруа үшін барлық жағ­дай­ды жасап отыр. Қазақ­стан­дағы инвестициялық климат өте қолайлы деп айтуға әбден бола­ды. Оны халықаралық сарап­шылар да растап отыр. Инвестициялар тартудың бізде мынадай мүмкіндіктері бар: біріншіден, біздің жерімізде табиғи және минералды шикізат ресурстары мол. Ғалымдардың зерт­теулеріне сенсек, біздің еліміз олардың қорының көптігі жағы­нан әлемде алтыншы орында тұр; екіншіден, Қазақстанның гео­гра­фиялық тиімді орналасуы. Осы арқылы инвесторлардың шамамен жарты миллиардтық тұ­ты­нушылар рыногына (Орталық Азия, ҚХР және Ресейге) еркін шыға алады. Бұған қоса Қа­зақ­стан, Беларусь және Ресей ара­сында құрылған Кедендік одақ аясында 170 миллион тұрғыны бар нақты рынок ашылып отыр. Бұл да Қазақстанда шаруасын дөң­гелетіп жүрген немесе елімізге келуге ынта білдіріп отырған инвесторлар үшін үлкен мүм­кіндік. Үшінші артықшылығымыз, қо­лайлы инвестициялық заңна­ма­лармен қамтамасыз етіліп, ин­вестицияны қолдау іс-шара­ла­рына ұйытқы бола алатын, саяси және экономикалық тұрақтылық­қа негізделген еліміздегі бизнес-климаттың қолайлы ахуалы. Осы ретте елімізде ислам қар­жыландыруы туралы арнайы заң қабылданғанын да айта кетсек артық болмас. Сонымен бірге, еліміздегі биз­нес-климатты жақсарту үшін Мем­лекет басшысының тапсыр­ма­­сымен Үкімет жүйелі шаралар мен қаржылық қолдау бағдар­ламасын әзірледі. Бұл жерде әңгі­ме шағын және орта кәсіпкерлікті, үлкен бизнесті, экспортерлер мен инвесторларды қолдауға бағыт­талған «Өнімділік-2020», «Биз­нес­тің жол картасы-2020» және жаңадан басталған басқа да бағ­дарламалар туралы болып отыр. Бұл құжаттарда экспортерлер мен инвесторларға сервистік қол­дау көрсетуден бастап қаржылық және фискалды қолдау көрсетуге дейінгі түрлі ынталандыру амал­дары қарастырылған. – Әсет Өрентайұлы, жаңа ин­дустрияландыру бағдарла­ма­сы ая­сын­да келешегі бар са­ла­лардың анық­талғанын білеміз. Бұл секторларда да қалаған бағыттар, нақты өнімдер бар шы­ғар. Осы тұрғыда инвес­тор­ларға қай ша­руа­ға қаржы салуға кеңес берер едіңіз? – Иә, Президенттің жаңа ин­дустрияландыру бағдарлама­сы­ның аясында бірнеше бағыттарға басымдық беріліп отыр. Ол шикізаттан өнім шығаратын өндіріске айналуды көздейтін дәстүрлі салалар – мұнай-газ секторы, тау-кен металлургия кешені, атом және химия өнеркәсібі. Екінші буын: мәшине жасау, құ­рылыс индустриясы және құ­ры­лыс материалдарын өндіру және дәрі-дәрмек өндірісі. Тағы бір бағыт өнімі экспортқа бағыт­талған өндіріс, сонымен қатар, ха­лықты жұмыспен қамтуды қа­растыратын өндіріс, яғни, үлкен әлеуметтік тиімділігі бар салалар. Бұл жерде әңгіме агробағ­дар­лама, жеңіл өнеркәсіп, туризм жайында болып отыр. Дәл осы салалардағы жобалар бірінші кезекте мемлекеттен қолдау табады. Осы күнде 469 жобаның ішінен индустрия­лан­дыру картасына кірген жобалар тізбегі жасалып қойды. Бұл бір есептен инвестиция салуға тиімді және бизнестік мүмкіндігі бар жобалар туралы отандық және шетелдік компанияларға ар­налған ақпараттық база іспетті. Картаға үдемелі индус­трия­лық-инновациялық даму бағ­дар­ла­масының талаптарына жауап бере алатын, Қазақстан эко­номи­касы үшін маңызды жо­балардың барлығы кірді. Оның ішінде тек алпауыт ойыншылар үшін ғана емес, сонымен қатар шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына жол ашып, олардың белсенділігін арттыруға қатыс­ты жобаларға да көбірек көңіл бөлінген. Біз республикалық та, ай­мақ­­тық та ауқымдағы инфра­құрылымдық нысандарды іске асыру жобасын бастап кеттік. Осы орайда ұзындығы 3 мың километрге созылатын «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» автома­гис­тралін ерекше атап өту керек. Индустрияландыру картасы бойынша инвесторлармен жұ­мыс басталып та кетті. Ол әсі­ресе еуропалықтармен белсенді сипатта өрбуде. Франция, Германия, Австрия, Ресей, сол секілді Қытай және Кореямен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бізге ислам елдерімен серіктестікті арттыра түсудің маңызы зор. Түркия және БАӘ-мен бай­ланыс жолға қойылған. Кувейт, Катар, Малайзия және басқа да елдермен серіктестік құрудың болашағы зор деп білемін. Қайталап айтайын, экономи­каның келешегі бар салаларын­дағы жобаларды іске асырушы шетелдік инвесторларға біз то­лық инвестициялық қолдау топ­тамасын ұсына аламыз. Олар – негізгі капиталға қатысу, заем­дық қаржыландыруды қарасты­ру, лизинг, СЭЗ мүмкіндігін пай­далану, инвестициялық преференциялармен қамтамасыз ету, сараптамалық қамту, экс­порттық қолдау және басқа да шаралар. Тұтастай алғанда, Үкімет жыл басынан бері осымен үшін­ші рет үлкен экономика­лық форум өткі­згелі отыр. Астана экономикалық форумы, ЕҚДБ отырысы өтті. Енді міне – БИЭФ. Бұл шаралар 10 мың­дай шетелдік мейман, сарап­шы­лар, әлемдік бизнес-қоғам­дас­тықтың өкілдерін қамтиды. Осы іс-шаралардың барлығы Қа­зақстанға келетін инвести­ция­лық ағынға серпін беруі тиіс. Астана экономикалық фо­ру­мында көтерілген барлық жаңа бас­тамалар Ислам әлемі­нің қазір­гі әлеуметтік-экономи­калық үрді­сіне оң әсер ететініне сенім зор. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ.