• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
08 Маусым, 2011

Асанәлінің атасы

786 рет
көрсетілді

Ысқақ пірәдардың жамбасы жерге тиген күні жаз бойы тамбаған жауын нөсер­летіп құйып кеп беріпті. Бұл жайға шағы­н ауылда таңданбаған жан қалмаған. Сол күн сегізден енді асқан Асқарәлі мен төрт­тен беске аяқ басқан Асанәлінің де есінде мәңгіге қалыпты. Шұбырған қалың жұрт­пен ілесіп, ауылдың батысындағы боз тө­бе­ге екеуі де барған. Шаршылай терең­де­тіп, бүйірлей қазылған лақатқа бір сәт таң­дана қарағандары да естерінде. Әлде­неше жерден буылған ақ киіздің орауы ашылып, ішінен бөз матаға оралған аталарының жан­сыз денесі түсі суық қараңғы көрге түсіріл­генде, бойларына аз-кем үрей сезімі ұяла­ған-ды. Есейіп қалған Асқарәлінің бетін жас жуып кеткен. Ал Асанәлі болса, болған жай­дың ауыр екенін енді ғана ұғынып тұрған­дай еді. Қатарында тұрған қаба сақал қария­ның бірі: “Әй, Асқарәлі, Асанәлі, аталарыңа топырақ салыңдар”, – дегенде екеуі де ең­ке­йіп, қолдан-қолға жағалап келе жат­қан жалпақ күрекке бір-бір уыс топы­рақ салғандары да ұмытылған жоқ. Міне, сол сәттен бастап-ақ ауыл ай­мақ­қа мүлтіксіз тазалығымен, тақуа-пірә­дар­лы­ғымен аты шыққан абзал қария Ыс­қақ­тың орны үңірейіп-ақ қалды. Ағайын-жұрт­қа ақылшы болып, дін жолын мүлтіксіз ұстанған, дүние тартыстан, қырбай тірліктен бой тартқан дегдарлығы аяқжетер ай­маққа оны ерекше танымал еткен-ді. Ол байларды бордай тоздырып, молдаларды қамшымен айдайтын шолақ белсен­ді­лер­дің әпербақан айқайынан еш қай­мық­пас­тан бес уақыт намазын да үзбей оқыған екен. Солар өзгелерге өкіректегенмен де, Ыс­қақ пірәдарға келгенде қоқан-лоққы жа­сауға олардың жүректері дауаламаған. Бі­рақ солай болса да, дүрбелеңді заман­ның шырғалаңды шиырларының Ысқақ пірәдар жанына салған жарасы аз болған жоқ. Сонау XVIII ғасырдың аяғында Сырым Датов бастаған көтеріліс жеңіліске ұшы­ра­ғаннан соң Кіші жүздің Шеркеш, Жа­ғал­байлы, Тама, Телеу, т.б. тайпаларының үлкен тобы үркіншілікке ұшырап, Ойыл, Елек, Жем бойынан Арқа, Сарысу өңіріне ерік­сіз қоныс аударған. Осы аймаққа бауыр басып, оны 130-140 жылдай мекен еткен қалың ел жаңа өкіметтің солақай, со­дырлы саясатынан жан сауғалап, Оңтүс­тік­ке, Қаратау алабына үдере көшті. Сол көшкен жұрттың қалың ортасында Ысқақ пірәдар әулеті де болды. Шеркештің Қосым әулетінің Шора­сы­нан тарайтын Қолдасбайдың перзенттері Ысқақ пен Смайыл ұрпақтары сол нәу­бет­те жол азабын тартып, Өзбекстен жеріне өтіп кетеді. Ысқақ ата мен Малайқызы Айбикенің кіндігінен тараған Мәдікен, Қойшыбай, Әлжан, Әшім, Қасым, Мәрия, Зейнеп, Гүлсін Әндіжан өңірінде тер төгіп, егін екті, керуенге жалданды, кіре тартты, тағдырдың бұйыртқан дәнін теріп жеп, жан сақтады. Сол отыз төртінші жылдың ортасынан ауа, ел есін жиып, етегін жинай баста­ған­да жақын тумасы, “Интернационал” кол­хозы­ның төрағасы Нұрлан Қозыбағаров оларды Өзбекстанға іздеп барып, елге алып қайтты. Қайтар жолда Ысқақтың бір туған бауыры Смайыл өз ұрпақтарымен Оңтүстік аймақта қоныстанып қалады да, Ысқақ пірәдар Қаратау теріскейіндегі Жа­йыл­ма алабына, қалың ағайындардың ор­та­сына оралады. Еңбекпен ерте есейіп, ат жалын тартып мінген балалары келген бетте ауыл тірлігіне белсене араласады. Осы жолы Смайылдың ұлы Серікті, оның анасы Ажаркүлді Ысқақ ата өзімен бірге алып кетіп, елге келген соң інісін үй­лен­діріп, өз алдына отау тігіп береді. Өкі­ніш­ке орай, Серік те соғыста опат болып, со­ңын­да қалған жалғыз перзенті Амантай Әл­жан мен Ұлбөбектің қолында тәрбиеленді. Пірәдардың үлкен ұлы Мәдікен колхоз бастығының орынбасары болды. Қалған балалары колхозда жұмыс істеп, бидай екті, орақ орып, астық бастырды. Кісінің ала жібін аттамау, өзгеге зорлық қылмау, өзгенің несібесіне озбырлықпен ортақ болмау, кісі ақысын жемеу секілді бар ізгі қа­сиеттерді ұрпақтарының бойына сіңір­ген Ысқақ балаларының әр оң қадамына қуана қарап, марқайып жүргенде, отыз жетінің зобалаңы құт ұялай бастаған шаңырақты аямастан шайқалтып кетті. Қырық жастың қырқасына енді ілігіп, бел­сене еңбек етіп жүрген Мәдікен жал­ған жаламен НКВД-ның құрығына ілініп, түр­меге жабылды. Оған Кеңес өкіметіне қар­­сы ұйымға қосылды деген айып тағы­лып, РСФСР Қылмыстық кодексінің 58-бабының 7-тармағы бойынша жазаланды да, 25 жыл­ға сотталып кете барды. Бұл жай­лар­дың бар­лығы Ысқақ пірәдарға оңай соққан жоқ. Ол бүк түсіп жатып қалады... Әкесі дүние салғаннан кейін, Мәдікен бір жылдан соң түрмеде қайтыс болады. Кенже ұлы Қасым әскерде болатын. Ол 1939 жылғы фин соғысының жалынына оранып, небір қиын күндерді бастан кешті. Артынша майданның отты ошағынан бір-ақ шықты. Қойшыбай мен Әшім екеуі соғысқа кетті.Ауылда жалғыз Әлжан ғана қалған-ды. Ысқақ пірәдардың қазасы туралы оның немересі, ақиық актер Асанәлі Әшімов былай деп жазады. “Ысқақ атамыздың қаза болуының өзін­де мән бар секілді. 1942 жылы ауылда шош­қа фермасы ашылған. Сол қор­сыл­даған шошқаның бірі бас сауғалап қашып жүріп, атамыздың қорасына кіріп кеткен. Мұндай сұмдықты көрген пірәдардің қолынан құманы түсіп кетіпті. Шамасы, өмір бойы мұндай сорақылықты көрмеген ақсақал Аллатағаладан өзін бақи дүниеге қабыл алуын тілесе керек, ешқандай сыр­қатсыз-ақ жарықтық атамыз бірер күн төсек тартып, көз жұмды”. Әрине, бұл оқиға пірәдар қазасының жедел болуына бірден-бір себеп болған да шығар. Бұған дейін де оның жан дүние­сіне, жүрегіне түскен алуан салмақтар тым ауыр болған еді. Қойшыбайдан тара­ған немерелерінің бірінен соң бірінің қаза болуы да пірәдар атаға оңайға соқпаса керек. Кенже ұлы Қасымнан бөлек әскерге жедел шақырылып, майданға аттанған екі ұлының белгісіз тағдырлары да оның жанын жегідей жегені және бар. Пірәдардың отбасына түскен ауырт­палық мұнымен біте қоймаған. Ысқақұлы Қойшыбай неміс фашистерімен болған шайқаста, 1943 жылы Смоленск облысы­ның Жеребцово деревнясында қаза тапты. Ал Асанәлінің әкесі Әшім 1942 жылы хабар-ошарсыз кетті. Соғыста бірге бол­ған туысы Жарылқасын Сырттанбеков оны былай деп еске алатын еді. – Асанәлінің әкесі Әшімнің бауырлары өте тату-тәтті, іргесі ажырамаған, құда­йы­на қараған жандар еді. Жалпы Әшім мен Қасым екеуінің реңі, пішімі бір-біріне қатты ұқсайтын. Әшімнің мінезі жібектей, кісімсінуді білмейтін, өте әзілкеш жан еді. Жалпы, Асанәлінің әзілкештігі, тауып айтқыш­ты­ғы әкесіне келеді. Бірде қалың атыс бо­лып, оқтар төбемізден зулап ұшып жат­қан­да, қолындағы махорка салынған орама шылымын окоптан жоғары көтеріп: – Немістердің оғының отымен тұтатып алайын, – деп қасындағыларды күлдіргені есте қалыпты... Әшім соғысқа аттанғанда жұбайы Тә­жі­хан үш баламен қалған-ды. Олар үлкені Асанәлі және оның үйелмелі-сүйелмелі екі қарындасы Нұрила мен Балқия еді. Ері­нің хабар-ошарсыз кеткені Тәжіхан анаға оңай соққан жоқ. Ол аз болғандай, қос көкөрім, бүлдіршін қыздары қызылша деген тажал­дың қанды қанжарына оталып кетті. Ал пірәдар әулетінің кенже ұлы Қасым қан майданның ортасында жүрді. Соғыс­тың екінші жылы ауыр жарақат алып, ұзақ емделген соң елге оралды. Ол әскерге алы­нар алдында Оңтүстік Қазақстан об­лыс­ындағы Қапыланбек зоотехникалық-малдәрігерлік техникумында үш жылдай оқыған болатын. Майданнан оралған білімді жігітті аудандық басшылық жер бөлімінің зоотехнигі етіп орналастырды. Ол сол бір жыл­дарда қоғамдық мал басын көбейту, Сары­арқа мал жайылымын игеру жұмыс­тары­ның басы-қасында болды. 1948-1950 жыл­дары Арқадағы штабтың басшысы болып қызмет атқарған жылдары оның қабілет-қарымы, ұйымдастырушылық ма­шы­ғы бар жағынан жарқырап көрінді. Бүкіл Жам­был облысы бойынша аудан ал­дыңғы қа­тарға көтерілді. Ауданның жиыр­маға жуық малшысы Социалистік Еңбек Ері атанды. Шаруашылықтың білгір мама­ны болған Қасым Ысқақов бұдан кейінгі жылдары Байқадам МТС-інде, “Коммунар”, “Байқа­дам” совхоздарында бас зоотех­ник болып, жемісті еңбек етті. 1966 жылы оның қа­жыр­лы еңбегі жоғары баға­ланып, Еңбек Қызыл Ту орденімен мара­патталды. Сол жылдары Бетпақдала мен Шу өзені алабындағы шұрайлы, құйқалы өңірді барынша тиімді игеру мақсатында бірнеше совхоздар құрылған болатын. Ол жаңадан ұйымдастырылған “Шығанақ” совхозына директор болып тағайындалып, осы шаруашылықты табаны күректей он үш жыл басқарды. Аз ғана уақыт арасында бұл совхоз об­лыстағы ең маңдайалды шаруашылық­тар­дың деңгейіне көтерілді. Артезиан құдық­тар қаздырылды. Қалың құм ортасы жа­сыл желекке бөленіп, олардың маңына тал-дарақ­тар отырғызылды. Еңселі мектеп, көрікті мәдениет үйі бой түзеп, кө­шелерге асфальт төселінді. Сол ауылдың құт-берекесі болып отырған Қамқалы көлінің солтүстік қанатына ағаштар егіліп, ол кәдімгідей ел тынығатын елеулі орынға айналды. Абзал ағаның зор еңбегі ескеріліп, оған Қазақ КСР-ына еңбек сіңірген ауылшаруа­шылық қызметкері атағы берілді, “Құрмет Белгісі” орденінің иегері атанды. Қасым аға 1982 жылы дүние салды. Оның есімін есте қалдыру мақсатында Сау­дакент ауылындағы үлкен көшеге аты беріліп, оның кіреберісіне еңселі ескерткіш тақта орнатылды. Асанәлі ағамыз естеліктерінде Қасым ағаның кісілігін, әке орнында әкедей қамқор болып, бар жағынан қолдау көрсеткенін “Жан бөлек” кітабында тебірене жазады. Ол сүйікті жары Майра мен Қасекеңнің арасындағы сыйластықты, қа­ла­да өсіп, ана тіліне шорқақтау өскен келі­ні­нің тілін қызықтап, мейірленетін сәт­терін елжірей еске ала келіп, былай дейді: “Асыл атамның ең кенжесі, бәрімізді ел қатарына қосып кеткен, біз үшін отқа да, суға да түскен қайран, Қасым көкем! Бұл кісінің еңбегіне бүгінгі харекетіміз татитын болса, екі есе бақыттымыз, әрине. Әкемнің орнын жоқтатпай, бүгінгі күнге аман жеткізіп, Майрашымның көңілін көкке көтеріп кеткен Қасекеңе арнап бір кітап жазсам да аздық етер еді”. Қасым ағаның шаңырағын шайқалтпай ұс­тап отырған Рахима жеңгемізден тара­ған ұрпақтар бүгінде әр салада абыройлы еңбек етіп жүр. Үлкен ұлы Тұрар да әкесі тігіп кеткен тудың тұғырын шайқалтпай, абыройлы қызмет атқаруда. Ысқақ пірәдардың 1933 жылы туылған үлкен немересі Асқарәлі да жастайынан ауыл баласына тән қызықты да қиыншы­лықты өмірді бастан кешті. Әке алақаны­ның аялы табын толық көре алмады. НКВД-ның қармағына әкесі іліккенде, Асқарәлі небәрі бес жаста болатын. Бір жылдан кейін анасы Ұлтай дүние салады. “Жығылғанға жұдырық” дегендей, ауыл белсенділері бұларды жиі түртпектеді. Мәдікен қамаққа алынғаннан кейін үш жылдан соң, яғни 1941 жылдың күзінде ол Жамбылдан сол кездегі аудан орталығы Байқадамдағы НКВД-ның түрмесіне әке­лі­неді. Сол жолы қайнағысына ас-су апар­ған келіні Тәжіхан мен әкесін көруге бар­ған Асқарәліге түрме бастығы онымен кездесуге рұқсат бермеген. Түрменің темір торлы терезесі тұсына келіп, жолыққан сәтін Асқар­әлі аға өз естелігінде былай деп жазады. «Көкем сол кезде дауыстап: «Менің ай­на­лайындарым, ауыл-аймақ аман ба? Кім-кім келіп тұрсыңдар? Есік саңы­лауы­нан мен сендердің көлеңкелеріңді көріп, қуанып тұр­мын». Тәжіхан жеңгем екеу­міздің келгенімізді айтты. Көкем бізден: «Атаң мен әже­лерің­нің дендері сау ма? Ауылда қандай жаңа­лық­тар бар? Айта бе­ріңдер, мен естіп тұрмын. Менің жағ­дайым жақсы. Уайым­да­маңдар. Мен қыл­мыс­кер емеспін. Алла қа­ла­са, жа­қын­да шығып қалармын. Ауыл­да­ғы­ларға тү­гел сәлем айтыңдар», – деді де, әрі қарай көрінбей кетті. Айдауылдар алып кеткен ғой деймін. Кездесуіміз сонымен бітті». Ата-анадан айырылғаннан кейін Ас­қарәлі­ні атасы Ысқақ пен әжесі Айбике, ағалары Қойшыбай, Әлжан, Әшімдердің құдай қосқан қосақтары Алтынкүл, Ұлбө­бек, Тәжіхандар қамқорлықтарына алып, өз балаларынан кем қылмай, туған ана­сындай аялап, тәрбие беріп өсірді. Сол Асекең 1955 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы инс­­титутын бітіргеннен кейін Сарысу ауда­нын­да Байқадам МТС-ында еңбек етті. Аудан­дық «Казсельхозтехниканы» ұзақ жылдар бойы басқарды. Партия комитетінде және ауыл шаруашылығы басқар­ма­сында лауа­зым­ды қызметтер атқарды. Асқарәлі Мәді­кенов – Сарысу ауданының Құрметті азаматы. Жалпы, пірәдар әулетіне түскен келін­дер­дің татулықтары кезінде ел арасында аңызға айналған. Қыс бойы өздері қолдан соққан, үш бөлмелі үйде бірге тұратын да, жаз шыға әр отау аула ішіне киіз үйлерін тігіп, алқа-қотан отыратын. Алайда бір қазанда дәм пісіріліп, бір дастарқаннан ас ішілетін дәстүрі күні кешеге дейін жалғасып келген екен. Қойшыбайдың әйелі он баланы дүние­ге келтірсе де, перзенттері қаратабан болған шақтарында, жүгіріп жүргенде мейірімсіз ажал аранына түсіп кете берген. Алтынкүл жасы да, жолы да үлкен болған­дық­тан, ата-енелері кеткен соң бүкіл әу­леттің анасы атанды. Ас­қарәлі мен Раяның дүниеге келген перзенттерінің барлығы сол кісінің аялы алақанын көріп, бауырында өсті. Сол ұядан қанат қағып ұш­қан Алтынкүл апаның немерелері ел еңсесін көркейтуге мол үлес қосты. Үлкені Болат құ­ры­лыс, ат­қару саласында қа­жыр­лы ең­бек етті. Облыстық әкім­дік­те бө­лім бастығы, алты жыл­ға жуық Сарысу ауда­нының әкімі болып абыройлы қызмет атқарды. Қазір Жамбыл облысы әкімдігінің тө­тен­ше жағ­дай­лар жөніндегі бас­қарма­сын басқарып отыр. Әлжанның әйелі Ұлбөбек ана да бір ауыз қатты сөзі жоқ, жү­регі нұрға толы абзал ана бол­ды. Ұлы Белетәлінің беймезгіл ауыр қазасын, қызы Зәу­рештің ауыр дерт­тен өмірден озғанын басы­нан өткерді. Аса­нәлі ардақ тұт­қан асыл ана Ұл­бөбек келіні Айбала екеуі Бе­летәлінің бар бала­ларын қанат­тан­дырып, ұлдарын ұяға, қыз­дарын қияға қондырды. Асанәлі ағамыз естелігінде ол кісі туралы былай деп толғанады. “Баласы үшін ана отқа да, суға да түсе­тіні анық. Менің Ұл­бөбек шешем ту­ған анамнан кем болған жоқ. Ене сүтін бермесе де, елік сүтін берді. Тәр­бие­леді, асы­рап бақты, аялы алақаны ар­қамызға тиді. Анам Тәжіханды кол­хоз кезінде зорл­ық­пен Сібірге ағаш кесуге жібергенде, осы кісілердің қам­қорлығын көрдім. Біздің әке­лері­міз бес ағайынды еді. Мені осы уа­қытқа дейін таңдандыра­ты­ны осы әке­лерім­нің әйелдерінің абысын-ажындық тату­лық­тары ғажайып еді. Кішкене сенегі бар қор­жын тамда үш-төрт үйдің адам­дары тату-тәтті тұрды. Мәдікен әкеміз 25 жылға ай­дал­ды, Ақтөбе түрмесінде қаза болды. Қой­шы­бай қырық үшінші жылы Смоленскіде қаза тапты. Менің әкем Әшім хабар-ошарсыз кет­ті. Қасым аға соғыста болды. Сондағы ш­е­­шелерімнің татулық­тары сонша, бір-бірі­мен еш «шәй» деспейтін еді. Ал Алтын­күл, Ұлбөбек шеше­ле­рім­нің кеңдігі, мінезділігі елде жоқ. Кейде үлкендік қылып, Ұлбөбек шешемнің жал­ғыз ұлы Белетәлі інімді сойып салғанда, бір қыңқ демейтін. Өзімнен үлкен Ас­қар­әлі ағам мені ұрып жатқанда өз шешем Тә­жіхан да бір реніш білдірмеуші еді. Бү­гін­де мұндайды көз ал­дыма елестете ал­май­мын. Осының барлығы тақуа, пірәдар, иманды үлкен әкеміз Ысқақтың тәрбие­сі­нен берілген бе екен деп те ойлаймын”. Ал Ұлбөбек апаның қариясы Әлжан әкей­д­ің мінезі салмақты, жас шағынан бейнетке піскен еңбекқор адам болды. 1957 жы­лы алғаш рет бірнеше колхоз Калинин атын­дағы совхоз болып біріккенде, жаңашыл директор Арынғазиев Хамит ауыл орталығын қалалық жүйемен жоспарлап, көгеріш­тен­діруге көп көңіл бөлді. Саясы мол қаратал мен үйеңкі ағаштарын көп отырғыздыртты. Сөйтіп, ауылды абат­тандырып, ажарлан­дыру­ға зор үлес қос­қан Әлжан қарияның әр өскінді балапандай мәпелеп өсіргеніне көнекөздер куә. Осыдан жарты ғасырдан астам бұрын егі­ліп, саялы желекке айналып, кейін күтім­сіздікке ұшыраған дарақтардың біразы Әлжекеңнің көзіндей болып, бұл күнде де сақталып қалған. Міне, осындай ортада өскен Асекеңді соңғы жылдары туған елі, жері туралы ойлар жиі мазалағаны анық. Ол: “Елдің рухын, тұрмысын көтермей жақсы өмірге жетуге бола ма?! Туған жердің топырағын әр басқан сайын осы бір ой көңілді алаң­датып, жүректі тербейді. Әрдайым елімнің бір кәдесіне жарай білсем деген тілекпен тыныстап жүрмін”, – деген еді. Сол жүректі мазалаған ой 2006 жылы толық іске асып, Жайылма ауылының дәл орта­сынан Ысқақ пірәдар атындағы әдемі де көрнекті мешіт ашылып, ел-жұртының игілігіне айналды. Ол асып-тасып бара жатқандықтан емес, өзінің адал ақы, маңдай терімен тап­қан қаржысын халық игілігіне жарат­қандығын көңілге медеу етті. Биыл Ысқақ пірәдардың туғанына 150 жыл толып отыр. Оның тікелей ұрпақ­тары, ағайын-тумалары, жерлестері жуыр­да атап өтілер осынау мерейлі күнді асыға күтіп жүр. Асекең елге келгенде ұлы Олжасты, келіндері Айжан мен Соняны, немерелері Нұрәлі мен Нұриланы, Аңсар мен Майраны, сүйікті жары Бағдат пен кіші Асанәліні ата мешітіне әкеліп, өзі туған жердің топырағына, аяулы атасы мен әжесінің рухына тағзым еткізу дәстүрін еш ұмытқан емес. Мұны да бір көпшілікке ғибрат болар үлгі деп ұққан жөн. Ысқақ атаның бүгінде көзі тірі немерелері Асқарәлі, Асанәлі, Тұрар, Амантайлар пірәдардың мәуелі бәйтерегінің енді оталмайтынына, бұтағының майырылмай­ты­нына сенімді. Олардың жатса-тұрса тілейтіні – елдің тыныштығы мен берекесі, ұлтының амандығы, ділі мен тілінің, дінінің беріктігі. Пірәдар ата көкейінде кеткен көп арман­дардың бір парасы осылар болған шығар. Жүрегі таза, ниеті ақ, иманды адамзат бала­сының ойларының тоғысар, үндесер, бір арнаға құяр жері де осы болар. Пернебай ДҮЙСЕНБИН, Жазушылар одағының мүшесі.