Елімізде кәсіпкерлердің жағдайын күйттейтін «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының іске асырыла бастағанына бір жылдан астам уақыт болды. Осы уақыт ішінде жаңа бизнес бастамалар, кәсіпкерлік секторды сауықтыру және экспорттық өндірісті қолдау тәрізді үш бағыт бойынша субсидиялауға жалпы құны 150 450,049 млн. теңге болатын 360 жоба мақұлданды. Бағдарламаның әлеуметтік-экономикалық тұрғыдағы өміршеңдігі мен өзектілігіне өткен жылғы талдау бойынша 33 мың жұмыс орнының сақталғаны мен 7 мыңнан аса жаңа жұмыс орындары құрылғаны дәлел бола алады.
Жақында бағдарламаға тегін кеңестік көмек көрсететін «Кәсiпкерлiк әлеуетін күшейту» атты жаңа төртiншi бағыт қосылды. Жаңа бағыттың ерекшелігі мен іске асыру барысы туралы Экономикалық даму және сауда вице-министрі Марат ҚҰСАЙЫНОВТЫ әңгімеге тартқан едік.
– Марат Әпсеметұлы, «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде «Кәсiпкерлiк әлеуетін күшейту» атты жаңа төртiншi бағыт іске қосылды. Демек, бұл бағыт қажеттіліктен туындап отыр ғой?
– Иә, дұрыс айтасыз. Төртінші бағыт бағдарламаға кейінірек енгізілді. Себебі, бағдарламаға үміткерлер құжаттарын тапсырған кезде тек бизнес-жоспардың дұрыс жасалмауынан өтпей қалған жағдайлар көп орын алды. Сондықтан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының алғашқы бағыттарын іске асыру барысында өз ісін ашам деушілерге және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға консультациялық көмек көрсету қажеттілігі анықталды. Былайша айтқанда, бизнес жөнінде кеңеске зәру адамдарға кеңес береміз.
Осылайша, Бірыңғай үйлестіру кеңесінің соңғы мәжiлiсінде бизнес-қоғамдастықтың ұсынымдарын ескере отырып, қолданыстағы бағыттарға қосымша бағыт енгізу туралы шешім қабылдадық. Бұл бағыт жаңа бастап жүрген кәсiпкерлердi қолдау (жаңа жобалар), қолданыстағы бизнесті сервистік қолдау, ШОБ топ-менеджментін оқыту және шетелдiк әрiптестермен iскерлiк байланыстар орнату жолымен өндiрiстердi жаңғырту және кеңейту жолдарын қарастырады.
Жаңа бастап жүрген кәсiпкерлерді қолдау бойынша тарқатып айтатын болсақ, оған жаңа жобалар үшiн қысқа мерзімді оқу бағдарламасы, несие алуға құрылтай құжаттарының, үлгi бизнес-жоспар стандартты пакетiн тегін беру, кәсiпорындардың бiртұтас базасына рұқсатты ұйымдастыру, маркетинг қызметтерiн көрсету тәрізді сервистік қызметтер кіреді. Жаңа бағыт бойынша жұмыс басталып та кетті. Бір апта бұрын Астана қаласында «Бизнес-кеңесші» жобасы өзінің алғашқы оқушыларын қабылдады. Бұл жобаға кәсіпкерлікті бастауға ынта танытушы топ және қазір осы салада жұмыс жасап жүрген барлығы 15 мыңдай адамды тартуды көздеп отырмыз.
Кәсіпкерлікті сауатты жүргізудің қыр-сырын үйрететін жедел дәрістер елдің әр облысы мен аудандарында биылғы жылдың аяғына дейін өткізіледі. Дәрістер кестесін «Даму» қорының www.damu.kz сайтынан қарауға болады.
Ал кәсіпкерлерге сервистік қолдау барысында бухгалтерлiк және салықтық есеп жүргiзу бойынша консультациялар, заңнама консультациялары, статистикалық және тағы басқа есеп берудi құру, IТ және басқа да қызметтер ұсынылады. Оны арнайы мамандандырылған консалтингтік компаниялары көрсететін болады. Сондай-ақ, топ-менеджмент оқытуды «Назарбаев университеті» бизнес-мектебi» базасында өткiзу ұсынылып отыр. Онда бизнесті жүргізу кезінде пайда болған түйткілдерді өздігімен шешу дағдысын қалыптастыру үшін табысты кәсiпкерлiктi құрудың жаңа үлгiлері, кәсiпорынды тиiмдi басқару туралы дәрістер оқылады.
Бағдарламаны АҚШ-пен бірлесіп әлемдегі жетекші университеттердің бірі «Дьюк университетiнiң» бизнес-мектебiмен» бірлесіп жүргізу жоспарланып отыр. «Іскерлік байланыс» жобасы шетелдік және халықаралық ұйымдардың қолдауымен шетелдік әріптестермен байланыс орнату арқылы өндірісті жаңғыртуды көздейді.
Жоба екі кезеңмен іске аспақ. Алғашқы кезеңі ел ішінде өтсе, екіншісі шет елде жалғасады. Алдымен елде бизнесті жүргізудің заманауи әдістеріне, маркетинг, бизнес-серіктестермен іскерлік байланыс орнатуға бағытталған бизнес-тренингтер жүргізіледі. Жобаға қатысушылар өз кәсіпорындарының бизнес-жоспарын әзірлейді. Бизнес-тренингтер аяқталғаннан кейін жобаға қатысушылар екінші кезеңнің конкурстық іріктеуіне қатыса алады. Жоғарыда айтып өткенімдей, екінші кезеңде бизнес өкілдері шетелдік серіктестермен іскерлік байланыстар орнату үшін шетелде бизнес-тәжірибеден өту мүмкіндігіне ие болады. Нақтылап айтсақ, кәсіпорын қызметкерлері өздеріне ұқсас бағдардағы шетелдік кәсіпорында тағылымдамадан өтеді де, технологиялар трансферті және құрылғыны сатып алу, франшизалар алу, халықаралық және шетелдік ұйымдардың гранттарын алу, бірлескен кәсіпорындар құру мәселелері бойынша жаңа іскер байланыстар құра алады.
Жаңа бағытты Еуропада – Еуропа одағының ұйымдарымен, АҚШ-та – ЮСАИД, Германияда Германия қоғамының халықаралық ынтымақтастығының қолдауымен іске асыру жоспарланып отыр. Кәсіпкерлерді іріктеуді әкімдіктер салалық одақтармен, «Даму» қорымен, халықаралық ұйымдармен бiрлесiп өткізеді. Ал оқытуды шетелдік және отандық консультанттар жүргізеді.
– Жобаға кімдер қатыса алады? Оқу ақылы ма?
– Жобаға еліміздегі экономиканың басым салаларында қызмет ететін шағын және орта бизнес кәсіпорындарының басшылары мен орта буын өкілдері қатыса алады. Алайда бағдарлама қатысушылары оқу орнына барып-қайту, сондай-ақ тұрар жерінің ақысын өздері төлейді. Ал кеңесшілер қызметін, бизнес-серіктес іздеу, олардың елге келуін сүйемелдеуге ақы төлеу халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ байланыс гранттары есебінен төленеді.
2011 жылы жаңа бағытты ескере отырып, бағдарламаны іске асыруға республикалық бюджетте 42,1 млрд. теңге көзделген. Жаңа төртінші бағыт елдегі бизнестің әлеуетін күшейтуге және шағын және орта бизнесті қолдауды жаңа деңгейге шығаруға мүмкіндік береді.
– Жалпы алғанда бағдарлама бойынша жұмыс барысы қалай жүріп жатыр? Нәтижелер туралы не айтасыз?
– 2010 жылы іске асырыла бастағаннан бері «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының үш бағыты бойынша, өңірлік үйлестіру кеңестері отандық бизнесмендердің 400-ден астам өтініштерін мақұлдады. Сонымен қатар, бағдарламаға бірінші бағыт аясында 275 жоба, екінші бағыт бойынша – 102, үшінші бағыт бойынша 40 жоба қатысуға жіберілді.
Соның ішінде, 250-ге жуық компания банк несиелері бойынша сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау түрінде мемлекеттік қолдауға ие болады. «БЖК-2020» бағдарламасының 2010 жылдан биылғы жылға ауыстырылған субсидиялауға арналған қаражатты қоса есептегендегі 2011 жылға арналған жалпы бюджеті 30 млрд. теңгені құрайды, оның 23,8 млрд. теңгесі жаңа бизнес бастамаларды қолдауға, экспорттаушылардың валюта тәуекелдерін төмендетуге және қарыз бойынша кепілдік беруге, ал 5,9 млрд.теңгесі кәсіпкерлік секторды сауықтыруға жұмсалады.
Жасалған талдауға назар аударсақ, құрылыс саласында, өңдеуші салада, мәшине жасауда, сонымен қатар білім беру және денсаулық сақтау сияқты әлеуметтік қызмет саласында белсенділік байқалып отыр.
Әңгімелескен: Венера ТҮГЕЛБАЙ.