Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылдың қыркүйек айында отандық ғылымның өзекті мәселелеріне арнаған мәжіліс өткізіп, ғылыми саясатты айқындап берген еді. Содан бергі уақыт ішінде бұл салада үлкен өзгерістер болды. «Ғылым туралы» заң қабылданып, қолданысқа енгізілді. Осы жерде Мемлекет басшысының: «Елдің перзенттері ретінде білім мен ғылым ісінде бірігіп қимылдасақ, шығар шыңымыз әрқашан биік болатынына ешкім де шүбә келтірмейді» деген сөзі ойға оралып отыр. Шынында, ғылымға ерекше мән берген елдердің өсіп-өркендеуінің ерекше болатынына көз жетті.
Тәуелсіз еліміздің ғылымына өзіндік үлес қосып отырған іргелі мекемелердің бірі – Ұлттық инженерлік академия десем, артық айтқандық емес. Бұл ғылым ордасының негізін қазақ білім-ғылымының айтулы өкілі Өмірбек Жолдасбеков қаласа, қазір оның бүкіл бағыт-бағдарын темірқазықтай алға оздырып отырған шәкірті, Білім және ғылым министрі, академик Бақытжан Жұмағұлов екенін айта кетсем деймін. Аталмыш ғылыми мекеме осы күндері қазақ елінің экономикасының индустриялық-инновациялық бағдарламасын жүзеге асыруға күш жұмылдырып отыр. Бір ғана Батыс Қазақстан облыстық филиалы мұнай және химия технологиясы бойынша тың ізденістер жасауда. Әсіресе, Отанымыздың инновациялық және телекоммуникациялық жүйелері бойынша зерттеу жұмыстары жүйелі жүргізілу үстінде. Оған жастарды тартуды басты мақсатқа айналдырып отырмыз. Себебі, ел ғылымының болашағы сол жастар екені белгілі. Бұл істе Батыс Қазақстан облысындағы Инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің зерделеу жұмыстары атап өтуге тұрарлық. Мемлекетіміздің негізгі бағыты болып саналатын индустриялық-инновациялық дамуды жүзеге асыруда ғылыми-техникалық бағдар алға шықты. Жалпы, ақыл-ойды тәртіпке келтіретін ғылым, оның ішінде әр адамның ойлауына ерекше ықпал ететін математиканың да жөні бөлек. Жоғарыда айтқан білім ордасы осы жұмыстарға ерекше назар аударуда. Себебі, Батыс өңірінде математика ғылымы ерекше орын алады. Оның көшбасында өткен ғасырдағы қазақтың математика білімін бір белеске көтерген академик Асан Тайманов, бүгінгі профессор Нұрлан Темірғалиев тұр. Бұлардың ізін басқан жастар да ондап саналады.
Қарап отырсаңыз, қазіргі таңда әлемдегі шикізат көздерінің азаюы, табиғи тепе-теңдіктің бұзылу салдарынан табиғи апаттардың көптеп орын алуы бізді де ойландырып отыр. Байлықтың адамға залалсыз жаңа түрін табу, апаттың алдын алып, жұртты үрейден құтқару үлкен мәселе десек, біздің академия осы техникалық бағыттағы ғылымның, оның ішінде нанотехнология, биотехнологияны жедел дамыту бойынша терең мазмұнды зерттеулер бастады. Мұндай ғылыми жұмыстарға ұйытқы болып отырған академияның вице-президенті, академик Н.Нәдіров, А.Құлыбаев, А.Төлешов және өзге де азаматтар.
Сол секілді Ұлттық инженерлік академияның Батыс Қазақстан облыстық бөлімшесі Инновациялық және телекоммуникациялық жүйелер университетінің ұйытқы болуымен, көрші Ресей елінің Пенза өңірлік инноваторлар одағының, Самара аэрокосмостық институтының қатысуымен «Еуразия өзен арналары», «Ғылым – Білім – Практика» Менделеев жобасына қатысушылардың өзара іс-әрекетінің бірінші халықаралық конгресі өткізілді. Мұнда негізінен индустриялық-инновациялық мәселелер талқыға түсіп, ғылыми жобалар ұсынылды. Мұнымен қатар, бөлімше биылғы сәуір айында Мәскеуде өткен жел энергетикалық қондырғылары бойынша өнертапқыштар мен инновациялық технологиялар жасаушылардың алқалы жиынында «Архимед-2011» алтын медалына ие болды.
Біз таяуда ғылым-білімге ден қойған жастарға арнап, телеконференция өткіздік. Онда ХХІ ғасырдың ақпараттандыру ғасыры екені айтылды. Сол ақпараттандыру мен телекоммуникация, байланыс салаларына маман дайындау ісінде жаратылыстану ғылымдарының алатын орнын сөз еттік. Бұл іс Елбасы алға қойған міндеттерді жүзеге асыру үшін жасалды. Яғни, еліміздегі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырушылардың көшбасында ғылыми-техникалық бағдары бар мамандар жүретіні белгілі. Сол мамандықтарға ел ішіндегі талантты жастарды тарту телеконференцияға арқау болды. Бір сөзбен айтқанда, ғылым мен білімді терең меңгерген адамның ақыл-ойы жинақы келетінін өмір дамуы көрсетіп отыр.
Ақсерік ӘЙТІМОВ, ҚР Ұлттық инженерлік академиясы Батыс Қазақстан бөлімшесінің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты.