• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
11 Маусым, 2011

Сөзсойыл

642 рет
көрсетілді

БІРДЕ... Сәбит Мұқановтың әңгі­мешілдігі, тапқырлығы жазушы­лар мен мә­дениет қызметкерлері ара­сында біраз айтылған. Біз бүгін сол жақсы ниеттен туған әңгімелердің біразын газет оқырмандарына ұсыну­ды жөн көріп отырмыз. Бір күні кешке Мұхамед­жан Қаратаев екеуі қонақтан шығып келе жатса, ұзын си­рақ бір жас жігіт Қаратаев­тың бөркін ала қашыпты. Соны Сәбең әріптес­те­ріне былай әң­гімелеп бе­ріп­ті: «Мұ­ха­мед­жан екеуміз түнге қа­рай қонақтан шығып, әңгіме­лесіп келе жатыр едік. Мұха­мед­жанның басында сусар дей ме, әлде бұлғын ба, әй­теуір керемет құлақшыны болатын. Байқаусызда бір ұзын сирақ қу әлгі бөрікті ала қашты. Содан мынау басы балта тая­ғымның ілмегімен ая­ғынан шалып жы­ғайын деп тұра қудым. Әй, өзім де жүйрік екенмін». Тыңдап отырған Та­хауи Ахтанов: «Иә, Сәбе, содан не болды?» – деп сұ­райды. «Сөйтсем, Мұхамед­жан менен де жүйрік екен, озып кетті», – дейді. «Иә, содан не болды?» – дейді тағы да. «Сөйтсе, ана қу одан да жүйрік екен, жеткізбей кетті», – деп бітіріпті әңгімесін Сәбең. * * * Бір күні Сәбең Мәскеуден келе жатып, Асқар Тоқма­ғам­бетовтің үйіне түседі. – Асқар, мен саған әдейі соқтым. Адам қартайыңқы­раған соң сағыныш бола ма, оның үстіне «Сырдария» ро­манын бітірдім. Соны саған оқиын деп келдім. – Әбден жақсы, – дейді Асекең. Сәбең қызыл қою шайдан ұрттай отырып, ро­манды оқи бастайды. Бір кезде: «Каналдың жағасынан Қырық мың есек ақырды», – дегенде, Асекеңнің көзі шарасынан шығып кетіпті. – Айналайын, Сәбе-ау, «қырық мың есек» демей, төрт мың есек десеңіз, қайтеді? – депті. – Айтқасын қырық мыңы не, төрт мыңы не? Бара берсін, дұрыс! – деп көнбепті. «Ойпыр-ау, Сәбе-ау, мынау есегіңіз көбірек екен» дейді Асекең тағы да. Сөйтеді де Сәбең ұйықтағанда көп ноль­дің біреуін өшіріп, қы­рық мыңның орнына төрт мыңды қалдырыпты. Кітап қырық мың емес, төрт мың болып басылып кетеді. Арада бір-екі жыл өткенде Сәбең Жазушылар одағында Асекеңмен кездесіп қалады: – Ей, Асқар, мен сені ұр­лықтан таза ғой деп ойласам, сен де «ұры» екенсің ғой. Менің отыз алты мың есегім қайда? – деген екен. * * * Бір күні көшеде Сафуан Шаймерденов екеуі келе жатса, бір аласа бойлы сары жігіт Сәбеңнің қолын ұстай алыпты. – Ассалаумағалейкум, Сәбе. – Е, уағалейкүмассалам. Иә, қашан келіп қалдың? – Мен біраз жылдан бері осындамын ғой. Дөп басып жыға тани алмай тұрған Сәбең: – Е, оны білем ғой, – деп жалтарады. – Келін аман ба? – Сәбе, анада өзіңіз қолынан дәм татқан келініңіз келмес сапарға аттанған... Сәбең тағы да: – Е, білем ғой. Мына келінді айтам. – Сәбе, бұл келініңіз әлі бола койған жоқ. Осыдан кейін Сәбең: – Е, кездесеміз ғой, – деп аласа сарымен қоштасады. Былай шыға бере Сафуан Шаймерденов Сәбеңнен: – Бұл қай жігіт? – деп сұрайды. Сәбең: – Осының кім екенін өзім де білмей келе жатырмын, – деген екен. Асан САРҚҰЛОВ. Алматы. ________ ОДЫРАҢДАҒАН ОҚУЛЫҚ Кезінде Түркімениядағы АХАЖ толтырған паспорттағы аты-жөнім Ялабаев Чокубай болып жазы­луы­нан талай таяқ жеп едім. Енді мектепте оқитын төрт балам да менің кебімді кие бас­тады. Тегі тізімнің соңында бол­ған соң, оқулық кітаптарды тарат­қан кезінде менің балаларыма бірнеше пәннің оқулығы жетпей қа­лыпты. Уақыт кімге тәуелді бол­ған, мезгілінде өтетін сабақ сенің оқулығың жоқ екен деп өтпей қалмайды. Сонан балаларымның бәрі оқулық-кітапсыз парталаста­рына ортақтасуға мәжбүр болуда. Содан балаларыма оқулық кітап­тарды өзім іздей бастадым. Мектеп кітапханаларының бәрін адақ­тап шықтым. Ешбірінен қажетті оқулық таба алмаған соң, кітап дүкеніне бас сұқтым. Міне қызық, әлгі мектеп кітапханасында жоқ оқулық кітаптар осындағы сөреде сықап тұр. Қуанып кетіп, балаларыма сатып алып берейінші деп, қажет деген әлгі оқулық кітаптардың атын атап, сөреден алдырып, айналдыра қарап бағасын сұрасам, дүкенші: – Мынау «Математика», ба­ғасы – 1500 теңге, мынау «Физика» бағасы – 1600 теңге, мынау «Химия», бағасы – 1700 теңге ... – деп үдемелі бағамен өрлеп барады... – Ау, бұлар оқушыға арналған оқулықтар емес пе еді? – деп едім, дүкенші маған таңданған кейіпте: – Бұл тауарлар, біз көтеріп сатып аламыз. Сонан соң, осыны жеткізуге өзімізден шыққан шы­ғынның орнын жабу деген бар, ілкі бағасына үстеме қосқанда, осын­дай болып шығады, – деп маған экономика сабағын оқыта бастады. – Ала алмаймын. – Ол өз еркіңізде! Енді қайттім. Әлгіндей баға­мен төрт сыныпта оқитын төрт баламның оқулық кітаптарының бағасына менің таза екі айлық жалақым кетеді екен. Апы­рым-ай! Балалар тауа­ры не болып кетті өзі? Қарапайым қара есеппен өзімше пайымдап келем: оқулық кітаптар ғой бюджеттен қаралған қаражатқа, ар­найы тапсырыспен шығары­лады емес пе? Сол шығарыл­ған оқулықтар, сол мектеп пе әлде білім ортасы ма, соның бюджетінен тағы да арнайы қаралған қаражатқа мектепке әкелініп таратылмаушы ма еді? Сөйтіп, оқулықты әу баста бекітілген керуен жолынан ауытқытып, коммерциялық ба­ғытқа ауыстыра жылыстат­қандардың қармаулы қары­мы­на қайран қалып келемін, балаларыма оқулық алып бере алмай налып келемін. Аталық ӘБДЕШҰЛЫ. Маңғыстау облысы. __________________ МАҒЫНАСЫ МАЙЫСҚАН МАҚАЛДАР... Адамның басы – мафия­ның добы. * * * Саудагерде қы­рық кісінің ақысы бар. * * * Әр басшының тұ­сында бір арызқой. * * * Жолсерік бірде малды, бірде малсыз. * * * Екі орынбасар ерегессе, Бас инженер бастық болады. * * * Бұзылған қыз ер таңдамайды, Маскүнем жер таңдамайды. * * * Көріпкелдің айтқаны келмейді, Сығанның сандырағы келеді. * * * Біреудің байы біреуге, Тауар артқан КамАЗ-дай көрінеді. Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ. Алматы. _______ СҮЙІНШІ Атқа мінген жас бала – Тасырлатып шауып келді. – Сүйінші! Әйпін Дырдуға Қошқардай ұл тауып берді! Шілдеханаға келіңіздер, Сүйіншісін беріңіздер! Дегесін, Кім не десін Баланы бара көрдік, Көргеніміз үшін тана бердік. Көп ұзамай, Тағы біреу шауып келді. – Сүйінші! Дырдудың тентегі, Әкесінің жалғыз еркегі – Тәй-тәй басыпты. Тәй-тәй баса сап, Көршінің баласымен айқайласыпты. Қарап жүрмей тілі шығыпты, Онда да ешкімге дес бермейтін, Ойпырмай, ірі шығыпты. Келіңіздер, көріңіздер, беріңіздер! Басқалардан қаламыз ба – Қара құнажынды жетектедік. Баланың ойында ештеңе жоқ – Ойнап жүрді, Біз тойлап жүрдік. Мектепке барды – құлын бердік. Мектепті бітірді – Бір тайдың пұлын бердік. Оқуға түсті, үйленді. Беретінін тағы бердік. Қазір қорада ешкіден екі, Қойдан үш төл қалды. Дырау «сүйіншілеп» жүріп-ақ Баласына «Мерседес», Өзіне «Вольво» алды. Толымбек ӘЛІМБЕКҰЛЫ. Алматы. _______ АҚЫР-ТАҚЫР АРМАН Өзенге қармақ салып, қалғып отырған пендеге алтын балық іліне қалмасы барма. Әдеттегідей: – Жіберсең болды, не айтсаң да орындаймын, – дейді балық. – Бәрекелді! – деп қуанып қалған әлгі пенде. – Ақшаға көмілтші, қалта­лы мықты болғым келеді, – деді. – Айтқаныңыз болады, – дегені сол, әлгі жігіт демде «жаңа қазақ» боп дөңкиіп шыға келеді. Байлыққа масайрап мәңгіріп оты­рып ол балыққа: – Қалталы болған жақ­сы-ау, ал депутат болсам деген арманым бар, – депті. Балық бас изегені сол, бұл депутат боп дүрілдей қапты. Байлықты төгіп-шашып, депутат­тық­­тың қызықшылығына кергіп жүріп әлгі пенде балығына: – Еліме еңбегім сіңіп, халқым маған көз тірімде ескерткіш орнатса, шіркін! – деді. Балығы да кідірген жоқ, «Ләппай, мырза!» деп кете барды. Орталықтағы алаңға барып еді, міне, ғажап, бұрын күн көсем тұр­ған тұ­ғыр­да өзінің нән ескерткіші тұр... Бұл ғажаптықтан әлгі пен­­денің есі кетіп есеңгіреп отырып: – Е, ендігі арманым – батырлық! Естен кетпес ерлік жасап батыр атансам ғой! – деп балығына қиыла қара­ғаны сол: – Әзір-қазір! – деп балық бұның соңғы өтінішін орын­дауға кірісті. Жігіт қалғып кетіп қайта оян­ған екен, жападан жалғыз ұшақ ішінде штурвалда отыр екен. Тө­ңі­регі атыс-шабыс, тарсыл-гүрсіл, мұның ұшағына оқ тиіп өртеніп төменге құлдилап келеді екен. – Атаңа нәлет балық! Бұның не-ей? – деуге шамасы келіп еді, құлағына алтын балықтың: – Соңғы өтінішіңді орында­дым... Соңғы өтініш... – деген сөзі талықсып жеткен. Валерий ФИРСОВ. Аударған Бақтыбай ЖҰМАДІЛДИН. ________________________________   БАҚШАДАҒЫ АҚША Бір күні, Қарыз сұрап бір досыма келдім. Бұл досым әзілкеш еді, Түкірігі шашырап, жосыла берді: – Қарыз бере қояр түрім жоқ, Неге десең ойбай, түгім жоқ. «Кәпек» қалдырмай егіп тастадым. – «Егіп» дейді? – Иә, кәдімгідей жерге көміп тастадым, Үстіне көңді аямай төгіп тастадым. – Денің сау ма?! Ақшаны да еге ме екен? – Еккенде қандай, Жапырлап тұрып өнеді екен! Япыр-ай, былтыр өнгені сондай, Үйіме бір контейнер бұйым әкелдім, Қатын, бала-шағаға Бастан аяқ киім әпердім. Көңілдерін өстіп аулап алдым да, Артылған ақшаны төгіп-шашпай Жоңышқа баулағандай баулап алдым. – Ендеше, бір-екі бауы қалған шығар, Ақшаның бәрі қайда кетті? – Сенбесең, ойбай, санап берейін, Мынадай-мынадай жайға кетті. Былтыр ұлымыз он бір бітірді ғой? – Он бір бітірді. Медальдатып жөнді бітірді ғой? – Жөнді бітірді. – Ендеше, ақшаның бір бауы Медаль әперген досқа кетті. Бірақ баламыз емтиханнан құлап, Қайран бір бау босқа кетті. Інім де жамандатты, Мәшинесімен адам қақты. Содан екі бауын параға бердік. Ініміз бәрібір сотты болып, Қайран екі бауды тағы далаға бердік! Бұған күйінген әйелім, Кесел қысып, әбігер етті. Сонымен, үш бау ақша Дәрігер мен дәріге кетті. Бір бауы жиенімізді өсіруге кетті, Бір бауы байдан шыққан Балдызымызды көшіруге кетті. Мұнда кетті, онда кетті, Қырға кетті, ойға кетті, Қырық-елу бауы тойға кетті, Отыз баудайы асқа кетті. Киітке кетті... Кеткеніне кеткендей көніп жатырмын. «Кетсе кетсін, көрермін», деп Биыл тағы егіп жатырмын, Бар өнерді төгіп жатырмын. Менің талабым талап-ақ! Мың баудай Алсам ба деймін шамалап... ... Әй кейде... Ақшамызды осылай Босқа шашатынымыз жаман-ақ. Алпысбай БОРАНБАЙҰЛЫ. Оңтүстік Қазақстан облысы. ________________________ КӨРШІ-ҚОЛАҢ КҮҢКІЛІ – Көрші, мына қабырғаға «Ковальчук – ақымақ» деп жазған кім екен? – Білмедім. Оны неге сұрадың? – Кім жазса да жазуы өте жақсы екен! Кім екенін білсем, бір хат жазғызып алайын деп едім... * * * – Сенің итің бір семіз тауығымды жеп қойыпты! – Айтқаның дұрыс болды, ол малғұнға енді бір жеті тамақ бермей қаты­райын... * * * – Көрші, мұртыңның ұзы­ны-ай! Ол саған тамақ же­геніңде кедергі етпей ме? – Қонаққа шақыр – көресің!.. _________________________ Мүйісті жүргізген Берік САДЫР.