• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Қараша, 2015

Ынтымақтастық бастамалары

256 рет
көрсетілді

Қазақстан Президенті жанындағы Стратегиялық зерттеулер институты Корея Республикасының еліміздегі елшілігімен бірлесіп, «Қазақстан-Корея сараптамалық семинары» шарасын өткізді. Онда екі ел ынтымақтастығының барысы, өзара қарым-қатынастарды дамытудың перспективалары талқы­ланды. Қазақстан мен Корея арасындағы қарым-қатынастарды терең зерделеп жүрген сарап­шы­лардың басқосуы игі дәстүрге айналып отыр. Мемлекет және үкімет басшылары деңгейінде, сондай-ақ, түрлі сала бойынша да екі ел арасында үнқатысу орнаған. Қа­зақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев төрт рет Оңтүстік Кореяда болған. Тиісінше Корея басшысының да Қазақ­станда бес рет болғаны аталды. Корея президенті елімізге соңғы сапарында Еуразия елдерін біріктірер «еуразияшылық» бастамасын көтерген-ді. Бұл Қытайдың «Назарбаев Университет» қабырғасында жария етілген «Жібек жолы экономикалық белдеуімен» ұштасып жатыр, деп атап кетті ҚСЗИ директорының орынбасары Санат Көшкімбаев. Оның айтуынша, Қазақстан бұл ұсынысқа үлкен қызығушылық танытады және көліктік, энергетикалық бағдарламалар мен жобаларға қатысуға дайындығын жасырмайды. Бұл ретте, Оңтүстік Кореяның Қазақстан бастамасымен құрылған АСШӨК-нің (Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес) белсенді мүшесі екендігін айта кету керек. Сонымен қатар, Оңтүстік Корея – Қазақ­станның БҰҰ ҚК-нің 2017-2018 жылдарғы тұрақты емес мүшелігіне кандидатурасын қолдаған елдердің бірі. Бұдан басқа, бұл ел кезінде Астанада ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін өткізуге де қолдау білдірген еді. Жалпы, Оңтүстік Кореяның Қазақстанға 9 мил­лиард доллардай инвестиция құйып, негізгі инвесторлар қатарынан табылып отырғанын да атап көрсеткен жөн. Сондай-ақ, шара аясында Орталық Азияда ядролық қарудан азат аймақ құру перспективалары және де Еуразиялық экономикалық одақ пен Оңтүстік Корея ынтымақтастығының мәселелері талқыға салынды. Еліміздегі Корея елшісі Чо Ёнгчон өз сөзінде Сарапшылық ке­ңес екі ел арасындағы байланыстырушы көпірге айналып отырғандығын атап өтті. Оның айтуынша, екі ел арасындағы ынтымақтастық жоғары деңгейде және оның әлеуетін арттыруға барлық мүмкіндіктер бар. Қазақстан табиғи ресурстарға бай ел болса, Оңтүстік Кореяда заманауи технологияларды дамыту жолға қойылған. Ал Қазақстан Президенті жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының эко­номикалық зерттеулер бөлімінің мең­герушісі Евгений Хон Оңтүстік Корея үшін Орталық Азия елдері мен Еуразиялық экономикалық одақ елдері маңызды саналатынын ортаға салды. Сеул тарапынан бастамашылық танытылған Оңтүстік Корея және Орталық Азия форумы, сондай-ақ, жаңа өзара тиімді ынтымақтастыққа құрылған ресурстарды технологияларға айырбастау секілді Азия бастамасының орны ерекше екендігі де алға тартылды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».