Ілияс Жансүгіров.
Көшпенді қазақ өркениетіндегі балуан күресі бабалар дәстүрінің бізге қалған айрықша асыл мұрасы десек, абзал ақиқаты да сол. Тәуелсіздік жылдарында серпілген ұлттық рухпен бірге соңғы уақыттарда ұлттық спорт түрлерін қайта жаңғырту орайында игілікті талап-талпыныстар жасалып, нақты істер атқарылып жатқандығы да бек жақсы. Ендеше, алдағы тамыз айында Тәуелсіздік мерекесінің 20 жылдығы құрметіне Президент Н.Назарбаевтың жүлдесі үшін қазақ күресінен республикалық «Қазақстан барысы» жарысы өткізілетін хабарын нақ осы реттегі тағы бір игі қадам деп қабылдап, қуана сүйіншілегеніміз де рас. Осы жағдайдың мән-жайын толығырақ білмек үшін аталмыш жобаның авторы, осынау ауқымды ұлттық спорт шарасының белсенді ұйымдастырушыларының бірі, КТК телеарнасының бас директоры Арман ШОРАЕВҚА жолыққан болатынбыз. – Арман Төлегенұлы, әуелі, осы бір әдемі идея қалай туды, соны айтыңызшы? – Ел көріп, жер көріп дегендей, бір жағынан дүниені тітіреткен Шыңғыс ханның аруағына тәу ету үшін екі-үш жылдан бері көршілес Моңғолияға барып қайту ойда жүретін. Әрі қандастарымыздың үлкен бір шоғыры осы елде тұрады емес пе. Сапардың сәті өткен жылдың шілдесінде түсті. Баян Өлгий аймағының 75 жылдығы болады екен. Соған шақыру алдық. «Джип» көліктерімен шыққанбыз. Моңғолияның Алматыдағы консулы бізбен ере жүрді. Өскеменді басып, Ресей шегіне кіріп, Барнаулдан Таулы-Алтай күре жолына түсіп, еш қиындықсыз тура Баян Өлгийге келіп жеттік. Мұнда халықпен кездесіп, мерекеге қатысқаннан кейін Улан-Баторға тарттық. Ара қашықтығы шамамен 2 мың шақырымдай. Улан-Баторға келсек, Тәуелсіздік тойының үстінен түстік. Олар ең ұлық мерекесін қатарынан үш күн тойлайды екен. Маған сонда қатты әсер еткені – той төрінің төресіндей әспеттелген, моңғолша бокх деп аталатын балуан күресі болды. Барша моңғол жұрты бұл күрес дегенде ішкен астарын жерге қояды. Моңғолияның бүкіл халқы 2 млн. 700 мың болса, мына додаға 2700 балуан жиналыпты. Жекпе-жек белдесулер олимпиялық жүйемен өткізілгенде, екі-үш сағаттан кейін жаңағы 2700-дің қақ жартысы ұшып кетеді. 1350-і қалады. Тағы бірер сағаттан кейін осының жартысы қалады. Екі күн осылай алдын-ала іріктеу жарыстары өтетін көрінеді. Стадионның қақ ортасында, көкмайса көгалдың үстінде. Кілем төселмейді. Үшінші күні финалға екі балуан шықты. Біреуі қалмақ, екіншісі моңғол екен. Бірінің салмағы 180 кило, қарсыласыныкі 175 кило деп жария етілді. Осы екі алып бір-бірін алыса алмай 4 сағат тіресіп күрескенде стадиондағы 15 мың адам әлгілердің қызығына қарадық та отырдық. Соның тамашасы жұртты баурап алды. Бұл бергі жағы екен. Бұдан екі жыл бұрын финалға шыққан екі балуан 8 сағат күресіпті дейді. – Ойпырмай, ә!? – Бұрын қазақтарда да солай болған ғой. Моңғолдардың күресі де қазақ күресіне ұқсайды. Енді бәріміз де көшпелілер емеспіз бе. Тек оларда тізесі жерге тисе болды, жеңілді деген сөз. Асқан алып, әдіс-амалдары жетерлік, нағыз кебеже қарын, кең құрсақ дейтіндей шойқара дәулер. Төрт сағат бойы екеуі де тізелерін жерге тигізбей жүрді. – Қазақтың да айтатыны бар ғой, сүріндірді деп. – Жеңілмей жүрген жігіт екен, сол жерде де жеңді. Моңғолияның президенті ортаға шығып, қолындағы бір былғары сөмкеден 100 мың доллар алып, әлгі баһадүрге табыс етті. Соған қоса сол арада бұл батырға «Моңғолияның арыстаны» деген атақ берді. – Ғажап екен! – Соны көріп мен ойға қалдым әрі намыстандым. Бұл ғажаптың болатын реті, әуселесі қазақта ғой. Өйткені, шын мәнінде де, спорт саласын алар болсақ, қазақтар футболдан әлем чемпионы болады деп өз басым үміт етпеймін. Хоккейден де. Қазақтың оң жамбасына келетіні әуел бастан жекпе-жек. Қай түрін алсақ та. Бокс. Күрес. Солардың ішінде ең жанына жақын, қанына сіңген, қолжетімдісі – күрес. Осы шамамыз жететінді, қолдан келетінді дамытуымыз керек. Моңғол бауырлардан біз кембіз бе деп ойладым. – Иә, содан сіз не істедіңіз? Ойыңызды кімдермен бөлістіңіз? – Бір шешімге келіп, батылдық еткенім сол, қазақ күресі ертеден келе жатқан, өмірде бар нәрсе ғой. Тіпті, ол қанатын кең жаймаса да, кешегі кеңес кезінде де өмір сүрді. Қазір де қатардан қалған жоқ. Тек жеткілікті мән берілмейді, қасиетіне сай қастерленбейді. Осыны ойлағанда бала күнде оқыған батырлар жыры мен аңыз, ертегілердегі алып бабаларымыз көз алдыма келгендей болды. Бауырында өскен өз атамның атақты балуан бәйгелер жайлы әңгімелерін еске алдым. Балуан Шолақ, Қажымұқан сынды бар қазаққа мақтаныш күш аталарының аруақтарына басымды иіп, медет тіледім. Содан Моңғолиядан жол бойы үлкен тебіреніс-толғаныспен келіп іске кірістім. Өз ойларым мен ұсыныстарымды тұжырымдама етіп жазып, жора-жолдастармен талқыладық. Бәрі бір ауыздан қолдады. Сосын сол кездегі Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов ағамызға бардым. Ол кісі жанып кетті. Одан Президент Әкімшілігіне бардым. Ол жердегі Дархан Мыңбай, Мәулен Әшімбаев сияқты зиялы азаматтар да айтқанымызды ілтипатқа алды. Одан қалды, Тұңғыш Президент қоры қолдау білдірді. Әсіресе, нақты іс-әрекетпен ойып үлес қосқан Қызылорда облысының әкімдігі болды. Нағыз қаймағы бұзылмаған қазақы өңірдің артықшылығы осындай намысымызға сын тұста байқалды. Ұсынысымды облыс әкімінің екі бірдей орынбасары: Мадияр Алдоңғаров пен Рзақұл Нұртаев қызу құптап қуаттады. Рзақұл жай жанкүйер жанашыр ғана емес, қазақ күресінен Азия федерациясының төрағасы. Сөйлесе келе олар жан-жақты қолдау, демеу жасауға бейілді екендерін айтып, іске құлшынып кірісті. Ақша да тапты. – Өткен жылы КТК-дан Қызылордада өткен қазақ күресінің додасын көзім шалып қалып еді. Сонда өзіңіз де сөйлеп жатқансыз... – Иә, жігіттердің көмегімен тырнақалды сынақ ретінде байқастап, Қызылордада «Алтын белбеу» турнирін өткіздік. Жүлдесін де, басқадай жағдайларын да ойластырып, өзіміз де тәжірибе жинағандай болдық. Стадионда екі киіз үй құрдық. Біреуінде бапкер, екіншісінде балуандар жайғасты. Сөйтіп, Моңғолиядан келген соң екі-үш айдың ішінде осындай игі іс-шараны өткізіп жіберіп едік. – Бұл мәнді мәселе одан соң қалай жалғасып, жоғары деңгейге қалай жылжыдыңыздар? – Құдайға шүкір, көргенді айтып, түрткі болып, қозғау салғанды нарқасқа азаматтар аспандатып көтеріп әкетті. Қазақта сондай мәрттік қайнары сарқылмағанына қуанамын. Әуелі Алла қолдады. Одан соң азаматтар. Соның арқасында өткен жылдың аяғына дейін министрлік өз бюджетіне енгізді. Одан қалды, Тәуелсіздіктің 20 жылдығына орай Президент Әкімшілігі бекіткен мерекелік бағдарламадан орын алды. Осыған байланысты Үкіметтің арнайы қаулысы шықты. Сөйтіп, алдағы 27 тамызда Астанада қазақ күресінен «Қазақстан барысы» атты республикалық турнир өткізілетін болып шешілді. Бұл мәртебелі доданы өткізу жөнінде министрліктің Спорт комитетінің төрағасы Елсияр Қанағатов жетекшілік ететін жедел штаб құрылып, қазір қызу дайындық жүргізуде. Оның құрамында спорт министрлігінен, Қызылорда облысының әкімдігінен азаматтар бар. Дүниежүзілік және республикалық қазақ күресі федерациясының президенті Серік Төкеев, қазақ күресі бойынша мемлекеттік жаттықтырушы Марат Жақыт және басқалардың мойнына жүктелген жауапкершілік салмақты. Осы қатарда біз де бармыз. Ең бастысы, қазақ күресінен бұрын болып көрмеген аламан дода өткізу идеясын Елбасы мақұлдап, ақ батасын берді. Нұрсұлтан Әбішұлы финалды тамашалауға өзі қатысып, жеңімпаз түйе балуанға бас жүлдені өз қолымен табыстайды деген сенімдеміз. Жеңімпазға сонымен бірге «Қазақстан барысы» деген атақ беріледі. – Байқаймын, балуан бәйгенің бір әуселесі жүлделерде жатқан сияқты. Жүлде жайын ежіктеп айтыңызшы. – Мұның өзі қазақ күресін келешекте үлкен дәрежеге көтеру мақсатымен сабақтасып жатыр. Мұндай сайыстарды бұрынғы замандарда хандар да, байлар да өткізген. Ат бәйгесі, айтыстармен қатар балуан бәйгесі де ас пен тойдың көркін келтірген. Сонда жеңіске жеткен бахадүр-батырға алтын тайтұяқ сыйлап, бас бәйгеге үйір-үйір жылқы тігеді екен. – «Үйірімен үш тоғыз» деген қазақ шүлендігін білдіретін сөз сондай мырзалық үрдістен қалған ғой... – Таза алтыннан құйылған тайтұяқтың салмағы 777 грамм болады екен. Сонда бас бәйгенің байлығы балуанның ауыл-аймағын айлап-жылдап асырап-сақтауға, әйтпесе өзінің бақуатты өмір кешуіне молынан жететін көрінеді. Демек, ол заманда да балуандық табыс көзі, кәсіп болған. Ендеше, біздің ойымыз бұл заманда да қазақ күресінің балуандарын кәсіп иесі қылу. Қазақ күресімен кәсіпқойлық тұрғыдан шұғылданбасақ, жетістікке жете алмасымыз да хақ. Олай болса, ұлттық күресімізге жұртты ынталандырып, жастарды қызықтырып тартқанымыз жөн. Айталық, сумо, бокх күрестерін кәсіптік дәрежеге көтерген Жапония. Моңғолия елдерінде балуандардың беделі де зор, ғарышкерден кем емес. Кезінде Қажымұқан атамызды халқымыз хан көтерген ғой, үкімет арнайы зейнетақы тағайындаған. Міне, осының бәрін ойлап ескере келгенде бұл додалы жарыстағы біздің тіккен жүлделеріміз де олқы соға қоймас. Мысалы, мерейі үстем шыққан түйе балуанға берер бас бәйгеміз – 150 мың доллар. Баһадүрдің бапкеріне 50 мың доллар сайланды. Екінші орынға кішкене кемірек – 30 мың доллар, бапкеріне 10 мың доллар. Үшінші орын алған балуан мен бапкерге – 10 мың және 5 мың доллар көлемінде жүлде белгіленді. Әрине, жеңімпаз түйе балуан үшін мерейдің үлкені «Қазақстан барысы» атағы болмақ. Мұның сыртында алтыннан, күмістен және қоладан құйылған тайтұяқтар медаль орнына жүреді. Тиісінше бірінші, екінші және үшінші орын алған алыптарға беріледі. Бұл да ұлттық дәстүрді жаңғырту. Оған қосымша алғашқы үштікке алтын, күміс және қола белбеулер арналып отыр. Жеңіске жеткен түйе балуан ертең еңсесін тік көтеріп, төменшіктемей жүретін жағдай жасамақпыз. Сол үшін қомақты жүлделер әзірлеудеміз. Қандай да бір демеуші боламын, арнайы жүлде тағайындаймын деген азаматтардың қолын қақпаймыз. Айталық, түйе балуанға, 150 мың долларлық бас жүлдеден тыс автокөлік сыйлағымыз келеді. Облыс әкімдеріне айтар, ұсыныс: қай өңірдің азаматы түйе балуан болса, сол облыс орталығынан бір пәтер кілті тапсырылса, құба-құп. – Е, бәсе! Ынталандыру, елдің рухын көтеру деген осы емес пе. Бұл дода тағы қандай ерекшеліктерімен есте қалмақ? – Республикалық финалдық турнирге аудан, облыстардағы іріктеу бәсекелерінен өткен, 74 килодан жоғары абсолюттік салмақ санатындағы ең мықты деген 64 балуан қатыстырылмақ. Әр облыстан, Астана мен Алматы қалаларынан – 4 балуаннан. Әнші-күйші, бишілер шашбауын көтеріп үлкен шоу-думанға айналғалы тұрған осынау балуан бәйгесі бас қаламызда, бүкіл әлемдегі №1 «Велотрек» сарайында өтпекші. Оның ішіне 9 мың қолпаштаушы көрермен сыятыны белгілі. Сән-салтанаты келіскен күрес додасы Тәуелсіздіктің 20 жылдық мерекесіне арналып әрі Конституция күніне орайластырылған. Нақ осы тұстарда Астанада ТМД елдері спорт министрлерінің қатысуымен үлкен Спорт форумы өтеді. Балуан бәйгесі осы форумның меймандарына да ұялмай көрсететін іс-шара болмақ. Дода тағы несімен есте қалады дегенде, жаңадан ойлап тапқан тосын сыйымыз да жоқ емес. Оның мәнісі былай. 64 балуан әу деп жекпе-жекке шыққанда әрқайсы иығына бір-бір түлкі терісін іліп шығады да төрешіге тапсырады. Жекпе-жек аяқталғанда жеңген жігітке төреші екі түлкі терісін сыйлайды, яғни жеңісті қанжығасына байлап береді. Енді екінші жекпе-жекке әр балуан екі түлкімен шығады да, жеңгені 4 түлкіні байлап алып кетеді. Үшінші айналымға әр балуан 4 түлкімен шығып, жеңген адам 8 түлкіні бөктереді. Сөйтіп, ең соңында, финалда жеңімпаз атанған түйе балуан ата жолымен 64 түлкіні байланады. Оның бұл олжаны кімге байлайтыны – өз еркінде. Тағы бір айта қаларлық жай, әр облыс, аудандарда қазір қазақ күресінен іріктеу жарыстары өтіп жатыр дедік қой. Соларда жеңген түйе балуандар өз өңірінің, өз облысының, өз ауданының барысы атанады. «Алматының барысы», «Шығыс Қазақстан облысының барысы», «Айыртау ауданының барысы» деген сияқты. Осылайша барыстарымыз әр салада көбейсе, табыстарымыз молайса, ол да жақсылықтың нышаны. Әрі намыстың қайрағы. «Бұл жігіт біздің барысымыз!» деп жерлестері мақтан тұтса, әрбір ауданның мерейі болады ғой. – Барыстың баласы – алан. Олай болса, жасөспірімдерден аландарды да баулуға болады екен-ау? – Неге болмасын! Менің ойымша, осы жайлар мен бастамалар сабақтаса келгенде үлкен бір ұлттық жобаға ұласуы тиіс. Жалпы, біз қазақ күресін келешекте жанкүйер қауым үшін тартымды шоуға, думан-салтанатқа әрі әркім қызығарлық кәсіпқой спорт түріне айналдыруымыз керек. Биыл, құдайға шүкір, әкімшіліктер де, министрлік те қолдап жатыр ғой. Осындай қолдау, ұзаса, енді екі-үш жыл ғана керек болады. Ал, ары қарай қазақ күресінен өткізілетін додалы жекпе-жектер өзін өзі ақтайтын бір индустрияға айналады деп білемін. Елбасы жүлдесі үшін республикалық балуан бәйге жыл сайын өткізіліп тұрмақ. – Астана турниріне екі айдан сәл астам уақыт қалған екен. Дайындық дәрежесіне көңілдеріңіз тола ма? – Жаңа айтқанымыздай, іріктеу додалары өтіп жатыр. Оның өзі 3 кезеңнен тұрады: ауыл, аудан және облыс. Кейбір жерде іріктеу шалағай өтетін болса, қайта өткізуге тура келеді. Қалай болғанда да, облспорткомитеттердің төрағаларына, облыс әкімдерінің әлеуметтік сала жөніндегі орынбасарларына талап қойылып, сұралып жатыр. Олар да жауапкершілікті сезінуде. Осы дайындық кезеңінде байқалған жақсы өзгерістер, оң нышандар жетерлік. Нағыз қазақ күресінің бапкерлері телефон соғып: «Арман бауырым, саған рахмет! Қазақ күресі далада қалатын шығар деп ойлап едік. Енді күресті көтереміз», деп қуанулы. Күресті бұдан 5, 10 жыл бұрын тастаған жігіттер қайта туғандай қанаттанып, жаттығуға құлшына кіріскен. Дегенмен де, қазақ күресі шын мәнінде дамыған облыстар саусақпен санарлық. Қызылорда, оған көршілес Шымкент, Семей мен Өскемен, яғни Шығыс Қазақстан облысы, Жамбыл облысы. Бұларда ата мұрасы – қазақ күресіне кәдімгідей мән беріліп, іріктеу бәсекелері де жақсы өтуде. Мықты балуандар да негізінен осы облыстарда. Басқа облыстар да намысқа тырысып бағады деп ойлаймын. Жалпы, жекелеген мықты балуандар әр өңірден табылады. Тек маңдайының бағы білсін деңіз. – Демек, Астана турнирі тек түйе балуандар бәсекесі болмақ қой? Абсолюттік салмақ дегенде, 75 кило балуан 140-150 килолық дәуге қарсы шыға бере ме? – Қазақта намыс деген ұғымның жөні бөлек қой. Мысалы, ертеңгі финалда 80 килолық бір балуан күресіп, 150 кило тартатын алыпты ұқсатып жығып кетсе, мен оған ешбір таңданбаймын. Ал енді тағы да дайындық жайына келер болсақ, ұйымдастыру комитетінің мүшелері осы кезеңде атқарылар барлық жұмыстар мен міндеттерді бөлісіп алған. Олардың бәрі де жауапты, білікті әрі қолдарында билігі бар азаматтар. Сондықтан, бұл тұрғыдан қам жемеуге болады демекпін. Тәжірибелі төрешілер алқасының құрамы сақадай сай. Жүлделерді дайындау, ұйымдастыру және басқа да техникалық мәселелер рет-ретімен шешімін табуда. Ұлттық өрнектегі логотипімізді әзірлеуге конкурс жарияладық. Тайтұяқ, жүлделі белбеулер де солай көрнекті болуы тиіс. Осының бәрінде ұлттық рух менмұндалап тұрғаны абзал. Өйткені, осынау балуан бәйге де, дәл сондай болмаса да, олимпиадаларды еске түсірердей үлкен сән-салтанатпен ашылмақ. Елдің Әнұраны орындалады. Елдің Жалауы желбірейді. Сонымен бірге елдік рухымыз көтерілмек. – Додалы турнир мақсатының өзі де сол емес пе? – Бұл ретте бізде мақсат та, соған орайласқан мүдде де бар. Әлеуметтік лифт деген болады. Осыған сайғанда, гольф немесе хоккей ойнауға қаншама шығын кетеді. Ал күреске келер болсақ, жазда оған спорт залдың қажеті жоқ. Ешқандай тренажерлер керек емес. Моңғолияға барғанда көргеніміз: көгалды жер болса болды, 5 жасар баладан бастап күресе береді. Моңғол балуандары үлкен додаға дайындалғанда екі ай бұрын бір өзеннің жағасына киіз үй құрып жатады екен. Жаттыққан балуан үлкен бөренені көтеріп, өзеннің ағысына қарсы белуардан су кешіп 5-6 шақырым жүреді. Шомбал тастарды өрге домалатады. Ас-суын маңайдағы шопандар көтеріп алады. Айтпағым, моңғол елі балуан, батыр, баһадүрлерін қатты қастерлеп, пір тұтады. Чемпион түйе балуанның портреті әр үйдің төрінде, құрметті орында тұрады. Жаңағыдай жаттығу жасауға қазақ ауылында да қай жерде болсын жағдай бар. Балуандарға бейіл-құрмет қашаннан біздің халқымыздың да қанына сіңген қасиет. Олай болса, осы ұлан доданы ұйымдастырудағы бір мақсат – елдің, жастардың бұған дейін қағажу көріп келген қазақ күресіне деген ықыласын ояту. Тағы бір мақсат – қазақ күресін әлемге таныту, олимпиялық және Азия ойындарының бағдарламасына енгізу, жер жүзінде қазақ балуандарының атағын шығарып, айдынын асыру. Демек, Астана турнирін осы жолдағы алғашқы асу деп білгеніміз абзал. Оған ардагер балуандарымыздың бәрін шақырамыз. Балуандарымызды пір тұтатын бұрынғы дәстүрімізді қалпына келтірсек екен. Мемлекет құраушы ұлттың ұлық қасиетін танытатын балуан бәйгемізді асқақтатсақ екен. Сөйтіп, Астана турнирінің аламанын қазақ күресінің жарқын тойына айналдырсақ екен. Біздегі мұрат та, мақсат да осы... Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ, Алматы.
•
15 Маусым, 2011
Қайта жаңғыр, қазақ күресі!..
748 рет
көрсетілді