• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
16 Маусым, 2011

Ұйым қалыптасу кезеңінен сәтті өтті

529 рет
көрсетілді

Астанада Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының мерейтойлық саммиті табысты аяқталды

Кеше Тәуелсіздік сара­йын­да Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше елдер мемлекет басшылары кеңесінің оты­рысы өтті. Отырыс Ұйым­ның он жылдық мерейтойына ар­налды. ШЫҰ-ға мүше елдер мемлекет басшыларының ке­­ңесінде Ұйымның өткен он жыл ішіндегі қызметінің нә­ти­желеріне талдау жасалды және Ұйымды алдағы кезең­дерде дамытудың перспек­ти­ва­лары айқындалды. Сон­дай-ақ саммит барысында әлем­дік және өңірлік өзекті жағдай­лар­ға қатысты кең көлемдегі мәселелер де талқыланды. Елордадағы еңселі ғимарат­тар­дың бірі әрі бірегейі – Тәуел­сіздік сарайы есігін айқара аш­қаннан бері бұл ғимаратта халық­аралық дең­гейдегі ірі жиындар жиі өтіп келеді. Өткен жылдың желтоқсанында ЕҚЫҰ-ның Саммиті, жақында ғана Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумы та­быс­ты өткен еді. Енді, міне, ШЫҰ-ға қатысушы елдер мемлекет басшыларының мерей­той­лық саммиті өтіп отыр. Саммит жұмысына ШЫҰ-ға мүше елдер Мемлекет басшы­ла­ры кеңесінің Төрағасы, Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жетекшілік етті. Оның жұмысына сондай-ақ, Ресей Федера­ция­сы­ның Президенті Дмитрий Медведев, Қытай Халық Респуб­ли­ка­сының Төрағасы Ху Цзиньтао, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов, Қырғызстан Президенті Роза Отунбаева, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Ау­ғанстан Президенті Хамид Карзай, Пәкстан Президенті Асиф Али Зардари, Иран Президенті Махмұд Ахмадинежад, Моңғо­лия Президенті Әкімшілігінің бас­шысы Баттулга Дашжамц, Үн­діс­тан Сыртқы істер министрі Соманахалли Кришна, сондай-ақ Ұй­ымға байқаушы елдер мен әріп­тес­тік бойынша үнқатысу елдері­нің және ірі халықаралық ұйым­дар­дың делегациялары қатысты. Сағат тілі 11.00-ге жақын­да­ғанда Ұйымға мүше елдердің мемлекет басшылары мінген есік пен төрдей көліктер араға бір-екі минөт салып, Тәуелсіздік са­рай­ы­­ның алдына тоқтай бастады. Бұл кезде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік сарайындағы арнайы жабдық­та­лып, Ұйымға қатысушы елдердің мемлекеттік тулары орнатылған тұғырда мемлекеттер басшы­ла­рын қарсы алу үшін күтіп тұрған еді. Көп кешікпей орыс алфавиті тәртібімен алғашқы болып ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао көрінді. Одан кейін Елбасы Қырғыз Рес­публикасының Президенті Роза Отунбаеваны, Тәжікстан Респуб­ли­касының Президенті Эмомали Рахмонды, Өзбекстан Респуб­ли­ка­сының Президенті Ислам Ка­ри­мов­ты және Ресей Федера­ция­сының Президенті Дмитрий Медведевті ыстық ықыласты жағ­дайда күтіп алды. Осындай достық ниеттестіктегі қауышудан соң, ШЫҰ-ға мүше елдер мемлекет басшы­ла­ры бірігіп суретке түсті. Ал бұдан кейінгі мерейтойлық саммит үстіндегі жүздесу алдымен Ұйымға мүше елдер мемлекет басшылары кеңесінің отырысы шағын құрамда, одан кейін ке­ңей­тілген құрамда жалғасты. Оты­рысты Қазақстан Республи­ка­сы­ның Президенті Нұрсұлтан На­зарбаев ашты және сөз сөйледі. Елбасы әуелі бұл мерей­той­лық саммит Ұйымға мүше ел­дер­дің 10 жыл ішіндегі бірлескен жұмыстарының қорытындысына арналып отырғанына тоқталды. Қазақстан басшысының атап өт­кеніндей, осы жылдар ара­лы­ғын­да ШЫҰ Шанхайдан Астанаға дейінгі үлкен жолды басып өткен халықаралық қатынастарда бірегей институтқа айналды. Біріншіден, ШЫҰ түрлі өркениеттер мен мәдениеттерді алға тартатын мем­лекеттерді біріктірді. Екіншіден, осыдан 10 жыл бұрын Шанхайда Ұйымға мүше мемлекеттер өз халықтарының қауіпсіздігіне қарай тарихи қадам жасады. Үшін­шіден, ШЫҰ өзіне барын­ша перспективалы әлемдік эконо­миканы тартып отыр. Бұдан кейін Елбасы өткен ке­зеңдерде Ұйымға қатысушы ел­дер­дің экономикалық дамуына тоқ­талды. ШЫҰ-ның ішкі тауар айналымы жеті есе өсті, деді Нұр­сұлтан Назарбаев осы тура­лы. ШЫҰ елдері транс­еур­азия­лық коммуникациялар – авто­кө­лік және темір жол, тұрба құ­бы­ры желілері жобаларын жүзеге асыруға шықты. Біз экономи­ка­лық ынтымақтастық пен инте­гра­цияны кеңейту үшін страте­гия­лық негіз құрдық. Іскерлік кеңес және Банкаралық бірлестік құ­рыл­ды, Ұйымның Экономикалық фо­румы тұрақты өткізіліп келеді. 2020 жылға дейінгі көптарапты сауда-экономикалық ынтымақ­тас­­тық бағ­дарламасы жүзеге асы­рылуда. Осылай деген Елбасы Ұйым жаһандық және өңірлік қауіп­сіз­дікті нығайтуға баға жетпес үлес қосқанын атап өтті. Мемлекет бас­шысының атап өткеніндей, Тер­роризммен, сепаратизммен және экстремизммен күрес туралы Шан­хай конвенциясы қабыл­дан­ды. ШЫҰ-ның Өңірлік антитер­рор­лық құрылымы қазірдің өзін­де жаһандық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету құралдары арасында лайықты орнын алды. Өңірлік антитеррорлық құрылымның қа­ты­суымен 500-ден астам тер­рор­лық актілердің алдын алуға мүм­кіндік туды. Біздің Ұйымның саяси сал­ма­ғы мен беделі тұрақты өсіп келеді, деп жалғастырды сөзін Нұр­сұл­тан Назарбаев. Оның құрамы­на БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің екі тұрақты мүшесі кіреді. ШЫҰ БҰҰ Бас Ассамблеясы жанын­да­ғы байқаушы мәртебесіне ие. Ұйымға мүше болғысы келетін­дер­дің, байқаушылар мен әріп­тес­тік үнқатысу бойынша мүше болатындардың қатары өсе түсу­де. Біз жаңа салалар – білім беру, денсаулық сақтау, экология және басқа да салалар кіретін өзара ық­палдастықты кеңейтудеміз. Қа­зақ­стан ШЫҰ-ға төрағалығын біз­дер­дің тәуелсіздігіміздің және Ұйым­ның өзінің мерейтойлық жы­лымен аяқтағалы отыр. Біздің төр­аға­лы­ғы­мыздың жылында «Қауіп­сіздік және ынтымақтас­тық жолындағы он жыл» ұраны астында 110-нан астам бірлескен шара өткізілді. Мемлекет басшысы өзінің сөзі барысында бұдан басқа да бірлескен шаралардың өткізілге­ні­не тоқталды. Елбасының атап айтуынша, «Бейбітшілік миссия­сы-2010» бірлескен кең көлем­де­гі антитеррорлық жаттығуы өтті. Ұйымның Есірткіге қарсы стра­те­гиясы қол қоюға әзірленді. Өт­кен жылы Ұйым Ауғанстандағы жағдайды реттеу үдерістеріне ай­тарлықтай қолдау көрсетті. Оның ішінде Қырғызстан да бар. Көр­сетілген көмектің жалпы көлемі 50 миллион доллардан аса­ды. Жалпылай алғанда, 10 жыл ішінде ШЫҰ жаңа тұрпаттағы халық­аралық өңірлік Ұйымға айналды. Әрі қарай Қазақстан Президенті Ұйымның алдында тұрған жаңа міндеттер мен жаңа сынақ­тар үшін шешімдер іздестіру қа­жеттігіне тоқталды. Елбасының тоқталғанындай, өткен кезең­дерде Ұйымның базалық қызметі негізінен үш қасірет – терроризммен, экстремизммен және сепаратизммен күрес болды. Бүгінде есірткі синдикаты жаһандық аз қатер туғызып отырған жоқ. Соң­ғы он жылда Ауғанстанда героин мен есірткі трафигі өндірісі он есеге өскен. Ұйымға мүше мемлекеттер БҰҰ басшылығы мен Халықаралық Гаага трибуналына осыған байланысты үйлестіріл­ген ұсыныстармен шығуы қажет. Халықаралық тергеулер жүргізіп, адамзатқа қарсы қылмысқа қаты­сушы барлық ұйымдар мен тұл­ға­ларды жауапқа тартуы керек. Барлық осы төрт көріністер – терроризм, діни экстремизм, сепаратизм және есірткі бизнесі біз­дің елдеріміз бен бүкіл әлемге оларды тарату үшін әлем бой­ын­ша Интернет жүйелерін пайда­ла­на­ды. Сондықтан да Ұйым елдері оған күшті тосқауыл қоюы қажет. Бұған мысал ретінде Президент АҚШ-тың өзін-өзі қорғау тәжі­ри­бесін келтірді. Елбасының атап өткеніндей, АҚШ-та кибер­қауіп­сіздік – киберқауіпке және кибертерроризмге қарсы кешенді шаралар жүргізуге бағытталған қа­тал доктрина қабылданған. Со­ны­мен бірге, Мемлекет басшысы Интернет агрессиясына қарсы «Киберпол» функциясын орын­дай­тын ШЫҰ-ның арнайы орга­нын құру мәселесін ойластыру­дың қажет екенін білдірді. Және терроризммен, экстремизммен және есірткі қаупіне қарсы күресте өз­ара іс-қимылды әрі қарай терең­дету қажет екендігін атап өтті. Ол үшін Өңірлік антитеррорлық құрылымның материалдық-тех­никалық мүмкіндіктерін кеңейту керек. Осыған орай Елбасы Ұй­ымның аумақтық және өңірлік жанжалдарды реттеу жөніндегі кеңесін құруды ұсынды. Екіншіден, бізге мақсатты түр­де ШЫҰ-да біртұтас көлік-энер­гетикалық кеңістік құру туралы мәселені дайындау қажет, деді Елбасы. Біздің елдерімізде мұ­най, газ, гидроресурстар бар және ірі тұтыну рыногы бар. Үшін­шіден, ШЫҰ аясында тығыз экономикалық ынтымақтастық­тың жаңа тетіктерін құру маңыз­ды. Біз инвестиция мен сауда жо­лындағы кедергілерді барынша төмендетіп, перспективалы бірлескен өндірістерді құруымыз қа­жет. Бірлескен жобалар мен ин­но­вацияны қаржыландыру үшін Даму қорын құруды тездетуді ұсы­намын. Қазақстанның ШЫҰ аясында Су және азық-түлік комитеті атты тиісті ұлттық ведомстволар басшыларының деңгейіндегі жаңа құрылым ашуды ұсынатынын да айтты. Төртіншіден, Қазақстан­да­ғы және Ресейдегі былтырғы өрттер мен Жапонияда болған жер сілкінісі Төтенше жағдайлар жөніндегі орталық ашудың қа­жет­тілігін дәлелдеп отыр. Әріп­тес­теріме Төтенше жағдайлар жө­ніндегі кеңес құрудың қажет­ті­лігін де атап өткім келеді, деді Нұрсұлтан Әбішұлы. Бесінші кезекте Елбасы тұ­рақты жұмыс істейтін Ұлтүстілік болжам институтын құрудың уа­қыты жеткенін айтты. Сонымен бірге, ШЫҰ дамуының біртекті болжамын да әзірлеу қажет, деді Елбасы. Ол үшін барлық ұлттық болжамдық ресурстардың күшін біріктіріп, ШЫҰ-ның біртекті орталығын ашу керек. Президент осындай құрылымның арқасында «ШЫҰ-2030», «ШЫҰ-2050» бол­жамдық жобаларын әзірлеуге бо­латынын да көлденең тартты. Бұл алдағы уақытта орын алуы ық­ти­мал жаһандық экономикалық дағ­дарыстарға қарсы тұру үшін керек. Одан әрі Елбасы бүгінгі күні дүние жүзінде бүкіләлемдік ва­лю­та-қаржылық архитектураның кінәратын табу проблемасы әлі анықталмағанына өкініш білдірді. Бізге алтынмен қамтамасыз етіл­ген ұлтүстілік толыққанды ва­люта қажет. Оны қабылдау ШЫҰ-ның қолынан келеді. Және бүгін жасалған операциялар – осы істің жолындағы алғашқы қа­дам. Мен айтқан осы бес мақ­сат – әлемнің алдағы он жылғы дамуына қа­жетті маңызды шаралар. Олар біз­дің халықтарымыздың мүдде­сін қорғайтын болады, деді Президент. Оларды ШЫҰ-ның «Бес мейірімді істері» деп атауға да болар еді. Сөзінің соңында Н.Назарбаев ШЫҰ-ның ерекшелігі мен тар­тымдылығы өздерінің саяси-дип­ломатиялық істерінің ептілігіне және оларды өз мақсаттарына икем­деудегі қадамдарына байла­нысты екенін атап көрсетті. ШЫҰ-ға мүше елдердің бәрі де аумақтарының, тарихтары мен мәдениеттерінің әртүрлілігіне қа­ра­мастан, тең және бірдей дауыс­қа ие. ШЫҰ-ның нақ осы қасиеті әлемде қызығушылық тудыруда. Сондықтан да әлем біздің Ұйы­мымыздан үлкен үміт күтеді, дей келіп, Нұрсұлтан Әбішұлы бүгін Астанада біздің халықтарымыз үшін Еуразиядағы бейбітшілік, тұрақтылық және қауіпсіздік жо­лындағы жаңа тарихи тарау ашыл­ғанына сенімді екенін жеткізді. Сөзін қорытындылаған Елба­сы келесі сөзді ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтаоға берді. Қытай Халық Республи­ка­сы­ның Төрағасы Ху Цзиньтао ал­ды­мен Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаевқа Ұйым сам­митін тамаша ұйым­дас­тыр­ғаны және ыстық ықыласты қо­нақ­жайлық көрсеткені үшін шы­найы алғысын білдірді. ҚХР Төр­ағасы содан кейін ШЫҰ-ның құ­рылғаннан бергі кезеңдегі қыз­ме­тіне тоқталды. Осыдан дәл он жыл бұрын Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымы құрылған еді, деді Қытай басшысы. Бұл бейбіт да­мудың ұлы желісі басталғанын білдіреді. Сондай-ақ бұл Ұйымға мүшелікке кіретін біздің елдер халықтарының ынтымақтасу ар­қы­лы бейбітшілік пен дамуға ұм­тылыс жасағанын көрсетеді. ШЫҰ өткен он жыл ішіндегі қыз­метінде оған мүше елдер өзара ықпал­дасып және ортақ күш-жігер жұмсай отырып, үлкен табыс­тарға қол жеткізді. Сөзін осылай бастаған ҚХР Төрағасы Ху Цзиньтао осы жыл­дар аралығында Ұйымның қыз­метін жетілдіруге байланысты жү­зеге асырылған жұмыстарды атап көрсетті. Төрағаның атап өт­кеніндей, ШЫҰ-ға мүше мемле­кеттердің басшылары тұрақты кездесудің нәтижесінде Ұйым­ның тұрақты қызмет ететін екі құрылымы – Хатшылық пен Өңір­лік антитеррорлық орталығы жұ­мыс істеуде. Өзара түсіністіктің арқасында ШЫҰ аясында ынты­мақтастықты нығайтуға бағыт­тал­ған жүздеген құжатқа қол қой­ылды. Сонымен қатар, заңдық негіздегі мәңгілік достықты көз­дейтін тұғырнама қалыптасып жа­тыр. Бұл Ұйымға қатысушы елдер арасындағы шынайы ізгі ниеттес­тіктің белгісі болып табылады. ҚХР басшысы әрі қарай сөзіне ШЫҰ-ның әлемдік және өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі рөлі мен қызметін арқау етті. Ұйымның қауіпсіздікті қам­тамасыз етіп, өңірде тұрақ­ты­лық­ты нығайтудағы рөлі жылдан жыл­ға кеңейіп келеді. Өткен ке­зеңдерде ШЫҰ-ға мүше елдер бірлесе отырып, бірнеше рет ан­титеррорлық жаттығулар өткізді. Әсіресе, трансшекаралық қауіп­сіз­дікті жандандырудың, есірткі тасымалының алдын алудың өңір елдері үшін маңызы ерекше. Бұ­лар өңірдегі тұрақтылықты ны­ғай­туға оң әсер етеді. Сондай-ақ Ұйымға қатысушы мемлекеттер арасында сауда-экономикалық ын­тымақтастықты дамытуға ар­нал­ған көпжақты құжаттарға да қол қойылған. Қазіргі кезде Ұй­ым­ның энергетикалық клубын және Ұй­ымның банкін құру бастамалары­на орай, оның тетіктерін қарас­ты­ру жөнінде жұмыстар қолға алынып жатыр. Азық-түлік қауіп­сіздігіне қатысты іс-шараларда ойдағыдай ілгері басушылық бар. Қытай тарабы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттерге жалпы көлемі 12 миллиард долларды құрайтын жеңілдетілген жағдайдағы кредит бөлуге уәде беріп отыр, деп жалғастырды сөзін Ху Цзиньтао. Біз халықаралық қатынастарды ке­ңейтуді назарға ала отырып, Ұй­ымға төрт мемлекетке бай­қау­шы, екі елге әріптестік бойынша үнқатысу мәртебесін бердік. ШЫҰ бүгінде БҰҰ, өзге де беделді ха­лықаралық және өңірлік ұйым­дармен ынтымақтастықты дамыту үстінде. Ұйымның ха­лық­аралық деңгейдегі беделі тұ­рақты түрде өсіп келеді. Өйткені, ШЫҰ-ның қыз­меті өңірдегі қауіп­сіздікті қам­тамасыз ету арқылы оған мүше елдердің өркендеп, дамуына ба­ғытталған. ҚХР Төрағасы бұдан соң, қа­зіргі кезде жаһандық және өңір­лік ауқымдағы «ыстық нүктелер­дің» көрініс бере бастағанына алаңдаушылық білдіре келіп, бейбітшілікті қолдау мақсатында ШЫҰ алдында тұрған міндеттерді атады. Ху Цзиньтаоның атап өтуінше, Ұйымды көпбейінді, ашық қызмет етуші бірегей құрылымға айналдыру керек. Осыған бай­ланысты Төраға алдағы онжыл­дықта мына мәселелерге баса назар аудару қажеттігін атап өтті. Бірінші – Ұйымның маңызды проблемаларына қатысты мәсе­ле­лер бойынша келісе отырып, ұй­ым­шылдықпен шешімдер қа­был­дау. Екінші – өңірдегі қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ету үшін Ұй­ым­ның мүмкіндігін күшейту. Әсі­ресе, есірткі трафигімен, транс­шекаралық қылмыс түр­лері­мен күресті жандандыру. Ол үшін өңірлік антитеррорлық жаттығу­ларды жиі өткізу керек. Үшінші – ШЫҰ-ға қатысушы елдер ара­сында экономикалық интегра­ция­лық байланыстарды дамыту, көлік-коммуникациялық инфра­құ­рылымды жандандыру. Сон­дай-ақ энергетикалық және азық-түлік қауіпсіздігін құру. Төртінші – гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты жандандыру. Сөзін қорыта келіп, ҚХР Төр­ағасы Қытай Шанхай ынтымақ­тастық ұйымына төрағалық етуді қабылдап алатынын, тараптар­дың барлығының келісіміне орай, ШЫҰ биылғы жылды «Достық пен тату көршілестік» жылы деп атайтынын жеткізді. Қырғызстан Президенті Роза Отунбаева өз сөзінде ұйым ая­сын­да Қауіпсіздік кеңесін құру жайындағы идеяны толық қол­дай­тынын білдірді. Мұздақ­тар­дың еруімен тау ішінде пайда бол­ған соқпақтармен діни экс­тре­мистердің, содырлы топтардың өтуіне жол ашылады. Бұл бізді өте қатты алаңдатады. Ұйымның барлық мүшелері тәрізді біз үшін де терроризммен күрес маңызды екенін баса айтқым келеді. Сол үшін республикамызда терроризмге қарсы орталық ашып отыр­мыз. Ол тек біздің елдің ішінде ғана емес, аймақтағы қауіп­сіздік мәсе­лесіне де үлесін қосады деген ой­дамыз. Осы маңызды мәселе тө­ңі­регінде әр елдегі құқық қорғау органдары ғана емес, азаматтық қоғаммен қатар, халықаралық ұй­ымдардың бірлесе қимылдауы ғана оң нәтиже бермек. Осылай деген Қырғызстан Президенті әрі қарай ШЫҰ шеңберінде есірткімен күресті күшейте түскеніміз жөн екенін атап өтті. Бүгінгі саммит барысында есірткіге қарсы күрес стратегиясының 2011 – 2016 жылдар арасын қамтуы бұл істе бірлесе қимылдаудың құқық­тық негізін қалап отыр. Сон­дық­тан Қырғызстан осы төңіректегі барлық іс-қимылдарды толық қол­дайтынын жеткізеді. Осы жер­де біздің елімізде 2010 жыл­дың тамыз айында есірткіге қарсы кү­рес жөніндегі құрылым жұмыс жасайтынын да айта кетейін. Есірткі алпауыттарының өздері­нің ардан тайған жолында біздің елімізді пайдаланғысы келген жос­парынан қатты қысым көре­тін қырғыз жұрты осы кеселге нағыз майдан ашуды өз міндеті санайды. Сонымен бірге, деді ол, біз бар­лық ұйымдасқан қылмыс­тық топ­тарға қарсы бітіспес кү­рес ашып отырмыз. Өйткені, осын­дай топ­тардың қоғамдағы тыныштық­қа іріткі салатыны түсінікті. ШЫҰ өз шаңырағының асты­на экономикасы қарқынды дамып жатқан бірнеше елдерді біріктіріп отыр, деп жалғады сөзін Р.Отунбаева. Ал дағдарыстан енді арылуға беттеген Қырғызстан хал­қы да ұйым аясындағы елдерден төмен өмір сүргісі келмейді. Сондықтан, қырғыздар алдына игі мақсаттар қойып отыр. Ұйым­дағы серіктестерімен арадағы бай­ланыстарды мейлінше дамы­тып, жақын жатқан көршілермен арадағы түсіністікті, қарым-қа­тынастарды өрістете береді. Бүгінгі күні алға қарай үде­рісті дамып жатқан ғаламда біздер, ШЫҰ-ға мүше елдер әлем­дік өркениеттегі көне мәдениетті жалғастырушылар ретінде Ұйым шең­берінде мәдени-гумани­тар­лық ынтымақтастықты да алға дамыта беруге тиіспіз. Сол себептен Қырғызстан тарапының ШЫҰ-ға мүше елдер жастарының Ыс­тық­көл жағасында форумын өт­кі­зу жайлы ұсынысымды қолдауды сұраймын. Бұл ұсыныс 2009 жылы ШЫҰ Жастар кеңесінің Екатеринбург қаласында өткен конференциясында құпталған бо­ла­тын. Қазақстанның табысты төр­ағалығынан кейінгі алдағы жылы Қытайға өтетін төрағалық тізгіні табыстарымызды еселей тү­седі деп ойлаймын. Құрметті саммитке қатысу­шы­­лар, бүгінгі ұйым шең­бе­рін­дегі отырыс мен үшін қоры­тын­ды болып саналады. Өйткені, Қыр­ғыз Республикасының конс­ти­туциясына сәйкес, алдағы күз­де елімізде президенттік сайлау өткізілуі тиіс. Сайлаудан кейін би­лік жеңіске жеткен азаматқа тапсырылады. Менің міндетім–осы билікті бейбіт түрде заң жо­лымен тапсыру дәстүрінің негізін салу болып табылады. Әлемдік тәжірибеге сәйкес, бұл сайлауға байқаушы ретінде халықаралық ұйымдардан, соның ішінде ШЫҰ-дан да байқаушылар шақырыла­ды. Біз әділ де мөлдір сайлау өткізуді мақсат тұтып отырмыз. Өткен жолғы парламент сайлау­ын­­дағы тәрізді барлығы ашық жүргізіледі, деді Р.Отунбаева. Сө­зімді аяқтай келе, барлығыңызды Ұйымның 10 жылдығымен құт­тық­тап, саммит жұмысына сәт­ті­лік тілеуге рұқсат етіңіздер.

Мұнан соң Елбасы сөз кезегін Ресей Федерациясының Президенті Дмитрий Медведевке берді. Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы әлемдегі қауіпсіздік мәсе­ле­сіне өзінің белсенді әрекет ету жүйесін бірізді ұстанып келеді. Бұл ұжымдағы маңызды мәселе­нің бірі екеніне дау жоқ. Әріп­тес­тер арасындағы сенімді нығайта түсуде жасалған жұмыстарымыз­ды біз әрі қарай дамыта түсуге мейлінше пейілдіміз. Оны жақын арада және алыс болашақта да өрістете түсудің маңызы зор деп бі­леміз. Ұйым шеңберінде көте­ріл­­ген ынтымақтастықтың сан са­лалары, оның ішінде аймақ­тағы террорға қарсы күрес, қар­жы саласы, экономика сынды ба­ғыттағы әріптестіктің берері мол. Ресейде террорға қарсы бірқатар мәселелер қолға алынды. Оның құқықтық, заңдық негізі жа­сал­ды. Ал осы жұмысқа Ұйымға мү­ше елдердің де араласуы аса маңызды деп санаймыз, деді Ресей басшысы. Есірткімен күрес мәселесі де Ұйым шеңберіндегі маңызды та­қы­рып санатында. Бұл ретте ал­дағы жылдарға арналған стра­те­гияны нақты жүргізудің мәнді­лігіне ешкім шек келтірмейді, деп сөзін сабақтаған Д.Медведев Ауғанстанға қатысты былай деді: «Ауғанстан – біздің көршіміз, ал оның Ұйым жұмысына араласуы осыған дейінгіден тығызырақ бо­луы қажет деп ойлаймын. Ме­нің­ше, Ауғанстанмен арадағы ынты­мақ­тастықты форумға қатысушы­лардың қай-қайсысы да қол­дай­ды. Осы елдегі ішкі жағдайдың тұ­рақтылығы белгілі бір дәре­же­де біздердің қауіпсіздігімізге әсерін тигізеді. ШЫҰ өзара іс-қимылға әрқашан даяр Ұйым, ол элиталық клуб емес, негізгі міндеті – қандай бір елмен қарым-қа­тынастарды ұлғайту. Ал Ұй­ым­ның әрі қарай дамуында мүше­лікке талапкер елдің міндеттемелерін қарастыратын меморандум қабылдауымыз қажет». Д.Медведев келесі кезекте ШЫҰ шеңберіндегі ірі жобалар бойынша «Жол картасы» жаса­луы­ның маңызына тоқталды. Дәл осындай форум жұмысы алды­мен елдер арасындағы аса ірі трансжобаларды жүзеге асыруға бағытталуы тиіс. Әрі жыл аяғына дейін осы маңызды құжатты даярлап, қабылдауға және оны ұзын-сонарға салмай, тезірек орындауға тиіспіз, дей келе келешегі бар бағыттың бірі деп вен­чур­лық қор құру мәселесін көтер­­ді. Іскерлік қарым-қаты­нас­тар­дың орталығы болатын бұл қорға қоса ШЫҰ-ның арнайы қорын құруды ұсынды. Ондағы қаражат, Ресей басшысының пікірінше, жобалардың техникалық-эконо­ми­калық негіздемелерін жа­сауға жұмсалуы тиіс. Бұл жайында біз осыдан бұрын да пікірлескенбіз, менің ойымша, бұл әбден пісіп жетілген мәселе, тіпті піскені тү­гіл асып кетті, әрі оны қабыл­дау­ға Ұйымға мүше ел­дердің қай­сы­сы да дайын деп білемін, деді. Біздің ұйымның күн тәрті­бін­де гуманитарлық бағыттағы бай­ланыстарды одан әрі дамыту міндеті тұр. Өткен жылдың қыр­күйе­гінде ШЫҰ университетін құру қолға алынды. Оны жүзеге асыруға 50-ден астам мүше ел­дер­дің жоо-лары қатысуда. Сон­дай-ақ мүше елдердің денсаулық сақтау саласындағы әріптесті­гі­нің маңызды екендігі айқын. Оның бір пункті болып аймақ­та­ғы санитарлық-эпидемиология­лық жағдайдың қауіпсіздігі шы­ғады. Сондықтан осындай көп­те­ген салалар бойынша әріптес­тік­ке, бірлесе қимылдауға шақыра­тын ШЫҰ ашық әрі өзара қи­мыл­ға бағытталған ұйым ретінде жұмысын жалғастыра береді, деп ойын қорытындылады. Келесі кезекте сөз берілген Пәк­стан Ислам Республика­сы­ның Президенті Асиф Али Зардари Қазақстан елордасы – Астана қаласы осындай беделді ха­лықаралық жиындарды өткізуге өзгелерге үлгі көрсетіп келе жат­қанына ризашылық білдіре келіп, соңғы он жылда Шанхай ын­ты­мақтастық ұйымы өңірде бейбітшілікті нығайтуда және дамытуда ерекше үлес қосып келе жатқа­нына тоқталды. Президенттің тоқ­талып өткеніндей, Пәкстан ШЫҰ-ның идеялары мен ын­ты­мақтастықты дамыту мақсаты­н­да­ғы бастамаларын қолдайды. Сондай-ақ Пәкстан Ұйымға бай­қаушы болғаннан бері оның оты­рыстарына үнемі қатысып келеді. Өткен он жылда ШЫҰ өзінің халықаралық деңгейдегі орнын анықтады. Ұйымның ал­дындағы мақсат-мүдделері ай­қын. Пәкстан Президенті Асиф Али Зардаридан кейін сөз кезегі тиген Ауғанстан Ислам Рес­пуб­ли­касының Президенті Хамид Карзай біз үшін ШЫҰ-мен ара­дағы байланысты дамыту өте ма­ңыз­ды деп сөзін бастады. Ауған­станда біз террорлық топтармен байланыстарын үзгісі келетін талибтермен келіссөздер жүргіздік. Біз ШЫҰ тарапынан жүргізіп жатқан жұмыстары­мызға қолдау күтеміз. Тұрақ­тылық және ретке келтірумен қатар, террорға қарсы күресте, заңсыз қару-жарақ ай­на­лымына, жарылғыш заттар және есірткі тасымалына қарсы Ұйым бізге көмекке келсе дейміз. Ауғанстан қазір өтпелі кезең қиындығын бастан кешуде, деп жалғады сөзін Х.Карзай. Осы жау­апты тұста ауғандық қауіп­сіз­дік қызметі иығына ауыр жүк көтеруде. Ал экономикасы тұра­ла­ған, өздігінен тығырықтан шы­ға алмайтын ауған еліне қазіргі күні халықаралық ұйымдардың қолдауы ауадай қажет. Ауған­стан­ға халықаралық қоғамдастық біздің елімізде ұлттық билік, ұлт­тық қауіпсіздік күштері жоқ, әрі осындай бір қиындықтан құты­лу­ға үміттің де үзілген тұсында кіргені мәлім. Содан бергі 10 жыл ішінде халықаралық ұйымдар мен көршілерімізбен байланыс­тар біздің елге біраз жақсы­лық­тар алып келді. Экономиканың жағдайы сәл де болса жақсарып, денсаулық сақтау мен оқу-ағарту жұмыстары қалпына келтіріліп, қажетті инфрақұрылымдар пайда болуда. Алайда, біздің халқымыз қауіпсіз тіршілік кешіп, террор мен күш көрсетуден құтылып, бей­біт өмір сүріп, еркін тыныс­тағысы келеді. Ал егер оған қол жетпесе, мемлекеттік институт, ұлттық экономикаға үлкен қауіп. Сондықтан да біз әрбір қолдауға зәруміз. Осымен бірге, ауған халқы АҚШ пен НАТО күштері­нің біздің елімізде болуы реттеліп отыруы тиіс деп санайды. Біз тәуелсіз елміз, сондықтан ауған жұртындағы қолданылатын заң ауғандық болуы табиғи нәрсе деп танимыз. Біз НАТО мен арадағы келіс­сөздерде біз аймақтық өлшемдер мен көршілеріміздің мүдделерін де есепке алып отырамыз, деді сөз ретінде Ауғанстан басшысы. Егер көтерілген мәселеде біздің көршілеріміздің қауіпсіздігіне кө­леңке түсетіндей болса, ондай әріптестікке бармаймыз. Біз өз болашағымыздың Ұйым айма­ғын­­дағы елдермен тығыз қарым-қатынаста өрбитінін анық ұғы­на­мыз. Маңайымыздағы Қытай, Үн­дістан, Ресей сынды көрші­лері­міз экономикасының дамуы мен тұрмыс деңгейін жоғары­лату­да айтарлықтай жетістіктерге жетуде. Бұл елдер көршілерін сүйрейтін локомотив қызметін атқарғаны дұрыс болар еді. Сон­дықтан біз көршілерімізбен интеграциялану жолын қалаймыз. Ауғанстан жеткілікті дәрежеде минералды ресурстарға ие. Біз қытайлықтардың жез кен орын­дарына салған инвестициясын жоғары бағалаймыз және өзге елдерді де осындай қадамдар жа­сауға шақырамыз. Бір аймақта жақын орналас­қан­дықтан, біздің тарихи, мәдени ортақ тамырларымыз бар. Сон­дық­тан ШЫҰ-ның саммитіне ша­қырылғанымызға қуаныш­ты­мыз және оған байқаушы ретінде қатысқымыз келетінін айта кетейін. Мүше елдер басшылары біз­дің өтінішімізге құлақ асады деп сенеміз, деді сөзінің соңында Ауғанстан басшысы. Үндістан Сыртқы істер министрі Соманахалли Кришна сө­зін өзі үшін осындай көз тұн­ды­ратын әсем қалада болу және Үн­дістан мемлекеті атынан ШЫҰ-ның мерейтойлық саммитіне қа­ты­су үлкен құрмет екенінен бас­тады. Дәл осы қалада Үндістан 2005 жылы ШЫҰ саммитіне алғаш рет қатысқан еді. Біз ШЫҰ аясындағы әріптестікке айрықша назар аударамыз. Ұйым өңірдегі қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бағытында үлкен жұмыстар атқарып келеді. Мүше мемлекеттер Үндістанның алыс және жақын көршілері болып та­былады. Біз бәріміз тарихи та­мыр­лас елдерміз. ШЫҰ бүгінде сан салада жемісті жұмыстар атқарып келеді, оның ішінде екі бағытты айрықша атап өтуге болады. Біріншісі – терроризммен күрес, екіншісі – Ұйымға мүше елдердің экономикалық тұ­рақ­тылығын қамтамасыз ету. Әсі­ресе, бәрімізге қауіп төндіріп отыр­ған терроризмге, экстре­мизм­ге, есірткі саудасына қарсы күрес бағытындағы атқарып отыр­ған шаралар Ұйымның негізгі қызы­мет ету тетігі. Экстремизм мен терроризмнің ешқандай шека­ра­сы жоқ. Әсіресе, бұл мәселені Үндістан өте жақсы біледі. Ол адам өмірін қиып қана қоймай, қоғамның прогрестік жолмен дамуына кедергі келтіреді. Бұл ретте Үндістан ШЫҰ аймағын тер­роризм мен экстремизмнен ада өңір ретінде көргісі келеді. Болашақта да біздің еліміз осы кеселдерге қарсы үдерістерге белсене қатыса береді деген сенімдеміз. Ұйым Ауғанстандағы жағдайды ретке келтіруде елеулі ықпал етті, болашақта да осы жұмыстар жүйелі түрде жүр­гізіле береді деп ойлаймын, деді Үндістан сыртқы саясат ведом­ствосының басшысы. Содан кейін ол өз елінің Ауған­станда 30 жыл бойына сақ­талып келген күрделі жағдайды ретке келтіруге, елдегі әлеуметтік-эко­но­микалық жағдайды орнық­ты­ру­ға бар күш-жігерін жұмсай­ты­нын көлденең тартты. Біздің Премьер-министр Ауғанстанға сапарлап қайтты, сол арқылы біздің елдің Ауғанстанға деген дос пейілін көрсеткісі келді, деді. Ұйым мүшелері елдерде сауда-экономи­ка­лық бағыттағы мәселелердің ішіндегі ең күрделісі – көліктік байланыстың тиімділігінің тө­мен­дігі. Бұл өз кезегінде сауда және инвестицияның жандануына кедергі жасайды. Барлық халық­ара­лық ұйымдар тәрізді ШЫҰ да өзі­нің болашақ бағытын айқын­дап алуы тиіс.Үндістан да Ұйым қызметіне бұрынғыдан тереңірек және белсенді араласуға мүдделі. Аймақтың дамуы мен осы елдерге ортақ мәселелерді шешуге өз үлесін қосқысы келеді. Осылай деген шешен сөзінің аяғын саммитті өте жоғары деңгейде ұйым­дастырғаны үшін Қазақ еліне алғыспен түйіндеді. Саммит жұмысына қатысқан Моңғолия Президенті Әкімшілі­гі­нің басшысы Баттулга Дашжамц ШЫҰ-ның аймақтағы рө­ліне мән бере сөйледі. Біздің еліміз Ұйым аясындағы барлық ын­тымақтастық, қауіпсіздік бағы­тын­дағы атқарылып жүрген жұ­мыстарға әрдайым көз тігіп отырады. Аз уақыт ішінде ШЫҰ күрделі мәселелерді шешудің іс-жоспарын әзірледі және жүзеге асырды. Бұл ретте аймақтың қауіп­сіздігінде елдің бәрін алаң­дататын Ауғанстан мәселесін ретке келтіруге өз үлесін қосуда, деді байқаушы мәртебесіне ие Моңғолия өкілі. Бұдан кейінгі кезекте сөз тізгінін алған Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон ең алдымен Қа­зақстан тарапына, ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа Шан­хай ынтымақтастық ұйымы­ның мерейтойлық саммитін жо­ға­ры деңгейде ұйымдастырғаны және достық пейілді қазақ жұр­тына қонақжайлық танытқаны үшін алғысын жеткізді. ШЫҰ сам­митінен кейін қабылдана­тын Астана декларациясында ШЫҰ үшін 10 жылдық аса жауапты кезеңнің нәтижесі, Ұйымның жа­қын болашақтағы жаңа бағытын айқындау мәселелері көрініс тап­пақ. Біздің басты жетістігіміз мы­нада: Шанхай ынтымақтастық ұйы­мы – әлемнің саяси картасы­нан өзінің лайықты орнын ала алды. Өткен 10 жылдың ішінде Ұйымның халықаралық беделі мен ықпалы айтарлықтай дең­гей­ге өсті. Өмірдің өзі осындай жо­ғары беделі әрі ықпалы бар өңір­лік құрылым негізінің қалануы­ның қажеттілігін дәлелдеп берді. Себебі, қазіргі заман алға тартқан қауіп-қатерлердің алдын алу және оларға қарсы тұру, әлемдік және өңірлік мәселелерді бірлесе шешу үшін де мұндай Ұйым қа­жет. ШЫҰ құрылғаннан кейін Орталық Азиядағы барлық елдер секілді, Тәжікстандағы қауіпсіз­дік қамтамасыз етіліп, тұрақты даму жүйесі қалып­тасты. Көп­жақ­­ты экономикалық ынтымақ­тас­тыққа жаңаша серпін берілді. Бұл – біздің ортақ еңбегіміз. Сон­дықтан, біз өзіміздің ортақ жетістіктерімізді бағалай білуіміз қажет, деді Эмомали Рахмон. Тәжікстан Президенті Ұйым арқылы қол жеткен жетістіктерді еселеу қажеттігін, егер, Ұйымға мүше елдер мұндай қадамдарға бармаса, бүгінгі күнге дейінгі жетістіктер мен жақсы нәтижелер уыстан шығып кетуі мүмкін екендігін де алға тартты. Қазіргі таңда халықаралық әріптестікте күрделі өзгерістер белең алып, сая­си жүйе де өзгеріс үстінде тұр. Әлем қаржылық-экономикалық дағ­­дарыс, өңірлік текетірестер мен қақтығыстар, терроризм, кли­мат­тың өзгеруі, азық-түлік дағдарысы секілді күрделі мәселелермен бетпе-бет келуде. Ал мұндай дағ­дарыстар ешқандай дүние жүзі елдерінің шекарасын айналып өткен жоқ. Олардан ешбір ел қорғалмаған. Біз бір-бірімен ты­ғыз байланысты және бір-біріне тәуелді әлемде өмір сүрудеміз. Соңғы 2 жылдағы оқиғалар – соның дәлелі. Әлемдік қаржы­лық-экономикалық дағдарыс да­мыған және дамушы елдердегі халықтың жұмыспен қамтылу, экономикалық қауіпсіздік жүйе­сіне едәуір залалын тигізді. Азық-түлік дағдарысы, оның ішінде азық-түлік бағасының қым­­баттауы дүние жүзінің ешбір елін айналып өткен жоқ. Оның айтуынша, ғаламдық тұр­­ғы­дағы қауіп-қатерлермен, оның ішінде терроризммен, есірткінің заңсыз айналымымен және есірткіге тікелей қатысты трансұлттық бірлескен қылмыспен күрес мә­селелері бірінші орында тұру қажет. Ол үшін біз уақыт өт­кізбей, мәселені дер кезінде тиімді шешу мәселесіне баса назар ауда­руымыз керек, деді Тәжік­стан басшысы. Бір атап өтерлігі, ол ғаламдық тұрғыда қауіп-қатер туғызып отырған мәселелерді айта келе, Ауғанстанда қалып­тас­қан жағдайға да тоқтала кетті. Бүгінде ШЫҰ-ға мүше ел­дердің әрқайсысында экономи­ка­лық дамудың ұзақ жылдарға ар­налған ұлттық стратегиялары бар екені белгілі. Бұлар жақын 10 жылдық мерзімде еуразиялық ке­ңістікті дамытудың ортақ стра­те­гиясын қалыптастыруға негіз болар еді деп ойлаймын. Яғни, бү­гінде Ұйым қызметінің ықпал ету тетіктерін нығайтуға мүмкіндік­тер жетерлік, деді Тәжікстан басшысы. Өзінің сөзінде ол, сондай-ақ, өткен 10 жыл ішінде Ұйымға мүше елдер «Шанхай рухын» нығайтып қана қоймай, оның әлемдегі жетекші әрі беделді ұйымдардың қатарына қосылуына сеп бол­ға­нын атап өтті. Болашақта да Ұйым Еуразия кеңістігіндегі тұ­рақ­­тылықты, бейбітшілікті сақ­тау бағытындағы өзінің алдына қой­ған міндеттерін орындауға бар күш-жігерін салады деген сенімдемін, деді Э.Рахмон. Тәжікстан Президентінен кейін сөзді Өзбекстан Президенті Ислам Каримов алды. Өзбек­стан басшысы Шанхай ынтымақ­тас­тық ұйымына мүше елдер басшыларына, саммитке қатысу­шы­ларға конференция жұмысы кезінде сәттілік тілей отырып, Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа риясыз қонақжай­лы­ғы мен ауқымды жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысын жеткізді. Мен мемлекет басшыларының ШЫҰ-ның 10 жыл ішіндегі қызметіне берген бағалауларына қосыла келе, аз уақыт ішінде бұл Ұйымның жетекші, ықпал етуші, беделді ха­лық­аралық құрылымға айналға­нын атап өткім келеді. Бүгінгі күнге дейін Ұйым аясында жоға­ры деңгейдегі құқықтық база қалыптасты. Ұйымның берік инс­титуттық негізі қаланды. Бү­гін­де оның құрылымдық орган­дары тұ­рақты түрде жұмыс жасауда. Саяси, гуманитарлық, эконо­микалық байланыстар тетіктері де жанда­нып, көліктік-коммуникациялық ынтымақтастық жүйесі нығайып келеді. Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясындағы қызметіміздің маңызды кезеңі ретінде байқау­шы­лар институтының енгізілуін, БҰҰ, АСЕАН секілді ұйымдар­мен, ТМД-мен халықаралық жан-жақты байланыстың орнатылуын атап өтуге болады. Бұлар ШЫҰ әлеуетін айқындап берді. Сондай-ақ, олар ұйымның барлық мемлекеттермен, халықаралық құры­лым­дармен ықпалдасуға әзір екендігін байқатты. Осы орайда, мен ШЫҰ-ның халықаралық беделін одан әрі арттыра түсетін бірқатар факторларға тоқталғым келеді, деді Ислам Каримов. Оның айтуынша, ШЫҰ-ның негізгі бағдары өңірдегі тұрақ­тылық пен қауіпсіздікті қамтама­сыз етуге бағытталған. Мұндай бағ­дар қазіргідей күрделі әрі қауіп-қатерге толы кезеңде ай­рықша рөл атқаруы тиіс. Екіншіден, ШЫҰ – оған мүше елдерге тең дәрежеде ықпал ететін құ­рылым болғандықтан, олардың мүддесіне қайшы келуді көзде­мей­ді. Орталық Азиядағы қалып­тасқан жағдайға көз жүгірте келе байқайтынымыз, бұл кеңістіктегі геосаяси, геостратегиялық жүйе­нің маңыздылығы, ондағы табиғи байлықтың мол қоры бүгінгідей қауіп-қатерге толы күрделі ке­зең­де әлемдік қоғамдастықтың наз­а­рын­да тұр. Бұл ретте Ауған­стан­дағы жағдайды мысалға келтіруге болады. 30 жылдан бері үз­дік­сіз созылып келе жатқан күрделі жағдай халықаралық қоғамдас­тық­тың ықпал-әрекетіне қарамас­тан, әлі де басылар емес. Бір өкініштісі, Ауғанстандағы күр­де­лі жағдайды әскери тұрғыда шешу де мүмкін болмауда. Мұны әлемнің көптеген елдері, оның ішінде Ауғанстандағы жағдайды қалпына келтіруге мүдделілік та­нытып отырған мемлекет басшы­ларының өзі мойындайды. Сон­дықтан, бұл мәселенің түйінін ауған халқының өзі тарқатуы қажет. Бір-бірімен қақтығысып отыр­ған тараптардың бейбіт жолмен келісімге келуі, әлемдік қо­ғам­дастық негізінде Ауғанстан­ның әлеуметтік-экономикалық жан­дануы ғана бұл елді тығы­рықтан алып шыға алады. Бұл туралы Өзбекстан 2008 жылдың сәуір айында Бухаресте мәлім­деген еді, деді И.Каримов. Ол сондай-ақ, Өзбекстанның Ауғанстанмен болашақта ұлтара­лық мүдде тұрғысында екіжақты ынтымақтастық байланысын жал­ғастыра беретінін атап өтті. ШЫҰ-ның қызметі оған мүше елдердің құқықтарын тең қорғап, мүдде­лерін бірдей ескерген жағдайда ғана нәтижелі болмақ. Ол үшін біз Ұйымға мүше мемлекеттер халқының әлеуметтік әлеуеті мен тұрмыстық сапасын жақсартуға баса назар аударуымыз қажет. Сон­да ғана ШЫҰ-ға мүше елдер­дің халқы Ұйым қызметінің ма­ңы­зы мен тиімділігін шын мәні­сінде сезіне алады, деді Өз­бекстан Президенті. Бұдан кейінгі кезекте Ислам Каримов ШЫҰ-ның аясындағы инвестициялық, мәселен, елішілік және трансше­кара­лық тұрғыдағы маңызы бар көлік, темір жол, әуе коммуника­циясы салаларын жандандыру ба­ғытындағы бағдарламалардың жүзеге асырылуын қолдайтынын жеткізді. Бұлардың барлығы біз­дің елдердің Еуроодақ, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен сауда-экономикалық бай­ланысты нығайтуға сеп болмақ, д