Қазақстанның дарынды жастарын мемлекет есебінен шетелдік жоғары оқу орындарында тегін оқытуға бағытталған «Болашақ» бағдарламасына заман талабына сәйкес бірқатар өзгерістер енгізілді. Осыған орай болашақтықтармен тікелей жұмыс істейтін «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президенті Саясат Нұрбекті әңгімеге тартып, осы өзгерістер жайын қысқаша әңгімелеп беруді өтінген едік.
– Саясат мырза, «Болашақ» бағдарламасындағы өзгерістерге байланысты орталық тарапынан ел ішінде белгілі бір түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатқан болар.
– Дәл айтасыз. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» құрған арнаулы топтар аталған мәселеге байланысты 20-30 мамыр аралығында еліміздің барлық өңірлеріндегі 16 қалада болып, түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Соның ішінде облыстық әкімдіктерде мемлекеттік қызметкерлермен, университеттерде олардың профессорлық-оқытушылық құрамы, суденттері және ғылыми қызметкерлермен кездесулер ұйымдастырылды. Мұның сыртында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы да тиісті ақпараттар берілді. Бұл науқан әлі де жалғасып келеді.
– Енді осы өзерістер жайында қысқаша айта кетсеңіз?
– Ең бастысы, биылғы жылдан бастап «Болашақ» бағдарламасы арқылы бакалаврлар дайындау ісі тоқтатылды. «Болашақ» ендігі кезекте жоғары оқу орнынан кейінгі оқу сатыларын жүзеге асыру ісіне басымдықпен мән беретін болады. Яғни негізгі назар магистрлар мен ғылым докторларын (Pһ.D) даярлау ісіне аударылады. Осыған орай республикалық комиссия «Болашақ» бағдарламасына бөлінетін халықаралық стипендиялар арасынан мемлекеттік қызметкерлерге, сондай-ақ мемлекеттік ғылыми-зерттеу және білім беру ұйымдарының ғылыми және педагогикалық қызметкерлеріне арнайы квота бөлетін болады. Қызметкерлер «Болашақ» бағдарламасының аясында Қазақстан үшін неғұрлым қажет етілетін мамандықтар бойынша арнайы тағылымдамалардан өту үшін жіберілетін болады.
– Осындай өзгерістер неліктен туындап отыр?
– Біздің елімізде төрт бағыт бойынша маңызды мемлекеттік бағдарламалар қабылданғандығын өзіңіз білетін боларсыз. Олар үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы, білім беруді, денсаулық сақтауды және тілдерді дамыту бағдарламалары. Міне, осы төрт бағдарламаның еліміздегі басқа бағдарламаға қарағанда басымдықты мәні бар. Сондықтан да олар ұлттық, мемлекеттік бағдарламалар деп аталады. Біздің бүгінгі қазақстандық қоғам зәру болып отырған заманымыздың ең көкейкесті мәселелерінің шешімдері де осы бағдарламалар арқылы анықталған деп айтуға болады.
Ендігі кезекте «Болашақ» бағдарламасы да аталған төрт бағдарламаны жүзеге асыру ісіне белсенділікпен қатысып, сол бағдарламаларға қажетті кадрларды даярлау ісіне басымдықпен мән беретін болады. «Болашақ» енді мақсатты бағдарламаларды іс жүзіне асырады.
Мәселен, қазіргі уақытта біздің елімізде халықаралық озық стандарт бойынша білім бере алатын Назарбаев университеті құрылып отыр. Оның білімін бойына сіңіруге қабілетті, былайша айтқанда, талапты да талантты студенттерді әзірлеу үшін еліміздің әр өңірінде интеллектуалдық мектептер ашылып, дарынды жеткіншектер соған қарай ойыса бастады. Ол мектептердің өзі математикалық, химиялық, биологиялық секілді бағыт ұстап, жеткіншектердің бойына білімді неғұрлым тереңірек сіңіруге кірісті. Міне, осы мектептер дәл қазіргі сәтте білікті ұстаздарға зәру болып отыр. Ол мектептерде сабақ беретін мұғалімнің өзі терең білімді, тілді жете меңгерген адам болуы қажет. Жастарымыз бәсекеге қабілетті болуы үшін бұл мектептер дәрістерді ағылшын тілінде өткізетін болады.
Осы іске енді «Болашақ» бағдарламасы да тиісті үлесін қоспақ. Ол үшін біз бірінші кезекте бес жүздей ұстазды шет елдерге жіберіп оқытатын боламыз.
– Түсінікті. Енді «Болашақ» бағдарламасының аясында бакалаврлар әзірлеу ісі неге тоқтатылды? Осыған жауап бере кетсеңіз.
– Осы уақытқа дейін «Болашақ» бағдарламасының аясында бакалаврлар әзірлеу ісіне көбірек көңіл бөлініп келгені белгілі. Енді біз бакалаврларды өз ішімізде әзірлейтін боламыз. Осы үшін шетелдік жоғары оқу орындарынан білім беру сапасы ешбір кем емес Назарбаев университеті құрылып отырған жоқ па?! Бірте-бірте Қазақстандағы басқа жоғары оқу орындары да осы Назарбаев университетінің оқыту үлгісіне көшетін болады. Бұл – заман талабы.
Міне, осы кезде талапты да талантты студенттер өз ішіміздегі осы оқу орындарына да қажет болады. Егер біз өзіміздегі жоғары оқу орындарына екінші кезекте ғана көңіл бөліп, барлық жақсыларымызды шет елдердің оқу орындарына жібере берсек, отандық жоғары оқу орындарының білім беру сапасы қалай көтерілмек?! Ол үшін отандық жоо-ларға деген дұрыс көзқарасты қазірден бастап қалыптастырғанымыз, отандық жоғары оқу орындарының бәсекелестік қабілетін барынша арттыра түскеніміз жөн. Отандық жоғары оқу орындары да өздерінің бәсекелестік қабілетін арттыру жолында өнеркәсіп саласындағы кәсіпорындарымыз секілді сапалы шикізатты алуға ұмтылыс танытатыны түсінікті. Ал олардың шикізаты дарынды да білімді оқушылар емес пе?!
Екіншіден, бакалаврларды іште оқыту мәселесін бізге өмірдің өзі қойып отыр. Осы білім сатысы бойынша «Болашақ» бағдарламасының қамқорлығына алынған жастар мектеп партасынан шығысымен бірден шет елдерге жіберілді. Олардың өмірге дайындығы, Отандық өндірістің жағдайлары мен ерекшеліктері туралы мүлдем түсініктері болған жоқ. Шетелдік жоғары оқу орындарын бітіріп келіп, өз ішіміздегі компанияларға жұмысқа орналасқан кезде осыған орай олардың алдынан бірқатар қиындықтар ұшырасты.
Міне, сондықтан да «Болашақ» бағдарламасының аясында ендігі кезекте қазақстандық мамандарды, мемлекеттік қызметкерлер мен ғылыми қызметкерлерді шетелдік тағылымдамалардан өткізу ісіне елеулі дәрежеде мән берілуде. «Болашақ» бағдарламасына қатысты жоғарыдағы өзгерістерді Елбасы тапсырмасына сәйкес Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев басқаратын республикалық комиссия айқындады. «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ республикалық комиссия бекіткен жаңа тәртіпті орындауға кірісті.
Оқырмандарға ескерте кететін бір мәселе, мен бұл жерде мемлекет есебінен қаржыландырылатын «Болашақ» бағдарламасының аясында ғана әңгіме қозғадым. Ал балаларын өз қаржысы есебінен шет елдерде бакалавр сатысы бойынша оқытқысы келетін ата-аналар үшін қашан да болсын жол ашық екендігін ескерте кетпекпін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Сұңғат ӘЛІПБАЙ.