Соңғы кездері БАҚ-тарда жарияланып жүрген теріс мәліметтер мен кейбір қоғамдық қайраткерлер тарапынан кереғар пікірлердің жиі айтылуына байланысты «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ баспасөз қызметі төмендегіні хабарлайды.
«Өзенмұнайгаз» ӨФ өндірістік жұмыскерлердің орташа айлық жалақысы шамамен 300 мың теңгені құрайды (осы жерде және бұдан әрі сомалар барлық салықтарды төлегеннен кейін көрсетіліп отыр, яғни таза қолдарына алатын сомасы).
Соңғы бірнеше жыл ішінде Жаңаөзендегі мұнайшылардың жалақысы екі еседен аса көбейді. Мәселен, 2007 жылдың қаңтар айында 4 разрядтағы ұңғымаларды жерасты жөндеу операторының орташа айлық жалақысы 147 832 теңгені құрады. Үш жылдан кейін, 2010 жылы бұл сома 296 092 теңгеге дейін көбейді. Ал биылғы жылы жаңа еңбекақы төлеу жүйесінің енгізілгенін, сондай-ақ жыл басындағы инфляцияны ескере отырып жасалған индексацияны қоса есептегенде, жаңағы жұмысшының жалақысы 316 719 теңгені құрады.
Сөзсіз, жұмыскерлердің орташа айлық жалақысы біліктілік санатына байланысты әртүрлі болып келеді. Мәселен, үшінші разрядтағы мұнай және газ өндіру операторы қолына 166 135 теңге алады. Төртінші разрядтағы оператор сәл көптеу алады – 199 608 теңге. Ал бесінші разрядтағы мұнай және газ өндіру операторының қолына алатыны – 247 427 теңге.
Арнаулы техника машинистерінің де өзінің ара-жігі бар. «Өзенмұнайгаздың» бесінші разрядтағы тіркемесі жоқ мұнай кәсіпшілігі автоцистерна машинисінің орташа айлық жалақысы 268 783 теңгені құрайды. Ал тіркемесі бар мұнай автоцистерна жүргізетін осы разрядтағы машинист 30 мың теңгеге көп алады.
Жүк ілушінің (стропальщик, жүкті ілуші, бекітуші) еңбегі де разрядқа байланысты төленеді. Төртінші разрядтағы ұңғымаларды жерасты жөндеу стропальщигі 183 270 теңге, ал бесінші разрядтағылар 226 673 теңге табыс табады.
Білімі жоғары және тәжірибесі бар инженерлік-техникалық қызметкерлер жұмысшы мамандарға қарағанда, жоғары жалақы алады. Айтпақшы, олардың басым бөлігі еңбек жолын қарапайым жұмысшыдан бастап, біртіндеп, өзінің кәсіби шеберлігін шыңдап, қосымша жоғары білім алу арқылы қызмет сатысына көтеріледі. Уақыт өте келе олар жауапкершілігі жоғары, техникалық білімді қажет ететін қызметке ауысып, жоғары жалақыға қол жеткізеді. Мәселен, оныншы разрядтағы автоматика және бақылау-өлшеу құралдары инженерінің жалақысы 260 168 теңге құрайды. Ал мұнай және газ өндіру цехы бастығының жалақысы (14 разряд) – 407 768 теңге.
Бұдан бөлек, компанияның 2011 жылдың ақпанында жұмыс беруші мен кәсіподақ өкілдері қол қойған ұжымдық шарт бойынша әлеуметтік міндеттемелері бар. Осы шарттың аясында компания өзінің бір қызметкеріне жылына бір миллионға жуық қаражат жұмсайды. Бұл қаржы сауықтыру, тамақтандыру, балалардың демалысы, еңбек демалысының төлемдеріне, еңбекке жарамсыздығына төлемдер жасауға және т.б. жұмсалады.
Қорытындысында ҚР Статистика агенттігі таратқан елдегі орташа айлық жалақының мөлшері туралы мәліметтерге назар аудартқымыз келеді. Еліміз бойынша орташа айлық жалақы сәуір айында 83 276 теңгені құрады. Бұл ретте тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі орташа айлық жалақы 155 мың теңгеге тең. Маңғыстау облысындағы орташа айлық жалақы 138,3 мың теңгені құрайды.
ҚМГ БӨ баспасөз қызметі.