• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
17 Маусым, 2011

Ұлан

842 рет
көрсетілді

Еліміз егемендігін әйгілеп, тәуелсізді­гін паш еткен соң әлем елдеріне есігін айқара ашты. Қазақстан Көш­бас­шы­сы­ның шақыруымен шетелдік жоғары лауазым иелері достық ниетпен елімізге сапармен келе бастады. Осы тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жоғары мемлекеттік деңгейдегі іс-шараларды атқару үшін айрықша құрылым қажет екенін білдірді. Бұл құрылымның қазақша атауы ежелгі оғландардай «Ұлан» аталды. 1992 жылғы 16 наурызда Президент Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ­стан Республикасының республика­лық Ұланын құру туралы» Жарлыққа қол қойды. Тәуелсіз Қазақстанның қор­ғаныс және қауіпсіздік сала­сын­да­ғы бұл айрықша құрылым Прези­дентіміздің ұсынысымен, Елбасының тікелей қатысуымен құрылды. Оған себеп болған факторлардың бірі – тәуелсіздік алғаннан кейін еліміздің халықаралық байланыстар ауқымын кеңейтуі нәтижесінде шетелдерден келетін жоғары лауазымды қонақтарды қабылдап, халықаралық әдеп талап­та­ры­на сай хаттамалық шаралар өткізе бастауы еді. Сол кезеңде айрықша мемлекеттік міндеттерді атқарып, ел қауіпсіздігін қорғау ісіне үлес қосатын арнайы орган құру қажет болды. Оған жоғары лауазымды тұлғалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, дәстүрлік рәсімдер­дің орындалуына қатысу, аса маңызды мемлекеттік нысандарды, Мемлекеттік ту мен Мемлекеттік елтаңба эта­лон­дарын күзету жүк­телді. Ал әскери және төтенше жағ­дай режімі кезінде республикалық Ұлан Қазақстан заң­дары­на сай белгіленетін іс-шараларды жүзеге асыра­тын болып бекітілді. Осылайша, тәуелсіздіктің екінші жылында аса маңызды нысандар мен тұлғаларды күзетіп, ел қауіпсіздігін қорғауға қатысатын әскери құрылым­ның тарихы бастау алды. Элитарлы әс­кери құрылымның негізін қалып­тастыру үстінде оның ұлт мүддесіне сай келуі ескерілуімен қатар, әлемдік державалардың осы тектес құры­лым­дарының тәжірибесі мұқият зерделеніп, басшылыққа алынды. Ұлан бригадасы 1992 жылдың мамыр айында Ішкі істер министр­лігінің ішкі әскерлері шұғыл бригада­сының базасында жасақталды. Офицерлер корпусы Қарулы Күштер мен басқа құрылымдардың үздік әскери қызметшілерінен құралды. Ал жаз аяғына қарай әскери оқу орын­дары­ның түлектері ішінен таңдалып алын­ған жас мамандар да сардарлар кор­пу­сын толықтырды. Араға жарты жыл­дай уақыт салып, 5 желтоқсанда Ұлан сарбаздары алғаш рет Елбасының сән-салтанатын асырып, көп алдына шық­ты. Бұл Нұрсұлтан Назарбаевқа Президент Штандарты ұсынылған күн еді. Тәуелсіздіктің тете інісіндей Ұлан тарихындағы әрбір оқиғаға ерекше маңыз берілді. Сол жылғы 16 жел­тоқ­санда ел Президенті мен белгілі қоғам қайраткерлері алдында сарбаздар әскери ант берді. Адалдыққа ант берген соң ұландықтар Президент рези­ден­циясын, Штандартын, мемлекеттік рәміздер эталондарын, Елбасы қол­да­на­тын ұшақ, техника, көліктерді, ма­ңыз­ды нысандарды күзетумен қатар, елдегі тыныштық пен тәртіпті қорғау­ға да атсалысты. 1992-1993 жылдар елімізді жоқ­шы­лық жайлап, ұрлық-қарлық белең алған қиын кездер болатын. Сол тұста Президент ұландықтарға ішкі әскер­лермен бірге Алматы қаласының ты­ныш­тығын күзетуді де тапсырды. Кейін республикалық Ұланның заңна­ма­лық негізі бекітілген соң, бұрынғыдай ішкі тәртіпті қорғау мәселелеріне тар­тылмай, өзінің элитарлық мәртебесіне сай орындайтын ерекше міндеттері айқындалды. Республикалық Ұланның ел ішіндегі беделі жыл сайын арта түсті. «Балам Ұлан қатарына әскерге алынса екен» деген хаттар қарша жауатын. Бір­ақ мерзімдік қызметке алынатын үміткерлерге қойылатын талап қа­шан­да жоғары еді. Бойы 175 см-ден кем емес, шымыр денелі, психологиялық тұр­ғыдан сенімді, сырт келбеті де келіскен жігіттер ғана алынады. Ол түсінікті де. Алғашқы күннен-ақ республика­лық Ұлан Елбасының тікелей наза­рын­да болды. Әскери қызметшілердің айырым белгілері мен киім нысан­дарының тұңғыш жобаларынан бастап, бүгінгісіне дейін Президентпен келісілді. Елбасы ұландықтармен жиі кездесіп, құрылымның даму барысын ті­келей бақылап отырды. Жауын­гер­лік әзірлігін, техникалық және тыл­дық қамтамасыз етілуін, жарақталу деңгейін қадағалады. Әскерилер от­ба­сыларын әлеуметтік жеңілдіктермен қамту мәселелерін үнемі назарда ұс­та­ды. Қазір де ұландық жауынгерлер мемлекет қамқорлығына бөленген. Соған сай алғашқы жауынгерлік қыз­мет күндерінен бастап-ақ республика­лық Ұланның әскери қызметшілері құ­­ры­л­ымның жоғары мәртебесіне сай болуға, Президент – Жоғарғы Бас қол­басшы қойған маңызды тапсыр­ма­лар­ды сапалы орындауға тырысып келеді. Республикалық Ұланның командирлері элитарлық құрылымның жо­ға­ры мәртебесіне сай болу үшін бар­лық күш-жігерін салады. Алғаш құ­рыл­ған күннен бастап, осы уақытқа дейін жауынгерлік әзірлік жағдайына, командирлік және жауынгерлік даяр­лыққа, тәрбие және әлеуметтік-құқық­тық жұмысқа, әскери тәртіптің, заң­ды­лық пен құқықтық тәртіптің сақ­та­луы­на, қарулану, техника мен тылдық қамтамасыз ету мәселелеріне айрық­ша маңыз беріліп келеді. Бұл салалар­дың қарқынды дамуы – соғыс және төтенше жағдай режімі кезінде Қазақ­стан Республикасы заңнамасына сәй­кес әрекет етуге деген жоғары жауын­гер­лік және шұғыл-қызметтік әзір­ліктің кепілі. Республикалық Ұлан ел өміріндегі барлық шешуші үдерістерге белсене араласып келеді. Қазақстан астанасы көшірілген кезде мемлекеттік құры­лым­дар ішінде алғашқы болып Ақмо­ла қаласына орналасты. Бірінші күн­нен бастап-ақ ұландықтар үкіметтік мекемелерді, салынып жатқан мемлекеттік инфрақұрылымдарды күзетуге кірісті. Ал қазір Астана және Алматы қалаларында республикалық Ұлан­ның екі бригадасы орналасқан. Олар­дың жеке құрамы Президент – Жоғарғы Бас қолбасшы белгілеп берген міндеттерді абыроймен атқарып жүр. Мұ­ның бір дәлелі, 2007 жылы Прези­дент­тің күзет қызметімен бірлесіп өткізілген «Қамал» оқу-жатты­ғулары болды. Жаттығулар барысын Жоғарғы Бас қолбасшы Н.Ә.На­зар­баев өзі қа­да­ғалап, екі құрылымның жеке құ­рамы­ның жауынгерлік әзірлігіне жоғары баға берді. Жыл өткен сайын халықаралық аренадағы салмағы артып, беделі өсе түскен Қазақ елінің өміріндегі ма­ңызды оқиғалар республикалық Ұлан­ның қатысуымен өтуде. 2010 жылы еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға бол­ған кездегі биік деңгейдегі барлық іс-шараларды, ЕҚЫҰ Саммитін өткізуге республикалық Ұланның жеке құрамы атсалысты. Сондай тарихи күндердің бірі – 2011 жылғы 8 сәуірде болған Пре­зидентті ұлықтау рәсімінде ұлан­дық жауынгерлер мемлекеттік рәміз­дері­мізді Ақорданың ғажайып залына енгізіп, Елбасына Мемлекеттік туды ұсынды. Бұл – республикалық Ұлан сарбаз­дары ажарын кіргізіп, қуатын асырған мемлекеттік шаралардың бірі ғана. Өз тарихында Ұлан мемлекеттік және мемлекетаралық деңгейдегі үш жүзге жуық хаттамалық іс-шараларды қам­та­масыз етуге қатысты. Елімізге сапармен келген шет елдер басшылары сұңғақ бойларын тік ұстаған, келбетіне көз тоярлық ұландықтарға үнемі тәнті болып жатады. Ұландықтардың даярлық деңгейі көптеген мемлекеттер мен халықаралық ұйымдар бас­шы­лары тарапынан жоғары бағалан­ды. Бұл биік жетістікке рәсімдік бө­лімшелердің еңбегі сіңді. Қазақстан­ның Құрмет қарауылы басқа елдердің осындай құрылымдары арасында танымал да беделді. Ұлан Тәуелсіз Қазақстанның ха­лық­аралық деңгейдегі биік беделін бе­кітуге де күш салып келеді. 1996 жылы екі жүзден астам жауынгерлерден тұратын үлкен топ Малайзияға барып, бірнеше қаласында әскери өнер үлгі­лерін көрсетті. Біздің Құрмет қарауы­лымыз Мәскеудегі Қызыл алаңда өте­тін «Спасск мұнарасы» халықара­лық әскери-музыкалық фестиваліне бір­неше рет қатысып, шеру тарту, қаруды меңгеру шеберлігімен таңғалдырды. Республикалық Ұлан құрамын­дағы Президент оркестрі де мемлекет­тің ай­бынын асырып, сән-салтанатын паш еткен үлкен өнер ұжымы. Құры­луы мен қалыптасуына белгілі тұлға­лар үлес қосқан оркестрде қазір де да­рынды өнерпаздар тобы еңбектенуде. Барлық жанрлардың, түрлі ұлттар мен ұлыстардың музыка үлгілерін жоғары сапада орындайтын ұжым әлемдік сахналарда Қазақстан атынан өнер көрсетіп жүр. Республикалық Ұлан құрылғаннан бергі 19 жыл ішінде оның қатарында он мыңнан астам сарбаз әскери даяр­лықтан өтті. Олардың көпшілігі рес­публикамыздың түрлі күш құрылым­дарында қызметте. Қандай қызмет ат­қарса да, олар біздің құрылым қата­рын­да бойларына сіңірген жауынгер­лік қасиеттерімен, патриоттық сезімімен ерекшеленіп тұрады. Бүгінде Ұлан сарбаздары негізгі жауынгерлік міндеттерін абыроймен атқарғанына қоса, отандастарымызға патриоттық тәрбие беру ісіне де белсене қатысады. Ұландықтар Астана қаласының ең үлкен алаңдарында беретін плац-концерттерімен, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыруға күш салуымен, түрлі шығармашылық бай­қау­лардан топ жарып шығуымен, спорт­тағы республикалық және ха­лықаралық деңгейдегі жетістіктерімен, үлкенге құрметімен, кішіге ізетімен белгілі. Тәуелсіздікпен қатар жасап келе жатқан республикалық Ұланның сар­баз­дары мен сардарлары ел егемен­дігінің 20 жылдығын биік меже деп біледі. Олар осы уақыт ішінде жас мемлекет қол жеткізген жетістік­тер­дің қадірін терең түйсінеді. Қарқынды даму үстіндегі зайырлы мемлекеттің бір бөлшегі ретінде республикалық Ұлан алдағы күндерге толағай мақ­саттар қойып отыр. Жауынгерлер Ел­басы мен халықтың қауіпсіздігі жо­лын­да аянбай тер төгіп, жоғары әзірлікте болуды көздейді. Абай ТАСБОЛАТОВ, республикалық Ұлан қолбасшысы, генерал-лейтенант.