Сайын сайын далада туған
1961 жылдың жазы. Шәймерден ақсақалдың қолындағы баласы Есмағидың келіншегінің аяғы ауыр. Кеңшардың бөлімшесінде аурухана қайдан болсын, толғақ келіп қалғанда Есмағи атты арбаға жегіп жіберіп, келіншегін отырғызып, тоқылдаған қара жолмен 12 шақырым жердегі ауруханасы бар үлкен ауылға тартқан. Бірақ не керек, ауылға жетпей, қара жолдың үстінде дүниеге кішкене шарана әкесінің қолында өмір есігін ашады. Жедел Алматыдағы Шәймерден ақсақалдың жазушы ұлы Сафуанға хабар жетті. Үлкен баламды Саян тауындай биік болсын деп атын Саян деп қойып едім, мына балам сайын далада туған екен, даладай кең болсын, мінезі дархан, жаны жомарт болсын, деп Сафуан аға кішкентайға ат қояды. Шәймерден ата: «Бұларға бала не керек, әлі-ақ туып алады, оның әкесі – Сафуан, Саян-Сайын болып өседі», деп немересіне ешкімді жуытпайды.
Сайын айтады: Көзімді тырнап ашқаннан Сафуан баласысың, сенің әкең керемет дегенді естумен, 8 сыныпты бітіргенше атамның қойнында жаттым. Ал менің атам керемет кісі болатын. Арғы тегі қу басты ұстап отырып сын айтатын Толыбай, берісінде «Елім-ай» деп зарлатқан Қожаберген, Сегіз Сері болатын атам Шәймерден әңгімесі ертегідей еді. Ол кісіге сәлем беруге ойдан-қырдан ағылып келіп жататын. 9-10 шамасындағы кезім, бірде далада ойнап жүргем. Шағын ауылдағы тіршіліктің бәрі алақандағыдай ғой. Анадайдан көп қара «Волгаларды» көріп, папам келе жатыр деп қуанышым қойныма сыймай үйге қарай далақтай шаптым. Өйткені, мұндай мәшинелер тек папам келгенде ғана ауылымызға атбасын бұрады. Ал папам ауылға келген сайын маған киім әкеледі. Жұртта жоқ нәрселер менде болады. Мәшине де тоқтай қалды, мен де жеттім. Көлік ішінен үлкен, домаланған, маған мүлде таныс емес кісі түсіп жатыр.
– Шәймерден қайда, үйде ме?– деп сұрайды.
– Атам үйде жоқ. Нағашы атам үйінде көтен жеп жатыр, – дедім. Дәу кісі күліп жіберді. Содан қасындағыларына:
– Әй, сендер білмейсіңдер, біздің жақта алғашқы қымызға шақыруды осылай атайды, бар, атаңа айт, Сәбит Мұқанов келді де,– деді.
Атын естігенмін, білемін. Ұша жөнелдім. Қуана үйге жеткен атам баласы мен келініне бұйрық беріп, мал сой деп жатыр. Сәбең болса:
– Жоқ, Шәке, асығыспын, тек сізге сәлем бере кетейін деп арнайы келдім, сусын ішіп жүріп кетейік, – деп дәмге қарамады. Бұл Мұқановты алғаш көруім еді. Кейін 8-ді бітірген соң Алматыға келгенде Сәбеңді талай көрдім, қазақтың небір марқасқаларының қолына су құйдым, әңгімелерін естідім.
Кішкентай кезімнен Сафуанның баласы дегенді естігеннен бе екен, бір нәрселерді түртуге әуес болдым. Мәриям Естекова деген алғашқы ұстазым «Балдырған» журналының соңғы бетіндегі суретке қарап әңгіме жаз деген тапсырманы орындатқызатын. Қазіргі мұғалімдер солай пайдалана ма, білмеймін, мен сол апайымның әсерінен шығар, газет-журналдарға жаза бастадым.
Алматы: жеткіншектен жеткенге дейін
1976 жылы 8-сыныпты бітіргенде Алматыдан әкем келіп алып кетті. Содан сол кездегі жалғыз қазақша №12 мектепке бардым. Көретінім Тахауи Ахтанов, Зейнолла Қабдолов, Мүсілім Базарбаев, Хамит Ерғалиев. Жандарында жүремін, қызмет қыламын, папам өзге балаларына қарағанда мені мүлде қақпайды. Саян мәшине керек болса да мен арқылы сұрататын.
Мектептің 9-10 сыныптарында оқып жүргенде ол кезде қазіргідей көп телеарналар жоқ, жалғыз «Қазақстан», солар келіп, бізді «Құрдастар», «Алтыбақан» сынды хабарлардың ішінде көрермен болып отыруға шықырды. Содан мен теледидармен ауыра бастадым. Папам баспасөз жағына ыңғайлап еді, бірақ менің есі-дертім телевизия болды. Бірақ оған бірден келе алмадым.
1986 жылы студентпін, үйленген соң пәтер жалдап бөлек шыққан болатынбыз. Желтоқсанда аяғы ауыр келіншегімді ертіп алаңға бардым. Тоңған соң үйге келіп шәй ішіп кетейік деп едік, сол арада папам телефон шалды.
– Қалай, амансың ба, сабаққа бардың ба?– деді. Жасыру жоқ. Жалпы, папам өтірік айтқанмен жаны қас болатын. Бір нәрсе бүлдірсең де шыныңды айт. Шыныңды айтсаң, ұрыспайтын, ал алдасаң біттің. – Мәшинем бұзылыңқырап тұр, үйге келіп көріп кетші. Келсем, көлік жәй сылтау екен.
– Алаңда не болып жатыр? – деп барлығын тәптіштеп сұрады. Мен ештеңе болып жатқан жоқ, жастар жиналдық. Бірақ әскерилер, өрт сөндіретін көліктер қоршап тұр дегенде:
– Ой, мұның арты жақсы болмайды, сен енді шықпа,– деп кабинетінің сыртынан құлыптап кетіп қалды. Менің мінезімді біледі, қызбамын, апамды алдап шығып кете ме деп осылайша 3 күн бойына тамақты өзі беріп, сыртымнан жауып кетіп жүрді.
5-ші курсты бітірерде Фридман деген проректорымыз бар еді, сол: «Шәймерденов, сен керемет қажет маман екенсің ғой. Саған «ҚазТАГ» пен «Социалистік Қазақстаннан» шақыру келіп тұр. Бірақ сен маған мынаны айтшы. Сендер мен бұрынғы декабристердің айырмасы қандай?– деді. Түбінде бір қитұрқылық жатқанын ұғып, «Білмеймін», дедім. «Я тебе скажу, милок, они останутся в истории, а вы влипли. Теперь езжай в свой Северный Казахстан», деп ауылға жіберді. Мектепке барып, екі жыл сабақ бердім.
Алматыға қайтып келдім. Папам баспаға бар дейді, ал менің құлқым жоқ, есі-дертім көк сандық. Содан бірде бірге оқыған жігітті кездестіріп, сол кездегі кино редакциясының бас редакторы Тыныс Өтебаевқа алып барды. Тыныс ағай жазғандарымды көріп, бірнеше сценарий жазып келуге тапсырма берді. Оның қалай жазылуы керек екенін де білмеймін, үлгіге бір-екеуін алып, ертесіне жазып әкелсем, ол кісі таңқалады. Қалай жылдам жаздың, не, әкең көмектесті ме? – дейді. Қайдан, папам менің онда барғаныма қарсы. Содан Өтебаев мені директордың бірінші орынбасары Рафаэль Жұмабаевқа алып келді. Атшаптырым кабинетте көзілдірік киген сұсты адам отыр. Көзілдірігінің астынан қарап, «Егер Сафуан Шәймерденовтің баласы болсаң, жаман журналист болмайсың, ондай кісіден жаман адам тумайды», деп бірден бұйрық шығартты. Рафаэль аға мықты азамат еді. Мен ол кісіні өмірден озып кетсе де өмірлік ағам деп санаймын. Араға 1-2 ай өткенде қайта шақырып алып: «Сайын, сенің тіліңнің шөгірі бар екен, жақсы жазасың, телеарнаның басты құралы – жаңалықтар, сен осы сонда барсаң қайтеді?», деді. Осылайша жаңалықтарға келдім. Одан тәуелсіздік тұсында «Шарайна» болды. Мен сол уақытта телевизияда істегеніме қауанамын.
Астана– бағымды ашқан қала
«Хабарда» істеп жүрген кезім. 1996 жылы басшымыз Дариға Назарбаева шақырып алды. «Сайын, сен астананың Ақмолаға көшетінін білесің бе? деп сұрап, «Мен жігіттердің барлығының құжаттарымен таныстым, солтүстікте туған сен ғана екенсің. Бізге жаңа бас қаланың өзінен тікелей жаңалықтар әзірлеу үшін, саған сонда бар деп айтқалы отырмын», деді. Сөйтіп, Ақмолаға орталықтан келген, көшіп келген ең бірінші журналист мен болдым. Тағы да Рафаэль ағам алдымнан шықты, ол кісі «Цесна» каналының басшысы екен. Көшімізді сол үйдің алдына тоқтаттық. Ол кездегі Астана қандай, ыстық су жоқ, таудай маса жаудай тиеді, бірақ қазақтың керемет салтының мәнісі мен мәнін осы жерден көрдім. Осындағы «Арқа ажарының» жігіттері бірінен соң бірі ерулікке шақырды. Ортаға тез сіңсін, өгейсімесін дегені ғой. Халқымыз қандай дана болған десеңізші?! Біздің дәстүрлер ғажап қой. Тек соны дұрыстап таныта алмай жүрміз.
Өмірде екі әкеме қатысты өкінішім бар. Бірі – папама сіз туралы диссертация қорғаймын деп айтып, ол кісі қуанып батасын бергенімен, соны қолына ұстата алмауым, екіншісі – Есмағи әкем менің журналист болғанымның шет жағасын ғана көре алғаны. Өмірден ерте кетіп қалды. Енді екі анам Бағира мен Бағдат аман болса, немере, шөберелерінің қызығын көрсе деймін.
Папам өмірде тура сөйлеп, тура жүрген жан ғой. Ешкімге жалтақтаған жоқ, айдаһардай Колбинге қарсы сөйлеп, Саян екеуміз пәтерден қысылғанда да үй сұрап барған жоқ. Екеумізде де сол кезде үштен бала бар еді. Сол кезде әкеме іштей өкпелейтін де едік, қазір соған керемет қуанамын. Тасты жарып шығып, тіп-тік болып көкке шаншылып өскен солтүстіктің қарағайындай көз жұмғанда да орындықта отырған күйі жүріп кетті. Ол кісінің 80 жылдығында Саян ағам қайтыс болып, онысы аталмай қалды. 85 жылдығында өзі дүниеден озды. Енді алда 90 жылдығы. Арманым әкемнің 5 томдығын шығарып, 90 жылдығын дұрыстап атқару. Сол себептен, мерейтойға қашан келеміз деген дос-жаранға әкемнің тойы өткесін деп жатырмын, деген Сайынды келе жатқан кәсіби мерекемен құттықтап, табыс тіледім.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.