Осыдан бір жарым жылдай бұрын елге көшіп келісімен отбасымыздағы ересектер үшін де, шетелде ержеткен балаларым үшін де теледидар айдынынан тәлім боларлық ұлттық хабарларды іздей бастадық. Сөйтіп, «Еларна», «Қазақстан», «Асыл арна», «Хабар» арналарынан танымдық негіздегі талай қызықты дүниелерді таптық та. Әсіресе «Асыл арнадан» рухани шөлімізді қандырарлық игіліктерге кезіктік.
«Асыл арнаның» ең басты асыл мұраты, Ислам қағидаларын басшылыққа ала отырып, ел бірлігін, Отан іргесінің мығымдығын, қоғамның бүтіндігін ұлықтау десек, пендесінің Аллаға деген махаббатын және содан туындайтын адамдардың жүрегіндегі бір-біріне деген өзара бауырмалдық, сүйіспеншілік, отансүйгіштік сезімдерін тереңдете түсуге бұл телеарнаның қосып жатқан үлесі мол десек, ол артық айтқандық емес.
Отансүйгіштік демекші, арна өз жұмысын бастаған кезде Қазақстанға көршілес кейбір елдерден тыныштық кетіп, бірлігінің берекесі қашқан кез еді. «Асыл арна» дәл сол кезеңде бірнеше арнайы жобалар әзірлеп, көрермендеріне деректі фильмдерді қос тілде ұсына білді. Оның бірі «Бүлік», «Смута», екіншісі «Брат, нам не нужна фитна!» деген хабарлар болатын. Ол хабарларда саясаттанушы мамандар мен діни қайраткерлер Қазақстандағы дәстүрлі діндерді дамыта отырып, алайда ел бірлігіне, халықтың жұмылған жұдырықтай тұтастығына нұқсан келтіретін күмәнді діни ағымдар мен секталардың қызметін шектеу туралы өз ойларымен бөлісті. Секталар ықпалынан ел азаматтарын рухани жағынан қорғауға «Асыл арнаның» күш салатыны байқалып тұрды. Айрықша айтқым келетін тағы бір жайт: арна журналистері өз пікірлерін өзгеге күштеп теліместен, шынайы түрде барды бардай етіп, терең иманға негізделген кәсіби шеберлікпен нақты деректерді ұсына білді. Бұдан өзге «Дін – ұлттың тірегі», «Экстремизм», «Радикализм», «Хизбут Тахрир» сияқты хабарлар да ерекше есімде қалыпты. «Отанды сүю – иманнан» деген пайғамбарымыз Мұхаммед саллалаһу әлейхи уәссаламның қағидалы сөздерін арнайы діни айдарларымен қатар осындай ірі тележобалары арқылы да егжей-тегжейлі түрде талдап, түсіндіріп келеді.
Қарапайым әйел-ана ретінде маған арнаның «Шуақты аналар», «Иман гүлі» атты айдарлармен берілетін хабарлары айрықша ұнайды. Отбасында имандылыққа негізделген ынтымақ пен береке болмайынша бәрімізге ортақ үлкен Отанымызда да тыныштықтың орныға қоюы неғайбыл. Осыны басшылыққа алған арна қызметкерлері ақ дастарқан басында әртүрлі жастағы, түрлі әлеуметтік деңгейдегі аналарды әңгімеге тартады. Балаларға арналған «Бал-иман», «Біз – мұсылман баламыз» және «Хочу знать» айдарлары да жылылыққа толы. Оның «Ата-анам айтады» атты бөлімінде бала тәрбиесіндегі әке-шешенің рөлі баса көрсетілуде. Себебі, бұл дүниеде әке-шешесіне терең құрмет көрсетіп, олар о дүниелік боп кеткенде соңынан дұға бағыштап отыратын салиқалы ұрпақ тәрбиелеу үшін ата-ана сөзімен ғана емес, бүкіл іс-әрекетімен, тұтас болмысымен үлгі-өнеге бола білуі керек. Арнаның бір айтпағы – осы.
Тағы бір айта кететін жағдай, арнаның діни-ағарту мақсатына арналған хабарлары да өзінің исламдық терең білімге негізделе әрі қарапайым тілмен жеткізілуі себепті үлкендермен қатар ересек балалар үшін де бірдей қызықты және түсінікті деп ойлаймын. Мысалы, «Ассәләмуғалейкум!», «Ислам нұры», «Дін – діңгек», Бесінші парыз», «Құран оқып үйренейік» деген айдарлардың жүргізушілері көрерменіне ақыл айтып әуре болмайды. Көрермендердің көңіл түкпірлерінде бұған дейін бұғып жатқан көркем ойларына қозғау салады. «Мен бұл дүниеге не үшін келдім? Қайда бет алдым? Ертеңгі күнім не болмақ?» деген тектес жан дүниесін мазалаған небір соқталы сауалдарына хабар барысында дәйекті жауап тапқандай болады. Әңгіме еркін сипатта болғандықтан қорытындыға көрерменнің өзі келеді. Кейде қарапайым мұсылман жұртшылығы арасында «Имамдар құрғақ ақыл айтып кетеді, сондықтан біраз сөздері жүрегімізге жете бермейді» деген пікірлер де айтылып жатушы еді. Ал «Асыл арнада» сөз алған дін қайраткерлері мен ғалымдар көрермен қауыммен сырласқандай күйде әңгіме жүргізетіндіктен, ұйып тыңдап қалатынымыз шындық.
Көрермен ретінде тағы бір тағатсыздана күтіп, рахаттана қарайтын хабарларымның бірі – ел шежіресіне, туған жер тарихына арналған бағдарламалар. «Бабалар – асыл даналар», «Бабалар жолымен», «Хақпен қауышу» сияқты айдарлар Ислам өркениетінде өмір сүрген еліміздің он төрт ғасырлық тарихын нақты тұлғалар өмірімен астастыра отырып, қызықты баяндайды. Тарихи тұлғалар қатарында ұлы Абайдың әкесі Құнанбай қажы жайындағы деректі фильмге ерекше тоқталып өткенді жөн көріп отырмын.
Неге десеңіз, онда Құнанбай қажы жайлы шындық жалпы жұртқа ашық айтылады. Бір сөзбен түйіп айтсам, «Асыл арна» ел тірлігіне қатысты небір сауапты істер атқарған. Құнанбай қажының да, жазушы Мұхтар Әуезовтің де ұлтжанды, азаматтық болмыстарын арши білген, арашалай алған. Бұл үшін арна қызметкерлеріне «Алла разы болсыннан» басқа айтарымыз жоқ.
«Достық шаңырағы», «Под шанраком дружбы» деген айдарлар арқылы берілетін хабарлар да көңілге әбден қонымды. Қазақтың кеңпейілдігі, қонақжайлылығы хақында өзің айтқаннан гөрі сол қасиеттердің шарапатын көрген өзге ұлт өкілдерінің ағынан жарыла баяндауы бір ғанибет емес пе?! Арна журналистерінің алғысы шексіз сондай жандардың пікірлерін орайын келтіріп, сәтімен беріп отыруы құптарлық жәйт. Әсіресе, ингуш ұлтының өкілі Жәбірейл Арсамаков деген азаматтың жүрекжарды пікірі қазақты ғана емес, кез келген иманды көрерменді тебіренткендей екен. Қазақстанды өзінің туған елі, өскен жері, қимас Отаны деп есептейтінін толқи тұра жеткізген ол бір кездері, көзі тірісінде әкесінің жиі айтатын мынандай пікірін де есіне алды. Шиеттей бала-шағасымен қоржын тамдарының бір бөлмесіне тығылып, елінен айдалып келген бауырлардың отбасына келесі бөлмесін босатып беріп, өздері ішер асқа жарымай отырса да олармен қолындағы бір үзім нанын бөлісіп жеген қазақтың мәрттігін Жәбірейлдің әкесі ұдайы айтып отырған екен. «Қазақтармен сыйысып тұра алмаған жан өз отбасына да сыймайды», – дейді екен ол кісі. Мұндай пікірлерді жиі беріп тұрудың маңызы зор.
Нұрлытай ҮРКІМБАЙ.