• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
22 Маусым, 2011

Мақсатқа ортақ ерік-жігер мен ұмтылыс жеткізеді

388 рет
көрсетілді

Бұған дейін жазғанымыздай, кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Респуб­ликасы Парламенті Сенатының Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі Хат­шылығының жетекшісі Қайрат Мәмидің төрағалық етуімен Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Хатшылығы отырысының жұмысы әрі қарай жалғасты. Онда Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері ІV съезінің басты тақырыбы, күн тәртібі және оны өткізудің пішіні туралы мәселе қаралды. Сенат Төрағасы  Қайрат Мә­ми­дің атап өткеніндей, күн тәр­тібіндегі бұл мәселе маңызды­лығымен ерекшеленеді. Осыған байланысты отырысқа төрағалық етуші қатысушыларға келесі жыл­ғы съезд анағұрлым кеңей­тілген пішінде өтетіндігін мәлім етті. Төрағаның атап өтуінше, бұған дін лидерлерінің кездесуі және пле­нарлық отырыстар кіреді. Форумды ресми түрде ашудың алдында Дін лидерлері кеңесінің тұжырымдама­сын және кеңес құрамын бекіту үшін дін лидер­лерінің кездесулерін ұйымдас­тыру көзделіп отыр. Кездесуден кейін пленарлық отырыстарға кезек беріледі. Съездің ашылу салтанатына барлық делегация басшылары, олармен бірге келген адамдар, сондай-ақ шақырылған қонақтар қатысады. Ал съезді Қазақстан Республикасының Президенті аша­тын болады. Одан соң дін лидерлері, халықаралық ұйымдар­дың жетекшілері ретіне қарай сөз алады. Осы жерде айта кетейік, съездің ашылу рәсімінде дін лидерлері мен бірінші басшылар ғана сөз сөйлейді. Қалған деле­гаттардың пленарлық отырыс­тарда сөз алуларына болады. Сонымен қатар, пікірталастарға көбірек уақыт қалдыру жайы да қарастырылған. Съездің алғашқы күнінің екін­ші жартысында және екінші күннің бірінші жартысында  сек­циялық отырыстар әрі қарай жал­ғастырылады. Әрбір сек­цияларға белгілі саяси және қоғам қай­рат­керлері, танымал тұлғалардан тұ­ра­тын спикерлер мен модераторлар тағайын­да­лады. Съезд деле­гаттары өзде­рі­нің қалауы бой­ынша белгілі бір секцияны таңдап алуларына болады. Сенат Төрағасы, сондай-ақ съездің басты тақырыбының маз­мұнына да тоқталды. Хатшы­лық Съезді «Бейбітшілік. Келісім. Жасампаздық: адамзаттың қа­лауы» атты тақырыпта өткізуді ұсынып отыр. Бұл тақырып бүкіл әлемде бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз етудегі әлемдік қо­ғам­дастықтың күш-жігеріне қа­тыс­ты алынған. Бұдан бөлек тағы да төрт блоктан тұратын сек­циялық отырыстар тақырыптары ұсы­нылмақшы, деді Қайрат Мәми осы ту­ралы. Оның біріншісі – ХХІ ғасырда да­муға қол жеткізу үшін дін лидер­лерінің рөлі. Екіншісі – дін және мультикультурреализм, үшіншісі – дін және әйел: рухани құндылықтар мен проблемалар. Төртін­шісі – ХХІ ғасырдың жас­тары және олар­дың қоғам алдындағы жауапкершілігі. Отырыс барысында оған қа­тысу­шы­лар съездің күн тәрті­біне, басты тақы­рыбына байла­ныс­ты ұсыныс-пікірлерін де білдірді. Мысалы, Германияның Ислам және христиандық-мұсыл­ман­дық қатынастар жөніндегі Қасиетті Георгий университеті­нің құрметті профессоры Кристиан Тролль тұжырымдамалық құ­жат­тың негізгі тілі қайсы тіл болаты­нына байланысты сұрақ қойды. Өйт­кені, құжаттың ағыл­шын тіліндегі нұс­қасында түсін­беушіліктер кездеседі. Осыған қатысты Қайрат Мәми бұл ес­керт­пенің орынды екенін, себебі, орыс тілінде дайындалған құжат мәтінін ағыл­шын тіліне аударған кезде қателік­тер кеткенін айта келіп, құжат мәтіні түзетілетінін мәлімдеді. Сауд Арабиясы Ислам істері жө­ніндегі министрлер конферен­циясының бас хатшысы Маджид Абдулазиз ат-Түрки Кристиан Тролльдің пікірімен келісетінін білдіре отырып, құжаттың ағыл­шын тіліндегі нұсқасы шынында да күрделі екендігін,  сондықтан оны түсінікті етіп әзірлеу қажет­тігін ұсын­ды. Израиль Бас сефард раввинінің өкілі Мэйр Данино Съезд Хатшылығы үшін орыс тілінен басқа тілдерге аударма жасау онша қиын еместігіне назар аударт­ты. Бүкіләлемдік люте­ран­дық шір­кеуінің өкілі Юрий Новгородов съездің басты  тақы­рыбына байланысты ой бөлісті. Оның пікірінше, басты тақы­рып­тағы әрбір сөз атауымен келісуге болады. Өйткені, «Бейбітшілік. Келісім. Жасам­паз­дық: адамзаттың қалауы» деген сөз­дерде ынтымақ пен бірліктің лебі сезіліп тұр. Ал Иранның Ислам және мәдени байланыстар жөнін­дегі ұйымының жетекшісі Мозафари Мохаммад Хусейн мен Пәкс­тан халықаралық Ислам уни­верси­тетінің факультет дека­ны Мохаммад Зия-Уль-Хак Съез­дің басты тақырыбымен келісетіндерін білдірді. Осындай талқылаулардан соң, Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидер­лерінің IV съезі күн тәрті­бі­нің жобасы қатысушылар тара­пы­нан қолдау тауып бекітілді. Айтылған ұсыныстар мен ескертпелер бойынша жұмыс тобы олар­ды тағы да пысықтай түсетін болады. Сонымен, Хатшылық отырысына қаты­су­шылар Дін лидерлері кеңесі тұжы­рым­дама­сы­ның жобасын бекітіп, оны съез­дің қарауына ұсынды. Сондай-ақ Әлемдік және дәстүрлі діндер ли­дерлерінің  IV съезінің 2012 жылғы 30-31 мамырда өтетіндігі айқындалды және төртінші съездің басты тақырыбы нақтыланды. Отырыс қорытындысында тиісті хаттама қабылданды. Ал Хат­шылықтың келесі отырысы  IV съезд қарсаңында, яғни 2012 жылдың 28-29 мамырында өтеді. Хатшылық отырысын Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми қорытты. Біздің кездесуіміз діндеріміз бен мәдениеттеріміздің әртүрлі болға­ны­мен, баршамызды бір ортақ ерік-жігер мен ұмтылыс біріктіріп отырғанын дәлелдеді, деді Төраға. Олар – қауіп­сіздік, ынтымақтастық, өзара сыйлас­тық, тең құқылық, әділеттілік, төзім­ді­лік, рухани адамгершілік қағидат­тары үстемдік құратын бейбіт өмірді ор­нық­тыруға деген ортақ ұмтылыс. Біз сын­дар­лы пікір алмасулар мен бірлесе күш-жігер жұмсау арқылы көптеген проблемаларды шеше ала­тынымызға, адамдарды бөліп тұрған кедергілерді еңсеретінімізге, ортақ мақсаттарға қол жеткізу жолында ойдағыдай алға жылжитынымызға көз жеткіздік. Бүгінде әлем өз дамуының жаңа са­тысына бет алды. Осыған байланысты туындайтын белгілі бір саяси және экономикалық ырғақсыздық біздің ал­ды­мызға жаңа міндеттер қойып отыр, деді Төраға сөзін қорытындылай келіп. Олардың ең бастылары тұрақтылық пен қауіпсіздікті сақтау, жер бетіндегі өркениеттің даму жолымен одан әрі алға жылжуына қажетті жағдайларды қамтамасыз ету болып табылады. Әри­не, бұған қол жеткізу оңай емес. Алайда өмірдің өзі көрсетіп отырғандай, ізгі ниет, парасатты бәтуә, келісілген іс-қимыл және өзара қолдау болған жағ­дайда әлемдік қоғамдастықтың аталған міндеттерді оң тұрғыдан шешуіне әлеуеті әбден жетеді. Жалпы, біздің конфессияаралық форум осындай жасампаздық үдеріске лайықты үлес қоса алады деп кәміл сенемін, деді Қайрат Мәми. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.