• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
22 Маусым, 2011

Етті мал шаруашылығын дамыту жайы қаралды

398 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өткен кешегі Үкімет отырысында еліміздегі етті мал шаруашылы­ғын дамыту туралы мәселе қаралды. Осы мәселе жөнінде баяндама жасаған Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің айтуы бойынша, еліміздің мал шаруашылығы саласы бірте-бірте даму үстінде. Мәселен, үстіміз­дегі жылдың 1 маусымында өт­кен жылдың мерзімімен салыс­тырғанда, ет өндірісінің көлемі 1,4 пайызға, сүт өндіру 0,6 пайызға арта түскен. Мал басы оның әртүрлі түлік түрлері бой­ынша 0,6 пайыздан 9,3 пайызға дейін көбейген. Өкінішке қарай, осылардың ішінде мүйізді ірі қара мен шошқа санының ептеп төмендегені сезіледі. Мұның себебі, өткен қыстағы жемшөп жеткіліксіздігінен болса, екіншіден, мал санының нақтыландыруға да байланысты екендігі де сезіледі. Министр өз сөзінде отандық мал шаруашылығын дамытудың, соның ішінде ет өндірісін арт­тырудың бірқатар проблемалары мен шешімін күткен мәселе­леріне тоқталды. Соның ішінде мал тұқымын асылдандыруға бай­ланысты жүргізіліп жатқан жұмыстарға кеңінен мән берді. Алдағы уақытта селекциялық жұмыстарды жолға қою, малды асылдандыру үшін шаруа қожа­лықтары мен қосалқы шаруа­шы­лықтар пайдалануындағы ет бағытындағы тұқым өндіруші бұқаларды ұстауға жұмсалатын шығындардың көлемін 50 пайыз­ға дейін арттыруды ұсынды. Министрдің айтуынша, ет экспортын дамыту бағытында елі­мізге асыл тұқымды малдарды әкелу жұмысы одан әрі жал­ғастырылатын болады. Үстіміз­дегі жылы 10 мың бас шетелдік селекциядағы асыл тұқымды мүйізді ірі қара малын әкелу жоспарланса, келесі жылы осы көрсеткіш 12 мың басты құрамақ. Ал 2010 жылы Қазақстанға 2,5 мың бас асыл тұқымды сиыр­лар әкелінсе, олардан қазіргі күні 2 мыңға жуық бұзау алынып отыр екен. Енді 320 аналық мал төлдейді деп күтілуде. Ет экспортын дамыту бағы­тында үстіміздегі жылы Қазақ­станда 18 мың бас ірі қара ұс­тауға негізделген бордақылау алаңдары ашылу керек. Бүгінгі күні «ҚазАгро» холдингі несие ресурстары есебінен 14 мың бас малды бір мезетте ұстауға бо­ла­тын 4 бордақылау алаңын қар­жыландыру мақұлданған. Олар Ал­маты және Ақмола облыс­тарын­да орналастырылатын бо­лады. Мәселені қорытындылаған Үкі­мет басшысы мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді. Ауыл шаруашылығы, Қар­жы, Экономикалық даму және  сауда, Әділет министрліктеріне бүгінгі талқыланған жағдайлар­ды ескере отырып, бір аптаның ішінде еліміздегі ет экспортының әлеуетін дамыту туралы жобаны жүзеге асырудың кешенді жос­парын әзірлеп, Үкімет кең­се­сіне өткізуді тапсырды. Соны­мен қатар, Ауыл шаруашылығы министрлігіне осы жобаны жүзеге асыру барысына тұ­рақ­ты түрде мониторинг жүргізіп отыруды, ал облыс әкімдеріне жобаны жүзеге асыруға қа­тысты шараларды мүлтіксіз орындауды міндеттеді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.