...СЕНАТ ДЕПУТАТТЫҒЫНА КАНДИДАТ ҰСЫНЫЛДЫ
Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының кезекті сессиясында аталған мәслихаттың хатшысы Мәлік Құлшар Сенат депутаттығына Р.С.Ахметовтің кандидатурасын ұсынды. Тұрақты комиссияның төрағасы Қазыбай Бозымов пен облыстық мәслихаттың депутаты Кейпін Төлегенов бұл ұсынысты қолдап сөз сөйледі.
Рашид Сайранұлы республикамыздағы тәжірибелі, әрі кәсіби Парламент мүшелерінің бірі. Ол бұған дейінгі сенаторлық қызметінде аймақ мүддесін лайықты түрде қорғай білді. Өңірге республикалық бюджеттен бөлінетін трансферттік қаражаттардың жеткілікті түрде бөлінуіне ықпал жасады. Ең бастысы – ол елге жанашырлық сезіммен қарай біледі. Сондықтан да оның кандидатурасы Сенат депутаттығына сайлануға лайықты деп білеміз, деді олар.
Сессия Р.С.Ахметовті Сенат депутаттығына кандидат етіп ұсыну жөнінде шешім қабылдады.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Орал.
* * *
...ӨҢІРЛІК ЕМХАНАЛЫҚ ЗЕРТХАНА АШЫЛДЫ
Облыс орталығындағы «ОЛИМП» деп аталатын бұл емхананың мақсаты медициналық зерттеулер нәтижесін әлемдік стандарттар деңгейіне жеткізу, диагностика саласына инновациялық технологияларды енгізу, дәлдік медицина жүйесін жетілдіру болып табылады. Емхананың ерекшелігі – жеделдік, аса күрделі деген анализдер қорытындыларының өзі бір күн ішінде дайындалады. Барлық зерттеу үдерістері автоматтандырылған.
«ОЛИМП-те» медициналық анализдердің 500 түрі зерттеледі. Яғни, оның барлық технологиялық үдерістері зертханалық арнайы ақпараттық жүйелермен жабдықталған. Басқа өңірлерде де бөлімшелері бар. Емхана мамандары үйге де бара алады. Барлық жастағы адамдар зерттеуден өтеді.
Фарида БЫҚАЙ.
Павлодар облысы.
* * *
...20 ЖЫЛДЫҚҚА АРНАЛҒАН МӘЖІЛІС ӨТТІ
Бәсекелестікті қорғау (монополияға қарсы) агенттігіне 20 жыл толды. Тәуелсіздікпен тел өсіп келе жатқан құрылым осы мерейжасына байланысты өңірдегі сала қызметкерлерін, ірі нарық субъектілері басшыларын шақырып, дөңгелек үстел өткізді. Онда агенттіктің құрылу тарихынан әңгіме айтылды, бірақ негізгі әңгіме экономикадағы, бизнес саласындағы бәсекелестікті дамыту, өндірген тауарлардың бәсекеге қабілеттігін күшейту жайында болды.
Басқосуға жиналғандар өткен жылдың екінші жартысында атқарылған жұмыстар нәтижесіне тоқталды. Қызметкерлер апта сайын сауда нүктелерін аралап, бағаның шарықтап кетпеуін қатаң бақылады. Өйткені, кәсіпкерлер тарапынан заң бұзушылық болып тұрады. Бәсекелестікті қорғау агенттігі өңіраралық инспекциясының бастығы Ерболат Ыбырайымовтың айтуынша, кәсіпкерлер тарапынан заң бұзушылық көбінесе азық-түлік өндіретін кәсіпорындарда орын алады.
Мерекеге арналған дөңгелек үстел осылай көкейкесті мәселелерді қозғауымен маңызды бола түсті.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА.
Қостанай.