Бүгін әлем тарихының ең трагедиялық оқиғаларының бірі болған Ұлы Отан соғысының басталғанына 70 жыл толады. Ауқымы жағынан алғанда бұл соғысқа адамзат тарихындағы бір де бір ұлы шайқас тең келе алмайды. Соғыс жылдары миллиондаған адамдар құрбан болды, сөйтіп, Ұлы Жеңіске бүкіл халықтың қайтпас та қайсар жауынгерлік ерлігі арқасында қол жетті.
Күркіреген күндей болып өткен сол соғыс қаһармандары арасынан аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлының қаһарман тұлғасы әрқашан оқшау көрінеді. Оның жауынгерлік жолы мен шығармашылық қызметі Қазақстанға ғана емес, басқа да шет елдерге жақсы мәлім. Әскери іс-қимылдарды шебер ұйымдастыра білген батыл да талантты командир ретінде ол шексіз жанқиярлық пен қайталанбас ерліктің үлгісін көрсетті.
Б.Момышұлының өмірі мен шығармашылығы көптеген көркем шығармалардың, кинофильмдер мен пьесалардың арқауына айналды. Қазақ батырының қайталанбас тұлғасы А.Бектің, А.Кривицкийдің, Д.Снегиннің, М.Ғабдуллиннің, Ә.Нұршайықовтың кітаптарында кеңінен көрсетілді.
2010 жылғы ақпан айында Қазақстанның Мәскеудегі елшілігінде Б.Момышұлының туғанына 100 жыл толуына байланысты шығарылған «Легендарный батыр» кітабының тұсаукесері өткізілді. Жинаққа Б.Момышұлының бұрын жарияланбаған күнделік жазбалары, Мәскеу мұрағаттарында сақталған сұхбаттары, суреттері, майдандас достарының естеліктері енгізілді. Бұл кітаптың жазушының рухани мұрасының алтын қорына қосылған бағалы дүние болғаны сөзсіз.
2010 жылғы Наурыз мейрамы қарсаңында Мәскеу үкіметі Мәскеудің жалпы білім беретін № 229 орта мектебіне Бауыржан Момышұлының есімін беру туралы шешім қабылдады. Мектептің Зеленоград әкімшілік ауданында орналасуының өзіндік сыры бар. Білім ұясы соғыс жылдарында генерал И.В.Панфилов басшылық жасаған 316-дивизия жауынгерлері, соның ішінде Бауыржан Момышұлының өзі де Мәскеуді қорғау үшін қантөгіс шайқастарды басынан өткерген майдан алаңына жақын, Крюково деревнясына таяу жерде тұр. Мектепте бұрыннан батыр панфиловшыларға арналған әскери мұражай жұмыс істейді. Жыл сайын еске алу вахтасы өткізіліп, оқушылар жауынгерлік даңқ орындарына жорықтар жасап тұрады, соғыс ардагерлерімен, басқа да ұрыс қимылдарына қатысушылармен кездесулер өткізіледі.
2010 жылдың 1 қыркүйегіне қарай Жамбыл облысы кәсіпкерлерінің жәрдемімен Б.Момышұлы атындағы орта мектеп қазіргі заманғы оқу-техникалық құралдармен – жиһаздармен, компьютерлермен, интерактивті тақталармен, оқулық және ғылыми-көпшілік әдебиеттермен, қазақстандық авторлардың кітаптарымен, спорттық жаттығу құралдарымен жаңадан жабдықталып, түбегейлі жаңарды. Мектеп асханасы да қазіргі заманғы техникамен жарақтанды. Мектепте мұражай ашылып, мектеп ауласына Б.Момышұлының мүсіні орнатылды.
Мәскеудегі Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлова атындағы, Қазақстан көп жылдардан бері қамқорлыққа алып келе жатқан, № 891 мектеп те Ақтөбе облысы іскер топтарының жәрдемімен осындай жабдықтармен қамтамасыз етілді. Бұл мектептің 1971 жылы ашылғаны, қазақтың Батыр қызы атындағы көше де Мәскеудің шығыс округіндегі Вешняки ауданында орналасқаны мәлім. 1942-1945 жылдары бұл жерде Әйелдердің орталық мергендер мектебі жұмыс істеді, оны 2200 адам бітіріп шықты, соның бірі Әлия Молдағұлова болатын. Мектепке Әлия есімі 1999 жылы берілді. Содан бері қазақстандықтардың жәрдемімен мектеп ауласы кеңейтілді, Әлия мұражайының экспозициясы толықтырылды, Жеңістің 60 жылдығы қарсаңында мектеп қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды. Жыл сайын жаңа оқу жылы мектеп ауласына орнатылған Батыр қыздың ескерткіші жанынан басталады. Өткен жылғы 25 қазанда Әлия Молдағұлованың туғанына 85 жыл толуына орай өткізілген салтанатты іс-шарада мектепке Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың атынан жаңа автобус табыс етілді.
Өткен жылдың соңында Ақтөбе облысының әкімдігі атынан Әлия мектебінің 15 таңдаулы ұстазына ақшалай сыйлықтар мен гранттар, ал 10 оқушыға қазіргі заманғы ноутбук тапсырылды. Ақтөбеліктер бұл марапатты жыл сайын өткізетін игі дәстүрге айналдырғалы отыр.
Осы екі мектепті жаңғырту жұмыстарына жалпы сомасы 1,5 миллионға жуық АҚШ доллары жұмсалса, мұның 1 миллионын Қазақстан тарабының қаражаты құрады. Ішкі-сыртқы әсемделуі мен жалпы жабдықталуы жағынан Әлия Молдағұлова және Бауыржан Момышұлы атындағы мектептер бүгінде Мәскеудегі ең таңдаулы білім ұялары болып отыр.
Ұлы Отан соғысы тарихында әртүрлі себептерге байланысты осы уақытқа дейін әлем жұртшылығы назарына ілінбеген іргелі шайқастар, әлі күнге дейін белгісіз болып келе жатқан қантөгісті ұрыстардың құрбандары аз емес. Жазушы Илья Эренбургтан төрт жыл соғыстың қай шайқасы есіңізде өшпестей болып қалды дегенде, ол «Ржев» деп жауап беріпті.
Бұл айнымас ақиқат еді. Өйткені, Ржев түбіндегі «Марс» деген кодты атауы бар әскери шайқастар ұзақ уақыт құпия ұсталды. Соғыс жылдарында жаппай ерлік пен қаһармандықтың үлгісін көрсеткен Ржев қаласына Ресей Президентінің Жарлығымен 2007 жылы ғана «Әскери даңқ қаласы» құрметті атағы берілді. Осы бағыттағы құжаттарды саралай келгенде, егер Ржев маңында шешуші шайқастар жүргізілмегенде, Сталинград түбіндегі, Курск иініндегі жеңістер де, Мәскеуді қорғау да мүлде мүмкін болмас еді деп сенімді түрде айтуға болады. Кеңес әскерлерінің Мәскеуден Батысқа қарай бет алған алғашқы шабуылы нақ осы Ржевтен басталған болатын.
Ржев-Вязьма плацдармы КСРО астанасына 150 шақырымдай жерде еді, сондықтан Ржев қаласы «Мәскеуді алатын кілт» болып саналды. Кеңес өкіметі басшылығы үшін фашистердің 1942 жылғы нақ осы бағыттағы шабуылы елеулі қауіп төндірді. Сондықтан Ржев-Вязьма бағытындағы жан алып, жан беріскен соғыс қимылдары тұтастай Ұлы Отан соғысындағы ең шешуші, ең бетбұрысты шайқастар болып есептелді.
Тарихшылардың пікірінше, соғысушы жақтардың Ржев-Вязьма шайқасы барысындағы шығыны 1 миллион 350 мың адамға жеткен. Константин Симоновтың бұл өңірді «өлім аңғары» деп атағаны тегін емес. Осы «қанды қасаптың» куәгері болған Александр Твардовский «Я убит подо Ржевом» деген атақты өлеңін жазды, оның: «Фронт горел, как на теле рубец, Я убит и не знаю, наш ли Ржев, наконец» деген өзекті өртейтін жолдары сол кезеңнің ащы шындығын айтады.
Дәл осы адам төзгісіз шайқастардың қайнаған ортасында Алматыда және Ақтөбеде құрылған 100 және 101-ші қазақстандық дербес атқыштар бригадалары жан аямай соғыс жүргізіп, ортақ жеңіске теңдессіз үлес қосты. Бұл бригадалардың жеке құрамының 80 пайыздан астамы Ржев төсіндегі адам төзгісіз ауыр шайқастарда қаза тапты.
2010 жылғы 12 желтоқсанда өте маңызды үлкен оқиғаның куәгері болдық: еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған, қазақстандық 100 және 101-ші дербес атқыштар бригадалары жауынгерлеріне арналған мемориал қаһарман Ржев қаласында салтанатпен ашылды. Ол ұзындығы 27 метр болатын гранит қабырғадан тұрады, онда Қазақстанның алып картасы бейнеленген. Картада осы бригадалар құрылған Ақтөбе және Алматы қалаларының, сондай-ақ еліміздің бас қаласы – Астананың аты жазылып, жұлдызшалармен көрсетілген. Мемориалдың іргелес аумағы түгелдей абаттандырылған.
Ескерткіштің эскизін қазақстандық сәулеткерлер жасап, оның құрылысы Ақтөбе облысының бюджеті арқылы қаржыландырылды. Ескерткіштегі гранит тақталарға он мыңнан астам қазақстандық жауынгердің аты-жөні ойып жазылды. Бұл мәліметтерді қазақстандық дипломаттар Ресей Қорғаныс министрлігінің Подольск қаласындағы Орталық мұрағатынан іздеп тапты. Бүгінгі таңда Тверь облысының аумағында соғысқан басқа да 6 қазақстандық әскери құрама жауынгерлерінің есімін анықтау жөнінде осындай жұмыстар жүргізілуде.
Ржев жерінде қаза тапқан жерлестеріміздің ерлігіне тағзым ету үшін, аталған ескерткіштің ашылу қарсаңында Мәскеуге Қазақстаннан «Жеңіс пойызы» келді. Оның құрамында ардагерлер, Мәскеуді қорғау шайқастарына қатысушылар, қаза тапқан қаһармандардың туысқандары мен ұрпақтары, ардагерлердің, жастардың қоғамдық ұйымдарының өкілдері, журналистер – барлығы 200-ге жуық адам болды.
«Жеңіс пойызының» келу құрметіне Мәскеудің Қазан вокзалында салтанатты митинг өткізілді. Мәскеуліктер қазақ бауырларын орыстың ежелгі дәстүрі – нан-тұзбен қарсы алды. «Жеңіс пойызының» жолаушылары Александров бағындағы Белгісіз солдаттың қабіріне гүл шоқтарын қойып, Бауыржан Момышұлы және Әлия Молдағұлова атындағы мектептерде болды. Бұдан кейін пойыз Ржев қаласына жол тартып, қазақстандықтар осындағы ескерткіштің салтанатты ашылуына қатысты, қазақ жерінің топырағы салынған қасиетті құтыны ескерткіш іргесіне қондырды. Осынау игілікті істерге Қазақстанның Мәскеудегі елшілігі өз мүмкіндігінше айтарлықтай үлес қосты.
Осы ретте біздің Ржев қаласында қазақстандықтар құрметіне мемориалдық ескерткіш орнату, «Жеңіс пойызын» ұйымдастыру жөніндегі бастамамызға түсіністікпен қарап, жан-жақты қолдап, ұйымдастырушылық тұрғысында елеулі жәрдем берген Мәскеу үкіметіне, «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясына, «Единая Россия» партиясына, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына, «Ресей темір жолдары» компаниясына шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Сонымен бірге, мемориал құрылысының қаржыландырылуына, салынуына тікелей көмек берген Ақтөбе облысының әкімі Елеусін Сағындықовқа және жалпы мемориал тұрғызу ісіне көрсеткен жәрдемі үшін Ресей Мемлекеттік думасының Қауіпсіздік комитетінің төрағасы Владимир Васильевке елшілік атынан дербес алғыс айтқымыз келеді.
Ржевтегі мемориалдық ескерткіштің ашылу салтанатында сөйлеген кезде біз осы қантөгіс шайқасқа қатысқан халықтарға арналған арнаулы залдары болатын Ржев-Вязьма шайқасының мұражайын құру жөнінде бастама көтердік. Біздің осы бастамамызды «Единая Россия» партиясының басшылығы, Мәскеу мэриясы, Тверь облысының әкімшілігі, Татарстан және Якутия Республикаларының басшылығы құптай қолдады. Бұл мұражай кешенін құру ісінің Мәскеу түбіндегі жеңістің 70 жылдығына орай басталғалы отырғаны сүйінішті жәйт.
Үстіміздегі жылғы көктемде Ржев қалалық думасы елшіліктің бастамасын қолдап, осы қаладағы жалпы білім беретін №5 орта мектепке қазақстандық 100 және 101-ші дербес атқыштар бригадаларының атын берді. Мектеп оқушылары мен ұстаздар қауымы енді қазақстандық 100 және 101-ші дербес атқыштар бригадалары жауынгерлеріне арналған мемориалды қамқорлыққа алады. Осы маңызды оқиғаға байланысты бізге жолдаған құттықтауында Ржев қаласының басшысы Александр Щетинин жауынгерлер есімін мәңгі есте қалдыру жолындағы бірлескен жұмыстар игі дәстүрге айналып, қалыптасқан тарихи байланыстарымызды нығайтуға, өскелең ұрпақты халықтар арасындағы достық рухында тәрбиелеуге елеулі ықпал ететін болады деп атап көрсетіпті.
Елшілік қаһарман қазақстандықтар есімін мәңгі есте қалдыру жөніндегі жұмыстарды одан әрі жалғастыру бағытын ұстанып отыр. Мәскеу соғыс және еңбек ардагерлері кеңесінің төрағасы, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Владимир Долгих Ресей астанасының екі көшесіне Кеңес Одағының Батырлары Мәлік Ғабдуллин мен Бауыржан Момышұлының есімін беру ісіне жәрдем көрсетуге әзір екендігін білдірді.
Ұлы Жеңістің 65 жылдығы біздің ортақ тарихымыздың тағылымды кезеңі болды. Бұл мерекені бұрынғы КСРО-ның барлық халықтарымен бірге атап өту арқылы біз өзімізге бейбіт өмір әкелген әкелеріміз бен аталарымыздың өшпес рухына, олардың жанқиярлық күресі мен жеңісіне тағзым еттік. Ұлы Жеңістің осы атаулы күнінің Біртұтас экономикалық кеңістіктің негізін қалайтын Кеден одағы құрылған, Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен жылға сәйкес келуінің де символдық мәні бар.
Таяуда ардагерлерді Жеңіс мейрамымен құттықтаған кезінде еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаев аға ұрпақтың жеңісі мен бүгінгі біздің жетістіктеріміз бір-бірімен тығыз байланысты екендігін атап көрсетті. «Егерде жеңімпаз әкелеріміздің ерлігі болмағанда, біз мұндай мемлекетті құра алмас едік», деді Елбасы. Сондықтан Отан соғысында от кешкен қаһарман жауынгерлердің барша ұрпағы, шын мәнінде Ұлы Жеңістің мұрагерлері болып отырған бүгінгі буын алдыңғы толқынның осынау теңдессіз де жанқиярлық ерлігін әрқашан ардақтап, өшпес рухтарына тағзым етіп, оларды мәңгілік есте сақтаудың мүмкін болатын жолдарын жүзеге асыруға тиіс. Қазақстанның Ресейдегі елшілігінің мақсатты да нысаналы жұмыстарының маңызды бір бөлігі, міне осы бағытта өрістеп келеді.
Зауытбек ТҰРЫСБЕКОВ, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Төтенше және өкілетті елшісі.
Мәскеу.