Рэкет, ұйымдасқан қарақшылық топ, жасөспірімдер қылмысы неге өңір «ерекшелігіне» айналып отыр?
Бағбан Тайымбетұлы ТАЙЫМБЕТОВТІҢ Жамбыл облысының прокуроры болып қызметке кіріскеніне көп уақыт бола қойған жоқ. Дегенмен, облыстық әкімдік, облыстық ішкі істер департаменті, «Нұр Отан» ХДП және облыстық білім басқармасы сияқты тағы басқа да құзырлы мекеме басшыларымен бірлесіп қоғам тыныштығын сақтау жолында атқарған жұмысы аз емес. Қабылдауына келген боп, «аз отырып, көп сынайтын» жұртқа да талапшылдығымен ұнап, құрметке бөленуде. Дей тұрғанмен, біз облыс прокурорымен өңір жастарының «өнеріне» айналып бара жатқан жүгенсіздік төңірегінде ашық әңгімелескенді жөн көргенбіз.
– Бұдан біраз бұрын облыстық ІІД-ні басқарған бір ағамыз Тараз қаласының «қазан бұзар, үй тентектерінің» бұзақылығын анау-мынау емес, алыстағы Чикагоның қылмыстық әлеміне теңеп тастап еді, сіздің көзқарасыңыз қалай? «Ит мініп, ирек қамшылаған» жастарды Италияның қандыбалақ қарақшыларына ұқсатып жүрген жоқсыз ба?
– Ондай жаман ойдан аулақпын. Бірақ бұрын Жамбыл облысындағы, оның орталығы Тараз қаласындағы ұйымдасқан қылмыстық топтар туралы, олардың қарақшылық шабуылдары туралы көп еститін едім. Енді, міне, осы өңірге қызметке келгеннен кейін жағдайдың шын мәнінде күрделі екеніне көзім жете түсті. Басқасын былай қойғанда, жасөспірімдерге арналған ерекше режімді мектепте болған жаппай тәртіпсіздікті реттеуге қатысып та үлгердім. Бұл оқиға облыс жасөспірімдері арасындағы жағдайдың әбден шиеленіскенін толығымен растайды.
Өңірде жасөспірімдер қылмысы өте алаңдатарлық жағдайға жеткен. Мысалы, өткен жылы жасөспірімдер арасындағы қылмыс саны 190-ға жетіп, 6,7% құраған. Оның негізгілері немесе 116 қылмыстық факті тек қана Тараз қаласында орын алған. Олардың бәрі күш қолдану арқылы қасақана жасалған. Ішінде ауыр немесе аса ауыр қылмыстар да бар.
– Мұның басты себептері неде деп ойлайсыз?
– Халқымыз «Жыланды үш рет кессең де кесіртке құрлы әлі бар» деген. Кезінде елді дүрліктірген «Амангелді», «Кировтықтар» немесе «Қырықбаевтар» сияқты ұйымдасқан қылмыстық топтардың салқыны облыс, қала жасөспірімдері мен жастарының санасына әбден ұялап қалған. Тоқсаныншы жылдары «туған» сол қылмыстық топтардың бүгінде сарқыншақтары да жоқ емес. Солардың атын жамылып жүрген әпербақандар да бар.
– Халық арасында оларды «рэкет» дейді ғой.
– Иә, әдетте, қылмыстық әрекетке бейім, тұрақты жұмысы жоқ бұзақы жастар көлденең табыспен өмір сүргісі келеді. Ал көлденең табыс ұрлық-қарлық, бопсалау, тонау, қарақшылық шабуыл жасау арқылы жиналады. «Рэкет» дегеніміз сол. «Рэкет» арқылы жиналған ақша «общак» атты қылмыстық ортақ «қоржынға» түсіп, одан әрі қарай әлгілердің күнделікті қажеттіліктеріне, сондай-ақ, түрмедегі қылмыстық контингентке «көмекке» жұмсалады. Қазір кез келген қалталы кәсіпкерлердің қарулы күзеттері бар, сондықтан «сен тұр, мен атайын» дейтін ірі кәсіпкерлерді тоқсаныншы жылдардағыдай қорқытып-үркіту мүмкін емес. Сондықтан атышулы қылмыстық топтар тышқан аулаған бүркіттей мектептер мен оқу орындарындағы оқушылар мен студенттердің қалтасына қол сала бастады. «Өзі қашайын деп тұрған киік еді, санына шыбық тиіп еді» дегендей, қылмыстық әлемнің аты-шулы «серкелеріне» еліктеп жүрген ұрдажық оқушылар мен студенттер де жоқ емес. Олар қарақшыларға нағыз сенімді серіктестерге айналуда. Бірақ оларды тісқаққан қылмыскерлер қатаң бақылауда ұстап отырады.
– Осыған байланысты нақты деректер бар ма?
– Мысалы, облыс бойынша қылмыстық жүйенің тоқтаусыз жұмыс істеуін қамтамасыз етіп отырған мұндай 80 «серкенің» бар екені анықталып отыр. Бұл туралы арнайы мәлімет бар.
Өткен жылы Гродиково ауылының 20 оқушысы топ-топ болып төбелесіп, 3 оқушы пышақ жарақатын алды. Мұның артынша №53 орта мектептің 11 сынып оқушысы №44 мектептің 10 сынып оқушысы А. Жұмаділданы өлтірді. Қараша айында кәмелетке жасы толмаған И. Дүйсебаев қарулы шабуыл ұйымдастырғаны үшін сотталды. Былайша қарағанда бұлардың барлығының бір-біріне қатысы жоқ сияқты көрінеді, көпшілікке солай деп ақпарат таратылуы да мүмкін, бірақ мұның бәрі қылмыстық жүйенің жұмысы екені даусыз.
– Осы орайда, тапа-тал түсте пышақ жарақатына немесе кісі өліміне әкеліп соқтырған қып-қызыл төбелес қала мен ауылдың қақ ортасында қалай орын алды деген таңғаларлық сауал туындайды.
– Жасөспірімдер қылмысының алдын алуға қарсы ешқандай жұмыс істелмей отыр деуге болмайды. Тіпті көптеген жұмыстар атқарылған. Атқарып та отыр. Бірақ соған қарамастан облыс жастары мен жасөспірімдері арасындағы қылмыс өте күрделі. Жағымды жаққа қарай өзгерсе де өте аз мөлшерде өзгеруде. Мысалы, өткен жылы аймақтағы жалпы қылмыстың деңгейі 2,9% өссе, жастар арасындағы қылмыс 6,7% болды. Нашақорлардың жасы да жылдан-жылға «жасарып» келеді. Бүгінде бұл «әлеуметтің» үштен екісі 30 жасқа дейінгі нашақорлардан тұрады. Сондықтан Тараз қаласы мен Меркі ауданындағы қарақшылық шабуыл, бопсалау, кісі өлтіру, нашақорлық және басқа да қылмыстардан тұратын жағымсыз оқиғалар жастар тәрбиесіне бұрынғыдан да ерекше көңіл бөлу керектігін көрсетуде. Ал Тараз қаласындағы №5 мектептің 10-сынып оқушысы Жолдығұловты қылмыс әлемінің кәнігі қарақшыларының сценарийі бойынша бопсалау, ерекше тәртіпте ұсталатын мектептегі жаппай тәртіпсіздік, Шу қаласындағы төбе шашыңды тік тұрғызатын кісі өліміне кәмелетке толмаған Саркисянның қатысты болуы – облыстағы жасөспірімдер қылмысының өз шыңына жеткенін көрсетеді.
– Ой мен қырдағы қандастарымызды «ойпырайлатқан» осы қатыгездіктерге қарсы бүгінде қандай іс-шаралар жасалып жатыр?
– Облыс прокуратурасының бастамасы бойынша ведомствоаралық 15 арнайы шағын топ пен 25 қоғамдық ұйымдардың 300 өкілі Тараз қаласының әр мектебінде жасөспірімдер қылмысының алдын алуға, саламатты өмір салтына арналған үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуге бекітілді. Мұндай жұмыстар аудандық, ауылдық жерлерде де ұйымдастырылуда. Әрбір «қиын» бала мен бас-басына би болған «серкелерді» тәрбиелеп, жұмысқа орналастыру мемлекеттік мекеме басшыларына жүктелді. «Қиын» балалардың көбісі жұмыссыз немесе жалғызілікті ата-аналардың отбасынан шыққандықтан оларды жұмысқа орналастыруға «Облыс іскер әйелдері ассоциациясы» қоғамдық бірлестігі іске тартылды. Бүгінде осындай 10 ата-анаға жұмыс ұсынылып, қиын жасөспірімдердің 3 анасы – Н. Кабанова, Е. Афанасьева және З. Қалиева жұмыс істеп жүр. Оқушыларды бопсалап, қорқыту мен ақша жинау фактісіне байланысты мектептерге жәшік қойылып, оның кілті прокурорға беріледі. Нәтиже жаман емес, бұл жұмысқа деген сенім артып, хат-хабар түсіп, ол бойынша тиісті іс-шаралар қолданылуда.
Бекітілген кесте бойынша қаланың әрбір шағын бөлігіне өздерінің әкімдері бар, прокуратура мен «Нұр Отан» партиясының өкілдері бар жасөспірімдердің ата-аналарымен кездесіп, түсінік жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге 44 ата-анаға және лауазымды азаматтарға балаларының тәрбиесінен бас тартқан жағдайда әкімшілік жазаға тартылатындары ескертілді. Сондай-ақ, 63 ата-анаға айып салынып, шектен шыққан кейбіреулері ата-ана құқынан айырылды.
– Мұның бәрі ұйымдасқан қылмыстық топтардың жастарға деген жаман ықпалын жойып немесе азайтып және оларды жиренішті істерге тартпауға негізделгені белгілі, әрине. Дегенмен, ҰҚТ бүгінде мектептерден ақша жинаудан қашқақтап, өздерінің бұл іске қатысы жоқ екенін жарнамалауға тырысып бағуда. «Суда балық жоқ» деген сияқты, бір басшылардан «Таразда «рэкет жоқ» дегенді де естіп қалғанбыз.
– Қылмыс орын алған жерде, әлбетте, қылмыскер де болады. Бірақ бұрынғыдай емес, барар жер, шығар тауы қалмай, өрістері тарылып келеді. Мысалы, Тараз қаласындағы екі мектептен үнемі ақша жинап келген ҰҚТ екі «серкесі» өздерінің қылмыстық әрекеттерінің ғұмыры қысқарып келе жатқанын сезіп, оңтүстік астанаға қарай жылыстағаны туралы ақпарат бар. Бірақ, олар құқық қорғау органдары жедел топтарының құрығынан бәрібір құтылып кете алмайды, бақылау жалғасуда.
Сонымен бірге, мынандай жағдайға да тоқтала кетсем деймін. Біз балалар мен жасөспірімдердің сана-сезіміне тәрбиелік мәні зор үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу тұрғысынан өте көп ұтылып отырмыз. Себебі, теледидарлар мен кинотеатрлар арқылы көрсетіліп жатқан «Вор в законе», «Бригада», «Рэкетир» сияқты көптеген өнер туындыларының режиссерлері өз қаһармандарын қарақшы, бірақ кедей-кепшіктерге қамқор Робин Гудтың деңгейіне көтеріп жібереді де, баукеспелік сияқты басбұзарлықты дәріптеп көрсетеді. Бұл өз кезегінде ұшқары ойлайтын ұшқалақ жастардың санасын улайды. Байды, бағыланды немесе олардың баласын ұрып-соқсам айып емес деген ойға ден қояды. Сөйтіп қылмыс әлемінің қаһармандарының қан-қасап өмірін романтика деп ұғады. Өздері де соларға ұқсап «ерлік» жасағысы келіп тұрады. Сөйтіп жүргенде тісқаққан «рэкетирлердің» құрығына түсіп, бармағын тістеп қалады.
– Бұдан шығаратын қорытынды, үлкенді-кішілі кәсіпкерлерді кеңес өкіметі кезіндегідей «бай-құлақ» деп жек көру ақылға сыймайды дейсіз ғой.
– Иә, біздің қоғамымызда байдың да, кедейдің де Конституциялық құқықтары бірдей. Оларды бөле жарып жақсы көруге немесе жек көруге болмайды. «Ала қойды бөле қырыққан жүнге жарымайды» демей ме, қазақта. Қайта қазір бай болғаныңа емес, кедей болғаныңа ұялып, күні-түні адал еңбек ететін заман. Әлбетте, ұрлық-қарлықсыз... Мысалы, облысымызда өткен жылы 65 ұрлық, 36 тонау, 12 қарақшылық шабуыл жасалған. Бұл ешқандай адамгершілікке жатпайды.
Айтпақшы, бай, бағыландар демекші, оларға да айтар уәж бар. Өйткені, жасөспірімдер тәрбиесіне кәсіпкерлер де үлес қосуы керек. Алайда, олардың кейбірі пайда табу үшін ел заңдарын қасақана бұзады. Мысалға, жақында «Жансая» шағын ауданына орналасқан «Ынтымақ» дәмханасынан түнгі беймезгіл уақытта 1995 жылы туылған А. Дерновой атты жасөспірім ұсталды және 21 жасқа толмаған азаматқа арақ сату оқиғасы анықталып, дәмхана иесі Ш. Назароваға қатысты ҚР ӘҚбК-нің 112-1, 163-4 баптарымен әкімшілік ісі қозғалып, сотқа жолданды. Мұндай әкімшілік шаралар Королева көшесіндегі 15-үй мен «Самал» шағын ауданындағы № 12 үйде орналасқан сауықтыру орындарының иелеріне де қолданылып, сотқа жіберілді. Жыл басынан бері арнайы әкімшілік сотымен барлығы 9 әкімшілік іс қаралып, олардың кәсіпкерлік қызметтері уақытша тоқтатылды.
Сондықтан біз мобильдік топтармен «Прокуратура туралы» ҚР Заңының 25-1-бабына сай түнгі сауықтыру орындары, дүкен, дүңгіршек иелеріне 36 алдын-ала ескерту беріп, оларға жасөспірімдерге қатысты заң талаптарын бұзған жағдайда жауапкершілікке тартылатыны туралы түсіндірдік. Сондай-ақ, облыстық салық департаментіне оқу орындары төңірегінде 100 метрден жақын орналасқан сауда орындарына және заң талаптарын қайталай бұзғандарға, спирттік ішімдіктерді сатуға рұқсат қағазын бермеу туралы ұсыныс енгіздік.
– Жақында Тараз қаласындағы №8 мектеп пен №44 мектептің бір топ оқушылары арасында төбелес болып, № 8 мектептің оқушысы мойнынан алған әлде шиша, әлде пышақ жарақатынан жедел жәрдем ауруханасында көз жұмды. Өзі бір үйдің әлпештеген жалғыз баласы екен. Куәлердің айтуларына қарағанда, әлгі қыршынынан қиылған боздақ №53 мектептен келген «ақша жинаушыларға» қарсылық көрсетіп, беттерін қайтарып жіберген көрінеді. Бірақ олар екінші жолы «шаш ал десе, бас алатын» нағыз басбұзарларды ертіп келіп, жазықсыз баланың қанын судай шашқан. Осы оқыс оқиғаға байланысты облыс әкімі Қанат Бозымбаев ІІД мекемесінде шұғыл жиын өткізіп, орын алған ауыр қылмысқа байланысты аталған мектеп директорларын қызметтерінен босатты. ІІД басшылары мен жауапты қызметкерлеріне де сын соққысы оңай тиген жоқ. Соған қарағанда мектеп инспекторларының кадрлық құрамын қайта қарауы керек сияқты ма, қалай өзі?
– Адам шығыны орын алып, ауыз күйген мектепке кім болса соны жібере салуға болмайды. Мысалы, қылмысқа бейім қиын жасөспірімдердің жасы 16-17 құрап отырған жағдайда, оған 20 жастағы нұсқаушыны жалғыз жіберу ақылға сыймайды. Біле білсек, мұндай нұсқаушылардың әуелі өзіне ақыл-кеңес, тәрбие керек. Мына бір сорақы мысалды алып қараңыз, №40 мектепке бекітілген жиырма жастағы М. Мұхамеджанов, Ю. Пучахов деген нұсқаушылар бір оқушының туысқанынан ақша бопсалаған. Қазір оларға қатысты қызметтік тергеу жүргізіліп, қызметтен босату жөнінде ұсыныс қаралып жатыр.
Өткен жылы прокуратура, ішкі істер органдары, әкімдік және білім қызметкерлерінен жасөспірімдер арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын-алу үшін 15 мобильдік топ құрылып, олар Тараз қаласындағы 52 мектепке бекітілген болатын. Бұл мектептерде 53 мыңнан аса бала оқиды.
Осы мобильдік топтармен үстіміздегі жылдың алғашқы айында өткен еліміздің құқық қорғау және мемлекеттік органдарының ведомствоаралық жиналысының шешіміне және облысымыздағы жасөспірімдер арасындағы қылмысқа қарсы күрес туралы бағдарламаға сай бірқатар жұмыстар атқарылды. Атап айтсақ, мобильдік топтармен №№ 41, 42, 43 және басқа да орта мектептерде жасөспірімдермен жасалынған қылмыстар ашылып, олар бойынша мамыр айында тергеу аяқталып, істері сотқа жолданды.
Оқу жылының аяқталуына орай, облыс прокурорының өкімімен 15 мобильдік топ Тараз қаласындағы барлық шағын аудандар мен «Сахпоселок», «Казпоселок», «Химпоселок» учаскелеріне бекітілді. Бұл топтардың негізі мақсаты – жасөспірімдер арасындағы топтасып төбелесудің алдын алу, қараусыз қалған балаларды анықтау, ішкі істер органдарымен бірігіп, әрбір шағын ауданда, қоғамдық орындарда түнгі рейдтер жүргізу. Себебі, соңғы кезде қаламызда бұзақылық, оның ішінде топтасып төбелесу жиілеп кетті. Мысалы, жыл басынан бері топтасып төбелескен 8 қылмыстық оқиға тіркелді.
Жасөспірімдер арасындағы топтасып төбелесуге барлық мемлекеттік органдар, әсіресе, учаскелік полиция инспекторлары, кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар, мектеп инспекторлары, әкімдіктер және мектеп директорлары мен мұғалімдер жауапты. Осындай жауапкершілікті прокуратура органдары да сезінеді. Балаларды тәрбиелеуде негізгі жауапкершілік ата-аналарға жүктелген, бірақ қазіргі таңда көптеген ата-аналар өз баласының тәрбиесімен айналыспайды. Мысалы, соңғы рейд қорытындысы бойынша балаларының түнгі сауық ойын-орындарында және үйден тыс жерлерде қараусыз жүргені үшін ҚР ӘБтК-нің 336-бабымен 6 ата-ана (жыл басынан бері барлығы 21 ата-ана) жауапкершілікке тартылды. Ал 5 айда балаларының тәрбиесімен айналыспаған 39 ата-ана ҚР ӘБтК-нің 111-бабымен әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
– Жап-жақсы Тараз қаласының атын жағымсыз тұрғыда танытып жүрген төбелестердің сыры неде? Жастарға не жетпейді осы? Әлде «Тамағы тоқтық, киімі көктік, аздырар адам баласын» деген Абай атамыздың аталы сөзінің кері ме?
– Ол да бар. Дегенмен, облыс прокуратурасы әрбір топтық төбелестің себептерін анықтап, оған баға береді. Кейде топтасып төбелесу жасөспірімдер арасындағы ерегістен табан астында туындаса, кейбір жағдайда төбелестің орын алуына ересектердің араласуы да мүмкін екені анықталды. Осыған байланысты, бүгінде әрбір шағын аудан бойынша бұрын сотты болған ересек немесе үстемдік көрсететін азаматтар есепке алынды.
Мысалы, бір ғана «Ақбұлақ» шағын ауданында бұрын сотты болған – 14, жазадан мерзімінен бұрын босатылған – 6, маскүнемдікке салынған – 19, нашақор – 12, жазаға шартты түрде сотталған – 8 адам тұрады екен. Прокуратура осы тектес құжаттарды әрбір шағын аудан бойынша жинап, оларға қатысты профилактикалық және жедел іздестіру жұмыстарын жүргізуде. Егерде олардың қылмысқа, оның ішінде жасөспірімдер арасындағы топтық төбелесті ұйымдастыруға қатысы бар екендігі анықталса, қатаң шара қолданылады.
– Қазір оқушылардың жазғы демалыс кезі. Сондықтан жасөспірімдердің бос уақытын мәдени іс-шаралармен, спорттық жарыстар ұйымдастырумен қамту жұмыстарына да көңіл бөлу керек шығар.
– Облыс көлеміндегі жасөспірімдер арасындағы қылмысқа қарсы күрес туралы бағдарлама талаптарына сай прокуратура органдары облыстық әкімдікпен бірігіп, облыс көлеміндегі ішкі істер органдарында есепте тұратын 350 қиын балалардың жазғы демалыс уақытын өз беттерінше өткізбеуі үшін демалыс лагерьлеріне, мектеп жанындағы лагерьлерге, әртүрлі үйірмелерге және спорттық секцияларға, еңбек отрядтарына тартты. Оның ішінде Тараз қаласы бойынша 56 қиын бала «Жасыл ел» қоғамдық ұйымына, 23 бала құрылыс отрядтарына және 63 бала әртүрлі спорттық секцияларға тартылды.
Айта кететін жағдай, мобильдік топтар аудандық прокуратуралар жанында да құрылған. Олардың жұмыстарын білу мақсатымен Шу, Меркі, Рысқұлов, Байзақ және Жамбыл аудандарында болып қайттым. Өйткені, осы аудандарда кейбір мектептерде қорқытып ақша жинау оқиғалары тіркелген болатын. Мысалға, Меркі аудандық прокуратурасы облыстық ІІД-мен бірігіп, № 9 орта мектептің ауласында мектеп оқушыларын қорқытып, бопсалап 6000 теңге алып жатқан кезінде 1993 жылы туылған А. Мырзақовты ұстаған. Бүгінде оның үстінен қылмыстық іс қозғалып, абақтыға қамалды, қазір тергеу амалдары аяқталуға таяу.
Сонымен қатар, жоғары және орта арнаулы оқу орындарындағы студент жастар мен жасөспірімдер арасында профилактикалық жұмыстар жүргізу мақсатында облыс прокуратурасы, облыстық ІІД-і, әкімдік және облыстық білім басқармасы қызметкерлерінен 7 мобильдік топ құрылып, профилактикалық жұмыстар атқарылуда. Мысалға, ішкі істер органдарымен атыс қаруын қолданып, адам денесіне жарақат келтіргені үшін Тараз политехникалық колледжінің 1 курс оқушысы, 1994 жылы туылған Абай Сұлтанов ұсталып, қамаққа алынды.
Ең бастысы, жасөспірімдер арасындағы қылмысқа қарсы қолға алынған кешенді шаралардың барлығы формальды түрде болмауы керек. Яғни, әрбір құқық қорғаушы, тәртіп сақшысы, нұсқаушы, директор, ата-ана, сынып жетекшісі осы өзекті мәселенің маңыздылығын жете түсінулері қажет. Сонымен бірге, тағдыр тәлкегі мен қиындығына тап болған бақытсыз ата-аналардан ат-тондарын ала қашпай, оларға тиісті көмек қолын созса деймін. Мысалы, ата-анасы араққа салынған жасөспірімдер маскүнем ата-анасынан безіп кете алмайды, іні-қарындастарын, тіпті әлгі топыраққа аунап жатқан әке-шешесін де шамасы жеткенше өздері асырауға тырысады. Осы жолда қате басып, шалт қимылдап, қылмысқа да баруы мүмкін. Міне, осындай отбасыларды анықтап, оларды қалыпты өмірге оралтудың мәні зор.
Халқымызда «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген сөз бар. Сондықтан мен айтып отырған жасөспірімдер қылмысының миллионнан астам жамбылдықтарға ешқандай қатысы жоқ. Жамбыл жәкеміздің атына лайық облыс халқы сондай қонақжай, сондай еңбекқор, сондай мейірім-шапағаты мол халық екен. Мынау анау елдің баласы, анау түген елдің баласы деп, «ала қойды бөле қырқу» деген жаман мінездері жоқ.
– Әңгімеңізге, рахмет.
Әңгімелескен Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Тараз.