Жақында футболдан Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасының биылғы маусымының жеребесі тартылды.
Чемпиондар лигасының екінші кезеңінен бастап жарысқа қатысатын былтырғы ел чемпионы Қостанайдың «Тобыл» командасының жолы Словакияның «Слован» клубымен түйісті. Осы кезге дейін өзара кездеспеген командалар енді 12 немесе 13 шілде күндері әуелі Братиславада, одан кейін 19 немесе 20 шілде күндері Қостанайда қарымта кездесу өткізетін болады.
Қостанайлық команданың қарсыласы 1919 жылы құрылған. 1939-1944 жылдары Словакияның 4 рет, 1945-1992 жылдар аралығында Чехословакияның 8 рет чемпионы атанған. 1962-1982 жылдар аралығында 5 рет ел кубогын жеңіп алған. Содан кейін Чехословакия екіге бөлініп, Словакия тәуелсіздігінің алғашқы жылдары «Слован» 3 рет кубокты жеңіп алса, 1994 – 1996 жылдары супер кубокты басына көтерген. 1993 жылдан бері Словакияның 5 рет чемпионы болған. Қазір команда ІІFHS рейтингінде 191-ші орында тұр.
«Слован» ойындарын 30 мыңнан астам адам сыятын «Тегельне поле» стадионында өткізеді. Осы күндері стадион күрделі жөндеуден өтіп жатқандықтан, команда қарсыластарын 13 мың көрерменге арналған «Пасиенки» стадионында қабылдап жүр.
«Тобылдың» қазіргі ойындарына қарап, «Слован» оған оңай шағылатын жаңғақ болмайтыны сөзсіз. Словакия клубын жеңіп, Чемпиондар лигасының келесі кезеңіне өтсе, қостанайлық команда үшін жаман болмас еді. «Слован» өткен жылы іріктеу турнирінің үшінші кезеңіне шыққан.
Ал Еуропа лигасының екінші іріктеу турнирінен бастап жарысқа қатысатын былтырғы күміс жүлдегер «Ақтөбенің» қарсыласы Венгрияның «Кечкемет» клубы болды. Бұл команда да өткен ғасырдың басында құрылған. Дегенмен, клубтың жасы биыл 100-ге келсе де, ұзақ жылдар ол үшінші және екінші дивизионда ойнаған. 2008 жылы ғана жоғары дивизионда ойнауға мүмкіндік алды. Команда биыл өз тарихындағы үлкен жетістікке жетті. Ел кубогын жеңіп алды. Одан бұрын 2007-2008 жылдары екінші дивизионның жеңімпазы болса, 1945-1995 жылдар аралығында төрт рет үшінші дивизионның бас жүлдесін иеленген. «Ақтөбе» мен «Кичкемет» командаларының ойындары 14 және 21 шілде күндері өтеді.
Қарағандының «Шахтері» Словенияның «Копер» командасымен кездесетін болып отыр. Бұл команда былтырғы ел чемпионатының қола жүлдегері атанған. Ал 2010 жылы ол Словения чемпионатын жеңіп, осы кезге дейін ел чемпионы атанған 5 команданың қатарына кірген.
Команда 1955 жылы құрылған. «Шахтер» мен «Копердің» алғашқы ойыны Словенияда 30 маусым күні өтсе, қарымта кездесу 7 шілде күні өтеді.
Келесі біздің бір командамыздың қарсыласы – Польшаның «Ягеллония» клубы. Бұл команда «Ертісті» өз алаңында 30 маусымда қабылдаса, 7 шілде күні Павлодарға «қонаққа» келеді. «Ягеллония» биылғы Польша чемпионатында төртінші орынды иеленді.
Дастан КЕНЖАЛИН.