• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
24 Маусым, 2011

Халықаралық көрме өндірісті өңірде

418 рет
көрсетілді

Облыс орталығында болып өткен бұл көрме «МinTech», «KazInterPower» деп аталатын тау-кен, ме­таллургиялық және көмір өндірісі технология­сының  құрал-жабдықтарының,  сонымен қатар энер­ге­­тика мен электр жүйелері техникаларының көрсетілім­деріне арналды. Индустриялық-инновациялық бағдарлама арқы­лы  өңірде бұл күндері жалпы құны 3 триллион 155 млрд.теңге тұратын 142 жоба жүзеге асырылуда. Бұл бағдарламаның мақсаты – өндірісті өңірде тағы да жаңа өндіріс орындарын салумен ғана шектелмей, құрал-жабдықтары тозып, ескіре бастаған бұрыннан келе жат­қан ірі кәсіпорындарды, электр стансаларын  за­ман­ға сай құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, модернизациялау, яғни, жаңарту, жаңғырту  жұмыстарын  жүргізу болып отыр. Сондықтан өндірісті өңір үшін бұл көрменің маңызы зор. Көрмеде Австрия, Австралия, Беларусь, Германия, Словакия, АҚШ, Украина, Финляндия, Ресей, Швеция мен Швейцария елдерінен келген кәсіпорындар шығарған құрал-жабдықтар көрсе­­­тілді.  Солардың бірі технологиялық желі арқы­лы түрлі аналитикалық зерттеулер жасай алатын қол шамадандағы шағын зертхана жер асты шахтала­рын­да, жазық далада, таулы жерлердегі экспедиция жұ­мыстарында өзіңізбен бірге алып жүруге аса қолайлы екен. –Жалпы, біз өз қаламыздың кен өндіру, металлургия, энергетика сияқты маңызды салалар бойын­­ша маманданған халықаралық көрме өтетін қалалардың біріне айналғанына қуаныштымыз. Көмір, ферро­қорытпа, электроэнергия мен мұнай, глинозем мен алюминийдің көп мөлшерлі пайыздары осы біздің өңірде өндіріледі, – деп атап көрсеткен облыс әкімі Бақытжан Сағынтаев. Мұндай көрмелердің облыс экономикасын дамытудағы маңызына тоқталды. Көрме сөрелерінде машина жасау, көмір өндіру саласының және шикізатты өндіру технология­ларының бірқатар құрал-жабдықтары орын алған. Сондай-ақ, көрмеде энергетикалық машина жасау, жылу және газбен жабдықтау жүйелері, техноло­гиялық процестерді басқарудың автоматтанды­рылған жүйелері бар. Көрменің алғашқы күнінде елімізде шығарылған «Volvo FMX» атты жүк тиеуші жол таңдамайтын, ұзақ жолдарға шыдамды, мәшинесі көрсетіліп, тұсаукесер рәсімі жасалды. Халықаралық көрме екі күнге созылды. Әріптестер өндірісті өркендетудің жаңа технологиялық жетістіктеріне сай бірге жұмыс жасауға арналған семинарға қатысып, ой-пікірлерін білдірді. Бұдан соң, көрмеге қатысушылар Екібастұз­дың  «Богатырь» көмір разрезі мен  ГРЭС-2 стансасын аралап көрді. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы.