Қарт Қаратау Қызылорданың Шиелі ауданына келіп тоқтайды. Біздің ауыл Қаратаудың етегіне орналасқан еді. Жаз шыға қойшылармен бірге тауға кететін едік. Ала жаздай таза ауамен тыныстап, ағарғанды қанып ішіп қайтатынбыз. Таудың Майшы дейтін жері бар. Көк майса қалың өсетін, шөбі шүйгін, малға жайлы жер болатын. Сол жерде жыл сайын қойшылардың тойы болады. Қойшы жұрт жылына бір рет бас қосып, мәре-сәре болып, бір жасап қалатын. Қойшылардың тойы кәдімгі мейрамнан кем өтпейтін. Жан-жақтан жиналған өнерпаздардың өнері тамашаланып, бәйге беріліп, көкпар тартылып, аста-төк дастарқан жайылып кереметке бөленетін.
Бала кезге аз-кем саяхаттаумыздың себебі бар. Қойшылардың тойы болатынын жұрттың бәрі біледі. Ал балықшылардың тойы дегенді естідіңіз бе? Бұрнағы күні Арал ауданының Көкарал су тоспасында балықшылардың тойы өтті. «Балықшылық қасиетті өнер» атты семинар барысында балық шаруашылығы, өнімді арттыру, балықшы өмірін жақсарту, теңізді толтыру секілді келелі мәселелер талқыланды.
Алдын ала айтайық, бұған дейін балықшылардың тойы өтпеген. Бұл тұңғыш рет ұйымдастырылып отыр. Тәуелсіздіктің жиырма жылдығына орайластырылып ұйымдастырылған шараға жиырма киіз үйі тігіліпті. Арал ауданындағы балықшылардың барлығы осында жиналыпты. Жиынның тек той тойлау емес екені барған беттен-ақ көрінеді. Осыдан 90 жыл бұрын Ленин жарықтық Аралдың жұртына өз қолымен хат жазды. Аштыққа ұрынған халыққа балық жеткізіп беруді өтініпті. Оны таспаланған тарихтың өзі айтып отыр. Сонда аралдықтар бір күнде тонналаған балықты Ресей асырған екен. Балықшылар тойында сол кезде пайдаланылған құрал-жабдықтар қойылыпты. Былай қарасаң, қарапайым ау, қаза, қармақпен бір күнде 16 тонна балық ұстау миға сыйымсыз сияқты. Бірақ сенбеске лажың жоқ.
Балықшының лашығына кірдік. Шөптің тамырларын топырақпен араластырып салынған бәкене бойлы лашықтың іші сап-салқын. Лашықтың айналасына резеңке етік, балықшының басқа да бұйымдары ілініпті. Жаңа ғана теңізден келгендей әсер етеді. Қысқасы, балықшылар тойында өткен тарих та, бүгінгі күн де бедерленіпті.
Осы жиынға арнайы барған облыс әкімі Болатбек Қуандықов балықшылардың ерен еңбегін ерекше атап өтті. Сонымен бірге, бұл шараны алдағы уақытта облыстық шеңберде өткізіп, балықшылар мен балық шаруашылығымен айналысатын компаниялардың келіссөз аймағына айналдыру керектігін баса айтты. Одан бөлек, Көкарал су тоспасына қатысты ойымен де бөлісті. Көкарал су тоспасын көтеріп, теңіз деңгейін жеті метрге дейін биіктетсе, Арал қаласына дейін су барып, алыс ауылдардың халқы аудан орталығына қайықпен қатынайтынын, балық шаруашылығының дамитынын жеткізді. Аралдық ағайындар әкімнің ұсынысын ерекше ілтипатпен қабыл алды. Балықшылар қауымымен сөйлескенімізде, олар да Көкарал су тоспасын биіктетуді айтқан. Бекет биіктесе, су көбейеді де, бір деңгейлі теңіз қалыптасады. Сонымен қатар, үлкен Аралға берекесіз кетіп жатқан балықтар да осында қалады.
Мереке барысында теңізге кеме түсті. Балық қорын сақтауға арналған 4 кеме мен 20 қайық керуен жасады. Теңізді айнала жүзіп, керемет көрініске бөледі жұртты. Жиын барысында облыс басшысы мен аудан әкімінің балықшыларға сый-кәдесі жасалып, құрмет грамоталары табыс етілді.
Ержан БАЙТІЛЕС.
Қызылорда облысы, Арал ауданы.