• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
24 Маусым, 2011

Жақсы дәстүр жалғастығы

451 рет
көрсетілді

Кеше, бұқаралық ақпарат құралдары қызмет­керлерінің кәсіби мерекесі – Баспасөз, теледидар және радио күні қарсаңында «Нұр Отан» халық­тық-демократиялық партиясының журналистер арасында жарияланған «Нұр Сұңқар» респуб­ли­калық байқауының қорытындылары жарияланды. Жеңімпаздарды марапаттау салтанаты Астананың Конгресс-Холл сарайында өт­ті. Дәстүрге айнала бастаған бұл шараға Қа­зақстанның барлық аймақтарының жур­налистері, Парламент депутаттары, Қазақстан Журналистер одағы мен Бас редакторлар клубы өкілдері қатысты. Жеңімпаздар «Нұр Отан» партиясы­ның, депутаттар мен депутаттық фракциялар қыз­меті жайлы жарияланған үздік сарапт­амалық материалдар, сонымен қатар, партияның ай­мақтардағы қызметін үздік жариялағандар, партияның бастамаларына айрықша көз­қа­рас білдіргендер, үздік фото және бейне ма­териалдар арасынан таңдалып, анықталды. Биылғы «Нұр Сұңқар» байқауының бас­ты ерекшелігі: оның Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойы­на орайластырылғаны болды. Мерейтой жур­на­лис­тер үшін өте қызықты тақырыпқа айналды. 200-ден астам республикалық және аймақтық БАҚ өкілдері байқауға өз жұ­мыс­тарын ұсынған болатын. Сонымен қатар, сайыскерлердің жұ­мыс­тарында «Нұр Отан» партиясы қыз­метінің түрлі қырлары көрініс тапты: пар­тияның барлық маңызды мемлекеттік бағ­дарламалар мен жоспарларды бақылау жұмысын кү­шейтуі, сыбайлас жемқор­лық­пен күрес, қа­зақ­стандықтардың әлеу­меттік мәселелерін шешуі, партиялық ба­қылау бекеттерінің, қоғамдық қабыл­дау­лардың, бастауыш партия ұйымдарының жұмысы және нұротандық­тардың басты назарындағы тағы басқа көп­теген мәселелер. Байқау жеңімпаздарын құттықтай келе, «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Нығматулин: «Биылғы «Нұр Сұңқар» байқауы еліміздің басты мерекесі – Қазақстан Республикасы Тәуелсіз­дігі­нің 20 жылдығына арналып отыр. Тәуел­сіз­дік – барша қазақстандықтар үшін маңызы зор тарихи мейрам. 20 жылда біздің еліміз әлемдік жоғары беделі бар қуатты мемлекетке айналды. Бұл – Елбасымыз, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың үлкен еңбегінің, халқымыздың әл-ауқатын арттыруға, елімізді дамытуға бағыт­талған саясатының нәтижесі екені сөзсіз. Осының барлығы Қазақстан журналис­тика­сының дамуына да үлкен мүмкіндік берді», – деп атап өтті. Он сегіз номинация бойынша жеңім­паз­дар атанған қаламгерлерге белгілі қоғам қайраткерлері, өнер адамдары «Нұр Сұңқар» байқауының жеңімпазына арналған белгі мен бағалы сыйлықтар табыс етті. «Біздің депутат» номинациясы бойынша әріптесіміз Жақсыбай Самрат пен «Казахстанская правда» газетінің тілшісі Ольга Казанцева жеңім­паз деп танылып, бәйге алды. Басқа номинациялар бойынша «Хабар» агенттігінің тілшісі Тілеуқабыл Мыңжасар, «Ашық студия» бағдарламасының жүргізушісі Нұрлан Ерімбетов, Zona.kz және Minber.kz интернет-га­зетінің тілшілері Жұмабике Жұнысова мен Есенгүл Кәпқызы, «Литер» газетінің тілшісі Владимир Катков, «Хабар» агенттігінің Павлодар облысындағы тілшісі Салауат Игіліков, «Хабар» агенттігінің астаналық бөлімі­нің тілшісі Наталья Илюхина, «Айқын» газетінің тілшісі Айхан Шәріп, «Время» газетінен Геннадий Бендицкий, тележүргізуші Дина Төлепбергенова, «Индустриальная Караганда» басылымының тілшісі Оксана Мягких, «Ақтау ақпарат» газетінің тілшісі Кәм­шат Әбдірайым, «СТВ» арнасы бас редак­торының орынбасары Виталий Попов, «Қа­зақстан» ұлттық арнасының тілшісі Айбек Қобдабай, Президент баспасөз қызметінің операторы Бақтыбай Шаханов, «Нұр-Медиа» ЖШС-нің фототілшісі Советбек Мағ­зұмов алды. Барлық байқау жеңімпаз­дары «Нұр Сұңқар» мүсіні, арнайы диплом және ақшалай сыйлыққа ие болды. Өткен жылдағыдай, биылғы байқауда да арнайы жүлде тапсырылды. Бұл сәт сал­танатты рәсімнің шарықтау шегіне ай­нал­ды. Нұрлан Нығматулин осы сыйлық биыл Қазақстан Республикасы Тәуелсіз­дігінің 20 жылдығына арналға­нын жария­лады. Оның иегері белгілі жур­налист, «Хабар» агентті­гінің тілшісі Нұр­лан Оқа­ұлы атанды. Ол арнайы мүсін­ше мен дип­ломға қоса, пәтер кілтін иеленді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ. Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.