• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
24 Маусым, 2011

Қоғамнан қолдау тауып отырған қадам

385 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасы Пре­зи­денті­нің жанындағы Қазақ­стан Стра­тегиялық зерттеу инс­ти­ту­тын­д­а Ислам Конфе­рен­ция­сы Ұйы­­мын­дағы Қазақстан бас­шы­лығы үшін күн тәртібі» та­қы­рыбындағы әлеуметтік зерт­теу нәтижелерінің және осы институт қызметкерлері да­йын­даған «Қазақстан және Ислам Конференциясы Ұйымы» атты ұжым­дық моно­графиялық ең­бек­тің таныстырылымы өтті. Ислам Конференциясы Ұйы­мы – мұсылман елдері­нің ірі әрі ықпалды халықаралық ұйымы болып та­былады. Ұйым ислам қоғамының ауызбіршілігін арт­ты­руды, саяси, экономикалық, әлеу­меттік мәселелерді бірлесе шешу мен мәдениет және ғылым салаларындағы ты­ғыз қарым-қатынасты жандандырып, ұйым­ға мүше мемлекеттер мен басқа да елдердің арасындағы ынты­мақ­тастық пен өзара түсіністікті нығайтуды көздейді. Қазақ­стан­ның Ислам Конференциясы Ұйы­мына төрағалық етуі 2010 жылғы ЕҚЫҰ төрағалығы кезіндегі міндетін табысты тәмамдағаннан кейінгі еліміздің сыртқы саяси бел­сенділігінің табиғи жалғасы іспетті. «Қазақстан және Ислам Конференциясы Ұйымы» атты ұжымдық кітап төрт бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім Ислам әлемінің бірігуі және ұйымның құрылу тарихы, бүгінгі әлемдегі ИКҰ-ның рөлі, ұйымның құры­лымы, қосалқы және арнаулы мекемелер, ұйым ісіндегі негіз қа­лыптас­тырушы құжаттар, мақсат пен мұрат нысаны, ИКҰ және халықаралық ұйымдар дейтін тақырыптарды қамтиды. Екінші бөлім «Қазақстан және Шығыс мұсылман елдері» деп аталады және мұсылман мем­лекеттерінің өмір тарихын жан-жақты баяндайды. Үшінші бөлім «ИКҰ және ТМД елдері» деп ата­лады. Мұнда ұйым­ның бұрын­ғы кеңестік жүйе­ден босап шық­қан мемлекеттермен байланысы қарасты­рылған. «Қазақстан ИКҰ жүйесінде» деп аталатын төртін­ші бөлімде еліміздің ИКҰ төраға­лығынан кейінгі салмағы мен алда кездесетін мәселелер, ислам қар­жы саласы және оның ауқы­мы мен даму келешегі деген секілді маңыз­ды мәселе­лерге жауап боларлық тақырыптар қозғалған. Сондай-ақ кітаптың таныс­ты­ры­луымен қатар, Қазақ­стан Рес­публикасы Президентінің жанын­дағы Қазақстан Стратегиялық зерт­теу институты мамандары жүргізген әлеу­меттік зерттеудің нәтижесі де көпшілік назарына ұсы­ныл­ды. «Ислам Конферен­ция­сы Ұйы­мын­дағы Қазақстан басшылығы үшін күн тәртібі» дейтін тақырыпта жүргізіл­ген әлеуметтік зерттеу ел азамат­тарының дені бұл ұйым­дағы біздің төрағалық қызметімізден көп­теген жақсылық­тар күтетін­ді­гін көр­сетіп отыр. Мәселен, діни-саяси бағыт­тағы мәселелер, эко­номикалық байланыс мүмкінші­лі­гінің жандануы секілді мәселе­лерге қазақстандықтар шынайы қызығу­шылығының басым екендіктерін танытқан. Осы зерттеуде қоғамдық пікірмен қатар, сарап­шылардың да пайымы есепке алынып отыр. Іс-шараға Қазақстанның мемлекеттік және тәуелсіз талдау құры­лымдарының жетекші маман­дары, БАҚ өкілдері, сонымен қатар, Алматы қаласындағы бірқатар жетекші жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Бұл таныстырылым Астана қаласында 2011 жылдың 28-30 мау­сымы аралығында өтетін Ислам Конферен­циясы Ұйымы Сырт­қы істер министрлері кеңе­сі­нің 38-сессиясында болатын Қазақстанның ИКҰ төрағасы қызметін бастау рәсімі қарса­ңында өткізіліп отыр. Қанат ЕСКЕНДІР. Алматы.