«Көшпенділер» трилогиясындағы таңырқарлық тылсымдар хақында
Ақмола өңірінің көркем шежіресі, нақты дерегі, мөлдіреген сурет-кескіні, тұрмыс-салты мен жер-суының бедерлері, тіпті аң-құстары мен өзге де табиғи тылсым сырлары әр жылдары жарық көрген әралуан еңбектерде тайға таңба басқандай етіп кестеленгені мәлім. Әрине ғылыми-танымдық еңбектердегі жарияланым бір басқа да, ал көркем әдебиеттің жемсауындағы жақұттар жүрекке тым жақын тартатыны айтпаса да түсінікті. Ал кез келген шығармадан Ақмола аймағын қаймақтай қалқып алып, тамсана жырлауға тағы мүмкіндік жоқ. Өйтудің қажеті да шамалы ғой. Бізді аңсатқаны – Ақмоланың көне заманғы тұрпатынан, тіршілік иірімінен, табиғи флорасынан, ұлы көтеріліс кезіндегі (Кенесарының ұлт-азаттық көтерілісі) тарихи таңбалы қым-қуыт сәттерінен, т.б. алмағайып заман құстырған запыранды жылдардың уайым-қайғысынан өзек жарып өте білген тұтастай осы өңірдің өмір сүруге қақылы бүкіл болмысынан мол дерек беріп, қанағат сезімін тудыратын, сөйтіп бүгінгі Астана атырабының арғы атасындай болып ту-уу арыдан елестеніп, бертінге берекелі үмітпен ертегідей боп жеткен нулы да дулы, сұсты да сұлу өлкенің арғы-бергі нышандарын көз алдымызға дөңгеленте қоятын құдіретті сөз кестесі тоқылған «Көшпенділер» трилогиясын ( авторы – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты І. Есенберлин) санамен саралап өткенде жад жаңғырып, сезім сергектене түсетіндей.
Осы күнгі Қараөткел маңының ХІХ ғасырдың орта шеніндегі табиғи қалапына көз жүгіртіп көрелікші. «Әлі ыстығы толарси қоймаған Жазтоқсанның аяқ кезі еді. Қызғалдақ, сарғалдақ, бақбақ, лала, жаушымылдықтар гүлденіп бітіп, бетеге, көкпек сарғылт тартып, итмұрын, жуа, қарабауыр, жалбыз, қара қарақат, қызыл қарақаттар қата бастаған. Арқа жерінде сирек кездесетін түйе тікеннің жапырақтары түсіп, сабы серейіп, басы домалана ербиіп, шытыр, қарабауыр, шырғанақ тарамыстана түскен». Иә, Жазтоқсанның аяқ кезі – өз атымен меңзеп тұрғандай, тамыздың соңы болғаны-ау. Яғни, жаздың жайдарман кейпі кейінге лықсыған, сонда да сұлулық сылдырмағын қолынан тастамай, маңайын көңілді әуенге бөлеген, ажарының қайта бастағанына қынжылмай есесін үстемеленген гүл-бәйшешекті гүлзарымен толықтырып, хас сұлудың сыланғанындай қайталанбас елес-хошымен бой балбыратып, марқайтып та маужыратқан, әне-міне, қызығы тарқағалы жатқан қимас шағы екен ғой! Қашан да кетер қызық қимастық шоғын қоздатады. Қимастық, өз кезегінде өмір мәнін ұғыну болса керек. Қанша қимасаң да өмір үзілері даусыз. Ал көкірек көмбесінде қатталған табиғаттың сұлу да паң, кербез де кермиық, кермек те керімсал, бәтір-ау, тіпті ойқы-шойқы, шұбалаңқы дерліктей, бірақ бірегей жанға жағымдылығымен-ақ тіршіліктің қуат көзіндей лағыл тылсымдарымен жүректі жылытып жіберетініне тәнті болмасқа шараң жоқ.
Енді «есенберлинше» еске түскеніне елегізи тояттап, бүгіннің бүктемесіндегі бұрынғы Ақмоланың берекелі аймағын бағамдап көрсек ше? Негізінен бетегелі – селеулі және жусанды – далалық өсімдік жамылғысымен көмкерілген екен. Өзен аңғарлары мен көл қазан шұңқырларының төңірегінде шалғындық өсімдік басым тарапты. Өрлеу тұсында қарағай, қайың, көктерек, түрлі бұталар өседі. Қазір қарасаңыз, бүгінгі Астананың сыртқы аймағын белдеулей орап 55 мың гектардан астам жасыл орман жайқалып өсіп келеді. Елбасы Н.Ә. Назарбаев осы жазда әдейі сол алқапты аралап көріп, саясында самалдап, өз қолынан түрлі құс пен жануарларды еркін бағымға жіберіп, орман көлемін тағы да еселей түсу керектігін болашақ міндет ретінде қойды. Мерейлі міндет. Жаңа астананың жасыл желегін желкілдетуге ғашық та машық жандардың қолынан әбден келетін мархаббатты іс. Қысқаша айтқанда, Елбасының қуаттап, қолдаған «Жасыл ел» бағдарламасының қайтарымы. Бір қуанарлығы сол, мамандардың айтуынша, бүгіндері бұрын тек Есіл, Нұра өзендерінің бойын ыстық жазда сағалап демалушылар, енді әлгі жасыл тоғайды паналап, оның саф ауасымен тыныстап, емін-еркін сайрандай алса керек. Бір мықтап ескерерлігі, тосын қауіп – оттан сақ болған абзал. Бетін аулақ қылсын, түйнектен тамырлатып түбір жайдырған әр талдың бойлап өскенін салақсып тастаған бір темекі ұшқынымен өртке жалмату қас қағымдағы қайғы ғой. Соған абай болайық!
Тағы да «есенберлинше» електен өткізіп көрсек: «Есіл өзенінің жағасында ойдым-ойдым боп бітетін тал, шетен, сарыағаш, қайың, аршалардың жазғытұрымғы жасыл жапырақтары сарғылттанып, ал кейбіреулері үнемі соққан желдің екпініне шыдай алмай сыйдия қалған». Міне, шұбатылған мол белдеулі бүгінгі жасыл аймақтың да күзгі көрінісі сол бедерлі кезеңнің елесін көз алдыңнан көлбетіп өткізетіндей...
Әрірек дендеп оқысақ: «... Есіл өзені жазғытұрым тасығанда кішігірім көл болып қалатын қамысты қарасулардың беті мен жағасы құсқа толы». Еріксіз ойға жүгінесіз. Көңіл дүрбісі бүгінгі аспалы көпір доғаша иіліп түскен Сарыарқа даңғылының сол иінін тінткілеп кетеді. Есілдің сан тарам сағасы суыртпақталған тұсында бүгін осы заманғы талаппен көрікті жағалау безендірілген. Әрегідік шоқ-шоқ қамыс басы сыбдырлап, бауырында жарыса жүзген балапанды құстар көз құртына айналған. Демек бұрынғының бүгінгіге үзілмей жеткен құс-бунағының өзі өмір құйысқанындай жараса кеткеніне тамсанбай тұра алмайсыз. Енді кезектестіріп, өткеннің өмілдірігін өрбітелік: «Бұл арада кішкентай көкторғай, бөдене, көксерке, жағалтай кекілік, балтатұмсық, шілден бастап, үлкендігі анау-мынау қозы-лақтан кем емес, қарақаз, бірқазан, дуадақ, қарабай, қырғауыл мол болатын». Неткен байлық! Құс базарының нарқын байытқан ғажап несібе, көзге құмарлық үйіріп, маңайына сұлулықтың соны пердесін ысырған, ынта суырған көкжиек. Қазір қалай екен? Сол күйінде кәдемізге жарап жүр ме екен? Әй, қайдам?! Есілдің әрірек жетеленіп жұтылатын қуықтай сілемдеріндегі болар-болмас құс қаңқылы сол өткен дәуреннің дәнегіндей түйірімен жарылқаса жарар еді-ау! Жасыратын несі бар, қу таяқ ұстап қалғандаймыз ғой...
«Көшпенділердің» әр жолынан көрімдік сұрарлықтай көркемдік легі түзіле береді: «... қазақ даласының өзге жерінде сирек кездесетін жайра, тағанақ, сақалта, алақұмай, көк қарға, қодас қоңылтырды да іздеген адам табатын. Көлдерінде қаз-үйрек, аққу, қарақу тыным алмай сыңсып ән салатын». Бірсыпырасының түрін көрмек түгілі, атын естімегенімізді мойындауға тура келер. Сол себепті Есіл жағалауындағы бұрынғы құс базарының орнын сипап қалғанымызға өкінгеннен басқа шарамыз жоқ, әрине.
Енді трилогиядағы аңдар галереясына назар аударалықшы: «... қазақ даласында жайшылықта мол кездесетін қоян, қасқыр, түлкі, қарсақ, борсық, суыр, ақтиін, күзендерден басқа, бұл арада ақкіс, қарағанның қара түлкісі, қырдың қызыл түлкісі: көл, өзендерінің жағасында сусар, құндыз, бұлғын да ұшырайды. Кейде әлдеқалай жем іздеп келген сілеусін мен шиебөрі де кездеседі...»
Бұған қарап, бұрынғы Ақмоланың аймағын Есіл жағалап аң қаптап кеткен екен деген жеңіл көзқарас және қалыптаспағаны жөн шығар. Аң атаулы қазіргі жаңа астана түскен сол жағалаудың «Хан шатыр» орын тепкен арғы ойдым-ойдым көлдердің саясында өріп жүргенін өзге де жазбалардан оқығанымыз бар. Бәлкім, ерте заманғы Бозақтың өрлеу-қыратындағы сыңсыған жынысында ақбөкен, елік, арқар, сілеусін, қасқыр, түлкі, қарсақ, суыр, борсық, қоян, ақкіс, құндыз, ақтиін, су егеуқұйрығы бүгінде қонысын улы-шулы шаһардан сайын даланың терең түкпіріне аударғанына таңғалып, түңілгеніміз жүдә жараспас. Уақыт тезі де. Дүние жаратылысы бәз-баяғы күйінде тұра бермейтіні тағы ақиқат ғой. Десек те кешегісіз бүгін жоқ. Сол кезеңнің тұнған берекесін алақанға қайыра салуға деген құмарлық тежелмейді-ақ. Тежеліс болмаған жерде тегеурінді іс тетігі қозғалысқа енеді...
... Осыдан екі ғасырға жуық уақыт бедерінде Ақмола жағалауындағы өсімдік атаулы құлпырып, аң-құстың базары бар нақышымен жайнап жатқан тұсты «Көшпенділерден» оқып, көзге елестеткенімізде қуаныш билеген көкірегіміз қыз-қыз қайнаған. Табиғат байлығының көкжиегі тарылмасыншы. Мүмкін, сол береке-құт қазіргі елорда аймағын орап белдеуленген жасыл аймақта өзгеше қырынан көркейіп, жалғасын табар? Елбасы жуырда сонда – он үш жылғы жас орманшыққа құс ұшырып, аң жіберді емес пе еркіндікке. Қиялдан жүйрік не бар. Енді он үш ғасырдан соң мың сан мақамдағы сол орманның сыңсыған үніне құлақ түретін ұрпақтар неткен бақытты еді!..
Қайсар ӘЛІМ.