«Тәуелсіздікке 20 жыл: Қазақстан жолы» деген тақырыппен Семей мемлекеттік педагогика институтында дөңгелек үстел өткізілді. АҚШ, Оңтүстік Корея, Ресей және Қазақстан ғалымдары қатысқан алқалы жиында егемен еліміздің 20 жыл ішіндегі әлеуметтік-экономикалық салалардағы жетістіктерімен бірге, болашақтағы даму бағыттары талқыланды.
Дөңгелек үстелге қатысушылар аталған институттың ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Ескендіровтің, Қазақстан педагогика ғылымдары академиясының президенті, педагогика ғылымдарының докторы, профессор А.Құсайыновтың, Том мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры А.Ситникованың, Алтай мемлекеттік педагогикалық академиясының профессоры П.Шептенконың, Джионгсанг (Оңтүстік Корея) ұлттық университетінің вице-президенті, профессор Тэ Джонгтың, Питтсбург (АҚШ) мемлекеттік университетінің Орталық Азиядағы зерттеулер орталығының профессоры Чунг Лидің және тағы басқа білікті ғалымдардың тәуелсіз Қазақстанның 20 жыл ішіндегі жүріп өткен жолы туралы сындарлы сөздерін зейін қоя тыңдады.
Қазақстандағы адам капиталының сапасы туралы сөз қозғалғанда Кореядан келген қонақ Джонгсанг ұлттық университетінде екіжақты келісім нәтижесінде оқып жатқан Семей педагогикалық институтының студенттері туралы жылы лебіз білдіре кетуді ұмытпады.
Дөңгелек үстелге қатысушылар еліміздің өткен 20 жыл ішіндегі жетістіктерін бірауыздан Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен тығыз байланыстырды.
Дәулет СЕЙСЕНҰЛЫ.
Семей.