• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
24 Маусым, 2011

Сенат өз міндетін толық орындады

317 рет
көрсетілді

Парламент Сенатының Төрағасы Қайрат Мәми төртінші шақырылған Парламенттің төртінші сессиясының қорытындылары бойынша баспасөз мәслихатын өткізді. Төрағалық қызметке кіріскеннен бері журналистермен алғаш рет кездесіп тұрғанын айтқан Қайрат Мәми одан әрі төртінші сессия жұмысында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Өздері­ңіз­ге белгілі, деді ол, 30 маусымда төртінші шақырылған Парла­мент­тің төртінші сессиясы өз жұ­мысын аяқтайды. Сенаттың осы сессиядағы қызметі негізінен Ел­ба­сының «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Жолдау­ын­да белгіленген стратегияларды, сондай-ақ мемлекеттің сыртқы және ішкі саясатындағы маңызды міндеттерді орындауға бағыттал­ған шараларды құқықтық тұрғы­дан қамтамасыз етуге арналды. Барлығы 140 заң қабылданды. Мұның өзі мемлекетіміздің саяси, әлеуметтік-экономикалық тұр­ғы­дан одан әрі дамуын қамта­ма­сыз етудің құқықтық базасын нығайтуға елеулі септігін тигізді деп ойлаймын. Одан әрі Төраға қоғамдық-сая­си маңызы бар бірқатар заң­дар туралы айтып өтті. Мәселен, Кеден одағы мен Бірыңғай эко­номикалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің қызметін реттейтін халықаралық келісімдер мен шарттар жан-жақты талқыланып, дер кезінде қабылданды, деді ол. Шағын және орта бизнесті, кә­сіпкерлік белсенділікті қолдау мақ­сатында заңнамаларға әкім­ші­лік кедергілерді азайту мен ли­цензиялық-рұқсат беру жүйесін оңайлату жөніндегі өзгерістер енгізілді. Сыбайлас жемқорлықпен күресті одан әрі күшейтуге ба­ғыт­талған мемлекеттік орган­дар­дың бақылау-қадағалау қыз­меті саласындағы нормативтік-құқық­тық база жетілдірілді. Атап айт­қанда, тексеру түрлері және оны жүргізуді ұйым­дас­тыру тәртібі белгіленіп, мемлекеттік басқару органдарының өкілеттігі мен рұқ­сат беру қыз­метін қайталауға, кеңейтуге әке­ліп соғатын ережелер алынып тасталды. Мүлік құқықтарын қорғау, бәсекелестікке бірдей жағдайды қамтамасыз ету саласындағы заң­намалар қатары жетілдірілді, деп жалғады сөзін Қ.Мәми. Осы мақсатта қолданыстағы заңдарға бизнес пен жеке меншiктi тартып алуға (рейдерлiкке) қарсы өзге­рiстер мен толықтырулар енгi­зіл­ді. Заңды тұлғаның меншік құқы­ғын қорғауды толық қамтамасыз ету мақсатында Қылмыстық кодекске рейдерлік әрекет үшін қыл­мыстық жауаптылықты қа­рас­тыратын жаңа бап қосылды. Ипотекалық несиелеу және тұтынушылар құқығын қорғау, қаржылық қызмет көрсету жө­ніндегі заңдар қаржы саласын­да­ғы инфрақұрылымды дамытуға бағытталды. Заңнамаларға элек­тронды ақша мәселелері жөнінде енгізілген өзгерістер аясында қар­жы нарығында жаңа «қаржы» өнімі пайда болып, электронды сауданың негізі қаланды. Уақыт талабы мен қоғамның сұранысына орай гуманитарлық-құқықтық стратегия саласында құқықтық кеңістік қалыптасты. Бұл мәселе бойынша қабыл­дан­ған заңдарда азаматтардың құ­қық­тары мен мүдделерін қамта­ма­сыз ету жөніндегі негізгі қағи­далар бекітілді. «Адамдарды қо­ғам­нан уақытша оқшаулауды қам­тамасыз ететiн арнаулы мекемелерде ұстау тәртiбi мен шар­т­та­ры туралы» заң жобасы қабылданды. Еліміздің кейбiр заңнамалық ак­тi­лерiне қылмыстық заңнаманы одан әрi iзгiлендiру және қыл­мыстық процестегi заңдылықтың кепiлдiктерiн күшейту мәсе­ле­лерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзілді. Қазіргі кезде қылмыскерлерге қолданылатын бас бостандығы­нан айыру түріндегі жазалардың едәуір азайтылуына байланысты, халықаралық тәжірибелерді енгізуге, сондай-ақ айыпталушылар­дың мінез-құлқын, шартты түрде сотталғандар мен шартты түрде мерзімінен бұрын босағандарды бақылау ісін жетілдіруге баса назар аударылып отыр. Мемлекет басшысының «Қа­зақ­стан Республикасында құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы мен 2010 – 2020 жылдарға арналған Құқықтық саясат тұжырымдама­сында айқындалған бірқатар ма­ңызды міндеттерді жүзеге асыру­ға бағытталған заңдар қабылдан­ды. Олардың қатарында Қазақ­стан Республикасының сот жүйе­сі мен судьяларының мәртебесі, сот приставтары туралы Заңға өзгерістер енгізу туралы, «Құқық қорғау қызметі туралы», «Медиация туралы» заңдар бар. Қоғамдық қауіпсіздікті қамта­ма­сыз ету мақсатында, құқық қорғау қызметі мен сот жүйесінің тиімділігін арттыру үшін ішкі істер органдары мен прокуратура органдарының қызметін жетілдіру мәселелері жөнінде заңна­маларға өзгерістер енгізілді. «Республикалық бюджет ту­ра­лы» заң жобасын қарастырған­да, мемлекеттің әлеуметтік міндеттері туралы шығындарға қа­тыс­ты көп өзгерістер болған жоқ. Тек әлеуметтік әлсіз топтарды қолдау, әлеуметтік тұрғын үйлер салу, бюджет саласында еңбек ететіндердің еңбекақысын артты­ру сияқты стратегиялық маңызды шығыстар ғана арттырылды. Одан әрі Төраға сессия ба­ры­сында тек Сенаттың өкілеттігіне жататын мәселелер бойынша, мә­се­лен, Жоғарғы Сот судьяларын сайлау және басқа жұмыстар да атқарылғанын ауызға алды. Заң шығару жұмыстарының жоспары туралы айтқанда, күзгі сессияға төрт заң жобасының ғана қалға­ны мәлім болды. Сенатқа ұсы­ныл­ған қалған құжаттар қысқа мер­зімде тиісті сапада қабыл­данды, деді ол. Сондай-ақ Төрағаның сөзінен Премьер-Министрдің, мемлекеттік органдар мен ведомстволар басшыларының атына сенатор­лар­дың халықтың әлеуметтік мә­селелерін шешуге байланысты 200-ге жуық депутаттық сауал жолдағаны белгілі болды. Олар бойынша қандай шаралар қол­данылғаны туралы 13 маусым күнгі Үкімет отырысында депу­тат­тардың қатысуымен талқылау өтті. Талқылау барысында депутаттар заң шығару процесіне қа­ты­сушылардың істерін үйлес­ті­руді жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар айтты, деді Қайрат Әбдіразақұлы. Сонымен қатар, сессия бары­сында сенаторлардың өздеріне қа­тысты халықаралық істерге, со­ның ішінде парламентаралық ұй­ым­дардың жұмыстарына белсене қатысқаны атап көрсетілді. Бізде екіжақты байланыстар бойынша 32 топ, ал парламентаралық ұй­ымдар желісі бойынша 14 топ жұмыс істейді, деді Төраға. Сө­зі­нің соңында ол кеше ғана Әлем­дік және дәстүрлі діндер Хат­шылығының 10-шы отырысы болып өткенін қаперге салды. Алдымыздағы 19 тамызға бел­гіленген Сенаттың кезекті сай­лауында 16 сенатордың сайланаты­ны белгілі. Осыған байланысты Қ.Мәми сайлауға түсетін әріп­тесте­ріне жеңіс тілейтінін жеткізді. Осыдан кейін Сенат Төрағасы журналистердің көптеген сұрақ­тарына жауап берді. Баспасөз мәслихатының соңында Қ.Мәми журналистерді кәсіби мерекесі – Баспасөз, телевизия және радио күнімен құттықтап, олардың ең­бектеріне табыс, шығармашылық жаңа жетістіктер тіледі. Сонымен қатар, Парламент жұмысын насихаттауда белсенді қызмет атқар­ған бірқатар басылымдардың бас­шылары мен журналистеріне Алғыс жариялады. Олардың қа­тарында «Егемен Қазақстан» га­зетінің журналистері де болды. Жақсыбай САМРАТ.