Астанада грек-рим күресінен Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Кубогы жолындағы ІІ халықаралық турнир аяқталды.
«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-тың бас демеушілігімен, Туризм және спорт министрлігінің қолдауымен өткен турнир бас-аяғына дейін қызықты және тартысты өтті. Онда құрамалар екі топқа бөлініп, «А» тобында Қазақстан-2, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзірбайжан мен Венгрия командалары күш сынасса, «В» тобында түйе балуан Нұрмахан Тінәлиев бастаған Қазақстанның бірінші құрамасы, Оңтүстік Корея, Жапония, Қытай мен Беларусь балуандары белдесті. Осы топтарда үздік шыққан төрт команда жартылай финалда кездесіп, шешуші сынға жолдама алды. Сөйтіп, жартылай финалда қарсыластарынан есе жіберген Қазақстан-2 құрамасы мен Оңтүстік Корея балуандары үшінші орын үшін белдессе, финалда Қазақстанның бірінші құрамасы Венгрия командасымен кездесті.
Осы екі кездесу де білікті бапкер Мұратбек Қасымханов басқаратын құрамаларымыз үшін оңай болған жоқ. Әсіресе, финалда біздің балуандарымыз бен бапкерлеріміз біраз қара терге түсті деуге болады. 7 салмақ дәрежесінде өткен финалда Қазақстан-1 командасы қарсыластарын 4:3 есебімен жеңіп, бас жүлдеге ие болды. Бұл бәсекеде Асхат Құдайбергенов (55 кг.), Асхат Ділмұхаммедов (74 кг.), Алмат Кебісбаев (60 кг.) пен аса ауыр салмақтағы Нұрмахан Тінәлиев венгрлерді жеңсе, Дархан Баяхметов (66 кг.), Алзахор Өздиев (84 кг.) пен Марғұлан Әсембеков (96 кг.) есе жіберіп алды. Финалда Тінәлиев пен Дик-Бардос Михалидидің белдесуі тартысты өтті. Сол күні екі алыптың күресіне дейін таблода есеп 3:3 болып тұрды. 74 кг. салмаққа дейін Қазақстан құрамасы 3:1 есебімен жеңіп жатқан болатын. А.Өзиев пен М.Әсембековтің жеңілісі венгрлерге есепті теңестіруге мүмкіндік берді. Алайда, біздің түйе балуанның намысқа тырысып, соңғы сәтте венгрді алып соққанда «Дәулет» спорт кешеніне жиналған мыңдаған жанкүйерлердің ес-түсі кетті десе болады. Осы кезде Нұрмахан өзіне лайықты батыр деген атты тағы да дәлелдеді. Ал үшінші орын үшін кездесуде Қазақстан-2 құрамасы Корея балуандарын 5:2 есебімен ұтты. Біздің командада Нұрбақыт Теңізбаев (60 кг.), Айбек Еңсеханов (66 кг.), Әсет Әділов (74 кг.), Жанарбек Қабдолов (84 кг.), Есенгелді Жалғасбаев (120 кг.) жеңіске жетсе, Бекжан Мырзалиев (55 кг.) пен Жасұлан Сыдықов (96 кг.) есе жіберді. Сөйтіп, қола жүлдені иеленген екінші құрамамызға 10 мың АҚШ доллары, екінші орындағы Венгрияға 15 мың АҚШ доллары, ал бас жүлдені жеңген Қазақстан-1 командасына 25 мың АҚШ доллары табыс етілді. Ал қалған командаларға 5 мың АҚШ долларынан таратылды.
Осы турнирде қазақ балуандары тек біздің екі құрамамызда ғана емес, шетел командаларының сапында да өнер көрсетті. Мысалы, Қытай құрамасында Ғылымбек Қанапияұлы, Есжан Мұхтаржан белдессе, Беларусь сапында бір жылдан бері осы елдің азаматтығын алған Ербол Қалабаев күш сынасты. Ол білікті бапкер Сапуновтан тәлім алған көрінеді. Тағы бір айтатын нәрсе, турнирге халықаралық күрес қауымдастығының президенті Рафаэль Мартинетти мырза да келген болатын. Ол осы мүмкіндікті пайдаланып, еліміз күресін өркендетуге қосқан үлесі үшін бір топ азаматтарға FILA орденін табыс етті. Сөйтіп, FILA-ның «Алтын» ордені Туризм және спорт министрі Талғат Ермегияевке, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров пен білікті бапкер Вадим Псаревке берілсе, «Күміс» орден еңбек сіңірген жаттықтырушы Таңат Сағындықовқа, Күрес федерациясының вице-президенті Рая Үдербаева мен бапкер Мұхтар Абдулинге табыс етілді. Ал «Самұрық-Қазына – Астана» қорының бас директоры, даңқты балуан Дәулет Тұрлыхановты Рафаэль Мартинетти құрмет пен достықтың белгісі ретінде FILA-ның төс белгісімен марапаттады.
Дастан КЕНЖАЛИН.