Кеше Сыртқы істер министрі Ержан Қазыханов Қазақстанға ресми сапармен келген Сербия Республикасының Мемлекеттік хатшысы Иван Мркичпен кездесті.
Кездесу барысында тараптар екі елдің арасындағы экономикалық ынтымақтастықтар, мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту мәселелерінің өзекті мәселелері бойынша пікір алмасты. Сонымен бірге үкіметаралық комиссияның отырысында қаралуға тиісті мәселелерді талқылады. Оның негізгі бағыттарын 2010 жылдың қазан айында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Сербия Президенті Борис Тадич соңғының Астанаға ресми сапармен келген жолындағы екіжақты кездесуде анықтаған еді.
Сол сапарында Елбасы Н.Назарбаев пен Б.Тадич Астанада Сербия Республикасының елшілігін ашу туралы келісімге де қол жеткізген болатын.
Кеше, Сыртқы істер министрі Е.Қазыхановпен болған кездесуден шыққан соң Сербияның Мемлекеттік хатшысы Иван Мркич сол тапсырманы орындауға келгенін де мәлім етті. Елшілік Сербия мен Қазақстан арасындағы берік байланысқа дәнекер болар деген сенімдеміз, деді ол журналистерге.
Кеше кешкілік осы Елшіліктің салтанатты ашылу рәсімі болды. Ол елордадағы қымбат қонақүйлердің бірі «Рэдиссонда» есігін ашты.
Жақсыбай САМРАТ.