• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
25 Маусым, 2011

Сарабдал саясаттың салтанаты

246 рет
көрсетілді

Ел газеті «Егемен Қа­зақ­стан­ға» жүктелер жауапкершілік те, артылар міндет те көп. Со­лардың бірі – тәуел­сіздік тари­хын жазу, ел шежіресін қалып­тастыру. Өткен жылы «Елбасы» кітабы осын­дай оймен дай­ын­далған болатын. «Егемен» баспасы ел өміріндегі ерекше белес – Қазақстанның Еу­­ропа­да­ғы қауіпсіздік пен ын­ты­мақтастық ұйы­­мына төр­ағалық етуіне, Астана Сам­митінің тамаша та­быс­пен өтуіне ар­налған мақа­ла­лар мен сұх­бат­тардан тарихшы­лар­дың, саясат­та­ну­шы­лардың, дипломат­тар­дың, журна­лис­тердің игі­лігіне жа­райтындай «Салтанат» ата­латын кітап құрасты­р­ды. Кітап аты Елба­сы­мыз Н.Ә.На­зарбаевтың «Ас­­тана Сам­митін өткізу – бү­кіл Қа­зақстан хал­қының сал­танаты» деген сө­зінен алын­ған. Онда ЕҚЫҰ-ға төрағалық пен Саммит өткізу, Президентіміз айт­­қандай, «бү­­кіл ел та­рихын­дағы ең ма­ңызды әрі аса ауқымды шара» екендігі нақты дә­лел­денген, Елбасы­ның осы іс­тегі тарихи еңбегі, егер әр нәр­сені өз аты­мен атасақ – қа­зақтың етектегі басын төрге, төр бол­ғанда да Еуропа төріне шы­ғарып берген ерлігі айшық­ты ашылған. Журналистер мерекесінің ал­дында бас газет қызмет­кер­ле­рінің шығармашылық ізденісімен көркем безендіріліп, са­­па­лы қағазға басы­лып, жа­рық көрген жаңа жинаққа жа­зыл­ған алғы­сөзді оқыр­ман наза­рына ұсы­нып отыр­мыз. Сөз ретін пайдаланып, «Салтанат» кі­та­бына Сол­түстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов пен «Жеті жар­ғы және Қожа­бер­ген жы­рау» қо­рының төр­аға­сы Бекет Тұр­ғараев демеушілік жаса­ға­нын разы­лық­пен ай­тып, ардақты азаматтарға ал­ғысы­мыз­ды жеткіземіз. Әдетте маңызды жаңа­лық­тың бәрін жұрттың алдымен телеарналардан естіп-білетініне біз әбден үйренгенбіз. Ол заң­ды да. Газет, қанша дегенмен, таңертең шығады ғой. Ал телеарналар түннің бір уағына дейін хабар тарата береді. Сөйтсе де, бір таң қаларлығы, Қазақ­станның Еуропадағы қауіпсіз­дік және ынтымақтастық ұйы­мына төрағалыққа сайланғаны жайында сүйінші хабарды біз­дің халқымыз алдымен телеарналардан естіген жоқ, газеттен, атап айтқанда, «Егемен Қазақ­станнан» оқып-білді. Ол қалай болған дейсіз ғой? Қазақстан төрағалығы жө­нін­дегі шешім 2007 жылғы 30 қараша күні, ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы істер министр­лерінің Мадридтегі кеңесінде қабылданғаны белгілі. Министрлер аса маңызды бұл шешімге кешкі сағат сегізге жақын­дағанда дауыс берген. Испания астанасына арнайы жіберілген тілшіміз қуанышты хабарды ал­дымен телефонмен жеткізгенде Еуропамен уақыт айыр­масына байланысты Астанада сағат түнгі бір болып қалып еді. Бұл кезде біздегі телеарналардың біразы хабар таратуын аяқтап, аяқтамағандары жаңалықтар қызметін тоқтатып, қазақшасын елу пайызға толтырудың қамы­мен түнгі ұзақ-сонар концерттерге кірісіп кеткен. Содан жур­налисіміз қонақүйге жеткенше, материалын тергенше, электронды поштамен бергенше, оны біз көргенше, тексергенше, бетке салғанша сағат тілі түнгі үшке тақап қалды. Таңғы төрттің төңірегінде газетке қол қойдық. Бірінші бет­тің маңдайшасына «Сарабдал саясаттың салтанаты» деп жар­қыратып жаздық. Сөйтіп, хал­қы­мыз Қазақстанның Еуропа төріне көтерілгенін алдымен та­ңертеңгі газеттен оқыды. Өзінің тоқсан жылдан асатын тағылымды тарихында қашанда елдіктің сөзін айтумен келе жат­қан «Егемен Қазақстан» біз­дің мем­лекетіміздің Еуропадағы қауіп­­сіздік және ынтымақтастық ұйы­мына төрағалық етуінің, бұл Ұйым­ның 11 жылдан бері ша­қырылмай келе жатқан Саммиті­нің Астанада өтуінің мән-маңы­зын жеріне жеткізе жаза білді дей аламыз. Оны оқырман наза­ры­на ұсынылып отырған мына көлемді жинақ айқын дәлелдейді. Кітап беттерінен сіз еліміздің ЕҚЫҰ төрағалығына ниет та­ныт­қан тұсынан бастап, 2010 жылдың соңында Астана Саммитін өткізген кезіне дейінгі уақыт аралығында газетімізде жария­лан­ған сан алуан мақалаларды, шетелдік репортаждарды, сұхбат­тарды оқисыз, Қазақстан төраға­лығының әлемді таңдандыр­ғандай табысты өтуінің сырына қаныға түсесіз, Астана Сам­миті­нің шын мәнінде саламатты ой-ниеттің салтанатына айналу сырын ұғасыз. Қай мәселеге де мемлекеттік тұрғыдан қарар бол­саңыз, тәуелсіздік туын тіккенімізге жиырма жыл да толмай жатып Қазақстанның әлемдік деңгейдегі осындай биік тұғырға көтерілген тұңғыш азиялық мемлекет, тұңғыш ТМД мемлекеті, тұңғыш халқының негізгі бөлігі мұсылман дінін ұстанатын мемлекет, тұңғыш түркітілдес ұлт ұйыстырып отырған мемлекет болуы біз үшін шын мәнінде бөлекше бақыт, баянды бақыт екенін бағамдайсыз. Баянды бақыт болатыны – бұл бүкіл елдің бақыты. Кітап материалдары сізді еліміз үшін, Елбасымыз үшін мақ­таныш сезіміне бөлентеді. Ел­басымызбен мақтанғанда біз еліміздің халқы үшін алдымен мақтанамыз. Жалпы, халқы­мыз­да кісі тану, адамды айыра алу ежелден бағалы қасиет санала­ды. Қазақстан халқы 1991 жыл­ғы 1 желтоқсаннан бері кісі тану­дың кереметін көрсетумен келеді. Осы жиырма жылдың ішінде ел халқы дәйім Нұр­сұл­тан Назар­баев­тың жұлдызын жоғарыдан жандырумен болды. 2011 жылғы 3 сәуірдегі кезектен тыс президенттік сайлауда Қа­зақстан хал­қы танытқан азамат­тық белсенділік, Елбасын дәл мұндайлық қолдау шын мәнінде елдік ерлігіне айналды. Елім, жерім деген, елдің, жердің қамын жеген ерге сену, таңдаған азаматымыз адас­тырмайды, алға бастайды деп қиын күндерде де соңынан еру халқымыздың мемлекетшіл мінезін, бірлікшіл бол­мысын сан мәр­те айқын айғақ­тады. Ал сол қиын күндер­ден өткен, бүгінгі берекелі заманға жеткен халық­тың бұл сайлауға түгелге жуық келуі, Елбасыға түгелге жуық дауыс беруі әбден көкейге қонады. «Әр халықтың басшысы өзіне лайықты болады», деген сөз бар. Тарихтың тағдырдың тар кезе­ңін­де Қазақстан аспа­нына Назарбаевтай азаматты алып шы­ғуын­да ғажайып әді­лет­тілік жатыр. Қазақтың маң­дайына маңдайы жарқыраған Нұрсұл­тандай перзент бітуінде, оның ғасырлар тоғысында, мың­жылдықтар межесінде ел билігіне келуінде ғажайып заңдылық жатыр. Жылдар өтеді. Назарбаев феноменін тарихи зерденің терең талдауына салатын уақыт та жетеді. Болашақтың саясат­танушы­лары, философтары тұлғаның ел тарихындағы атқарар рөлі тура­лы толғанатын сол тұста Назар­баевтың Қазақстан Республикасы атты мемлекетті құрудағы, оны әлемге танытудағы жеке-дара ең­бегі жайында жасампаздық жұ­мыс­тың жарқын мысалы ретінде жазатын болады. Назарбаевтың есімі әлем та­ри­хынан ойып тұрып орын ала­тыны мына жайдан да көрінеді. Қазақстан төрағалығы арқылы Еуропа мен Азияның арасын­дағы, Батыс пен Шығыстың ара­­сындағы, христиандық пен мұ­сылмандықтың арасындағы мы­ң­даған жылдар бойы қа­лыптас­қан алып дуалды, қалың қабыр­ғаны құлату үдерісі бас­тал­ды. Нұрсұл­тан Назарбаев­тың әлем­дік саясаткер ретіндегі тын­дырар ең ірі ісі де, әлемдік тарихта қал­дырар ең ірі ізі де осы болуы мүмкін. Оңай­лықпен біте қой­майтын, тіпті ондаған жылдар­дың ішін­де де аяқтала қалмай­тын бұл үде­рістің де әуелде қазақ дала­сында бас­тал­ғанын, оны қазақ баласы бастағанын алғыс­­кер адамзат разылықпен еске ала­ры­на, біз­дің ұрпақ­тары­мыз мақ­таныш­пен айта­рына сенгіміз келеді. Ал бұл ұлы үдеріс 2010 жылы – еліміз Еуропа­дағы қауіп­сіз­дік және ынты­мақтас­тық ұйы­мына төр­аға­лық еткен жылы басталған. Қазақты Еуропа төріне алып шыққан, ЕҚЫҰ Саммитін та­бысты өткізу арқылы айдыны­мызды тасытып, абы­ройы­мыз­ды асырған сол жыл­дың орасан мәнді оқиғалары кітапхана қо­рында ғана сақ­талатын сарғай­ған газет тігінділерінде қалып қоймасын, мем­­лекет шежіресін құрас­ты­ру­ға, тәуелсіздік тари­хын жазу­ға бас басылымның бір үлесі болып кітап күйінде топталып тұрсын деп осы жи­нақты ал­дыңызға тарттық, ар­дақты ағайын! Қабыл алыңыз. ЕҚЫҰ-ға Қазақстан төраға­лығы – Тәуелсіздіктің жиырма жылында біздің елімізде жасал­ған жасампаздық жұмыстың жарқын жемісі, Елбасымыз Нұр­сұлтан Әбішұлы Назар­баев­тың басшылығымен жүзеге асы­рылған сарабдал саясаттың сұлу салтанаты. Сондықтан біз­дің кітабымыз да «Салтанат» деп аталады. Сауытбек АБДРАХМАНОВ, «Егемен Қазақстан» рес­пуб­ли­калық газеті» акционерлік қоғамының президенті.