• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
28 Маусым, 2011

Күзде кубок қайта келеді

390 рет
көрсетілді

Өткен жылы елімізде тұңғыш рет Қазақстан Бокс федера­циясының кубогы жолындағы жарыстың өткізіліп, ол бокс десе делебесі қозатын мыңдаған жанкүйерлердің қолдауына ие бол­ғанын білеміз. Жақында біз биыл екінші рет өткізілгелі жатқан жарыстың маңызы, оның ерекшеліктері туралы еліміздегі бокс бәсекелерін ұйымдастырушылардың бірі, Бокс федерациясының әйелдер ұлттық құрамасы және төрешілер жұмысын үйлестірушісі Берік МЫРЖЫҚПАЕВПЕН кездесіп, әңгімелескен едік. – Бокс федерациясының ку­бо­гы өткен жылы басталған жа­ңа жоба ғой. Оның мақ­саты мен маңызы туралы ай­тып берсеңіз. – Ең алдымен біз осы мүм­кін­дікті пайдаланып, «Егемен Қазақ­стан» газетіне алғыс айтқымыз ке­леді. Өткен жылы сіздер жа­рыс­қа ақпараттық жағынан қолдау көрсе­тіп, өз үндеріңізді қосып отыр­ды­ңыз­дар. Биылғы жылы да біз ата га­зеттің ақпараттық қол­дауын күте­міз. Өйткені, жарыс­тар­ды, бокс туралы барлық нәр­сені ел-жұрт сіздер ар­қы­лы біледі. Мұндай жарыс­тар біз­дің аға буынға жақсы таныс. Кеңес одағы кезінде Қазақстан кубогы өт­к­ізі­ле­тін еді. Содан кейін ол кө­рін­бей кетті. Осы жерде біз Бокс фе­де­рациясының президенті Тимур Құ­лыбаевқа алғысымызды білдіргіміз келеді. Тимур Асқарұлы кубок жа­ры­­сының керек екенін, оны қайта жал­ғастыру керектігін ай­тып, аз ға­на уақытта Қазақстан Бокс феде­ра­циясы кубогы жолын­дағы жарыс­ты өткізу мәселесін шешіп берді. Биыл федерация кубогы қыркүйек айында Бакуде өтетін әлем чем­пиона­ты­нан кейін баста­ла­ды. Яғ­ни, 2 қазан мен 16 жел­тоқсан аралы­ғында өтеді. Жа­рыста биыл да 4 дивизион бола­ды. Батыс өңіріндегі бәсе­келер 2 қа­зан­да, шы­ғыста 4 қазанда, оң­түс­тік­те 7 қазан­да, солтүстік ди­ви­зионда 9 қазанда жалау көте­реді. 10-16 қазан­да және 24-30 қа­зан ара­лығында боксшы­лар де­ма­лады. Қа­зан айы­ның ба­сын­да өз диви­зио­нын­да жең­ген командалар 21-23 күн­дері бір-бірімен кездеседі. Одан кейін 4 қа­рашада батыс пен шығыс, 6 қа­рашада оңтүстік пен солтүстік өңір­лерінің жеңім­паз командалары жар­тылай финалда қолғап түйісті­ре­ді. Осы сын­да жеңген командалар 16 жел­тоқсан күні финалда кездеседі. Жарыстың мақсаты туралы айтсам, 2007 жылы елімізде 18900-ден астам жастардың бокспен айна­лы­са­­тыны, оларды 690 бапкердің жат­тық­­тыратыны туралы ақпар алған едік. Бірақ, бір қызығы осыншама жас­­тар бокспен айналысып жүрсе де ауыр және басқа салмақтарда бәсе­келестік деген мүлдем болма­ған еді. Аталған жарысты өткізудің бір мақ­саты осы мәселеге арналып отыр. Яғни, елімізде қанша адам­ның бокс­пен айналысып жатқанын, оларды қанша бапкердің жаттық­ты­ратынын білу. Құрғақ санға сенбей, бокстың жергілікті жерде да­муы­на көз жеткізу. Жалпы, Бокс федера­ция­сына Ти­мур Құлыбаев президент болып келгелі бері өңір­лер­де спорттың осы түрі жақсы да­мып келеді. Егер бұ­рындары Қазақ­стан құ­ра­масына кірмей қалған боксшылар 1 жыл кезегін күтіп, жа­рыстардан сырт қала­тын болса, қазір мұндай жағдайдың бол­май­ты­нына сенімдіміз. Кубок жо­лын­дағы жарыстың негізгі мақ­саты да осы, оны ел чем­пионаты сияқ­ты лайықты деңгейде өткізіп, талант­ты, жарыстарда бір ұпай са­нымен жеңі­ліп қалған бокс­шыларды сырт­та қал­дырмай, олардың сағын сын­дырмау үшін қайта­дан өзін дәлелдеуіне жағ­дай жасау. Тағы бір мәселе, жан­күйерлердің санын кө­бейту бар. – Жарыстың биылғы ерекшеліктері қалай болады? –  Осы жылы біз легионер­лер­дің қызметінен бас тарттық. Өйт­кені, жарыстың өзі оларды қол­дау­ға емес, өңірдегі боксты дамы­ту­ға арналған. Екінші ерекшелік, төрешілер жеңген боксшыға бұ­рынғыдай 3 ұпай емес, енді 1 ұпай беретін болады. Өткен жы­лы кубоктың финалында Астана мен Оңтүстік Қазақстан облысы құрамалары кездескенде, есеп 5:5 болып аяқталып, жеңіс астаналық боксшыларға берілгенде көп жан­күйерлердің күдігін туғызған еді. Осы жағдайды қайталамау үшін біз енді жеңімпазға бір ғана ұпай береміз. Егер командалардың есебі тең болса, онда кездесудің тағдырын аса ауыр салмақтағы боксшылар шешетін болады. Кубоктың жеребесі қыркүйек айында тартылады. Біздің ойы­мыз­ша, өткен маусымдағы кемшіліктер ескерілген соң биылғы жарыс жо­ғары деңгейде өтуге тиіс. Ол үшін федерация барлық жағ­дайды жасауда. Қазір федера­ция­ның қолға алған та­ғы бір жұмысы – ұлттық құра­ма­ны жақсарту екенін білесіздер. Та­лант­ты жастар­ды негізгі ко­мандаға ша­қы­рту жүріп жатыр. Со­сын бокс­шы­лар мен бапкер­лердің жала­қы­сын өсі­ру, оларға сыйақы беру, дәрі­гер­лер мен төрешілердің жағдайын шешу бәрі-бәрі федер­ацияның жұ­мы­сы. Федерация бас­шылығы елімізде боксты дамыту үшін жақ­сы жоба­лар­ды іске қосты. Бокс мектептерін ашу, төрешілерді да­йын­дау, жа­­рыс­тарды халықара­лық та­лап­тар­ға сай өткізу, ғы­лыми-меди­циналық жетістіктерді пайдалану сияқты жұ­мыс­­тар істелінуде. Қазір федер­ация­ның то­лық жүйесі құ­рылды, жұмы­сы реттеліп, 4 құ­рама жасақ­талды. – Қазақстан Бокс федера­ция­сының кубогын жасөс­пі­рімдер арасында өткізу жоспарда бар ма? – Бұл өте өзекті мәселе. Осы мәселе бізге өңірлерден келетін ұсыныстардың ішінде бар. Мұны алдағы уақытта шешеміз деп ойлай­м­ын. Өйткені, жақын арада Астанада тұңғыш рет 15-16 жасар 500-ден астам боксшылар қаты­са­тын жасөс­пірімдер арасында әлем чемпиона­ты өткізіледі. Ол 22 шілде мен 30 шілде аралығында «Қазақ­стан» спорт сарайында өте­ді. Балалар осы­­ған дайын­далу­да. Біз алдымен әлемдер чемп­ио­натын өткізіп алған­ды жөн көріп отырмыз. Ал басқа­сын болашақ көрсетеді. Со­ның ішін­де әйелдер ара­сындағы жа­рыс та бар. Әйел­дер демекші, қазір біздің құра­ма­да әлем чемпиона­ты­ның күміс жүлдегері Марина Вольнова, Азия чемпиондары Жайна Шәкір­бекова мен Дариға Шә­кімова, жас­өс­пірімдер арасындағы әлем чем­пионы Айдана Арап­бай, жастар ара­сындағы әлем чемпионатының қола жүлдегерлері Назым Төлеуова мен Назым Қы­зайбай бар. Оларды білікті бапкер Вадим Присяжнюк жат­тықты­рады. Жалпы, ұлттық құ­ра­ма жастар, жасөспірімдер мен әйел­дер коман­дасына федерация та­ра­пынан қол­дау­дың бәрі көрсетіліп жатыр. Олар­дың бәрі экипиров­ка­мен, қа­зіргі заманға сай спорттық киімдермен қамтылған. Болашақта Алматы облысында Бокс академия­сы ашы­ла­ды. Осы жерде боксшы­лары­мыз жаттығып, төрешілер мен бапкерлерге арналған семинарлар өткізі­леді. Бір сөзбен айтқанда, бокс үшін барлығы болады. – Келесі жылғы Олимпиа­да­ға Қанат Ислам бара ма? Осы­ны көп адам білгісі келеді. – Бұл мәселе де шешімін та­бады деп ойлаймын. Қазір Туризм және спорт министрлігі мен Бокс федерациясы Қанатты Лондонға апару үшін қолда бар жағдайдың бәрін жасап жатыр. Барлық құжат­тарды тапсырдык. Бұл мәселе 10-15 күнде шешіліп калар. Ал әзірше бізде Олимпиадаға бір жолдама бар. Оны Қанат Әбутәліпов алға­нын білесіздер. Енді басқа жолда­маларды Бакуде өтетін әлем чем­пионаты таратады. Әңгімелескен  Дастан КЕНЖАЛИН.