Алматы қаласындағы Достық үйінде жас әлеуметтанушылардың бірінші форумы өз жұмысын аяқтады. Қазақстан Республикасы Әлеуметтанушыларының 4-ші конгресі аясында өткізілген бұл шараға жас әлеуметтанушы ғалымдар, докторанттар, магистранттар мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың проректоры, әлеуметтану ғылымдарының докторы, профессор Шолпан Жаманбаланованың айтуынша, аталған форум Қазақстандағы әлеуметтанудың стратегиялық тұрғыдан одан әрі дамуы үшін маңызды. «Форум жас, жігерлі ғалымдардың басын біріктіретін, кәсіби әлеуметтанушылар мен жас ғалымдар арасында пікір алмасуға лайықталған, дәстүрлі алаң болады деп ойлаймын», деді ол журналистерге берген шағын сұхбатында.
Форум аясында кішігірім және ірі қалалардағы жастардың субмәдениеті, Қазақстанда жаңа саяси мәдениетті қалыптастыру жолдары, орта мектептерде діни білім беру, елдегі әйелдердің кәсіпкерлігі, заманауи әлеуметтік білім беру, т.б тақырыптар талқыланды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Қоры жанындағы Жас ғалымдар кеңесінің төрайымы, әлеуметтану ғылымдарының докторы Гүлмира Әбдірайымова жастар әрқашан күш-жігерімен, шығармашылық белсенділігімен ерекшеленетіндігін, әлем өзгеріп жатқан тұста елдің ғылыми әлеуетін көтеру жүгі ең алдымен осы жас ғалымдардың мойнына артылатындығын тілге тиек етті.
– Ғылым әрқашан да маңызды. Қазіргі модернизация кезеңінде ол табысқа жетудің маңызды бір бөлігіне айналады. Жаңа идеялар, мүмкіндіктер мен мазмұндылық – бұл қазіргі жас ғалымдарға қойылар талап. Бүгінгі кездесу отандық ғылымға үлес қосып жүрген жастардың әлеуетін арттыруға серпін береді деп ойлаймын. Біз сіздерден тек ғылыми зерттеулердің қорытындыларын ғана емес, қазақстандық қоғамның экономикалық және әлеуметтік мәселелеріне қатысты да ерекше ұсыныстарды күтеміз, – деді Г.Әбдірайымова жас әлеуметтанушы мамандар алдында сөйлеген сөзінде.
Шара барысында жас әлеуметтанушылардың еңбектері қорытындыланып қана қоймай, түрлі сұрақ-жауап алмасулар мен пікірталастар жүргізіліп, тәжірибе бөлісу, ұсыныс жасау секілді жас мамандардың қабілет-қарымдары да көрініс тапты. Сондай-ақ Форум соңында резолюция қабылданып, жас әлеуметтанушылар қауымдастығының жетекшісі сайланды.
Білім және ғылым, Мәдениет министрліктерінің және Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп отырған жас әлеуметтанушылардың бірінші форумын Қазақстан әлеуметтанушылар қауымдастығы ұйымдастырды.
Қанат ЕСКЕНДІР, Алматы.