Ислам Конференциясы Ұйымына Қазақстанның төрағалыққа кірісер қарсаңында Иордания Хашимиттік Корольдігінің Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі, доктор Слайман АРАБИЯТҚА жолығып, бірқатар сұрақтар қойған едік.
– Елші мырза, ИКҰ-ның құрылуы туралы және оның негізгі мақсаттары туралы өз көзқарасыңызды білдіруді өтінеміз.
– Ислам Конференциясы Ұйымының мақсаты адамзаттың барлық құқықтары мен бостандықтарын, соның ішінде Ислам құндылықтарын қорғауға бағытталған. Сондай-ақ, ол Ислам мемлекеттері арасындағы өзара туыстық, ынтымақтастық байланыстарды жақсартуды көздейді. Мүше мемлекеттердің еркіндігі мен бостандығын сыйлай отырып, оның аумақтық тұтастығының сақталуын қолдайды. Ортақ мүдделерді қорғау үшін әлемдік саяси, экономикалық және әлеуметтік үдерістерге мүше мемлекеттердің белсенді қатысуын қамтамасыз етеді. Осы мақсаттарды іске асыру үшін Ұйымның 25 институты құрылған. Соның бірі – Ислам даму банкі бүгінгі таңда белсенді қызмет атқаруда. Оның аймақтық өкілдігі Алматы қаласында да ашылған. Банк Қазақстанның бірнеше маңызды жобаларын іске асыруға қатысты.
Ұйымның Жарғысы бар, оның соңғы нұсқасы 2008 жылы Дакар қаласында болған 11-ші саммитте бекітілді. Басқару құрылымдары туралы айтатын болсақ, ол біршама үлкен. Соның ішінде ең жоғары органы – Ислам саммиті. Ол мүше елдердің мемлекет басшыларының саммиті. Ол әрбір үш жылда мүше мемлекеттердің бірінің аумағында өткізіліп тұрады. Оның күн тәртібі мен оны өткізуге қажетті шаралардың бәрі Бас хатшылықпен бірлесе отырып, Сыртқы істер министрлерінің кеңесінде талқыланып бекітіледі. Ал сыртқы істер министрлері кеңесі жылына бір рет өтіп тұрады. Биыл ол 28-30 маусымда Астана қаласында өтеді.
– Ұйымның құрылуына Иордания Хашимиттік Корольдігі қаншалықты атсалысты?
– Иордания Хашимиттік Корольдігі осы ұйымды құруға белсене қатысқан мемлекеттердің бірі болып табылады. Иерусалимнің батыс бөлігі 1967 жылға дейін Иордания мемлекетінің аумағына енетін еді. «Алтыкүндік соғыс» нәтижесінде ғана бұл жерлер Палестинаға қарайтын болды. Сондықтан да, Иордания Иерусалимдегі «әл-Ахса» мешітінің қалыпты жұмыс істеуіне қолдау жасайды. Бұл қасиетті мешіттен пайғамбарымыз (с.ғ.с.) аспанға ұшқанын білесіздер. Оның қызметшілеріне күні бүгінге дейін еңбекақы Иордания тарапынан төленеді. 1969 жылы Израиль басып алған аумақтағы осы мешітті белгісіз біреулердің өртегенін де білесіздер. Соның өртенген минаретін Иордания дәл бұрынғы қалпына келтірді. Қазіргі короліміз ІІ Абдалланың әкесі, алғашқы короліміз Хусеин бен Талал марқұм өзінің Англиядағы вилласын 8 млн. ағылшын фунт стерлингіне сатып, сол ақшаға «әл-Ахса» мешітінің күмбезін алтыннан жасатқан болатын. Иордания Ислам Конференциясы Ұйымының барлық шешімдерінің бұлжытпай орындалуына белсенді көмек көрсетеді.
– Сіздіңше Ислам Конференциясы Ұйымының қаншалықты ықпалы бар?
– Бұл Ұйымның ықпалы зор. Оның институттары ислам құндылықтары мен мүдделерінің сақталуына игі әсер етіп отыр. Және ол саяси, экономикалық, діни, мәдени бағыттардың бәрін де қамтиды. Ислам Конференциясы Ұйымына енбейтін көптеген елдердегі мұсылман халықтары мүдделерінің аяққа басылмауына да ол қолдау жасайды. Бұл Ұйымның шешімдері мен ұсыныстары БҰҰ талаптарына сәйкес болғандықтан, оны барлық елдер де мойындап, олардың орындалуын қамтамасыз етеді.
– ИКҰ болашақта бірлескен қорғаныс сияқты іс-әрекеттер жасауы мүмкін бе?
– Ұйымның Жарғысында әскери саладағы ынтымақтастық қарастырылмаған. ИКҰ-ны құру идеясы тек бейбітсүйгіш мақсаттарды мұрат тұтқан. Сондықтан жақын болашақта әскери бағыттағы ынтымақтастықтар жасау мүмкін емес.
– Осы уақытқа дейін ИКҰ-ның атқарған істерінің ішінде қайсысын маңыздырақ деп атар едіңіз?
– Ондай істер көп қой. Ұйымның қолға алған істерінің бәрі де маңызды деп айтуға болады. Саяси, экономикалық, діни, ақпараттық және басқа да толып жатқан өмірдің барлық бағыттарындағы ынтымақтастық істері мүше елдерінің және басқа елдердің мұсылман халықтары үшін маңызды рөл атқарып отыр. Мәселен, радиотарату және телевизиялық қызметтер ислам дінін насихаттауда үлкен еңбек сіңіріп келеді. Сол қатарда сауданы дамытудың Ислам орталығы да ерекше еңбек етуде.
– ИКҰ-ның бір мақсаты – Палестинаны азат ету ұйымын қолдау екен. Осы мақсатты орындау үшін қандай шаралар ұйымдастырылады?
– Палестина Ұйымның мүшесі болып табылады және оның халқы толығымен мұсылман бауырлар. Сондықтан да Палестина мәселесі тек сол елдің ғана емес, жалпы мұсылман елдерінің проблемасы болып табылады. Оның үстіне оның аумағында Исламның қасиетті орындары бар, соның ішінде мен жоғарыда айтқан «әл-Ахса» мешіті де бар. Сондықтан да олардың мүддесін қорғау, басып алған жерлерін бейбіт шаралармен азат ету сияқты істерін ИКҰ қолдайды және оның орындалуына бүкіл әлемнің назарын аударып, ықпал етуге тырысады. Осы мақсатпен жыл сайын әлемдік жиындар, конференциялар, дөңгелек үстелдер өткізіледі. Сондай-ақ гуманитарлық көмек көрсету туралы мәселелер де талқыланып отырады.
– Иордания Хашимиттік Корольдігі мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастық жақсы қарқынмен дамып келе жатқанын білеміз. ИКҰ-ға Қазақстанның төраға болуына Иордания тарапы қалай қарады?
– Иордания Қазақстанмен бауырлас, туыс ел деп айта аламын. Біз Қазақстанның әлемдік аренадағы жетістіктерін мақтан тұтамыз. Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткеніне және оны абыроймен атқарып шыққанына біз де қуандық. Желтоқсан айында Ұйым Саммитін өткізіп, «Астана декларациясының» қабылдануы да үлкен жұмыс. Бұл кез келген елдің қолынан келе бермейтін жетістік. Осындай әлемдік деңгейдегі табысты істерге Қазақстан өз басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси кемеңгерлігінің арқасында қол жеткізіп отыр. Оның жеке беделі әлемдік аренада танылды. Қазақстанның бейбітсүйгіш, ашық сыртқы саясаты оған әлем елдерінің құрметпен қарауына мүмкіншілік тудыруда. ЕҚЫҰ төрағалығын атқарып жүргенде, Қазақстан өңірлік бейбітшіліктің сақталуына да ықпал ететін күрделі істерді жүзеге асырды. Соның ішінде Ауғанстан, Қырғызстан мәселелеріне батыл араласып, ондағы тұрақтылықтың орнауына біршама ықпал еткенін ауыз толтырып айтуға болады. Халықаралық істерде осындай жетістіктерге қол жеткізген Қазақстан ИКҰ-дағы төрағалығын да нәтижелі істермен атқара алатынынан үміттіміз. Оған Қазақстанның тәжірибесі жетеді. Иордания бауырлас ел ретінде Қазақстанның ИКҰ-ға төрағалық ету ниетін алғашқы күннен қызу қолдаған елдердің бірі және оны абыроймен атқарып шығуына тілектес мемлекет.
– Иордания Хашимиттік Корольдігі Қазақстан басшысы Н.Ә.Назарбаевтың әлемдік тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау мақсатында көтеріп жүрген бастамаларына қалай қарайды?
– Қазақстанның ондай бастамаларына Иордания әрқашан қолдау көрсетеді және оның іске асуына өз тарапынан ықпал етуге тырысады. Н.Назарбаевтың ядролық қарудан бас тарту, Орталық Азияны ядросыз аймақ деп жариялау, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу және т.б. бастамаларын Иордания жақсы біледі және оларды нық сеніммен дұрыс шаралар екенін айтып келеді. Осындай бастамалардың өзі Қазақстанға деген құрметті оятады. Н.Назарбаевтың бейбітсүйгіш саясатына Иордания ғана емес, барлық Ислам әлемі ризашылықпен қарайды деп айта аламын.
– Иордания мен Қазақстан ынтымақтастығының даму перспективалары туралы да айта кетсеңіз.
– Біздің елдеріміздің арасындағы ынтымақтастығымыз жыл өткен сайын нығайып келе жатыр. Оған біздің мемлекеттеріміздің басшылары ІІ Абдалла бен Хусеин мен Нұрсұлтан Назарбаевтың жеке сыйластығы мен достығы игі ықпалын тигізіп отыр. Соңғы жылдары елдер арасындағы сапарлар жиілігі бұрынғыдан да арта түсті. Әрбір сапардың артында екі елдің байланысын арттыра түсірер шаралар жасалуда. Мен біздің елдеріміздің арасындағы байланыстар осы бағытпен нығая түсер деген үміттемін және соған қызмет етіп жатырмыз. Былтыр Иорданияның астанасы – Амман қаласында бір көшеге Н.Назарбаевтың есімі берілді. Бұл да Қазақстан Президентіне деген Иордания халқының үлкен құрметінің белгісі. Иордания мен Қазақстан екіжақты қарым-қатынастар ғана емес, халықаралық ұйымдар шеңберінде де бір-бірін қолдауға бағытталған тығыз байланыстар орнатқан. Бұл саладағы ынтымақтастықтар да даму үстінде.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ.
Суретті түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.