Өткен сенбіде Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтың қатысуымен Ұлттық медициналық холдинг базасында республикалық санитарлық авиацияны үйлестіру орталығының таныстырылымы болып өтті. Оған төрт министр қатысып, арнайы бұйрыққа қол қойды.
Мемлекет басшысы Н.Назарбаевтың тапсырмасына сәйкес, халықтың денсаулығын нығайту бағытында көптеген іс-шаралар жүзеге асырылуда. Соның бірі елдегі Денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы.
Осы бағдарлама аясында медициналық көлік авиациясын дамыту есебінен еліміздің алыс және бару жолы қиын аудандарында тұратын халыққа көрсетілетін медициналық көмекті сапалық жаңа деңгейге көтеру ісі төрт жылдық бағдарламаның алғашқы жылында-ақ өз нәтижесін беріп отыр. Ол үшін республикалық бюджет қаражаты есебінен 50 жылжымалы медициналық кешен (оның 11-і қазіргі уақытта тұрғындарға консультативтік кеңес беруде), 16 тікұшақ сатып алу, 3 пойыз-емхананы іске қосу жөнінде шешім қабылданған. Жылжымалы медициналық көмек аясында «Жәрдем», «Денсаулық» пойыздарының еліміздің шалғай аймақтары тұрғындарына жоғары медициналық көмек көрсетуінің маңызы зор.
Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында Астана қаласындағы Ұлттық медициналық холдинг базасында республикалық санитарлық авиацияны үйлестіру орталығының таныстырылымына Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекова, Ішкі істер министрі Қ.Қасымов, Төтенше жағдайлар министрі В.Божко, сондай-ақ, Көлік және коммуникация министрі Б.Қамалиев қатысты. Кездесу барысында аталған төрт министрлік жол апаты кезінде алғашқы медициналық көмек көрсету үшін бірігіп жұмыс істеу негізіндегі бұйрыққа қол қойды. Санитарлық авиацияны дамытудағы басты мақсат – республикалық және облыстық маңызы бар трассаларда жол-көлік апаттары кезінде зардап шеккендерге шұғыл медициналық көмек көрсету. Бұл ретте, Денсаулық сақтау министрлігі зардап шеккендерге медициналық көмек көрсетсе, Төтенше жағдайлар министрлігі қажет болған жағдайда дәрігерлерді тікұшақпен қамтамасыз етіп, оқиға орнынан зардап шеккен адамды жедел түрде облыстық немесе республикалық маңызы бар ауруханаларға жеткізбек. Ал, Ішкі істер және Көлік және коммуникация министрліктері оқиға орын алған трассаларда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етпек. Сондай-ақ, Қазақстанның барлық аймақтарындағы жол-көлік оқиғалары туралы ақпарат санитарлық авиациалық орталыққа келіп түспек. Ақпарат келіп түскен жағдайда, оқиға орнына жақын маңдағы медициналық көмек бригадасы жіберіледі.
Тағы бір ескерте кететін жәйт, республикалық санитарлық авиацияны үйлестіру орталығы шілде айының аяғында толығымен іске қосылмақ.
Жұлдыз БАЙДІЛДА.