Облыс аумағында үлгілі ауыл саналатын Новосельское тұрғындары қатыгез қарақшылық шабуылдың куәсі болды. Түнде атылған оқ Ақмола облыстық мәслихатының депутаты, жергілікті «Клименко 1» ЖШС директоры Александр Клименконың өмірін қиып кетті.
Атбасар ауданының прокуроры Қайырбек Омаровтан тергеу амалдарының алғашқы нәтижелері туралы төмендегідей дерек алдық: «Александр Давыдович аудан орталығынан зайыбы Татьяна Анатольевнамен бірге үйіне түнгі он екілер шамасында оралған, – дейді ол. Әйелін есік алдында түсірген директор қалыптасқан әдетімен ауылды аралап шығуға кетеді. Осы кезде жантүршігерлік оқиға орын алған. Ерлі-зайыптылар коттедждерін үптеп жүрген ұрыларды үркітіп жіберсе керек. Бетперделі екі қарақшы табалдырықтан аттаған әйелді ұрып-соғып, байлап тастайды. Қылмыскерлер көзге түсіп тұрған алтын бұйымдарына тиіспегеніне қарағанда, тек қана ақша іздегені байқалады. Есесіне оның мылтығын табады. Қылмыскерлер үйіне алаңсыз кірген отағасын кеудеден атып өлтірген. Әйелінің айтуынша, одан кейін, ештеңе болмағандай, тағы да ақша іздеуін жалғастырған. Сөйтіп үй иелерінің «Мазда» көлігімен ізін жасырған. Кейін анықталғанындай, ұрылар ЖШС кеңсесіне де түскені белгілі болды.
– Облыстық мәслихаттың депутаттығына екі рет сайланған абыройлы азамат жуырда маған келіп, 3 шілде күні атап өтілетін 60 жылдық тойына шақыру қағазын тапсырған еді. Ал, бүгін, сәрсенбі күні оны жерлеп отырмыз, – дейді Атбасар ауданының әкімі Руслан Әубәкіров. Еңбек жолын өз ауылында құрылыс учаскесінің жұмысшысы болып бастаған ол осы елді ұйыстырып тұрған абыройлы басшы дәрежесіне көтерілді. Өндірісті нөлдік циклмен қайта жаңғыртты. Ауыл клубын, спорт кешенін, балалар бақшасын салып, атқарушы органның балансына өткізді. Бокс мектебі жұмыс істеп тұр. Белсенді өмір салтын ұстанған Александр Давыдовичтің қайғылы қазасы баршамызға батады.
Қазір қанды оқиғаға қатысты ҚР ҚК 96- бабының 2-бөлімімен қылмыстық іс қозғалып, арнайы тергеу тобы жұмыс істеуде.
Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.