• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Маусым, 2011

Жүректің сөзі – өмірдің өзі

528 рет
көрсетілді

Жуырда белгілі көсемсөзші, БАҚ саласындағы Президент сыйлығының лауреаты Айтбай Сәулебектің Астанадағы «Фолиант» баспасынан шыққан «Тәу­елсіздік нұры» атты кіта­бы қо­лы­мызға тиді. Әріпте­сі­міздің жи­нақтағы ең бірінші ма­қаласы «Елбасы үнін өшір­ген полигон» деп аталыпты. Көп айтылып, көп зерттелген по­лигон ғой, 1998 жы­лы жа­зыл­ған мақалада ай­тыл­ған дү­ние қазір өзектілігін жойған шы­ғар деген оймен сал­ғырт қарап шықпақ едік. Қай­дағы... Қаламгердің жүрек тү­бі­нен шыққан жолдар адамды бірден тартып әкетеді екен. «Радиациядан есеңгіреп қалған жұрт­тың ұлттық намысқа шауып, өзіне жасалған қастандықпен кү­ресуге шамасы жетпеген-ді. Ал­ды­мен адамдарды жалмаған атом біртіндеп Жер-Ананы ау­руға шалдықтырды», дейді Айтбай. Одан әрі күрсінісі көбейіп, күңіренген Жер-Ананың бой­ын­дағы кейбір пенделердің адам­дықтан жұрдай болып, азып бара жатқанын жолай түйрей кетеді. Мәселен, атомның зарда­бы­нан екі қолсыз туса да өмірден үмітін үзбеген қайсарлығымен даңққа бөленген, дарынды су­рет­­ші, полигонның сұмдығын Ол­­­жас Сүлейменовтің қатарын­да тұ­­рып бүкіл әлемге жеткізуші Кә­ріпбек Күйіковтің өзінен кө­мі­рін жеткізіп алуға көлік сұра­ған­да 40 мың теңге талап еткен аудан әкімі сондайлардың «сой­ы­нан» екені анадайдан көрініп тұр... Айтбай Сәулебектің қай ма­қаласын оқысаң да ішкі се­зі­міңе әсер етіп, тосын ой, өзге­ше күй тудыратынын барлай­сың. Мәселен, ол Президент Н.Назарбаевтың металлург ма­мандығын алған Днепродзержинск қаласында болғаны ту­ралы жазады. Бұл қалада біз де болғанбыз, сондықтан жаңа­лы­ғы бола қоймас деп ойлаған едік. Бірақ автор біз білсек те көңіл аудармаған бір фактіні жол-жөнекей айта кетіпті. Ол – Украинада, әсіресе Днепр өзе­ні­нің бойындағы жер-су атау­ла­рында қыпшақ сөздерінің көп­тігі еді. Осының өзімен-ақ ол Украина даласында біздің ата-бабаларымыздың ізі қалғанын мегзей кетеді. Жемқорлық туралы жазыл­ған мақаласында Айтбай оның жеті ағайынды екенін айтады: 1.Жемқор. 2. Дүниеқор. 3. Пай­да­күнем. 4. Сұғанақ. 5. Қо­ма­ғай. 6. Қанағатсыз. 7. Парақор. Әри­не, осындай кеспірлердің бі­ріне шырмалған адам қалай жемқор болмасын? Адам өз басындағы осындай ластықпен күресе білсе, бәлки жемқор болмақтан адаланар еді дегенді айтады ол. Жасыратыны жоқ, осы күні кейбір жерлерде, әсіресе әді­лет­сіз, адамгершілігі жоқ инвес­торлар өндірістерді сатып алып, ел мен жерді билеп алған ай­мақтарда қазақ даласы қайғыдан күңіреніп кетті. Алпауыттар қа­зақ заңын сақтамайды, ал са­тым­сақ соттар мен пасық прокурорлар оларға заң талабын ор­ындатудың орнына пара алып, солардың сөзін сөйлейді. Сондайда тек баспасөз ғана шы­рыл­дап ара түсіп, шыж-быж болып жатады. Айтбай Сәулебек те әді­летке ара түсетін сондай лектің алдыңғы шебінде жүреді. Мә­се­лен, бір баласы «Қазақмыстың» руднигіндегі апаттан қаза бо­лып, екіншісі соның карьеріндегі опаттан өліп қала жаздаған ананың көрген құқайын, заңға тиіс берілуге тиісті жәрдем­ақы­ны ала алмай басын тауға да, тасқа соққанын боямасыз ж­а­зады. Алдына барған Жоғарғы соттың бір судьясының: «Бір балам өлді деп шапқылап жүрсің, баяғыда соғыста қазақтың бес баласы бірдей өлген», деген сөздері әбден тойынып, адамгершіліктен жұрдай болған судья, яғни әділеттің «әділ та­ра­зышысының» қандай күйге жеткенін де көрсетеді. Жалпы кітап барынша тар­тым­ды, оқырманын селқос қал­дырмайтын дүние. Жақсыбай САМРАТ.