Батысқазақстандық полицейлер жаңа көліктерге ие болды. Батыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Ноғаев облыстық ішкі істер департаментінде болып, су жаңа 26 жеңіл автокөлік, 2 автобус, 1 трактордың кілтін табыс етті. Облыс бюджетінен қаржыландырылып, құны 120 миллион теңгеге сатып алынған бұл техникалар облыстық жол полициясы басқармасына, Орал қалалық ішкі істер басқармасына, Бөрлі және Зеленов аудандық ішкі істер бөлімдеріне бөлінді.
– Учаскелік полиция инспекторы – ішкі істер органдарының алдыңғы шептегі жасағы. Сол себепті олардың жұмыстары қызмет атқаратын аумақта үнемі болуды талап етеді. Облыс орталығы маңындағы елді мекендердің тез дамуына байланысты Үкіметтің «Қоғамдық тәртіпті нығайту және ішкі істер мекемелері учаскелік полиция инспекторларының рөлін арттыру бойынша қосымша шаралар туралы» қаулысына сәйкес, Орал қаласы әкімдігі тарапынан тұрғындарға қызмет көрсету үшін учаскелік полиция пункттерін көбейту туралы шешім қабылданды. Бүгін, міне, Деркөлде полиция бекеті ашылды, – деді Нұрлан Ноғаев. Өз кезегінде сөз алған БҚО ІІД бастығы полиция генерал-майоры Арман Жалмұханбетов, сақшыларға жасаған осындай көмегі үшін облыс, қала әкіміне алғысын жеткізді.
Фатихолла МАШТАҚОВ, полиция полковнигі.
Батыс Қазақстан облысы.