Қазақтың дана перзенті Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың өмірбаяны туралы аз жазылған жоқ. Алайда – Қаныш Имантайұлының анасы Әлима жайлы, әсіресе оның шыққан тегі турасында мағлұмат мүлдем жоқ еді.
Иә, оның анасы Әлимаға қатысты «Иса қызы» дегеннен басқа ешқандай дерек болмады. Әрине, оған содыр заман кінәлі. Голощекиннің қасақана қолдан жасаған ашаршылығы ұлы жұтқа апарып соқты. «Байдың ұрпағы», «байдың баласы» атанғандар сталиндік зұлматтың зардабына ұшырады. Қазаққа жеке басқа табынушылық пен тоталитарлы зұлым саясаттың құрығы тағы да қатты тиді, 1937 жылғы «қызыл қырғын» келді, елім деп еңіреп туған асыл ағаларымыз жазықсыз атылып кетті. Тап осы қиянатқа Сәтбаев әулеті де толығынан ұшырады.
Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың туған ағасы Ғабдұлғазиз (Ғазиз, Бөкеш атанған) 1937 жылы тұтқынға алынып, хабар-ошарсыз кетті. Түрмеде ме, айдауда ма, қай жерде оған қазаның жеткені беймәлім қалды. Бұл жағдай Қаныштың жүрегін айықпас дертке, орны толмас қайғыға душар етті. Ағалары Әбікей Зейінұлы Сәтбаев (1881-1937), Әбікәрім Жәмінұлы Сәтбаев (1897-1937) та аймаққа аты шыққан, елге сыйлы, нағыз ұлтжанды қазақтар еді. Бұл екеуі де атылып кетті.
Сәтбай бабаның (1823-1902) аты Шорман би, Шыңғыс Уәлиханұлы сияқты ел саңлақтарымен дәрежелес, атақты кісі болғаны белгілі. Бәйбішесі Күнсұлудан 1845 жылы тұңғыш ұлы Имантай туады. Сонда ол ұлан-ғайыр той жасап, үш жүздің әр аймағынан атақты жырау, ақындарды, балуандарды, әйгілі сал-серілер мен әнші-күйшілерді алдырыпты. Тойға шақырылған аса мәртебелі қонақтардың ішінде атағы сол кезде сахараны жаңғыртып тұрған, әрі батыр, әрі ақын, әрі композитор Сегіз сері (Мұхамедқанафия) Бахрамұлы Шақшақов (1818-1854) болған екен. Сыйлас досы Сәтбай сұраған соң Сегіз сері тойды бастап беріп, балаға Имантай деп атын қойып, ұзақ толғаулы өлеңмен жас нәрестеге ақ батасын беріпті. Сәтбай бабаның өмірі әділетті билікте, саналы діндарлықта өтіп, ақыры қажылыққа барғанда топырақ Меккеден бұйырыпты.
Имантай қартайған шағында ардақты әкесінің дүние салған жерін көріп, белгі орнатқысы келді ме, әлде өмірінің ақырғы кезінде мұсылмандық жолына түбегейлі түсейін деді ме, Меккеге баруды ойлапты. Мәскеуде қызмет істеп жүрген баласы Қанышқа хат жазып, бұл ойын айтқан да екен. Алайда ол қасиетті арманы орындалмай, Имантай ата 1928 жылы ауыр сырқаттан қайтыс болыпты. Осы аз ғана аталған басы сапалы, соңы қапалы жағдайларды жіпке тізіп жүрген Кеңес өкіметінің жендеттері Қаныш Сәтбаевқа байдың баласы, атасы қажы, әкесі де діндар болған деп қалайда ебін тауып, қаралау әрекеттерін жылдан жылға өрістете береді. Осы орайда өз анасы Әлиманың ата тегін атау жанып тұрған оттың үстіне май құйғанмен бірдей еді. Содан да ол анасы жайлы Әлима Исақызы деумен шектелді.
Иә, оның қай Иса екенін айтпағанында да үлкен мән жатыр. Баянауылда елге атағы шыққан екі Иса өтіпті. Екеуі де шенді де шекпенді, дәулетті де әулетті, құран жолына құлай берілген кісілер екен. Олардың да кейінгі тұқымдарының 1932 жылғы аштықтан, 1937 жылғы жаппай қырғыннан аман қалғандары некен-саяқ. Сонда Әлима ананың әкесі қай Иса? Бұл туралы мүлдем дерек жоқ. Рас, Әлима Исақызының кім болғанын, қандай жан екенін Ебіней Бөкетов те, Медеу Сәрсеке де, Шәмшиябану Қанышқызы да хатқа түсірді. «Ақ Әлима» атанған ғажайып ананың бейнесін естіген, білген, оқығандарынан асыл дәндей тазалап, қысқа болса да нұсқа болардай етіп сипаттап берді.
1995 жылы Қ.Сәтбаевтың қыздарының, туыстарының, жазушы Медеу Сәрсекенің ұсынысымен халықаралық Қ.Сәтбаев қоры құрылып, 1999 жылы 100 жылдық мерейтойына дайындық жүргізілмекші болды. Бұл ұсынысты Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев қолдап, қорды құру жиналысына құттықтау хат жолдады. Ел зиялылары жиналған сол отырыста Ұлттық ғылым академиясының президенті К.Ә.Сағадиевтің ұсынысымен мен сол қордың тұңғыш президенті болып сайландым. Айтайын дегенім, бір орайы келген сапарда Қаныш Имантайұлының туған ауылы Теңдікте болып, Қ.И.Сәтбаев атындағы совхоздың орта мектебіндегі ұлы ғалымның мұражайын аралағаным бар. Талай-талай құнды бұйымдары, әртүрлі заттары тұрған мұражайда қарны торсиған сап-сары ескі самауыр да бар екен. Соның тасасында әлдеқалай көзім түсіп еді, әбден сарғайған кішкентай ғана суретті көрдім. Тозығы жеткен фотосуреттен шәлі жамылған әйелдің бет әлпеті әрең көрінеді, астында Әлима деп жазылыпты. Фотоаппаратымды ала жүруші едім, дереу суретке түсіріп, оны мұражайға бердім де, суреттің түпнұсқасын уақытша сұрап алдым. Зират басындағы қоршауға кірер есікте: «Бұл жерде Қаныш Сәтбаевтың әкесі Имантай, анасы Сәлима жатыр», деп жазылған еді. Қасымда жүрген ауыл молдасын ертіп, дереу зиратқа қайта барып құлпытастағы арабша жазылған есімді оқытсам онда Сәлима емес, Әлима деп анық жазылыпты. Міне, содан бері Сәлима деген атауды қойып, бұл тақырыпта қалам тартушылар да ананың атын Әлима деп түзетті.
Алматыға оралысымен Теңдікте табылған көнетоз суретке реставрация жасатып, Әлима Исақызының суреттегі бейнесін анықтау мақсатында іске жедел кірістім. Әрі Әлима-анаға қатысты деректерді молырақ зерттей бастадым.
Әлиманың уыздай жас кезінде тұрмысқа шыққан жері Шорманның әулеті екен. Мұстафа Шорманұлының Қанафиден деген баласына ұзатылыпты. Бірақ, Қанафиденнің денсаулығы мәз болмаса керек, санаулы күндерден кейін дүниеден озыпты. Имантай (1845-1928) мен Нұрымның (1850-1928) жалғыз Күнше деген қыздары ертеректе қайтыс болыпты. Онсыз да аз сөйлейтін Имантай қызы өлгеннен кейін мүлдем тұйықталып қалса керек. Оны сезген Нұрым ана Имантайға: «Отағасым, менің сөзіме назар аударшы, екеуіміз отасқалы қату сөзге келмеппіз. Сенен алған өнегем де аз емес, өзегімізді өртеген қайғы да ортақ. Бұл жалғанда қанша тұрсақ та күш-қуат барда, өкінбей өтейік. Сені ұрпақсыз қалдырғым келмейді. Қанафиден өліп кетті, Исаның жап-жас қызы Әлима жесір қалды. Ол да қанша отырар дейсің, өзі көркем, әрі мінезге бай, мейірімді адам көрінеді. Сол бұйырып тұрған шығар, тоқалдыққа ал. Мұстафаның ағасы, Мұсаның ұлы, Сәдуақас досымыз ғой, сол кісімен уәделесіп алсақ, ар жағының Алла сәтін берер. Ол бала тапса, мен баға беруге жалықпаспын», деген екен.
Нұрым ел ішінде «Нұр ана» атанған ана екен. Сөйтіп, өзінің тегін адам еместігін танытыпты. Шіркін, қазақтың асыл аналары-ай, осының өзі ұлылық қонған ғажайып дәстүр емес пе. Ақыры Нұрымның айтқаны болыпты. Оған Имантай да ризалығын білдіріп: «Бұл шаңырақтың иесі де, киесі де сен екеніңді танытып отырсың, оныңа үлкен рақмет, Алла қолдасын», деген көрінеді. Имантай әділ би, қолы ашық мырза екен. Әділдігі бүкіл Қаржасқа белгілі, сыйлы кісі болғандықтан, досы Сәдуақас Мұсаұлы Шорманов оны шын жүректен қолдапты, көмектесіпті.
Шорман әулеті Әлиманы өз қыздарындай құрметпен, өте жоғары дәрежеде ұзатса керек. Бұл Әлиманың (1862-1904) жалындап тұрған қызғалдақтай қырмызы кезі, жасы жиырмаға жетпеген шағы екен. Тал бойында бір мін жоқ, тостағандай қап-қара көздері, қиғаш қас, қыпша белі ел-жұртты амалсыз таңдандырыпты. Әлима келген жеріне де сыйымды, Нұрым бәйбішеге де өз қызындай сыйлы болған көрінеді. Нұрым ана да ешқандай күндестік нышанын білдірмей, әсіресе Әлима қатты сырқаттанып жүргенде оған ел сүйсінердей күтім жасапты. Жазмыштан озмыш жоқ деген, Әлима кенжесі Қаныш туғаннан кейін екі жыл өткенде дүниеден озыпты. Сөйтіп, Әлимадан туған балалар Нұрым бәйбішенің бауырында өсіпті. «Өз шешемді білмеймін, тіпті есімде жоқ. Үлкендердің айтуынша, керемет балажан кісі болыпты. Әсіресе, «кенжетайым» деп мені тым жақсы көрсе керек», деген Қаныш ағаның сөзін Медеу Сәрсеке де өз еңбегінде орнымен келтіріпті.
Сонымен Имантай мен Әлима Сәтбаевтардан екі ұл, бір қыз дүниеге келген. Оның бірі – Ғазиза Имантайқызы Сәтбаева (1892-1932) белгілі ғалым-археолог Кемал Ақышевтың анасы. Ал Ғабдұлғазиз Имантайұлы Сәтбаев (1894-1937) болса, іске берік, елге қадірлі болған тұлға. «Бай тұқымы» деген түрткі сөзден аулақ жүру үшін Ғабдұлғазиз ауыл аймағын, туыстарын Омбы қаласының маңайынан жер алып, бәрін сонда көшіріп алыпты. Қанекең Қарсақбайда қызмет істеп жүргенде өз балалары Ханиса мен Мәлешті, ағасының, Имантайдың асырап алған баласы Әбсәлімнің балаларын, Ғазизаның екі ұлы Рашат пен Кемалды өз қолына алып, тәрбиелеген екен. Қанекең оқуда жүргенде Ғабдұлғазиз шаңыраққа тіреу болыпты. Сәтбай әулетінің 1932-1933 жылғы аштыққа ұшырамауына осы Ғазиз бен Қаныштың сіңірген еңбегі өте зор.
Ғазиздің немересі, геология ғылымдарының кандидаты Әлішер Ғалымтайұлы Сәтбаев қазір су шаруашылығы ғылыми институтының директоры, халықаралық Қ.И.Сәтбаев қорын (менен кейін) басқарып келеді. Ғазиза мен Ғазизге тоқталғаным, олар Қанышпен бірге Әлимадан туған балалар. Ғазиз негізінде аймаққа жақсы атағы шыққан белгілі азамат болса керек, Абайдың баласы Тұрағұлмен оның сыйластығын біз Шәмшиябану Қанышқызы мен академик Әлкей Марғұлан естеліктері арқылы білеміз.
Қаныш аға анасына ерекше ұқсаса керек. Академик Арықтай Қайыпұлы Қайыпов өзінің «Заман елшісі» атты естелігінде: «Имантай ұзын бойлы, атжақты, қыр мұрын, селдір шоқша сақалды, өткір қой көзді, қараторы, сымбатты кісі болды», деп бала кезінде көрген әсерін жазады. «Ашық күлкілі, ақжарқын мінезді Әлима әзіл-күлкіге де өте жүйрік болыпты, жоқ жерде көптің еңсесін көтеріп бір күлдіріп алу Қанышқа анасының ақ сүтінен дарыған», деп ардақты ағамыз академик Әбілқас Сағыновтың айтқаны да есімде қалыпты. «Әлиманың Сәтбаевтар әулетінде алты жыл өмір сүріп, бір қыз, екі ұлды артында қалдыруының өзі неге тұрады. Ол кісінің сұлулығы мен мінезге байлығы да Қанышта толығынан болды», дейтін Әбілқас аға. Сондай-ақ ол Қаныш ағаның анасына тостағандай қара көзі, бұйра шашы, қашан көрсең де жүзіне күлкі ұялаған ерекше мейірімділігімен ұқсайтынын айтатын. Ұзын бойы, зор денесі, кереқарыс маңдайы, мығымдыққа, қажырлылыққа біткен барша болмысы әкесі мен ата тегіне тартқан деген тұжырымды да Әбілқас аға айтып еді.
Ал фотосуретке реставрация жасап жатқан Александр деген шебердің өнерін айтсам, ол тозығы жетіп, сарғайып кеткен шағын ғана суреттен Әлиманың тамаша фотосуретін жасап берді. Сөйтіп, Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың анасы Әлима Исақызының бірнеше форматтағы фотосуреттері қолымызға тиді. Сүйіншіні Медеу мен Шәмшиябану апамыздан сұрап, фотосуреттерді Қаныш ағаның қыздарына, ол кезде Мейіз де, Шәмшиябану да бар, Алматыдағы, Жезқазғандағы, Қарсақбайдағы, Павлодардағы, Баянауылдағы Қ.И.Сәтбаевтың мұражайларына табыс еттім. Фотосуреттің тамаша шыққаны маған жаңа күш берді.
Фотосуретті байыптап қарасақ, Қаныш Имантайұлының анасы Әлимаға ұқсағанына көзіміз жете түсті. Аппақ бет әлпетіне, жүзіндегі жылылыққа келсек, Қанышты көр де анасын көр, анасын көр де Қанышты көр дер едім.
Бұдан соң Әлиманың шыққан жерін, ата-баба туыстарын, әкесін іздей бастадым. Қаныш Сәтбаевтың туғанына 100 жыл толуына дайындық кезінде естеліктер жинастыру мақсатымен Баянауыл жаққа жиі барып тұрдым. Шафық Шөкіұлы, Әбілқас Сағынов, Сұлтан Сәрсенбаев, Оралбек Қожанов сияқты ел ағаларымен ақылдасып, біраз мағлұмат жинадым. Баянауылдың өзіндегі, Теңдіктегі ақсақалдар, басқа да ғалымдар, Әлима Шорманның ұлы Исаның қызы деген жорамалға жол ашты. Шорманның ұлы Мұстафаның баласы Қанафиденге қалайша Шорманның кіші баласы қызын береді деген күдігім алайда бой беретін емес.
Олардың айтуынша, Шорман тұқымы бұл аймақты билеген ұлы әулет. Олар өз асылдарын жоғалтпас үшін нағашы-жиендерін ала берген. Жасымнан хан мен төрелер жайлаған Көкшетау, Айыртау, Сырымбетте өскен мен бұл ғұрыптың төре тұқымдарынан шыққанын білетінмін. Олар өз ортасы болмаса, «қара қазақтан» қыз алуға аса құлық танытпаған. Таза қазақ жеті атаға жетпей қыз алыспайды. Діннің осы берік қағидатын әрі би, әрі әмірші, әрі дін жолын берік ұстаған Шорман тұқымы қалайша бұзуы мүмкін деймін мен іштей. Дегенмен елден асып қайда барасың, Шорман әулетін ақырындап зерттей бастадым.
Шорманның Мұса, Мұстафа, Иса атты ұлдары және Шоқанның шешесі, Шыңғыс төреге тұрмысқа шыққан Зейнеп атты қызы болған. Бұл мәселенің төңірегінде оқығандарым мен көргендерім аз емес. «Көргендерім» дегенім суреттер ғой, ақ патшаның полковнигі Мұса Шормановты зерттеушілер орыс-қазақта аз емес екен. Шоқанға Зейнеп арқылы байланыстары – нағашылықтары болса, қарсы құда болып Мұсаның ұлы Сәдуақас Шоқанның қарындасы Нұриләны алған екен. Ұшан-теңіз суреттердің арасынан алайда Әлиманы кездестіре алмадым. Сонда да ізденісті тоқтатпадым.
«Соқтықпалы, соқпақсыз» жолға түсіп, Шоқанның тұқымысың ғой деп өз досым, сыныптас жерлесім Шотаны да ертіп алып, талай-талай деректерге жолықтым. Шорманның немересі атақты Асфандияр Шормановтың үйінде болып, Мағжан Жұмабаев екеуі ғашық болған Ғазиза атты қыздың (1914 ж. Омбы) да суретін көрдім. Асекеңнің қызы, тұлпардың тұяғы – Мағмұра да Шота екеумізді құрметпен қарсы алып, қолынан келген көмегін аямады. Алайда, Әлима Шорман тұқымынан деген ұйғарымға еш ілік табылмады. Осындай әр-сәрі күйде жүріп «Қаныштың ата-анасы» деген поэма жазып, оны «Даналыққа тағзым» атты кітабыма кіргіздім. Сол поэмамның ішінде Әлиманы сипаттай келе бір тұсында:
«Баянда екі Иса бар білгендерге,
Болды олар айтулылар іргелі елде.
Қай Иса қызы екенін айту қиын,
Дәлел аз дәл түйіндер бүгін елге», – деп Әлиманы Шорманның Исасының қызы деп кесіп айта алмай отырғанымды аңғартыппын. Осыным дұрыс болып шықты, себебі Иса Шормановтың Әлима атты қызы болмағанына көзім жетті.
Екінші Иса жайлы шежіреден аты-жөнін тапсам да, оның Әлиманың әкесі екеніне тура жауап берер адамды таппадым. Құдай оңдап, 2003 жылдың 22 наурызында жазылған Ұлы Отан соғысының ардагері, ҚазГУ-дің саясиэкономия кафедрасының доценті, ол кезде зейнеткер Егізбай Қанатбайұлы деген (негізгі баянаулалық) ақсақалдан тоғыз беттік көлемді хат келіп түсті. Хаттың басына «Сүлеймен Ержанов пен Қаныш Сәтбаевтың нағашы-жиенділігі туралы» деп тайға таңба басқандай ашық жазыпты. Бұл кісінің тиісетіні мен емес, мені сипай қамшылай өтіпті де өз білгенін хабарлау мақсатында хатты Шәмшиябану Қанышқызының жұбайы Оразай Батырбековке қаратып жазыпты. Тура бір айдан кейін Егізбай ақсақал тағы да тоғыз беттік қосымша дәлелдемелер жіберді. Ардагердің жазуы бойынша, Қаржас руының Елқонды тармағынан шыққан атақты Именкенің Қарқынбай, Жарқынбай, Мұстафа, Иса атты ұлдары болыпты. Жарқынбайдан Ержан қажы туып, оның ұлы Сүлейменнен атақты академик, ғұлама ғалым Жақан Сүлейменұлы Ержанов туған екен. Ержанның Сүлейменнен басқа ұлдары Мәжікен, Нұрым, Әбдіғафар да білікті азаматтар болған, ұл-қызды болып кең өрбіген әулет көрінеді. Хат жазып отырған Егізбай Қанатбайұлының айтуынша, Ержан қажының үш әйелі болған, Сүлеймен мен Мәжікен екінші әйелінен туыпты. Ал Сүлейменнің Жақан, Роза, Еділ, Бөленбай атты екі ұл, екі қызы болса, Розаны хат жазып отырған Егізбай алған көрінеді. Міне, сондықтан да бұл кісі Ержановтарға ет жақын болғандықтан айтып отырған уәжі де, көрсетіп отырған дерегі де шегелеп тастағандай дәлелді. Тіпті сенбеске еш лаж жоқ.
Біріншіден, ол Қаныш Сәтбаевтың Шорман тұқымына ешқандай нағашылы-жиендігі жоқтығына дәлел-дәйек келтіре отырып, Шорман тұқымынан шыққан көптеген азаматтарды куәға тартады. Егізбай ақсақал одан әрі Ержан тұқымын түгендей келе, Исаның ұл-қыздары болғанына тоқталады. Бір ұлынан Қаныш Сәтбаевтың анасы Әлима туды дейді. Енді бұлардың нағашылы-жиенділігіне келейін: Қаныш ағаның Мәжікенді (Сүлейменнің інісі) нағашым деген сөздерін бір қағаздан оқығаным бар, қазір ойыма түсіре алмай отырмын. Соғыстан кейін Қаныш Баянауылға барғанда Мәжікен үйіне шақырып, сауып отырған биенің құлынын сойып, қонақ еткенін, «Бүркітбай» деген әнді айтқызғандарын Қаныштың бәйбішесінен естігенмін. «Тым сыйлы адам болмаса, Кеңес өкіметі кезінде құлын сойып бере ме?» деген тұжырымына да сенесің. Өйткені, партияның қатал шағында ондай құрмет ешкімге де жасалмайтын.
Хаттың авторы өзінің қайыненесі, Сүлейменнің бәйбішесі Нұрлығайынға көп сүйеніпті. Қаныштың ағасы Ғазиз Имантайұлының Сүлейменнің үйінде қонақ болған кездерін айтады. Сондағы болған қимастық әңгімелерді келтіреді. Ғазиздің әңгіме үстінде Сүлейменге «нағашы» дегенін естігенін де жазады. 1944 жылы Ержанов Жақан қатты сырқаттанып қалғанда Қаныш Имантайұлы көмек бергенін, Морозов деген дәрігерге: «Қарауыңызда жатқан Ержанов Жақанды менің балам деп есептеңіз», деп ұзақ сөйлескенін де келтіріпті. Елуінші жылдардың басында Жақан НКВД-ның тіміскілеуімен КазГУ-дегі қызметінен босап қалған кезде Қанышқа барып ақыл сұраған көрінеді. Сонда: «Жақан, сен енді Қазақстаннан басқа жерге кет. Менің Украинада көптеген жақсы жолдастарым бар, мен олармен хабарласайын», депті Қанекең. Сол ақылдың арқасында Жақан Днепропетровскідегі тау-кен институтында қызмет істеп, он жылдан кейін ғана елге оралыпты.
Егізбай Қанатбайұлының дәлелдері өте көп, оның бәрін айтып шығу шарт емес. Әңгіменің тоқетері, айтқан дәлелдерінің бәрінің бұлжымастай деректері бар. Шындықтың шырайын бұзбай айтып берген қайыненесі Нұрлығайын ананың да ата-тегін атап, оның ешқашан жалғандыққа бармайтынын шын жүректен толғана айтыпты.
Сонымен саралай келгенде, Егізбай Қанатбайұлының жазғандарында шындық бар деген тоқтамға келдім. Оған қоса айтарым, Нұрлығайын бәйбішенің айтқандарына қоса, Егізбай ақсақал Ғаббас Құдайбергенов, Гүлжан Рахметова айтқан деректерді де келтіріпті. Және олар қайда тұрады, телефоны қандай, қай жерде қызмет істейді, бәрін де мұқият жазып жіберіпті.
Нағашылығын айта алмаса да Шәмшиябану Қанышқызы «Сәулелі әулет» кітабында: «Кезінде ел қадірлісі болған Ғазиз Имантайұлы Сәтбаев жас жағынан өзімен шамалас, көрші ауылдың азаматы, Сүлеймен Ержановпен дос болған. Ғазиз бен Сүлеймен (академик Жақан Ержановтың әкесі) екеуі түскен сурет те сақталған... Сөйтіп, Ержановтар Сәтбай әулетіне жақын, туыс қадірлес болатын-ды, бірін бірі ерекше құрметтейтін» депті. Тап осы тақылеттес лебіздер Медеудің жазғандарында да кездеседі. Хат иесінің сөзіне сенер болсақ ол: Исаның екі ұлы болған. Әлима солардың біреуінің қызы дейді. Балаларының аты Бағзұм мен Асайын, шежіреде оның үлкенінде бала жоқ, ал кішісінің (қыздарын атамай) Ықыш, Кәкіш деген ұлдары болған деп көрсетіпті. Соған орай, мен Әлима Исаның баласы Асайынның қызы деген шешімге тоқтадым. Бұл жерде үлкен қате жоқ, бәрібір Исаның немересі ғой. Кеңес өкіметінің жендеттерінен сескенгендіктен Қаныш ағамыз «Иса қызы» десе, біз де солай атай берейік. Тапқанымыз: Қаныш Имантайұлы Сәтбаевтың анасы Әлима Исақызының фотобейнесі және ата-тегі мен шыққан жерін анықтадық. Иса ақсақал Ержан қажының әкесі Жарқынбайдың туған інісі болса, оның шөбересі Жақан Сүлейменұлы Ержановты ел біледі. Әлима Исаның немересі, бұлар бір-бірімен нағыз шөберелі-немерелі туыстар. Біздің көтеріп отырған тақырыбымыздың басты мәселесі осы болса, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев сынды дананы дүниеге әкелген қазақтың асыл қызы Әлиманы да ел білсін.
Кәкімбек САЛЫҚОВ, Астана.